Жапон жазушысы Рюноскэ Акутагаваның «Шабылған бас» хикаясындағы майор Кимура мен инженер...
«Ауылдан алыс сол жылдар» кітабы оқырман назарына ұсынылмақ
Арғы бетте жүрген кезімізде кітапқа, руханиятқа қатысы бар кез келген үйдің төрінде қалыңдығы жарты қарыс көк сөздік тұратын. «Қазақша-қытайша сөздіктің атасы» дейтін едік. Сол сөздік арқылы қаншама жас өзге тіл әлеміне қанаттанып ұшты. Қаншама ұстаздар соның көмегімен шәкірт тәрбиеледі екен?..
Сол кітапты аударуда айрықша еңбек еткен қарт баспагер, айтулы (кәсіби) аудармашы, көрнекті тіл маманы, ғалым, қытайша-қазақша сөздіктер кешенінің негізін қалаған ғалым С.Найманның жаңа кітабы жарық көрді. Соған орай, 2023 жылы 28 қараша күні сағат 15:00-де ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Ауылдан алыс сол жылдар» атты ғұмырнамалық эссе кітабы оқырманға жол тартпақ.
Аталған кешке елімізге белгілі сөз ұстаған ақын-жазушылар, аудармашылар, журналистер қатысады.
С. Найман - 1941 жылдың тамыз айында ҚХР Шыңжаң өлкесіне қарасы Тарбағатай аймағының Майлы тауының етегінде дүниеге келген С.Найман – Қытайдағы 2 миллионға жуық қандасымыздың руханиятына жарты ғасырға жуық құнды терін төгіп, еселі еңбек сіңірген айтулы ғалым. Шыңжаң өлкесінің екі рет таңдаулы маманы, көрнекті еңбек сіңірген мемлекет дәрежелі маман атағын алған. С.Найман – Қытай қазақтары арасындағы Қытай Мемлекеттік Кеңесінің ғалымдарға берілетін арнаулы стипендиясынан игіліктенген санаулы қазақ ғалымдарының бірі.
С.Найман 1960 жылы Үрімжідегі Мұғалімдер институтының қытай тілі факультетінен оқу бітіріп, сол жылы «Шыңжаң халық баспасына» жас маман ретінде жұмысқа шақырылды. 1977 жылы аталған баспаның Қазақ редакциясы бөлім басшысының орынбасары, 1980 жылы бөлім басшысы, 1983 жылы баспа бас редакторының орынбасары қызметін атқарды. Осы жылдарда «Шалғын», «Көкжиек», «Оқырман өресі», «Тіл және аударма» сияқты 4 ірі қазақтілді журналдың бас редакторлық қызметін қоса атқарды. Қазақстанда жарық көрген 10 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі», «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» сияқты ірі еңбектердің төте жазуға аударылып, Қытайда жарық көруіне мұрындық болды. 2003 жылы зейнетке шықты. 2018 жылы атажұртқа оралды.
С.Найман – «Қытайша-қазақша идиомдар сөздігі», «Қытайша-қазақша қысқаша сөздік», «Қытайша-қазақша идиомдар үлкен сөздігі», «Қытай идиомдарының қазақша баламалары» атты 4 төрт үлкен сөздіктің авторы. Сондай-ақ Қытайда «көк сөздік», «Найман көк» атанып кеткен «Қытайша-қазақша сөздіктің» бас құрастырушысы болды. 1974 жылдан бастап ұжымдық еңбек ретінде дайындалып, 1979 жылы латын қарпімен баспадан шыққан бұл сөздікке 60 мыңнан астам қытай сөзі енгізілген. Осыдан кейінгі 40 жыл уақытта С.Найман басшылық қызметте жүрсе де, қызметтен қолы босай қалған уақытта пайдаланып, осы сөздіктің көлемін кеңейтіп, сөздік қорын байытты. Яғни алғашында ұжымдық еңбекпен дайындалған осы сөздіктің сөздік қорын молайту жұмысын өзі жалғыз істеп, қамтылған лингвистикалық құрам санын 120 мыңға жеткізді. Бұл сөздік 2006 жылы «Шыңжаң халық баспасынан» «Қытай-қазақша үлкен сөздік» деген атпен басылып шықты. Қазірге дейін бұл сөздік 7 рет басылып, 30 мың тиражбен таратылды. Қазіргі таңда бұл сөздіктің 124 мыңға жуық лингвистикалық құрам қамтылған сөздігі баспаға дайындалып жатыр.
С.Найманның әдеби аударма еңбектері де бір төбе. Ол Чарльз Диккенс, Ханс Андерсон, Эрнест Хемингуэй, Карл Маркс, Михаил Шолохов сынды әлемдік классиктердің және Қытай әдебиетінің көрнекті өкілдері Го Моро, Бажинның еңбектерін де қазақша сөйлеттірді. Атап айтқанда, «Ленин туралы әңгімелер», «Арайлы аспан» (2 томдық), «Уақыт белгілері», «Гитлердің зауалы», «Андерсеннің балалар ертегілерінен», «Дэвид Копперфильд», «Балалар ертегілерінің бәйтерегі», «Шал мен теңіз» қатарлы 10 томдық аудармасы жарық көрген. Ол аударған әлемдік классиктердің қысқартылған нұсқалары Қытайдағы қазақ әдебиеті оқулықтарына енген.
«Ауылдан алыс сол жылдар» – С.Найманның «Әредік әлеміштері» кітабынан кейін жарық көрген екінші кітабы. Кітапта автордың өмір жолы, аудармашылық және сөздік жасаудағы ізденістері, баспагерлік жолындағы ершімді еңбектері баяндалады.
Ұларбек Дәлейұлы
Мәдениет порталы