– Дәурен аға, сіз қазір оқырман ортасы мен қаламгерлер қауымы үшін «қызықты» жазуш...
Байыт Қабанұлы. Бұйырмаған топырақ
Ұланбатырда жүріп бір танысымның үйінен екі кітап ұстай шықтым да сол қалпыммен Сүхбатыр алаңына барып сурет алдырып, автобус аялдамасына қарай бет алып бара жатыр едім жол шетінде сұрау сұрап отырған бір сұраушы шал қол бұлғады. «Ақша алудың амалын ойлаған қусың ғой» - деп ойлап кете бермекші болып едім жаңағы шал қайта дауыстап:
– Балам кітәбіңді көрсетші - деді. «Қазақ кітәпті көргісі кеп отырғанына қарағанда қазақ тілін білетін біреу болды ғой шамасы» - деп ойлап қасына бардым. Ол қазақ тілін білмейді екен. Өйткені кітәпті оқыған жоқ, жәй ары-бері аударып көрді де бетіме қарап:
– Сен қазақсың ба? - деп сұрады.
Байыт Қабанұлы
– Иә - дедім мен. Шал ойлағандай сәл үнсіз отырды да, жанында жатқан ескі сөмкасын ашып ұйпалақтанған көп қағаздың ішінен түбі түсіп жыртылуға айланған бір ескі дәптерді қолына алып:
– Сен мынаны оқып көрші - деп маған ұсынды. Дәптерді қолыма алып көрсем араб әрпінің төте жазуымен жазылған үш бет өлең екен. Өлеңнің мағынасына қарағанда аты-жөні жоқ бұл өлең әйтеу ел жұртынан айырлып сағынышқа кенелген бір адамның өлеңдері. Таңдана түсіп шалға қарадым. Жұдырықтай ғана жеп-жеңіл денесі бар онша ұзын емес селдір сақалды, қутыңдаған сергек, жас шамасы жетпістен де ары кеткен бе дейтіндей сөзшең шал екен. Мен өлеңдерді оқып жатқанда да ана-мынаны айтып отырған ол қағаздан басымды көтергенімде.
– Қалай саған бұл өлеңдердің қажеті бар ма, алғың келсе беруге болады - деді. Келе жатқан тағы біреулерден сұрауын сұрай отырып.
– Әрине, қажет. Бірақ бұл кімнің өлеңі, әлде өзіңіздікі ме – дедім, «Осы өзі қазақ емес пе» - деген күдікті оймен. Ол ішімдегіні білгендей мырс етіп күлді де.
– Жоқ! Мен қазақ емеспін, өлеңдер де менікі емес. Сосын саған бергелі отырған жоқпын ба - деп қутыңдады.
– Ал онда кімнің өлеңі.
– Оны айту үшін сәл уақыт керек. Сонда да сен ақша берсең – деді, алақан тосып. Әрине оның тілегені осы. Мен бір мың сом бердім, азырқанды. Тағы бір мың сом қосып бердім. Ақшаны қалтасына салған ол.
– Енді мені тамаққа кіргіз - деді. Сонымен шайханаға кіріп шәй, тамақ алып бердім. Сұраушы шал алдындағы ыстық тамақты апыл - құпыл жеп тауысты да қойынынан кір-кір шыт орамал шығарып айқұш-ұйқыш бет әжімдерін қуалай сырғыған ащы терін қайта-қайта сүрте түсіп үн-түнсіз екі аяқ сүтті шай ішті. Сосын жайланғандай шылымын шегіп, маған рахметін жаудыра сөзін былай бастады:
– Адам шіркін жастық шақта неге ұрынбайды. Мен дағы сол жиырма жасымда анаған-мынаған ұрынып жүріп ақырында «Үлкен үйдің» есігін тартқаным бар. Өмірдің қисық жолына осылайша бір түстім де күні бүгінге дейін жайсаң өмірдің жайсаңдығын сезінгем жоқ. Бірақ адам дүниесінде өмір сүрген екем жақсы-жаман неше түрлі адамдармен жолдас болдым. Солардың бірі жаңағы сен оқыған үш бет өлеңнің иесі. Заты - Қазақ, аты - Монгол Гомбо деген азамат еді. Мен онымен Дарханда тұрғанда таныстым. Көрші болдық. Менен оншақты жас үлкен кісі. Бір ұқсастығымыз екеміз де жалғыз бас бойдақ едік. Сондықтан бір бірімізді ес көріп кірісіп-шығысып жүріп әбден таныстық. Соңында тіпті ағалы бауырлы адамдардай мұң шағысып сырласатын болдық. Содан кейін мен ол азаматтың сонау отызыншы жылдардың құрбаны болып «Есіркуге» ұсталған Баян - Өлгей аймағының қазағы екенін білдім. Гомбо аса әңгімешіл адам. Әйтседе өзі туралы көп шешіле қоймайтын. Тек әр түрлі әңгімелерін естіп отырғанда болжағаным: Ол жиырма бес жасында жазықсыз жала жабылып ұсталып артында әйелі мен бес баласы қалған. Түрмеге жабылған, соңында яғни он жылдан кейін кісі өлтіріп түрмеден қашқан, сосын атын өзгертіп осы жақта өмір сүрген. Менің білетінім осы.
