Ақын Жұматай Жақыпбаев туралы ой-толғам «Жұмбақ жұлдыз – Жұматай ақынды былайғы жұрт біл...
Мұхтар Мағауин. Лəйла апай Әуезова
kunayev.kz
Мұхтар Əуезовтің сүйікті перзенті Лəйла апай туралы мен алғаш рет 1961 жылы, ұлы жазушыны Ташкент зиратына жерлеу кезінде естідім. Үлкен-кіші, əсіресе ұстаздың алдын көрген студенттер қауымы – бəріміздің де көңіліміз жабырқау, табыт қабірге түсірілгеннен соң, бір шеттегі жұрт шоғырланып қалған, Мұхаңның қызы талықсып кеткен екен, деп жатты. Əрине, əкеден айрылу оңай емес, оның үстіне бұл əке қазақ тұрыпты, бүткіл Советтер Одағы, қала берді жарым дүниеге даңқы кеткен ұлы тұлға болса. Қайткенде, күтпеген, өте ауыр жағдай. Бұдан соңғы кезеңде сырттай, əрқилы үстірт ақпар. 1963 жылы Мұхаңның Əдеби-мемориалдық музейі ашылды, Лəйла Мұхтарқызы осы мұрағат жайын жабдықтаушы, ұйымдастырушы ғана емес, жетекші – директор тағайындалған. Бұл Музей – Мұхтар Əуезов өмірінің соңғы он жылы өткен, тұрмыстық, ғұмырбаяндық нысан, əрі əйдік жазушының шығармашылық жолын зерттейтін ғылыми орталыққа айналған екен һəм Ғылым академиясы, Мұхтар Əуезов атындағы Əдебиет жəне Өнер институтының бір бөлімі есепті. Ал Лəйла Мұхтарқызы – Москва университетін бітірген, тарих ғылымының кандидаты, енді байыптаушы, басшылық жұмыстармен қатар, өзі де ұлы жазушының шығармашылық құпияларын зерттеуге бет бұрыпты: «Абай жолы» эпопеясының тарихи негіздерін зерттеуге кіріскен – болашақ докторлық диссертация. Осы орайда, өзі де атаулы Музейде аға ғылыми қызметкер болып істейтін, Лəйла қарындасымен бірге архив ақтаруға Омбыға, Ленинградқа барып қайтқан жақын туыс ағам Мұратбек Бөжеевтен естіген едім.
Ұлы ұстаздың өзіне тартқан өзгеше қызын, шамасы 1970 жылы көрдім. Түс ауған мезет, əлдебір шаруамен Ғылым академиясының кітапханасына бара жатқам. Трамбайдан түсіп, Шевченко, Карл Маркс (қазірде Қонаев) көшесіне тақай барған кезім еді, денелері аса ірі екі əйел қарсы келе жатыр екен. Дəп бұрышта, тротуардың тым жақын қос қапталында жуан екі емен өсіп тұрған, əлгі екеуі, дəп сол жерге келгенде, тар өткелекке қатарынан сыймай, сығылыса, кезектесіп өтті, мен жол беріп, əрі қызықтай қарап, бөгеліп қалған едім. Екеудің бірі – филология докторы Евгения Лизунова екен, осыдан аз ғана бұрын баспада Мұхтар Əуезов туралы монографиясын қолымнан өткергем, мені ұмытпапты, күліп амандасты. Екінші əйел – бұрын көрмесем де бірден таныдым – ұлы Мұхаңның қызы Лəйла екен. Бұл Лəйла апайым да, жылы жүзбен, бас изеп ишарат жасаған. Мен ашық алаңдағы атаусыз қақпа сияқты қосар еменнен өтіп, алға оза бере кері бұрылып, арттарынан қарап қалыппын. Лизунова ұзын бойлы, əрі толық кісі болатын. Ал Мұхаңның қызының бітіс-болмысы сонымен қарайлас, бірақ етжеңділік емес, сүйегінің ірілігінен. Кейін талай көргенде əуелгі əсерім беки түсті, Лəйла Мұхтарқызының бүткіл тұрпаты, жүрген жүріс, отырған отырыс, сөйлеген сөзінен түгелдей артықша тумысы, асыл тұқымы айқын аңдалып тұрады екен.
