2020 жылдың 5 ақпан күні Нұр-Сұлтан қаласындағы «Qazaqstan» ОКЗ камералық залында ақиық...
Маржан Ершудің жаңа кітабы: «Шығармашылық лаборатория»
- Қолымызда жаңа кітап. Аты да ерекше екен. Жаңалығы ең алдымен осы болар деп ойлаймыз. Бұл идея басыңызға қайдан келді?
- Карантинде кітаптар оқып, жазуымыз көбейді ғой. Әсіресе мен сияқты мазасыз қаламгерлер де біршама дүние жазған болар деп ойлаймын. Карантин күндерінде тілегімізді тілекке жалғап күн кешудеміз. Мұң. Қандай ауыр күндер. Мазасыз күндер. Сол күндерде Хамит Ерғалиевтың «Қиын өткен қызығым-ай» деген кітабын оқыдым. Сол кітабында ардақты ақын ағамыз қаламгерлерге уақыт алдында, заман алдында есеп берудің маңыздылығын айтады. Хамит ақын жан сырын былайша ақтарады: «Өз жайымды әңгімелесем оқырман менің не істеп, не қойғанымнан хабардар болып қана қоймай, заман ағымы мен менің арақатынасымды аңғара алатын сияқты. Қалай дегенде де бар-жоғымды түгендеп отыратын ойшыл оқырманнан артық мені білетін кімім бар? Сондықтан бұл әңгімемді шығармашылық туралы шығарма деп те, автордың оқырман достарына ішкі дүниесін іркілмей айқара ашқаны деп те қабылдауға болар. Шығармашылықпен үзбей айналысқан адам жетпіс жасынан кейінгі еңбегінде өзін-өзі жинақтай бастайтын секілді. Осындай ойлар өз лабораториямды сезінуіме себін тигізгендей». Хамағаның кітабы мені ойға жетеледі. Жай күнде бұл сөздердің қуатын сезіне алмас едім, тереңіне бойлай алмас едім. Бірақ карантин кезінде жақсы ұғындым. Ойландым да, осы кітапты жазуды жоспарладым.
- Кітап туралы айта кетсеңіз?
-Кітапта шығармашылық лабораториям туралы баяндалады. Басымнан кешкен қилы-қилы оқиғалардың жиынтығынан туған шығармашылық процестер, жаңа шығарманың дүниеге келу тарихының сан қилы сәттері оқырманды бейжай қалдырмайды деп ойлаймын. Тұманбай ағамыздың «Білгің келсе, қара менің көзіме, мен жайында сұрамашы біреуден» деген лирикалық өлеңі бар. Мен айтар едім: Танығың келсе, егерде мені, кітабымды оқы» деп.
- Әдебиет ахуалы туралы да ойларыңыз көрініс тапқан болар кітапта?
- Әлбетте. Әдебиет – адамзатқа ортақ игілік. Әдебиет – әдемі әлем. Әр шығармашылық иесінің өз әлемі бар. Ол шығармашылық ізденістерден тұрады. Ізденіс болмаған жерде тоқырау басталады. Қозғалыссыз қара су да шіриді. Үнемі ойлау, ойлану мұның түбі бас қатыру сияқты боп көрініп кетеді кейде. Қажисың. Мұңданасың. Жан жағыңа қарасаң, қызылды-жасыл бояуына тартып әкететін, қызықтыра еліктіре жөнелетін басқа әлем. Ол сенің ішіңдегі әлеммен үндеспей жатады. Жалғызсырайсың. Қамығасың. Кім оқиды , кім түсінеді деп кейде. Бірақ мен қанша қиналсам да өз әлемімнен ұзап алысқа шыға алмаппын. Өлең - өнер, маған тағдырым болып жолыққаның үшін мен саған ризамын деймін. Әдебиеттің түрлі жанрында қалам тербедім. Өлеңім – өмірбаяным дейтінім де содан. Менің өлеңім кейде проза, кейде аударма , сатира, драма түрінде жазылған шығар. Әр жазған шығармамда менің қолтаңбам бар. Тәуелсіздіктен кейінгі жастар әдебиетінде тұңғыш рет «Айек» деген псевдонимнен кітабымды шығардым. Кітабымда шама-шарқымша шығармашылық лабораториям туралы сыр шерттім. Шығармаларымды атақ шығару үшін не елден қалмау үшін жазған жоқпын. Жазбасам көңілім тыншымайтын болғасын жаздым. Және жазғандарым әдебиетке керек екенін сезінгенім де жаныма жұбаныш.
-- Кітабыңыз оқырман қауымға қабылданады деп ойлайсыз ба? Негізінде мұндай дүниелерге біздің әдеби орта тосырқай қарайтыны бар ғой...
– Татардың ұлы ақыны Ғабдолла Тоқайдың өлеңдерін аударған едім. Бұл өлеңін Тоқай 1908 жылы жазған екен. Бір ғасырдай уақыт өтсе де, мәні өзгермеген жыр. «Ұрланған мағына» деген өлең.
– Аманбысың ақын дос-ау, неге мұңды жанарың? Деп мен оған жылыұшырай қарадым. – Халім нашар! Жазғанымды ұрлайды ел! Мұндай сәтте аласұрмай тұрмай гөр! -Неге мұнша жасығаның, айтарыңды ірікпе! Үндемесең көңіліңде көбеймей ме күдік те?! -Ақындардың бәрі оңбаған! Өлеңімді тонайды! Ой-ырғағын, мағынасын, ұйқасымды қалайды. Ыза болам мен соларға. Түк айтпаймын жақ ашып, Мағынаңды ұрлай берсе қандай ақын боласың? Ақынды аяп, оқыдым мен бар кітабын жиып ап, Түк мағына таппадым-ау. « Ақындығы» қиын-ақ! «Антұрған-ай! – дедім сонда,- жарнамаңыз жүдетті», Су татыған кітап оқып... Тектен –текке күн өтті!..
Осы өлеңдегі «Су татыған кітап оқып... Тектен - текке күн өтті» деген сөздің салмағы ауыр-ақ. Кітабыма қарап отырып, осы сөзді еске алып, мен де ойланам. Оқырман туралы ойланам. Сөздің мәні мен маңызы туралы ойланам. Оқырманмен жолықтыратын кітап болғасын, кітабыңа жаның мен жүрегіңді саласың. Әйтеуір кітапты қолына алған адамның көңілі түсіп, ренжімесе екен дейсің. «Антұрған-ай! – дедім сонда, – жарнамаңыз жүдетті» демесе екен дейсің. Әділ шешімін уақыт пен оқырман айтар деп ойлаймын.
- «Бұл кітап та менің бір адамды жақсы көргенімнің арқасында жазылды емес пе?! Мүмкін мен оған бар болмысымды көрсетіп, жан дүниемді ашып сырласқым келгенін айтайын дегенім шығар» деп жазыпсыз. Демек, бұл кітап сүйікті бір адамға арналып жазылғаны ғой...
- Әрине. Кітап адамға арналып жазылады. Оқу мен ойлау адамға ғана тән құбылыс емес пе?!
- Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан: Арман Асқар