Белсенді диалог алаңына айналды

Сенат
124
Ұлттық құрылтайдың негізгі миссиясы – ұлтты, халықты ұйыстыру, яғни билік пен халықты барынша жақындату, халықтың елдік мә­се­лелерді көтеріп мемлекеттік іске, «бір мақсат, бір мүдде» жолындағы жұ­мыстарға белсенді түрде араласуы, Мемлекет басшысының бас­тамаларын, Ұлттық құрылтай алаңында айтылып жатқан ұсыныс, жұ­мыстарды ойдағыдай іске асыруға атсалысуы.

Мемлекеттік кеңесші, Ұлттық құрыл­тай төрағасының орынбасары Ерлан Қарин осы алаңда көтерілген бірқатар бастама нақты жүзеге асып жатқанын айтты. Шынында да Ұлттық құрылтай бел­сенді диалог алаңына айналып келе жа­тыр. Ұлытауда өткен алғашқы оты­ры­сында жалпы саны 40-тан астам бастама ай­тылса, былтыр Түркістанда өткен жиын барысында 120 осындай әртүрлі ұсы­ныс келіп түскен болатын. Ұлттық құрылтайдың форматы жай жиын өткізу емес, нақты  мәселелер мен ұсыныстарды қызу талқылаудың, пікірталастың жұмыс алаңы ретінде қалыптасып келе жатқан­ды­ғы қуантады. Бастысы айтылған ұтым­ды ұсыныс, өткір мәселе, өзекті та­қы­рыптар сөз жүзінде қалмай, нақты іс, қа­был­данған шешімге айналып жат­қа­нына жұртшылық куә. 

Мәселен, Ұлттық құрылтайдың мін­берінде синтетикалық есірткімен күрес жө­нінде айтылып, былтыр 88 баптан тұра­тын кешенді жоспар қабылданды. Елі­міздің шығыс өңіріндегі шекаралық ау­дандарда қайтадан қаншама жаңа ау­дан ашылып, инфрақұрылымдық жұ­мыс­тар жүргізіле бастады. Бұл да Ұлттық құрылтайдың мінберінде айтылған маңызды бастама. Ұлттық құрылтайда заң мен құқықтық тәртіп мәселесі үздік­сіз көтеріліп жүр. Соның нақты нәти­же­сінде, қазір тұрмыстық зорлық-зом­бы­лық­пен күрес, балалар мен әйелдердің құ­қықтарын қорғау, есірткі саудасының жо­лын кесу және вейптерді сатуға тыйым салу туралы заң жобасы қолға алынды. 

Барлық ұсыныс Ұлттық құрылтай хат­шылығы тарапынан жинақталып, мем­­лекеттік органдармен бірлесе оты­рып, уақытылы пысықталып жатыр. Жұ­мыс кеңестерінде құзырлы министр­лік басшылығы әр мәселе бойынша нақ­ты статистиканы көрсетіп, есеп беру тәртібі қалыптаса бастады. 

Түркістандағы Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің тағы бір айрықша белгі-сі – көшпелілер өркениетінің мұрасына тоқталды.

«Бұл біздің халқымыздың бүкіл әлем­ге танымал басты брендтерінің бірі. Ме­нің бастамам бойынша V Дүниежүзілік көш­пенділер ойындары 2024 жылы Қа­зақ­станда өтеді. Бұл шара ұлттық спорт түр­лерін дамытуға ықпал етеді. Біз бұл ха­лықаралық жарыстарды жоғары дең­гей­де өткізуге тиіспіз», – деді Мемлекет бас­шысы. 

Осылайша, Мемлекет басшысының бастамасымен биыл жазда V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны Қазақстанда өтеді. 

Жалпыұлттық құрылтайға еліміздің барлық өңірінен 117 қатысушы кіреді. Ұлт­тық Құрылтайдың маңызды мін­дет­терінің бірі – әлеуметтік консолидацияны одан әрі дамыту үшін идеялар мен қадам­дар­ды әзірлеу. Арнайы «Құрылтай» мо­биль­ді қосымшасы жасалды. Ол елдің жаңғыруы туралы өз пікірін онлайн түрде білдіруге ықпал етеді, 9 онлайн-плат­фор­мада («Құрылтай» мобильді қосымшасы) қа­зақстандықтар Ұлттық құрылтай хат­шылығына өз ұсыныстарын жібере ала­ды.

Парламент қабырғасында азаматтар мен мемлекеттің өзара іс-қимылының жаңа сапалық қағидаттарын қалып­тас­тыратын «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы қабылданды. Заң жобасы қоғам өкілдерімен (заңгерлер, құқық қорғау­шы­лар, қоғам қайраткерлері) бірлесіп әзір­ленді. Заң жобасында қоғамдық бақылау нысандарының сан алуандығы, адам мен азаматтың конституциялық құ­қық­тарын, бостандықтары мен заңды мүд­делерін сақтау, жариялылық, қоғам­дық бақылаудың заңдылығы сияқты бір­қатар маңызды қағидат бекітілген.

Құрылтай жалпыұлттық диалогтің әмбебап моделіне айналды. Құрылтай құ­ра­мына депутаттар, ассамблея мү­ше­лері, сарапшы мен құқық қорғаушы, бар­лық өңірдің, сондай-ақ азаматтық альянс­тың, қоғамдық кеңестердің, Үкі­меттік емес ұйымдардың, бизнес-қауым­дас­тықтардың және өндіріс саласының өкіл­дері кіреді. Ұлттық құрылтайдың жұ­­мысы қоғамдық негізде атқарыла­ты­нын атап өту керек. Сонымен қатар Құ­рыл­тай мүшелерін ротациялау принципі қарастырылған. Бұл алдағы уақытта ке­зең-кезеңімен басқа да қоғам белсен­ді­ле­рін Ұлттық құрылтай жұмысына ара­ласуға мүмкіндік береді.

Ұлттық құрылтайдың үшінші оты­ры­сы осы аптада ежелгі Сарайшық қала­сы­ның мекені – Атырау облысында өткелі отыр. Аталған диалог алаңы барлық қо­ғам­дық кеңестің түйіні іспетті. Сонымен қа­тар Ұлттық құрылтайға Парламент де­путаттары, саяси партиялардың, биз­нестің ірі салалық бірлестіктерінің, ме­ди­цина, білім, ғылым, мәдениет, спорт, адам құқықтарын қорғау және басқа да әлеуметтік топтардың өкілдері мүше бол­ды. Сондай-ақ жастардың көшбас­шы­лары мен белсенді жас азаматтар да ша­қы­рылды.

Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ,

Парламент Сенатының депутаты,

Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары

Жаңалықтар

Мемлекет басшысы Жеңістің 79 жылдығына орай Мәскеудегі Қызыл алаңда өткен әскери парадқа барды, деп...

Жаңалықтар

Алматыда ер адам анасын аяусыз ұрып-соққан үшін қамалды, деп хабарлайды madeniportal.kz. Қарияның а...