1971 жылдың ақырында менің өзім де Ғылым академиясы, Əдебиет институтына келдім. Əдебиет тарихы бөліміне, аға ғылыми қызметкер ретінде. Арада екі апта өтпеді, Əдебиеттердің өзара байланысы бөлімін басқаратын Лизунова маған өзгеше бір ұсыныс айтып еді, Лейла Мухтаровнаның тапсырмасы, деген. Алдында, Ғылыми кеңесте көріскенбіз. Институт директоры Əди Шəріпов мені жалпы жұртқа таныстырып, содан соң Мəлік аға Ғабдуллин бейресми түрде мен туралы бірер ауыз жылы лебіз білдірген. Жиын соңында біраз жұртпен қатар Лəйла апай да менің қолымды алып, құттықтап еді. Енді міне, Музейге қызметке шақырады. Күтпеген жағдай. Лизунова мені өте жақсы білген. Əлгі, «Мастерство Мухтара Ауэзова» – «Мұхтар Əуезовтің шеберлігі» аталатын кітаптың ең соңғы сатысында, ұзағынан екі мəрте кеңескенбіз. Əуелде менің əрқилы ескертпелерім, қысқарту, үстеме, нақтылама; содан соң, жасалған жұмысты дəйектеу. Көбіне риясыз қабылдағанымен, кей кейде қарсы уəжі бар, бірақ мен үнемі өз сөзімді өткізіп отырғам. Ренішсіз, бəлкім амалсыз көніп еді. Яғни, менің танымым мен білігім жайынан біршама хабардар. Лəйла досына ой салған өзі болуы да мүмкін. «Евгения Васильевна, мен жиырма секунд ойланайын, – дедім. – Ғафу етіңіз, осы арада тұра тұрыңыз», – деп, ұзын, кең дəліздің арғы шетіне өттім, азғана бөгеліп, қалт бұрылып, кері қайттым. Жиырма емес, асса он бес секунд. Содан соң айттым: «Ұлы Əуезовтің Музей-үйінде қызмет атқару – мен үшін үлкен мəртебе болар еді, бірақ бара алмаймын, мен мына Əдебиет тарихы бөлімінде докторлық диссертациямды аяқтауым керек, Лəйла апайға көп рахмет, мені түсінсін, ренжімесін», – деп едім. «Иə, иə, Сіздің еркіңіз», – деді Лизунова. Мүлде күтпеген жағдай сияқты. Əрине, Лəйла апай үшін одан да əрмен.
Солдан оңға қарай Димаш Ахмедұлы, әйелі - Қонаева Зухра Шарипқызы, әкесі – Қонаев Минлиахмед Жұмабайұлы, келіні – Әуезова Ләйлә Мұхтарқызы, қарындасы – Фазиля Ахмедқызы Қонаева, інісі – Асқар Менлиахмедұлы Қонаев
Бірақ Мұхаңның өзі шақырып тұрса да келіспейді екем. Осы он бес-жиырма секунд ішінде менің өмірімді мүлде басқа арнаға бұруға мүмкін жағдаятты жарқ-жұрқ, шұғыл байыптаған едім. Пайдалы жағы: Музей – өз алдына жеке бір мекеме сияқты, бар болмысы дербес, сенің тіршілігің де оқшау, жұмысың нақты; бұл жақтағы докторлық диссертация тақырыбы – əлі де күмəнді, ал анда барған соң, айналасы екі жылда Мұхтар Əуезов туралы түбегейлі монография жазып шығам жəне ешқандай кедергісіз қорғаймын; сол сəтте ойладым, əлде кейінгі байып – Лəйла апайымның қарауына барсам, тым көп ұзамай, үлкен отбасымызға тарлық жасап тұрған қазіргі пəтерімді кеңейтуге мүмкіндік туады. Осыншама пенделік ұтыспен қатар ұтылыс та біршама екен: мен жарымжартылай патриархалдық санада қалыптасқан қазақпын, Əуезовтің қызы болса да, əйел адамның