Бүгін Ақордада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Конго президенті Дени Сассу-Нгессо бұқаралық...
Бишімбаев ісінде аты шыққан адвокат 2 жылға сотталуы мүмкін
Сурет ашық дереккөзден алынды
Қазақстан адвокаттарының қауымдастығы ұйымдастырған баспасөз конференциясында алматылық адвокат Жанна Оразбақоваға және оның әріптесі Ғабит Бекітаевқа қатысты қозғалған қылмыстық іс туралы мәлімет жарияланды, деп хабарлады madeniportal.kz.
Қауымдастық өкілдері адвокаттардың кәсіби қызметіне қысым көрсетуге жол берілмеуі тиіс деп мәлімдеді.
Оразбақова мен Бекітаевқа қатысты қылмыстық іс Қазақстан Қылмыстық кодексінің 423-бабы бойынша қозғалған. Оларға "сотқа дейінгі тергеу немесе жабық сот талқылауының деректерін жария етті" деген айып тағылып отыр. Егер сот оларды кінәлі деп тапса, адвокаттар 2 мың АЕК көлемінде айыппұл төлеуі, 600 сағаттық қоғамдық жұмыстарға тартылуы немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бұл екі адвокат танымал кәсіпкер және AlfaStom стоматологиялық желілерінің негізін қалаушысы Лилия Аношинаның мүддесін қорғауда. Жанна Оразбақованың айтуынша, бұл қылмыстық іс қарсы тараптың қысым көрсету құралы ретінде ұйымдастырылған.
– Соңғы айларда маған қарсы жалған ақпарат таралып, ақпараттық шабуылдар жасалуда. Бұл Аношинаға қарсы ұйымдастырылған науқанның жалғасы деп санаймын, – деді адвокат.
Лилия Аношина – Bazis-A компаниясының негізін қалаушы әрі белгілі кәсіпкер Александр Беловичтің бұрынғы жұбайы. Беловичтің алаяқтық пен қорқыту туралы арызынан кейін, Аношина халықаралық іздеуге жарияланған, ал оның көмекшісі Татьяна Белова бес айдан астам уақыт тергеу изоляторында отырған.
Адвокаттарды қорғау үшін 40 адвокат өтініш берген, олардың арасында белгілі заңгер Игорь Вранчев бар.