Швейцария жазушысы Герман Хессе – ХХ ғасырдағы атақты жазушылардың бірі. 1946 жылы Әдебиет сал...
Дəулет ДУЛАТҰЛЫ: Көз – шексіздік терезесі дедім мен…
***
Мына түннің суық демін қарашы,
Аспан тоңды - бұлт жарығын өшірген,
Көңілімнің бүр жармаған лаласы
Дір қағады тас көшенің төсінде.
Жанарымда дірдектейді мөлдір мұң,
Жан боздайды, тəн –түрмеге қамалған.
Мен өзімді жалғыздыққа жеңдірдім,
Сенім тауып ғаламнан,
Теңім таппай адамнан.
Мен нəзік ем, сезімтал ем, Ақын ем,
Ай естіген, Күн де көріп, Құс білген.
Тек онымды əлі сезбей жатыр ел,
Аспан ғана аялап тұр үстімнен.
Кінəлі кім, кімнен не деп көремін,
Ет жақынның түсінбейді бірі де:
Мені өлімге бермейтін де Өлеңім,
Жəне Өлеңім – жететін де түбіме...
Сол суықтай мына түннің кескіні,
Жылынарға жөн болады етсем не.
Қимай тұрған жоқ қой мұнда ешкімім,
Бұлтты мініп кетсем бе?...
***
Күн ұялып жауып алды пердесін.
Жатқа білем тосатынын енді не:
Тəңір тағы оңашаға шақырады пендесін...
(өмір жайлы басталады əңгіме).
Жауабы жоқ сауалдар мен жұмбақтар
тез табады шешімін.
...Маған осы түндегі Өмір қымбаттау,
Түнде Өмірдің құлыптанбайды есігі!
Жүректерді қытықтайды Сағыныш,
Саусақтары тым нəзік...
Өз тілінде аспанды аңсар Жанымыз,
Үні – өлең, мұң – көзі!..
...Əлсіздігін мойындап
Жылар сосын дəрменсіз...
Күнəһардың қанға сіңген мəйінда
Тіріледі өлген сөз...
...Маған осы Түн ғұмыры ұнайды:
Түн күлкісі, Түн наласы, Түн ойы,
Кеще кəллə еске алады Құдайды
жəне бəрі шынайы!..
***
Көңіл жүдеу.
Жүрек жетім
Ой сынық.
(Тағы, тағы... түгендейін қайсыны?)
Телефон мен түн тоңады... жəне мен –
Көк мұз болып қатар ма екен таң шығы?..
Жұлдыздардың көлеңкесі жүр кезіп.
Соларменен адасамын бірге өзім.
Ауа сүйіп танады естен ұйқастар,
Күллі өмірден болған сынды жыр мезі.
Күледі анау... Қылығыма, ісіме,
Өзіме де жақпай тұр-ау бұл кейпім.
Қайда досым қарайтұғын түсіне,
Арманымыз бір дейтін?
Айға қарап ұлып алып соңғы үнмен,
Көз жұмамын. Өміріңнен тоңдым мен.
Сосын?
Сосын оянамын мəңгіге,
Періштелер қолтығымнан демесіп,
"Шайыр келді!" деп салады əнді де,
Тəңірім де қарсы алады мені осы...
...Сендер сонда мені іздеп жыларсыңдар...
Жер бетінен - мен үшін түу алыстан.
Өлеңімнен өзімді ұғарсыңдар.
Мен де жылап тұрармын қуаныштан!..
Жанар ұшындағы өлең
(Аяғаннан, сүйгеннен?) Аспан өзі сыйлаған
Тəтті ойымсың сен менің, бөлісуге қимаған!
Тəтті ойымсың сен менің,
ешбір гүлге теңемен,
Пердесінен кеудеңнің жар салады ақ əлем.
Жар салар ол, деме Сен! Баяу оның үні, сез!
Жаңғырықта құр айқай,
үнсіздікте – Ұлы сөз.
Дірілі мен еріннің (шие түстес гүл өңген)
"Көзіңдегі дұғаңда" бір Өзіммін, білем мен!...
Мен серт бермен "Сүйем!" деп, дүние ауса ол да өтер,
"Жарығым!" деп ішімнен аялармын...сол жетер!..
***
… Мөлт етті Өлең, үзіліп.
Өмір, сенен безіндім!
Бір бұрышта бүк түседі қыз-үміт.
Ең соңғы рет езілді.
Дос дегенім досым емес - Өз емен,
Жұбат деп те сұраман.
Жүзім қаны толтырылған көзеден
Дию көзі сығалар.
Дертшіл жүрек мұңға оранып, қайғы алса,
Қайтем енді көрге тықпай Жанды əр түн.
Өмір деген - сан бояулы той болса,
Шақырылмаған қонақ шығармын мен, бəлкім.
Қорлығымнан сүлдемді аяп іштегім,
Мен Оны аяп кектенем.
Көкке қарап "Сабыр!" деймін тістеніп,
Төзімді де жек көрем.
А, Жасаушы!...(саған не деп жақ ашам?
Тағы өзіңе ақтарылар мұнша сыр...)
Маңдайымнан иіскеші аясаң,
не Əзірейілді жұмсашы!..
***
«Светлый дом! Дни весны!»
А.Рембо
Таусылмаған шарап қалды жарымжан,
Əл үстінде шылым қалды шоқтанып.
Мынау бір шу қашан тынар, ағылған?
Сүйеді екем оны неге боқтанып?
Күбірінде Өлең қалды еріннің –
Сұлу дүние, тама алмаған қаламнан.
Неге жалғыз өзім ғана көңілді,
Неменеге күлмейді осы адамдар?..
***
Көз –Шексіздік терезесі дедім мен...
Көздің жасы – Шексіздіктің сəулесі.
Итере ме өлімге,
құтқара ма өлімнен...
...түсініксіз əуресі!
Сенің көзің – ең сүйікті терезем ғой! - дедім мен!
Менен басқа ешкім оның кереметін көрмейді.
Мейлі, ол мүлде құтқармасын өлімнен,
Өзге Əлемнің терезесін сығалағым келмейді!..