қарауында жұмыс жасау – кемшілік сияқты көрінер еді, оның үстіне мінезін білмеймін, өзі Қонаевтың келіні, кейінде өктемдігін көтере алмай қалуым мүмкін; мұндағы екі шығармашылық күн, жəне қалған міндетті үш күндегі еркіндік – жиыны апта бойғы азат жүрістен тыйыласың; докторлық диссертация – сол кездегі басты мұрат емес, негізгі мақсат – көркем проза саласында, яғни, уақытың азайған соң, өрісің де мейлінше тарылмақ; естіп, біліп отырмын, Музей аясында Мұхаңның жиырма томдық академиялық басылымы дайындалмақ, Лəйла апайымның маған жүктемек негізгі жұмысы да осы тарапта болуға тиіс, ал менің жең ұшынан, атүсті жұмыс жасайтын əдетім жоқ, оның үстіне көрнекі, əрі маңызды шаруа, яғни, абыройлы десеңіз де, өте ауыр, текстологиялық жəне күрделі баспагерлік бейнеттен қолым босамауға тиіс, Əуезов қаншама ұлы болғанымен, біздің өзіміздің де кең өрісіміз бар, өзімді өзім жартылай тұтқынға матап бермеуге тиіс едім... Айтқанымдай, сол сəтінде егжей-тегжейлі байыптамасам да, жалпы сұлбасын толық аңдасам керек, қайткенде де Мұхаңның қызметіне жегіле алмайды екем. Əдебиет тарихы бөліміндегі докторлық жұмыс тек қана орайлы сылтау болатын. Басқасын былай қойғанда, мен əуелі газетте, одан соң баспада отырған алты жылдан астам ұзақ уақыт ішінде ағымдағы күнделікті, беймаза шаруалар үстіне, тынымсыз дау-дамай, қуғын-сүргіннен қажыған едім. «Қазақ əдебиетінде» өзімізге жол аштық, «Жазушыда» түбегейлі қалыптанып, тұғырымызды бекіттік, бəрі жөн, бəрі де игілікті, алайда жаңа шығармалар жазуға мүмкіндік аз, уақыт тапшы ғана емес, мүлде дерлік жоқ, мəселен, сол замандағы ең елеулі шығармам «Тазының өлімі» хикаяты кезінде аптадағы екі демалыс күніне қоса, үнемі таңғы сағат бес жарымда тұрып, сегіз жарымға дейін үш сағат отырар едім, енді ғана қолың жүре бастағанда жұмысқа кету керек болады, сөйтіп, небəрі елу беттік хикаятты елу күн жаздым. Үлкен есепте тым ұзақ емес, тіпті, уақытылы көрінуі, алайда, негізгі қиындық – жазудың үзілмелі сыпатында тұрған. Осы ретпен, үш-төрт күн, асса бір апталық, орташа көлемді əңгіме – тұтас бір айға созылар еді. Біздің қаламгер ағайындардың бəрінің басындағы ахуал, алайда, университетте еркін жүрген, ал аспирантурада мүлде бұла болған мен үшін мейлінше қолайсыз жағдай. Қайткенде үйрене алмағам, қатты қиналдым десе де болғандай. Енді кең жайлауға шыққан кезімде алдағы қыруар жазу тұрыпты, ең əуелі ес жиып, тыныс табуым қажет-ті.
Лəйла апай менің шегінісім туралы естіген сəтте, əрине, аз-мұз дағдарды, бірақ өкпе де, кінə де жоқ, түсініспен қараған сияқты, көп ұзамай, əлде Ғылыми кеңес, əлде жалпыға міндетті Кəсіподақ жиналысында ұшырасқанда ашық раймен, күліп амандасты. Бұдан соң да, мен Академия қабырғасында қызмет атқарған бес жылға тақау ұзақ уақыт ішінде жылы жүзінен айныған емес.