– Кәзір ол кісі бар ма - деп сұрадым мен.
Шал басын шайқады.
– Жоқ, қайтыс болды.
– Ал мына өлеңдерді неге сізге берді? - дедім әңгімеге қанағаттана алмай. Шал маған жақтырмай қарады.
– Оның саған қажетті қанша? Қажет деп көрсең андағы өлеңдерді тезірек көшіріп жазып ал да, қол жазбаны өзіме қайтар. Ертең сен секілді тағы бір қазақтан тамақ ішуіме себі тиеді - деп орнынан тұруға айналанды. Енді басқа амал жоқ мен өлеңдерді үн-түнсіз қотара бастадым. Біраз үнсіз отырған ол қол жазбаны өзіне қайтарғанымда ашуы басылған сыңаймен.
– Жарайды, мен саған тағы бір әңгіме айтып берейін – деді. Ризашылығымды білдірдім.
– Ол кісінің үнемі мойнына тағып жүретін сырты ескі ақзудан тігілген кішкене тұмары бар-ды. Өзі оны аса қастерлейтін. Және “Мынау менің жазған өлеңдерім” - деп осы дәптерді көрсететін де мен түсінбейтін болған соң қайтадан төсегінің басына тығып қоюшы еді. Тұмар жайлы сұрағанымда.
– Бұл тұмар, мен ұсталып елден кетерде әйелім жаулығының шетінен жыртып түйіп берген туған жерім асқар биік Алтаймның топырағы. Ел сағынып құлазығанда бейшора көңілге медеу етіп үнемі искеп отырамын. Мұны иіскесем болды туып өскен Алтай тауларымның орқаш-орқаш ұшар бастары көзіме көрініп ақ жусан, жуа өсімдіктерінің иісі сол қалпымен аңқып тұрады - дегені бар. Балаларын да қайта-қайта айта беретін. Бір күні тағы әңгімелесіп отырып мен:
– Сіз елім, жерім, бала-шағам - деп зарлана бергенше еліңізге неге қайтпайсыз. Енді не қорқыныш бар - деп сұрадым. Сұрауымды естіген Гомбо қария саңырау адамдай басын төмен салып елең етпестен отырды да, ауыр күрсініп:
– Әй, бауырым-ай! Сен қайдан түсінесің. Сынаптай сырғып қолда тұрмас мына жалған кімді арманына жеткізді дейсің. Бірде бақыт, бірде сор, мен де сол соры қалың жандардың бірі емеспін бе. Кәзір өзімнің сексен бес жыл өмірімді ойласам «Шіркін» - деп тамсанатынымнан, «Әттең» - деп өкінетінім көп екен. Жәй бір көп емес атандай алпыс жылы сондай өкінішпен өтіпті.
Мен сонау отыз бес-ақ жасымда түрмеден босағанда сол қалпыммен еліме кете бермегеніме өкінем. Сонда неге қалдым, әрине жас болдым. Сол жастығымды ойладым. Кісі өлтіріп абақтыдан қашқан қылмысым аз да болса ескірсін, сосын барармын дедім. Қайта ұсталып қапасқа түсуден қорықтым.
