Алматыда жас суретші Асқар Нұрболаттың ĞALAM атты жеке көрмесі өтеді

КІТАПХАНА
560

Алматы қаласында жас суретші Асқар Нұрболаттың ĞALAM атты жеке көрмесінің ашылу салтанаты өтеді, деп хабарлайды МП Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің баспасөз қызметі сілтеме жасап. 

Көрме 2024 жылдың 1 ақпанында сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде ĞALAM деген тақырыппен ашылады. Көрмеде суретшінің елуден астам кескіндемелік туындылары қойылмақ.

«Әлемде жағдай шиеленісіп, ертеңгі күн бұлыңғыр болып тұрғанда ішкі жан-дүниеміздегі өзгеріс пен шабыттың жалғыз катализаторы - өнер деп айтса болады. Асқар Нұрболат ұсынатын ĞALAM - сіздің жан дүниеңіздің ішкі қылдарын нәзік шертеді. Әлдебір күйге бөлейді, қолмен ұстай алмайтын шабыт сыйлайды. 

ĞALAM жәй ғана көрме емес, ол адамның ішкі ғаламы. Асқар Нұрболат шығармаларында күнделікті өмірдің сұлулығы, күн сайын кездесетін жаңа эмоциялар мен алуан түрлілік бейнеленген», - деп атап өтті Көрме кураторы – Самал Мамытова.  

Көрме отбасы және оның жылы атмосферасы, күнделікті өмірдің тыныштығы, әсем табиғат сынды көптеген тақырыптарды қамтиды. Автор бейнелі кескіндеме мен импрессионизмнің үйлесімін сәтті қолданған. Суретші көбінесе қанық контрасттар мен жылы реңктерді қолдану арқылы сүйікті мотивтерімен эксперимент жасап, түс қарқындылығын арттыруға тырысады. Ол бояудың бай тілін шебер меңгерген. Оның кескіндемесі түстердің мерекесі болып табылады, онда әрбір реңк бір-бірімен байланысып, бірегей және үйлесімді композицияларды құрайды. Суретші колоритінің байлығы оның шығармаларын көріктендіріп қана қоймайды, сонымен қатар түрлі сезімдерді, көңіл-күйді жеткізіп, әр туындыға ерекше қуат береді. 

Асқар Нұрболаттың шығармашылық философиясы өзінің әсемдігімен таң қалдырып қана қоймай, осы ғажайып әлемде өмір сүруіміз туралы ойға жетелеп, бейне бір жеке саяхат пен рефлексияға шақырады. 

Суретші А. Нұрболаттың қылқаламынан туындаған оның әлемі мен ғаламына саяхат жасап, жаңа эмоцияларға бөлену мүмкіндігін жіберіп алмаңыздар. Бұл көрме барлық өнер сүйер қауым үшін шабыт көзі болары сөзсіз.



Қысқаша өмірбаян:

АСҚАР Нұрболат 1993 жылы Кентау қаласында дүниеге келген.

ҚР Үкіметінің «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты.

2014 жылы – Қазақ ұлттық өнер университетінің колледжін бітірді.

2010 жылдан қалалық, республикалық және халықаралық көрмелердің қатысушысы.

2016 жылы – XIX Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, Гран-при иегері.

2019 жылы – Қазақ ұлттық өнер университетін «станокты кескіндеме» мамандығы бойынша бітірді. Б. Әсемқұл мен А. Орақбайдың шәкірті. 

2021 жылы – Қазақ ұлттық өнер университетінің магистратурасын тәмамдады.

Экспозиция ақпан айның 25-не дейін жалғасады.

Жаңалықтар

Бүгін елімізде атом электр станциясының құрылысына қатысты республикалық референдум өтіп жатыр, деп...

Жаңалықтар

Түркістан облысы Келес ауданындағы N8 Т.Бегманова атындағы жалпы білім беретін мектебінің өзбек тілі...