Айттым, Лəйла Мұхтарқызының бойы еңсегей, тым толық емес, бірақ сүйекті, ірі болатын. Кескін-кейпі əкесіне біршама ұқсас. Бар тұрпатынан бекзаттық аңдалып тұрар еді. Мейірбан, кең. Өзінің тумыс табиғатын мейлінше түйсінген, жарасымды тəкаппарлық бар, бірақ кекірт астамшылық жоқ, мейлінше кішіпейіл. Жəне бұл майда мінез – жасандылықтан тыс, өзінің артықшылығын туа таныған, қалыпты, табиғи болмыс еді. Астамшылықтан ада кірпияз бітім жəне үлкен мəдениет көрінісі. Əрі жан дүниесі мейлінше таза болса керек. Ұлы жазушы Мұхтар Əуезовтің қызы, Қазақстан көсемі, КПСС Саяси Бюросының мүшесі Дінмұхамед Қонаевтың келіні! Əркім-ақ сын көзімен қарар еді. Ал Лəйла апай қашанда бір қалыбынан айныған емес.
Ләйлә Әуезова қайын апа-қайын сіңлілерімен және Д. Қонаевтың жары Зухра Қонаевамен бірге
Күндердің күнінде өзінің тағдыр қосқан зайыбы Қонаев Асқар Ғылым академиясының вице-президенті болып сайланды. Əлдебір жалпы жиыннан соң, біздің жұрт түгел жапырламаса да, жекелеген бір кісілер сыпайы құттықтап жатыр. Лəйла апай қатты қысылып еді. Тіпті, қызарып кетті. «Иə, иə... рақмет... тек көлденең, əрқилы сөз болмаса екен...» – дегені есімде. Туған əкесі атақтың ең үлкеніне жеткен, Қазақстанды билеп отырған қайнағасы анау, енді өз жұбайының күтпеген мансабын артық көріп тұр. Алайда, Асекең жездеміз үшін бұл – бар көтерменің басы ғана екен. Кейінде Академия президенті болды, Одақтық үлкен Академияның қазақта, баяғы Қаныш Сəтбаевтан кейінгі жалғыз академигі дəрежесіне жетті, бəрі де еселі сыбаға тартқан ғұзырлы ағаның арқасы, алайда Лəйла Мұхтарқызы осы орынсыз мансап, асыра мəртебелердің ешқайсына шын көңілден қуанды дей алмас едім, оның дəлелі – манағы, өзім куə болған жағдаят. Ақыры бұл артықша қолпаш ешкімге құт болып жабыспады, осы інісі үшін Қонаев əуелде жалпы жұрт ренішіне қалса, кейінде партиялық тұрғыдан қатаң сын естіген.
Мен көргенде, əрине, сырттай байыптауым, Лəйла апай бірқалыпты, байыпты, əрі ашық-жарқын күн кешті. Əлбетте, ұлы жазушының қызы, Үлкен кісінің келіні, көлденеңде əрқилы əңгімелер айтылып жатса керек, соның бір пұшпағы – Мұхаңның басқа əйелден туған баласына қатысты. Өз анасына көлеңке түсірмеу үшін шетке қағыпты, жақсы көрмепті, деген тұрғыда. Бəрі бекер. Шешесі бөлек болса да əкесі ортақ жəне заңды перзент саналған Мұратты сырттай бағып, қадарынша қамқорлық жасап жүргені күмəнсіз. Осы ретте мен өзім нақты куə болған жағдаят. Бір күні, ай аралатпай өтіп тұратын Ғылыми кеңес, əлде басқа бір жиыннан соң мені оңашалап алып еді. «Мұратты білесіз ғой, – деді, қысыла, қымырыла. – Əуезов Мұрат...» «Иə, жақсы білем, біз Жазушылар үйінде, бір даланда тұрдық...» Бетінің ұшы аз-маз қызарған Лəйла апай оқыстан жеңілейіп, сөзін одан əрі жалғастырды. «Міне, осы Мұрат, мен білмеймін, əйелінен ажырасыпты. Оның үстіне, міне, бір айдан асты, із-түзсіз жоғалып кетті, ешқандай хабары жоқ. Əлдене... бірдеңеге ұшырап қалмағай деп, қатты уайымдап жүрмін...» Іс мəнісі түсінікті еді. «Лəйла апай, ешқандай қам жемеңіз, аман-есен болуға тиіс. Бəлкім, өзі оқыған ежелгі қытай философтары сияқты, оқшау бір жерде ойланып, толғанып жатқан шығар, – дедім күліп. – Мен сұрастырып, нақты хабарын алып берем Сізге...» – дедім. Абыржып тұрған Лəйла апай, қысыла жымиып, бір түрлі көтеріліп қалғандай еді. Сыпайы рақметін айтып жатыр. «Екі-үш күн ішінде жақсы хабарын жеткізем, алаң болмаңыз», – деп едім. Айтқанымдай, сол күні реті келмей, ертеңіне Жазушылар одағы, Олжасқа барып, мəн-жайды айттым. «Лəйла апайымыз қатты мазасызданып жүр, тіпті, бауыры қиялданып кете ме деген қауіп-қатері бар», – деп едім, Олжекең жадырап күлді. «Ешқайда кеткен жоқ, Алтын-Емел жақта, бір орманшының саяжайында жатыр», – дегені. Жəне нақты адресін берді. Мен ертеңіне Музейге барып, Лəйла апайымды мейлінше қуантқан едім. Артынан кісі жіберді ме, əлде аманшылық хабарынан соң тəуба айтып, тыншыды ма – нақты білмеймін.