Одан кейін елуді еңсеріп ер жасына келген дер шағымда енді елге тартайын деп ойладым. Бірақ бұл кезде «Аузы күйген үрлеп ішеді» - дегендей ұрттауымнан үрлеуім көбейіп бұрын өзім ұсталармын деп қорықсам, енді өзіммен қоса балаларымды ойладым. Егер елге бара қалсам хабарсыз кетіп отыз жылдан кейін оралған маған ел шу ете қалады ғой. Сосын өкімет те қарап орырмас. Өйтсе тек мені емес «Есірку қылмыскердің баласы» – деп, менің балаларыма да құрығын сілтемей ме. Міне осы ой мені ілгерлетпей кейін тартып болмады.
Ал жетпістен астым. Бұл кезде мен: «Ұсталам ғой» - дегенді ұмытқам. Әрине жетпістен асып жер таянып отырған қаусаған шалды ұстағанда не қылады. Жоқ… Бұл кезде мені елге жібермеген басқа себеп. Қазір қартайдым, енді елде мені танитын, мені білетін көз көрген замандас, құрбылардан кім қалды дейсің. Мүмкін қалмаған шығар. Өйткені ол кездің адамдарының барлығы тағдырдың тауқыметін көп тартып қажып, қалжыраған адамдар. Сол бір шаршаған сезімдер оларды әлдеқашан тыныш мекеніне әкеткен болар. Елде болсам мен де солармен бірге кететін едім. Мені өлтірмей осы күнге дейін құр сүлдерімді сүйретіп келе жатқан сол қасиетті ел, жерді бір көруге ынтықтырған сағыныш. Болмаса балаларымды бір иіскесем деген әкелік мейірім. Сол туған жердің бір шымшым топырағынан жасалған мына тұмар. Өлгенде ақшамды қайда қалдырам деп баласына да айтпай көзі ашық жатып өлетін сараңдар секілді осы тұмарды тастайтын жер жоқ менде. Міне сондықтан мен тыныштан тыныш өле алмай жүрмін. ...Солай! Елде енді мені танитын ешкім қалған жоқ. Мен кеткенде туып қалған ең кіші балам кәзір бар болса алпыстағы шал болды. Ал одан төменгі ұрпақ мені танымақ түгіл естіген де жоқ. Оны да қойшы, ең қорқыныштысы мен ұсталып кеткенде жиырма бес-ақ жаста қалған сүйген жарым өмір бойы мені тосып отырды дейсің бе?! Ол жас қалды ғой, біреуге өмірін қосақтаған шығар. Онда менен қалған бес бала басқа әкенің баласы болып, менің атым мүлдемге өшіп қалған болуы да ықтимал ғой, – деген ол тұйыққа тірелгендей ағыл-тегіл еңкілдеп жылап жіберді.
Ол кісі жасық азамат емес еді. Тек сол жолы жігері құм болып үгітіле жасығанын көрдім. Бұл нағыз азамат ердің ақ жүрегін шын жылатқан шерліден шерлі мұң еді…
Осылай сөйлеген сұраушы шал досына деген ешбір жасандылығы жоқ шын көңілмен көзіне жас келтірді. Сосын алдында жатқан өлең дәптерді сөмкесіне салды да жайлап темекісін тарта отырып:
– Ол кісінің бір әдеті таңертең үнемі ерте тұрып отын-су дайындап, үй маңайын сыпырып дегендей тынышсыз қозғалып жүруші еді. Кейде бала-шағасына сөйлегендей сондай бір жылылықпен «Сен әлі тұрған жоқсың ба, тұрсаңшы күн төбеге келді» - деп өзімсініп айғайлап оятып кететін. Сол жаңағы әңгімеден кейін көп кешікпей бір күні мен жайырақ тұрып далаға шықсам үй маңайында көрінбеді. «Не болды екен» - деп ойлап үйіне кірсем Гомбо қария төсегінен әлі тұрмапты.
– Ауырып-сырқаған жоқсыз ба? – деп, дауыстасам үн болмады. Ақырын жақындап мандайына қолымды апарып едім денесі әлдеқашан мұздай боп суып қалған екен. Жағдайды түсінген мен үйдің ішін бір шолып қарап өттім де төсектен салақтап қалған қарияның оң қолын жөндеңкіреп қоюға ыңғайланып едім саусақтары тас жұмулы көрінді. Ептеп жаза бергенім сол еді жарықтықтың жансыз саусақтарының арасынан мап-майда торғындай топырақ сусып төгіліп кетті. Лып етіп қолымды тоссам да үлгергем жоқ. Тек жансыз дененің алақанында қалған тұмаршаның қабын көрдім. Ескі шүпірек саусақтардың қысқанына шыдамай жыртылып кетіпті. Және жастығының астынан мына дәптер көрінді. Жаңадан бір бет өлең қосып жазса керек. Мен өлең жолдарын түсінбесем де тастауға дәтім жетпеді. Түсінетін біреу кез келсе берермін - деп содан бері сақтап келемін. Ал енді түсінген шығарсың, бұл өлең маған солай келген – деді, шал тағы менен ақша дәмете қарап. Дән риза екенімді білдіріп бір мың сом қосып бердім де қош айтыстым.
