Голи Тарағи, Иран жазушысыМеһрабад әуежайы, №726 әуе рейсі. Air France.Түнгі сағат екі. Бұл түнімен...
Саттар жайлы ой-толғаулар...
Саттар Ерубаев ұлы орыс әдебиетін жіті оқып, көп зерттеп одан тағлым алды, нәр алды. Орыс әдебиеті оған құнарлы әсер етті. Ленинградта оқып жүріп әдебиеттің небір майталман ұстаздарынан ұлағат алды. Осы жерде: «Ақиқатын айту керек, орыс әдебиетіне, батыс әдебиетіне келгенде, оның білімі озық еді, өйткені ол институтты Ленинградта бітірген ғой» - деген Мұхамеджан Қаратаевтың сөздері еске түседі. Орыс, шетел жазушыларының туындыларын оқып қана қоймай қазақы оқырманға аударма жасап жеткізді.
Жиырма үш-ақ жасаған аз ғұмырында К.Чуковскийдің «Сарыарқаның ерлері», Ю.Березиннің «Сексенбайдың қысқаша өмір тарихы», А.Сурковтың «Бір қатарда», сондай-ақ жапон жазушысы Ридзимори Си Китидің «Қол соқпаған адам», немістің прогресшіл жазушылары С.Глецтің «Фашистер мен соғыс», Ф.Войскоптың «Сыналу», И.Эренбургтің «Австрия тауларында» атты шығармаларын қазақша сөйлетті.
Саттар Ерубаевтың шығармалары 1957 жылы жинақ болып шықты.
* * *
Мен орыс өлеңін осынша қуатты оқыған қазақты содан соң көрген емеспін. Саттардың бір қызығы – ол өзінің өлеңдерімен қатар прозалық шығармаларында жатқа айта беретін.
Әбілда Тәжібаев.
* * *
Ақиқатын айту керек, орыс әдебиетіне, батыс әдебиетіне келгенде оның білімі озық еді, өйткені ол институтты Ленинградта бітірген ғой.
Мұхамеджан Қаратаев.
* * *
Саттар музыканы өте жақсы түсінетін, сүйетін еді. Музыка менің жанымды тербетіп, көңілімді уатады дейтін еді ол. Бах, Мендельсон, Шубертті өте жақсы көріп, зерек түсінетін.
Зейін Шашкин.
* * *
Саттардың журналистік еңбегіне назар аударғанда әрбір хабарды, мақаланы қызықты етіп жазуға талаптанғанын айтып өтпеске болмайды.
Тұрсынбек Кәкішев.
* * *
Саттарды білетіндердің бәрі де оның білімімен озған қарапайым интеллигент екенін, жолдасын артықша құрметтейтін бауырмал жан болғанын жақсы біледі.
Әбіш Байтанаев.
* * *
Саттардың столымда тұрған кітабы өзі қасымда отырғандай әсер етеді. Аңсаған сайын оқимын. Оның адамды ерекше бағалайтын, құрметтейтін сезімтал қасиеттерін достық жүрекпен еске аламын.
Асқар Лекеров.
* * *
Қазақ жазушыларының арасында ғылыми фантастика жанрында тұңғыш қалам тербеген де Саттар. Рас, фантастиканың кейбір элементтері қазақ әдебиетінде бұрын да болатын, дегенмен ғылымның соңғы жетістіктерін негізге алған фантастикалық шығарманы алғаш рет Ерубаев жазды.
Бейбіт Қойшыбаев.
* * *
Өмірге сүйген жардай ғашық болғандардың бірі – Саттар. Аз ғұмырды – мәз ғұмырға, қысқа ғұмырды қыран ғұмырға айналдырған арда тұлға жайында ойланғанда бір сәт осындай толғамға келесің. Саттар Ерубаев жайында сөйлегенде толқымай-тебіренбей, жайбарақат күй кешу мүмкін емес. Бар бала ғұмыры романтикадан тұратын, ал өзінің өршіл, арманшыл шығармаларымен біздің бәріміздің жүрегімізге романтикалық рух егіп кетті. Саттар шығармаларының жаны – драма. Драма – жас дарын
шығармаларының әрін кіргізер нәрі. Бәлкім Саттар феномені осында шығар.
Құлбек Ергөбеков.
Қомақты ойды философиялық пайыммен жеткізетін новеллалардың орны мүлдем өзгеше. Ендігі аялдама С.Ерубаевтың новеллалары. Күрделі ойды көлемі шағын түрде жеткізіп беруде оңай дүние емес «Бақыт» деген көркем әңгімесінің тілі шұрайлы, өршіл романтикаға толы, оқушыны бірден баулап алатын дүние. Бақыт деген не? - деген сұрақ нәзік жанды жазушыны терең ойға батырды. Шаруасы кем, қолы қысқа Барлыбайдың нанды аңсап зар қаққанын, әкесі Жақсыбайдың әкелген нанына қарнын тойдырып алып қуанғанын көргенде: «Мен бақыт деген нан ба екен деуші едім» - деген қорытындыға келеді. Артынан жаңа өмір жаңалығымен жүзбе-жүз кездескенде бақыттың мәні де, мазмұны да басқаша екендігін түсінеді. Осы әңгімені қорытындылай келіп, бақыт деген еңбек екеніне көзімізді жеткізді, сөйтіп бақыт деген не? – деген сұраққа жауап бергендей болады.