Екінші бір ерекше жағдай. Мұратпен көрші тұрдық дедім ғой, бір даланда. Біз үшінші қабат, Мұраттар дəп үстімізде, төртінші қабат. Келіншегі Хорлан – баяғы Кенесары ханның атақты Жанайдар батырының тікелей ұрпағы, Жанайдардан соңғы алпауыт Мейрамнан тарайды, өз əкесі Мəтен Рақымбеков – Қарағанды кеніштерінде бірнеше мəрте шахта директоры болған, Қазақ ССР Жоғарғы кеңесіне сайланған. Бір сөзбен айтқанда, Хорлан келін – қазақтағы асыл əулеттердің бірінен шыққан екен, өзі де қатарынан озық, Москва университетін бітірген, сол Москвада кандидаттық қорғаған, өңді жəне əдемі дауысы бар. Мұрат екеуінің ортасындағы жалғыз бала – Зифа-Алуа дейтін, аппақ, томпиған қыз, Жамбыл көшесіндегі Жазушылар үйіне алғаш көшіп қонғанымызда алты жаста болатын, біздің үлкеніміз Үмітке тетелес, екеуі бірден-ақ тіл табысып кетті. Тіл табысқанда, Зифа қазақшаға жоқ, Үміт орысша білмейді, алайда екеуі алаңсыз ойнайтын, көп ұзамай Зифа қазақшаға жетікті, Үміт орысша үйреніп шықты. Бұл Зифа кейінде үлкен ғалым болды, Махмұд Қашғаридың атақты «Диуани лұғат ат-Түрік» кітабын орыс тіліне тұңғыш рет аударып, бастырып шығарды. Осы Зифа қаршадайынан айрықша ақылды еді. Мектептен өзі келеді. Үйінің кілті бізде. Бақытжамал апасы есігін ашып, дайын тамағын жылытып береді. Асын ішіп, сабағын дайындап болған соң төмен түседі, немесе, ол да сабағын бітірген Үміт жоғары көтеріледі. Көбіне-көп жалғыз қалмас еді. Міне, Зифа Мұратқызы Əуезова осылай өсіп жатқан. Жазғы демалыста Қарағандыға – нағашыларына барса керек. Бұл кісілерді де көрдік, дəмдес болдық. Ол кезде Мұрат кетіп қалған. Хорлан əуелде қатты қамыққан еді, көп ұзамай, жалғыз қызының қуанышымен қайта көтерілді. Кейде шайға шақырамыз. Əңгімелесіп отырамыз. Хорлан əлі жас, өңі де қайтпаған. Зифа екеуі жалғыз тұрып жатыр. Ара-тұра Мəскеуде бірге, қатарлас оқыған қыздар мен жігіттер бас қосады, артық дырдусыз, көңілді отырыс. Зəуде, көрші ретінде біз де орталарына түсеміз. Мен осы дастарқанда Кенесары ханның шөбересі, қазақтағы қудалаудан ығысып, өзбекте пана тапқан үлкен ғалым Натай Кенесариннің екі қызын көрдім, жəне басқа балалар да түгел əдемі, парасатты болатын. Яғни, Хорланның Мұраттан соңғы жақын ортасы. Күндердің күнінде Хорланның көңілі тым түсіңкі екені байқалды. Табиғи жағдай, бірақ бізден қайран жоқ. Өзі ештеңе айтпайды. Бұл кезде Зифа