Дорбасын көтеріп бір аяғын сылти басып кетіп бара жатқан сұраушы шалдың артынан қозғалмай қарап тұрып «Жұдырықтай мына шалдың кеудесінде әлі қанша қазына жатқанын ақтарып көрер ме еді» - деп ойладым. Оның әңгімесін естіп отырғанда Гомбо қарияның бет-бейнесі мен соңғы сәті көзіме көрінгендей сезілді.
«Неткен қатал дүние еді. Ел-жер, әйел-баласын көруді былай қойғанда өмір бойы көңіліне медеу тұтқан туған жерінің жалғыз шымшым топырағы да өзіне бұйырмағанын қайтерсің. Жемтікке таласып шобырлана құрқылдаған қара қарғадай сонау «Есірку» - атты қанқұйлы заманды қарғағаннан басқа не амал.
Қайран азамат кіндігінің қаны тамған туған жерін алпыс жыл бойы аңсап жүріп арманына жетпеді. Енді анау саусақ арасынан төгіліп кеткен бір шымшым топырақтың әр түйір біткені иесіндей зарлап Алтайын аңсап күн кешеді-ау тәйірі...»
Осыдан ары ойлауға менің дәрмен-дәтім жеткен жоқ. Жалаң аяқ тікенек басқандай барша денем тітіркеніп маңайыма айланып қарағым да келмеді. Тек жол бойымен аяндап жүре бердім.
* * *
Соңынан өлендерді қайта-қайта оқыдым. Ешбір түсініксіз дүние жоқ. Бәрі жазған иесінің айнадағы бейнесіндей ап-айқан көрініп тұр.
Бірінші өлең. Бұл иесінің алғаш жирма бес-ақ жасында ұсталып кетіп бара жатқандағы ел-жер әйел-баласына қоштасқан қоштасуы болса керек.
ҚОШТАСУ
Мекенім туып өскен Алтай тауым Басыңнан кетпес үнем қарлы жауын Келгенде жиырма беске менің жасым Аяққа арқан, кісен салды жауым Тағдырдың айыра алмай бақ пен сорын Байлаулы кетіп барам аяқ-қолым Артымда қап барасың амал қанша Аман бол құрбы-құрдас қалың тобым Туған жер жамылып ем кешқұрымын Алысқа аттай алмай өшті мұным Ата-ана алған жарым, ағайыным Аман бол және менің бес құлыным Дүние бұраңдаған бір қисақ жол Мен кеттім кісендеулі аяқ пен қол Адам ғып бес баламды өсіргейсің Сүйгенім басқа айтар жоқ, есен сау бол! Туған ел тыңдағайсың зар жағыңды Айтпаймын арман етіп бар малымды Тапсырдым аманат қып өздеріңе Кәрі шеше, бес балам мен алғанымды. Бұл балаң сіздерді ойлап жылай жүрер Ісінің қайыр артын сұрай жүрер Қалың ел туыс-туған енді есен бол Көрем бе, көрмеймін бе құдай білер.
Екінші өлең: Бұл өлеңді азамат адам жанына жетіп, абақтыдан қашқаннан кейін басы ауған жаққа қаңғырып келе жатып жазса керек. Өлең мағынасына қарағанда ол өз атын осы жерде өзгертіп жаны үшін өзге есім жамылған болар.
