Алдымен айнала, алқа қотан отыруға ыңғайлы дөңгелек үстелдің бетіндегі дастарханның шетін қайырып, а...
Өлең өмірді айтады
Ақын Қалампыр Кенжеғалиева шығармашылығы туралы
Қырық бес жылдан бергі танысымның жаңа қырын - өзіме беймәлім әрі әдебиетке қатысты оның туындыларын танып-білгенім осы салаға өмірімді арнаған жылдар ішіндегі тағы бір жаңалығым іспетті. Ол кездің өрімдей жастары едік. Сол уақытта қызметтес жастар қатар жүріп, жақыныңнан да етене араласатынбыз. Кісілігі мен журналистік қабілеті көпке сыйлы еткен, ресми аударма саласында ел парламенті құрамында еңбек еткен досым марқұм Гүлзайра Мұхаметқалиқызы Қалампырмен таныстырып еді. Қалампыр Кенжеғалиқызы, оның жұбайы Ғизатолламен балаларымыз кішкентай кезінен бірге ойнап, жақын араласып кеткенбіз.
Жарты өміріміз өткен республикалық Баспалар үйіндегі «Қайнар» баспасында Қалампыр «Сарыжайлау» редакциясында, мен болсам «Ақ бидай» ұжымында қызметтес болдық. Баспа комитетінен олардың алған шағын отбасылық үйлері біз тұрған жазушылар үйіне көрші болатын. Жақын араластық. Гүлзайраның Жанарбегімен, Қалампырдың Ғизатолласымен де ерекше сыйластық. Кейінірек Гүлзайра – Ақсай, Қалампыр Айнабұлақ ықшамауданынан пәтер алып, көшіп кетті. Араласымыз үзілген жоқ, қызметіміз де сол баспалар тұс-тұсына тарағанша қанаттас болды. Бүгінде Гүлзайра, Жанарбек, Ғизекеңдер бақилық...
Мерзімдік баспасөз беттерінен Қалампырдың өлеңдерін оқып, журналистік қабілеті мен жұмысына мығым жанның шығармашылыққа өмірдің «тегін тренингтерінен» өтіп, бара-бара ашылғанын таныдым. Өз қолымен ұсынған «Иесі бар үй» прозалық кітабын 2019 жылы оқып шықтым.
Тақырыбымен өзіне тартып тұрған проза жинағы ұнады. Ауызша пікірімде бұл кітап туралы айтып жүремін. Бір жазсам дейтінмін. Өлең кітаптары қолыма тақауда тиді. Жасандылығы жоқ әріптес құрбының жан сапасы, анау-мынауға елпеңдемейтіні, адамды алаламайтыны, бөтеннің шаруасына әуестікпен араласпайтыны - бар қалпы баппен мінсіз тығыз өрілген сұлу қамшыдай қара сөзінде, алақұйын ақындық өнерінде, өлеңінде тұр екен.
Баспадан 2013 жылы шыққан «Тал шын» жинағын оқып отырмын. Өлең сөзде таласқа түсуге тәуекелі жеткен екен, бір сенгені болғаны ғой дейді іштей тілектес көңілім. Сонда да қобалжыған сияқтымын.
Алғысөз авторы – Ғалым Жайлыбай. Қалампыр өлеңдерінен ақындық көріпті. Жинақтағы алғашқы өлең «Сәби жыр»:
Шуағын сіңіріп әлемнің
Бес қадам ұзады еңбектеп
Балғын жыр жөргектен...
Жырды сәбиге балаған екен, соған дейін ешкімнің аузына түспеген балама жасаған екен.
Қуанып кеттім, ішім жылыды. Әрі қарай парақтаймын кітапты. «Шаңырағыма», бұл өлеңдегі "Бағын аштым жаны жүдеу жігіттің" деп түскен тармақ көзімнен Ғизекең мен Қалампырдың бүкіл өмірін өткізді. Тірлікті сан тараптан - биігінен де, тереңінен де, олқысынан да, олпы-солпысынан да, ортасы толған игілігінен де бейнекөрініске түсіруі ұнап барады.
Ақындық кеңістікті асықпай шарлаймын.
Әйел ақын бесік тербетіп отырып, қиырларды шолады. Дүниенің шуағымен қуантады. Қиямет қайым қысталаңдарда өзімен бірге жабықтырады.
