Мақпал Жекебаева. Елтаңбаны дайындауда көпшілік пікірі ескерілсе құба-құп

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ
516


Біз әлемдегі тәуелсіздігін алып, мемлекеттік рәміздерін бекіткен екі жүзге жуық бақытты мемлекеттің біріміз. Қазір кез келген балабақша, кез келген мектеп күнді әнұран айтумен бастайды. Балаларымыздың әнұранды ести сала қолдарын жүрек тұсына қойып, әнұранға қосылып тұра қалғанын көргенде жүрегіңді рух кернейді. Тіпті, бізде әнұранды елемеу, әнұранды жатқа білмеу санаға, ойға сыймайтын көрініс сияқты көрінеді. Мұғалімдер әнұранды қалай жаттатса, көк байрақтың да қадірін түсіндіріп, мемлекеттік елтаңбаның да мән-маңызын ұрпақ санасына құйып келеді. Жыл сайын әр сыныпта арнайы тәрбие сағаттары өтіп, мемлекеттік рәміздерді ұлықтау үрдісі бір сәт те тоқтамайды. Сондықтан, жастардың елтаңбаны білмеуін ұстаздардың салғырттығымен байланыстыру жөн емес.

Бұл жерде мәселенің екінші жағы бар. Ол – елтаңбадағы символикалық белгінің көптігі. Аз сөзбен көп мағына берудің орнына, көп элементті біріктіріп, елтаңбаны күрделендіріп жібергенбіз. Мұны жастардың пікірінен де білуге болады. Мәселен, тарихқа үңілер болсақ, баяғы ру-тайпалардың туы ғана емес, өз таңбалары да болған. Сол таңбаларды қарасаңыз, бәрі қарапайым, бірді-екілі белгімен бүкіл ру-тайпаның ойын, ұстанымын жеткізген. Ең бастысы, осы таңбаларда рудың ерекшелігі көрініп тұр. Бір қауым елді біріктірудің бағдарына айналған сол таңбалар да көпшілік талқылауының, таңдауының жемісі. 

Мемлекеттік рәміз ретінде біздің елтаңбамыз да ел өмірінде сондай маңызды рөл атқаруы керек еді. Ал оны жастардың басым бөлігінің білмеуі, танымауы кім-кімді де ойландырмай қоймайды. Сондықтан, жастардың пікірімен санаса отырып Қазақстанның жаңа елтаңбасын жасау – заман талабы. Бұл жолы елтаңбаны дайындауда, таңдауда көпшілік пікірі ескерілсе құба-құп.



Мақпал Жекебаева

Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар 

және әлем тілдер университетінің қауымдастырылған профессоры


Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...