ЗАР
Апырм-ай бұл заманның бұзылған-ай Арамдық аузын ашып ызыңдауы-ай Туған ел туған жерден тірі айырлып Тағдырым қаралықпен сызылған-ай Заманның теріс қарай айланғаны-ай Жабығып сері көңіл қайғы алғаны-ай Айта алмай өз атымды өзім тығып Шешен тіл шешіле алмай байланғаны-ай Серілік құрған заман өткенің-ай Бақытты Алла осымен шектеді ме-ай Бес бала алған жарға айлана алмай Жазықсыз жазаланып кеткенім-ай Кезінде еркеледім өрекпедім Бүгін ғой тағдыр елден бөлектедің Айналып тірі жүрсем бір барармын Жаудырап қарап қалған бөбектерім Тұратын ұшар басы мұнарлана Аңсадым тауларымды құмарлана Ал кәзір жолдасым да, медеуім де Кетерде жарым берген тұмар ғана. Өрде еді өршеленген жан арманым Сөнер ме осылайша жанар бағым Басқадан артығырақ батты маған Түрмеге түк қылмыссыз қамалғаным Заманда өмір сүрдім шындығы жоқ Бейбақтың шат күлкілі бір күні жоқ Секеңдеп серілікпен жүрген басым Түрмеде он жыл жаттым түндігі жоқ Көп еді туған елде еркелігім Білмеппін келер күннің келтелігін Жүзді алмас оқты мылтық аузында Қайғымен өтті менің ерте күнім Білмеймін өткен күннің өтелерін Немесе тағы тұман жетелерін Жан үшін жазығы жоқ қарауылды Өлтіріп өз жөніме кете бердім Аз өмір өтті бұрын жасқанар жоқ Ал кәзір бір қауіп тұр тас қамал боп Әзірше неге келер менің шамам Аллаға сыйынғаннан басқа амал жоқ… Пендеңді періштелер қолдағайсың Еш бөгет алдымнан кез болғайсың Ұстанған бақытым жоқ қаңғып келем Бір Алла жолымды өзің оңдағайсың. Үшінші өлең:
Бұл сөз жоқ қарияның жарық дүниемен ақырғы қоштасуы:
Туған ел туған жерім ордам менің, Үп еткен жел тигізбес қорған едің. Жаңадан қызық көрер дер шағымда, Тағдырым қараланып сорлап едім. Секілді көңілімнің келімсегі, Деп жүрдім: «Бір ұшқаны көрінсе еді». Көзімнен қанда жасты күнде ағызып, Алпыс жыл аңсап өттім елім сені. Сағынып ақжусан мен түп аршаны, Туған ел сорлы ұлыңның сынар сағы. Сүйіктім жаулығыңа түйіп берген, Алпыс жыл иіскеп өттім тұмаршаны. Жілбіреп жібек кекіл тұлымдарың, Балалар артымда қап шырылдадың. Әкелік парызымды өтегем жоқ, Кеше гөр сорлы әкеңді құлындарым. Сұм өмір олай-бұлай бұлаңдадың, Ал мен ғой бұлаң қағып жүре алмадым. Соңғы рет өздеріңді жалғыз көріп, Не өлі не тіріңді біле алмадым. Алланың көріп едім көр дегенін, Алпыс жыл зая кетті терлегенім. Дәл кәзір бір арманым осы болды, Алдында ел-жұртымның өлмегенім. Арманым туған жермен ауыл болды, Жылаумен кәрі көңіл жауыр болды,. Туған жер жалғыз шымшың топырағың, Бұл күнде маған сонша ауыр болдың. Серпе алмай сезімдегі қара бұлтты, Алпыс жыл мекен еттім өгей жұртты. Туған жер тау тасыңды аңсай –аңсай, Бетті әжім қырау басты сақал мұртты. Көруші ем өзімді өзім бекем бе –деп, Дәл кәзір жасып тұрмын «кетем бе» – деп, Жанымда бас сүйейтін ешкімім жоқ, Кебінсіз дүниеден өтем бе деп. Байқамай үмітімнің ескіргенін, Өткенін дүниенің кеш білгенім. Болмаса бір мұсылман кезің келіп, Сөзімді ақырғы айтқан естір ме едің? Ішімде жазылмаған жара жатыр, Сөйткенмен сұм дүние қалады ақыр. Қайтейін көз бұлдырап қол қалтырап, Уақыт тамамдалып бара жатыр Тірліктің қалар енді көркі кейін, Соңғы рет қуат жиып серпілейін. Қолымнан басқа келер дүние жоқ, Тілімді «Кәлимаға» келтірейін. Туған ел заманымда жалын едім, Ойнаған аңғарыңда аңың едім. Айтарым ақтық рет: «Қош есен бол, Алпыс жыл мен аңсаған қалың елім!!!»
1997 ж.
«ӘТІР ИІСТІ ДҮНИЕ» Кітәбінан
Мәдениет порталы