Қалампыр табиғат, туған жер, тау мен дала, құм шағыл, орманды-сулы алқаптар, толқын тербеген теңіз туралы жазады. Арба сүйреп ашқұрсақ жүрген ұлдың намысын жыртады. Кісілік, кішілік пен ірілік әдіра қалған заманнан іш жияды. Ізгіліктің сөнбейтін жарығымен нұрланады, бітпейтін несібесін тереді.
Өлеңдерін біртіндеп оқып отырмын. «Азалы арғымақ» атты Зейнолла Серікқалиевке арнаған толғамын бастағанмын. Жанры? Бәлкім, баллада? Бәлкім элегия? Бұл жөнінде сөз әдебиет теоретиктеріне қалсын. Қысқа толғам шашау шықпай, тағдыр сыйғызып жазылған екен. Айтып жеткізе алмастай поэтикалық тастүйін шеберлік қайран қалдырды.
Зейнолла Серікқалиев туралы біздің ортақ досымыз Әлия Бөпежанованың тамаша бір эссесі болатын. Қалампыр Кенжеғалиқызы кеңістікке сыймай кеткен шабысы бөлек азалы жүйріктің тағдырлы, бітімді, серпінді мінезін бұзбай мағыналық образ ашыпты.
Арқыраған тау суы,
Ағынымен арынды
Әкетердей ағызып,
ықтырады бүйірлеп.
Өзен өтті жан жалдап,
Көзе қара ілікпей,
Тағы алданды аңғал бақ
Сенбей келген күдікке.
Шылбыр үзіп, құла түзді бетке алып көсіле шапқан тұлпар тағдыр. Тіршілік бәйгесінде бәсі түспес жүйрік. Өмір додасы. Дүние дүбірі.
...Кісінейді жануар,
Жас боп парлап жанары.
Күте-күте иесін
Таусылғанда амалы
Бар үмітттің, төзімнің
Сезді адыра қалғанын...
Заманның арда туған бір перзенті Зейнолла Серікқалиевтің характері, мінезі. Тұлабой тұлғалық айрықшалығы. «Рас!» «Рас!» – деп, қысқа толғамды асығып оқыдым...
Қалампыр Кенжеғалиқызының өлеңдерінде сезім сөйлеп тұрады. Ақыл да араласып жүреді. Біреу айтқанды алмайды. Сөзге тапқыр. Ойға ұшқыр.
Алматыға арнау жазбаған ақын жоқ. Қалампырдың айтқыштығы ұнап қалды.
Тамылжып бұлбұл салар ән,
Таңдарды таңға жалғатып.
Таңғы асқа құны татитын
Таңғы ауаң қайда, Алматым?
Шетелдің бояуын жағып сәнденетін, мұнар басқан Алматы бір түрлі мұңлы.
Құр ұйқас қуып жазудың мазағына қалдырмаған жырлар оқыдым. Көрініс көрсетіп, өмір дыбысын жеткізіп, «дала әуенін» тыңдатып, қунатты.
Ана тілдің естілмей кеткен сөздерін «теріп», өлеңінің өңін ашқызып алуға пейілді. Өлеңі әр қалыпты. Қиынға тартып, алысқа ұмтылатыны да бар. Ықшам, қысқа айтып, ой үйіруге де бейім.
Қалай айтса да қалыс қалдырмайды, өзіне қаратып алады. Атан түйе көтермес әлеумет мұңына ашынған намысты өлеңдерін аса ұнаттым.
Көшкендер кім, қонған кім,
Алғандар кім жайғасып?
Арба сүйреп жүрген кім,
Жүргендер кім шай тасып?
Мына дала - қай дала,
Қонақтары бай дала.
Күнкөрісі орташа,
Ұрпақтардың жәй ғана...
Жаратылыс сырлары, адамның көңілі, жан күйі астасқан жақсы лирика жанға жағады.
Қайрылмайтын артына заулайды күн,
Заулайды күн, есесін даулайды кім!
Емексітіп аспанды торлаған бұлт,
Тағы көшіп бара ма, жаумай бүгін.
Бір тамшы да қалдырмай сұр бұлт көшкен,
Көктем өтіп барады, көктем, көктем!
Тамырланып үлгермей топырақта
Көктеместен қалар ма дәнім еккен?