төртінші, бесінші класқа жетсе керек. Ақыры, бізде отырған Зифаны алуға келген бір күні шайға шақырып едік. Көңілсіз қалыпта, тұрмыс жағдайы мен қызметі туралы айтты. Əуелден-ақ Академияның Химия институтында жұмыстайды. Неше жылдан бері небəрі кіші ғылыми қызметкер екен. Москвада бітірген, Москвада қорғаған, анда жəне мұнда ғылыми басылымдарда жарияланған бірталай еңбегі бар, алайда, бөлім бастығы ұнатпайды, тежеп, шектеп отыруға тырысады, ол да ғылым кандидаты жəне осында, қолдан жасалған сияқты, есесіне белгілі бір жазушының жұбайы екен, сондықтан да бастық, өзіне бақталас санай ма, аға ғылыми қызметкер дəрежесіне жібермей қойыпты, ең сұмдығы – бүткіл бөлім болып, əлгі кісінің докторлық диссертациясын жасап шығуға тиіспіз... Айлығым небəрі жүз елу сом, ештеңеге жетпейді, əке-шешемнің көмегі болмаса, күнкөрістің өзі тым қиынға түсер еді деген, мүлде жабырқап.
«Хорлан, осының бəрі оп-оңай, – дедім мен. – Мына Зифа – Мұхтар Əуезовтің туған немересі. Əуезова Зифа. Тағы бір Əуезова, үлкен Əуезова – Лəйла Мұхтарқызы – Қазақстандағы екінші леди. Дінмұхамед Қонаевтың келіні. Ұқтың ба? Қарапайым, мейірбан кісі. Сен осы Лəйла Əуезованың кіші сіңілісін тəрбиелеп отырсың арнап, алдына бару керек...» Хорланның көзі атыздай болған. «Қалай, қалайша?» Мен іс мəнісін ұғындырып бердім. Мұхтар Əуезовтің Музейіне барасың. Көбіне таңертеңгі сағат он, он бірлерде орнында отырады. Бір жолы болмаса, екінші жолы. Бардың, сыпайы амандастың, содан соң өзіңнің келін екеніңді, племянницасын – Мұраттың қызын тəрбиелеп отырғаныңды айтасың. Басқа емес, Əуезова – Зифа Əуезова! Ақыры, бар жағдайыңды. Қазақстандағы екінші леди дедім ғой. Ұлы жазушы Мұхтар Əуезовтің қызы, құдіретті Қонаевтың келіні, күйеуі – Ғылым академиясының президенті. Тек апайыңның алдынан өту керек, арада ай озбай, Химия институтының аға ғылыми қызметкері боласың да шығасың!..» «Мен Химия институтында, қазіргі бастығыммен қатар жұмыс жасағым келмейді!...» – деген. «Солай деп айт. КазГУ-ге, кез келген институтқа орналастырады», – дедім. Мұндайда əйелге əйелдің сөзі өтімдірек келеді. Біздің Бақыт та үгіттеп жатыр. «Мына ағаңның айтуынша, өте қарапайым, мейірбан кісі көрінеді. Анау жылы Мұрат жоғалып кеткенде қатты алаңдап, іздетіп тауыпты», – деді. «Бару керек. Ешқандай сөкеті жоқ, – дедім. – Өзің үшін емес, Əуезова Зифа үшін!»
