Ұмтыл Зарыққан. Бәрімізде бір-бір шалдың иісі бар...

ӘДЕБИЕТ
3361

Қазіргі таңда қазақ оқырмандары мен зерттеушілері арасында дәстүршіл және жаңашыл қазақ поэзиясы тақырыптарына байланысты үлкен бір дискуссия жүріп жатқаны белгілі. Жаңашыл қазақ поэзиясы қандай болу керек? Дәстүр мен жаңашылдықтың сабақтастығы қай деңгейде? Әрине, бұл сұрақтарда әркімнің өз жауабы бар. "Мәдениет порталы" осы бір дускуссия аясында қазіргі қазақ поэзиясының хәл-ақуалын бағамдау және XX ғасырдың соңы мен XXI ғасырдың басында дүниеге келген қазақ ақындарының "түсініксіз" һәм "түсінікті" өлеңдерін талдау, талқылау мақсатында «Папирус» айдарын ашып отыр. «Папирус» айдарында әр аптаның дүйсенбісі бір ғана ақынның өлеңдері жарияланып, аптаның қалған күндері сол жарияланған өлеңге жасалған анализдер мен пікірлер оқырман назарына ұсынылатын болады. 

Бұған дейін "Мәдениет порталы"  бір апта бойы Тілек Ырысбектің "Қайран қытай кеспесі..." атты топтама өлеңдерін және сол шығармаларға жазылған Әбіл-Серік Әліакбардың "Ерекше өлеңнің ерекше сардары", Жанат Жаңқашұлының "Мұңаяды. Жылайды. Өкпелейді", Анар Қабылқақтың "Бірақ ол атамекенге саналы түрде оралды емес пе?", Біржан Ахмердің "Имитация"  деп аталатын талқылар мен талдауларды жариялаған болатын. 

Күні кеше Бекзат Смадиярдың "Бұл кезең - ұмыту кезеңі..." атты өлеңдер топтамасына жазылған Сұраған Рахметұлының "Бекзат", Әбіл-Серік Әліакбардың "Кемиек түннің тасбихын тарқатқан талант", Мейір Оразғалиевтің "Адасқақ" және Хамит Есаманның "Адамның бәрі адасып жүрген құбылыс..." деп аталатын анализдер мен пікірлері ұсынылған еді.

Ақын Ұмтыл Зарыққан

Толстойдан бір цитат суырасың,

Лермонтовтан бір цитат суырасың.

Цитатыңның шығып тұр әзір буы,

Не істейсің сол цитаттар суығасын?! 

Бекзет Смадиярдың топтамасына аз ғана пікір айтардың алдында, Жұмекеннің осы өлеңі ойыма орала бергені. Біз әдетте өлеңнің күрделі әлемін ашуға талпынған шағымызда, шығыстың хәкімінен бір, батыстың ғұламасынан бір ойдың ұшығын алып, өзіміздің нысанамызды айқындап алу үшін дәлелдеп бағамыз. Ол да жөн ғой. Орнымен айтылған ойды ешкім теріске қаузай алмасы анық. Әйтсе, ақын дейтін пенде баласы иен аралдай ақ парақтың алдында өлеңмен, өз жүрегімен бетбе-бет қалып, өз сезім арпалысымен ашық майдандасқанда, кейде осы айтқанымыздың бәрі адыра қалатындай көрінеді. Ол сәтте сіздің оқыған-тоқығаныңыз санаңыздан пыр-пыр ұшып, негізгі салмақ жұдырықтай жүрекке түсіп, қалғаны жанама кейіпкердің образында қалатындай. Сондықтан да өлең туралы айтылар алғашқы сөздің дәйегін ақынның өзінен, өз болмысынан, өз топырағынан іздеген ләзім. Әйтпесе, мен неге-дүр, Бекзаттың өлеңдерін оқығанда Сүгірдің «Кертолғауын» тыңдағандай күй кешемін. Әдетте, «Кертолғаудан» кейін Қаратауда күй тартылмайтыны түсінікті. Сосын да айтулы күй кештерінде «Кертолғауды» отырыстың соңына қарай қалдыратын болған. Бекзаттың өлеңдеріндегі адамның жаттанды ойлары мен сезімдеріне жаны қас осындай кері ағыс өзіме қатты ұнайды. Ол сөзді әдейі ойнатпайды, ойды әдейі кері ырғаққа қондырмайды, оның болмысы сол. Табиғи дауысы осы. Ішкі қарсылығын жасыра алмайды. Бекзаттың өлеңдеріндегі ішкі аңсарды бағамдай отырып, жан дүниесінде ұзақ уақыт сақардай қайнаған ойлары, бір сәтте өлең боп құйыла кеткенін аңдамай өту мүмкін емес. 

Ақмарал Әбілқайыр. Ұмайдың бейнесі: Өткен шақ пен келер шақ

Бекзат бір өлеңінде «күл сынды тазардым» деп жазады ғой. Мен оған сенемін. Анығы ол осы сәтінде сол тазарған күлмен ойнап отырған бала тәрізді. Тура ескі ауладан әжесі иә әпкесі шығарған күлмен ойнап отырған бала дерсің. Меніңше ақынның осы ойынынан артық мәртебе болмаса игі еді. 

Ақын Бекзат Смадияр

Мен Бекзатты Бекзат болғалы білемін. Жақсы көріп, іздеп оқитын бауырларымның (замандастарымның) бірі. Қиналып, жан аямай жазған жырларын өзінен де қызғана ма екен, көп жариялай бермейді. Ол да жөн. Бірақ, оның кереметтей дүниелер жазып жүргеніне, жаза да беретініне сенімім мол. Әнтек, оқып келе жатқанда, Тыныштықбекке, иә, Есенғалиға тән таныс иісті сезіп қалатыным бар. Дегенмен, өлеңнің тұтас табиғатынан алып қарағанда ол иіс әлде қайда Бекзатқа жуық екенін, Бекзаттың бояуы басым екенін сезесің. Әрине, ешкім жерден шыққан жоқ, көктен түскен жоқ. Бәрі де үйрену мен еңбектің жемісі. Әйтпесе бәріміздің бойымызда бір-бір шалдың иісі не ғып жүр дейсің?..

Ұмтыл Зарыққан,

ақын

author

Ұмтыл Зарыққан

АҚЫН

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...