Көктемеде көкте күн күліп тұрды,
Дәмеленіп шуақтан үміт тұрды...
Көктеп шыққан айқұлақ қос жапырақ
Таңғы шықпен беттерін жуып тұрды!
...Өлмеген құл жазға да жеткен екен,
Шықтан тамшы талғажау еткен екем...
Күн шыққанда әппақ гүлдің ернінде тұна қалған мөп-мөлдір шықтың жымың-жымың еткеніне қызықтыра жазыпты енді бір туындысын.
Ол өлеңге іштегі сезімнің қайнай-қайнай таусылғанын айтқызады.
"Ертегілер елінен
Ерте оралған балалық...» қамықтырады. Жағасы жайлау балалығы болмаған балаларды ойлайды.
Өлеңіне ұшпа дүниелерді қонақтатпайды. Кездейсоқ, кезеңдікке әуес емес.
Көкейкестісін, көптің жан алаңын айтуға қақысы бар. Әйел жүрегінің соғысын тыңдап отырып оқыдым көп өлеңді. Бір тал шындық деген тұспалмен «Тал шын» деп қойғанын айтып еді жыр жинағының атауын. Лирикалық қаһарманның жанпида күйі ортақтастырады. Тұспалмен жеткізу шеберлігі сүйсіндіреді. «Салыстыру» өлеңінде арғы-бергіден түңіліп, құндылығы құрып бара жатқанда селт етпеген ендігі «өркениетті» малданған жұртына наз айтады.
«Талпынсам дара шыңдарға,
Құзынан жүрмін қаймығып,
Теңізде өскен жан едім,
Аңсаймын жиі айдынын»,
«Өзі бүтін болмаса, өңкей жарты...
Сынық көңіл кімдерге пана болар?»,
«Тайына жайдақ мініп жетіп келетін жалғыздық», «Өмірдің көшін артып қыр асып бара жатқан желмая», «Шұбырған бірыңғай, үтірлі ұқсас ойлар», «Үлкендіктің белгісі – балалықты ойлайсың қалып қойған жырақта», «Шындық екен, қайтейін, жалғандығы – жалғанның», «Дос дегенің шытырлатып санап алар пайда емес» сынды «шашылып» жүрген, туындысының туын көтерісіп тұрған етене қолданыстардан «көз сүрінетін» Қалампыр Кенжеғалиқызының ақындық шығармашылығы құрғақ сөз, қуалаған ұйқас жасаған, өлең атын жамылған мәтін жиынтығы еместігіне қуандым. Қалампырдың өмірді сонау бір жастық шақтағыдай жақсы көрген, өзі де өзгермей, жанын бұзбай таза күйінде өлең жазғаны ақындықтың бір құпиясымен беттестіргендей болды. Қалампырда «керемет!» деп белгі соғып оқитын өлеңдердің қарасы қалың.
Ақынның өлең сөздегі олжалы, еншілі бір бағыты - балаларға арналған туындылары. Әже Қалампыр немере қылығына қарап бала болып, балаша сөйлеп кетеді. Ойы да бала ойына шақ. Сөзі де бала ұғымына дөп.
«Әжелер кітапханасы» деген бір жобамыз болып еді ҚазҰУ-дегі студенттерімізбен. Жинағымызға демеуші іздеп жүріп бір баспаға идеямызды сыйлап кеткенбіз. Қаншалықты жүзеге асқанынан хабарсызбын. Қалампырдың немерелерін қызықтап, әже жүрек елжіреп жазған өлеңдері сол серияға сұранып тұр. Балалар әдебиетіне қажет тапқырлық та, нақтылық та, ойнақылық та, таным да, тағылым да бар өлеңдер жазыпты. Күшігіне суретке салып жілік сыйлау - баланың ғана қолынан келетін керемет!
Дүниені өз көзіммен
Өзім болып тек көремін,
Ыңғайлансам әлдекімге
Мен өзімді жек көремін, – дейді ақын.
Қалампыр Кенжеғалиқызының прозалық шығармаларындағы ізгілік мұраттары, шеберлік шыңдауы – өз алдына кең әңгіме.
Ол оқылады. Оны бағалайды. Ол өз қоғамына кісілік сапасымен керек адам.
Қанипаш Мәдібай,
филология ғылымдарының докторы
Мәдениет порталы