Хорлан біржола келісті. «Барам. Тек ыңғайсыздау...» «Шын ыңғайсыз жағдай – сенің осындай кезде, əлі күнге бармай жүргенің, – дедім. – Енді ең соңғы инструкция. Лəйла апаң, қалай дегенде де, орысша тəрбие алған кісі. Қазақшасы жоққа тəн. Бірақ қазақы мінезі де бар. Сен қалай сөйлесесің? Лəйла Мұхтаровна деп пе? Білесің ғой, дүңк еткізіп, атаңның атын айтуға болмайды.» «Енді қалай!» – деген қазақшаға жетік Хорлан. «Білмей тұрмын. Тəрізі, «Лəйла апай» деп сөйлескен қауіпсіз болар. Тіпті, атын да атамай, «Апай» деп қана...» Осыған келістік. Арада апта өткенде Хорлан біздің үйге жайраңдап кірген. «Как родная старшая сестра... – деген орысшалап. – Туған əпкемдей қарсы алды...» – деді қазақша. Бəрі жөн, тек қана мен ескерткендей, бұрынырақ келу керек еді, депті. Енді осы бірер ай ішінде шешіп бермек. Айтқанындай, көп ұзамай-ақ Хорлан Ауыл-шаруашылық институтына ауысты. Əзірше аға оқытушы, бірақ жалақысы кандидаттық дəрежесіне сəйкес, жоғары деңгейде. Дəп қазір мəнісі шамалы доценттік атақ та көп ұзамауға тиіс.
Міне, Лəйла апайдың өзім тікелей куə болған жəне мен ғана білетін екі реткі ізгілігі.
1976 жылы жазға қарсы Ғылым академиясынан кеттім, бұдан соңғы кезеңде Лəйла апаймен жиі ұшыраспаған сияқтымыз, алайда, бар хабары жетіп тұрған, əлбетте, Мұхаңның Əдеби-мемориалдық музейіне қатысты. Жиырма томдық рет-ретімен дайындалып жатыр. 1980, 1982 жылдары «Жазушы» баспасы үшін Сегізінші жəне Он екінші том қолжазбаларына рецензия жазыппын. 1984 жылы бас нəшіриятқа қайтып оралғаннан кейін Жиырма томдықтың соңғы кітаптарын қолымнан өткердім. Енді қолжазбалардың дайындалу сапасын бұрнағы сырт көз рецензиялар арқылы емес, тікелей қарастырып, қадағалаған едім. Оның ішінде соңғы томдағы мəні шамалы жəне əрқилы басшы қызметтегі кісілерге əртүрлі жағдайда жазған хаттарына тоқтау салдым. Мұндай жөндем жазбалардан Мұхтар Əуезов азаймаса, көбеймейтіні анық-ты. Нақтысын білмеймін, кейінгі академиялық елу томдыққа енсе керек.
Оңнан солға қарай: Әмина Қонаева, Маймуна Қонаева (Д. Қонаевтың әпкелері), Камал Қадыржанов (Маймуна Қонаеваның күйеуі), Асқар Қонаев, Ләйлә Әуезова, Зухра Қонаева, Елдар мен Диар Қонаевтар (Асқар Қонаев пен Ләйлә Әуезованың ұлдары)
Бұл кезде Мұхаңның Əдеби-мемориалдық музейі шын мəнісінде Əуезовтану ғылымының орталығына айналған еді. Музей аясында Рахманқұл Бердібаев ұйымдастырып, бастап жүргізген Халық университетінің ағартушылық дəрістері өз алдына. Осының бəрі, түптеп келгенде, Лəйла Əуезованың игілікті қызметінің нақты көріністері болатын.
Лəйла апай 1993 жылы – алпыс төрт, тура əкесінің жасында дүниеден өтті. Қалыпқа қойылған музей жұмысы одан əрі жалғасқан. Алайда, Мұхаңның сүйікті перзенті əлі де, тым құрса бес-алты жыл жасай тұрса, көп дүние басқаша, қазіргіден көп озық шығуы күмəнсіз. Бірақ осы, атқарып кеткен бар ісі – тарихи еңбек есепті. Əкесінің үмітін ақтады. Қалауынша ғұмыр кешіпті. Артында ержеткен, Елдар, Дияр дейтін екі ұл қалыпты. Сойлары – Қонаев, алайда ұлы Мұхаңның өзегінен жаралған жəне ата жолын сақтаған, ұстамды, парасатты балалар. Пайғамбар əулеті де қыздың тұқымы арқылы жалғасты. Ұлы Мұхаңның екі тарабы бірдей. Өткен адам ұрпағымен жасайды деген. Біздің орайда осыған қоса, мəңгілік шығармалары тұр.
21–22.ІІІ.2018,
Күміс Бұлақ, Мэриленд, АҚШ.