ТУРБИНА ТРИБУНАДАН КЕТКЕН КЕЗ

ӘДЕБИЕТ
1814

«Даңқ үстемдік құрып тұрған бұл күні,
Марапат па?
Жек көреді кім мұны?
Маған айтқан дұрыстардың    мақтауын,
Қолдай кетер хрустальдің сыңғыры», – депті ғой, қазақтың аяулы ақыны Ғазиз Ештанаев.
Мақтау деген гипноз бар адамды елік­тіретін, босаңсытып, соңынан өшіретін. Бізді құртатын да  құрдымға кетіретін де осы мақтау, мадақ, марапат. Біз мақтаймыз, бірақ, мақтану білмейміз, шынтуайтына келгенде. «Тұлғаны өлтіргің келсе даттап керегі не, оны мақтау керек» дейді ішін, түлен түрткенде. Марапат (лауреат) пенденің қолдан жасаған сыйы. Алла сыйы – тек шапағат. Мадақ тек Жаратушыға ғана бағышталуы тиіс. Осы мадақтан қаншама дарын иесі өлді. Сергелдеңге түсті, қаншама тұлға. Мәселен, біздің бала Жамбылды алайық. Бір ғана жобаның құрбанына айналды. Шоу. Бала «өлең» жазады екен деп сенсация жасады. Халық та солай пайымдады. Соған сенді кәдімгідей. Кешіріңіз, шынымен көзі қарақты, өресі биік оқырман болса біздің халық бала Жамбылдың «туындылары» шатпақ екендігіне көз жеткізер еді. Ондай жазатын балалар жетіп артылады Жер шарында. Бірақ, бұл жерде бала Жамбылдың түк кінәсі жоқ. Шоу жасамақшы болған ағайлардың ағаттығы дер ем… Қазір бала Жамбыл қайда? Ізім-қайым жоқ болды. Осылай жоғалады олар. Ондай бала-вундеркиндтің бірі – Ника Турбина. 80-ші жылдары бүкіл Ресей елін дүрліктірген. Одан әрі әлемге есімі мәшһүр болды. Жамбылмен салыстырғанда Ника шынымен талант еді. Ол да бала кезінен елге таныла бастады. Әңгіме ауаны енді бала Ника туралы болмақ.
Ника Турбина 1974 жылы Ялта қаласында дүниеге келген. Анасы Майя Турбина суретші болса, атасы Қырымның белгілі жазушысы Анатолий Никаноркин болған. Ника бала кезінен демікпе ауруына шалдығып, мүлдем ұйықтамаған деседі. Ұйқысыз түндердің бір уағында анасы мен әжесіне: «Маған өлең келді. Құдай құлағыма сыбырлап отыр. Параққа өлеңдерді түсіріңізші», – деп өтініш білдіреді екен. Ника ол кезде 4 жаста ғана еді. Одан Никаның есімі барлық Ялта жұртшылығына мәлім болып, ол жайында белгілі жазушы Юлиан Семенов хабар болады да «Комсомольская правда» газетіне Никаның алғашқы өлеңдерін бастырады. Ника Турбинаның әдеби ортаға келуіне Евгений Евтушенко үлкен ықпал жасаған екен. Никаның ең алғашқы «Черновик» (кітаптың атауын Евгений Евтушенко қойған) атты кітабына алғы сөз жазады. Ника небәрі 9 жаста, ол кезде. Кітап 30 000 данамен оқырманға жол тартады. Содан соң, кітап бірнеше тілге аударылып әлемге тарап кетеді. 10 жасында Ника Турбина дәстүрлі «Ақын мен Жер шары» атты әдебиет фестивалінде «Золотой лев» сыйлығына ие болады. АҚШ елінде болып, ол жерде Иосиф Бродскиймен танысады. 

Евтушенконың Никаға арнаған өлеңі де бар:
«Дети – тайные взрослые.
Это их мучит.
Дети тайные – мы.
Недостаточно      взрослые мы,     потому  что
быть  боимся детьми.
На перроне, в нестёртых следах Пастернака оставляя свой след,
ты вздохнула, как будто бы внутрь просто­нала, восьмилетний поэт».  Одан қалды 1983 жылы Никаны Евгений Евтушенко өзінің «Деткий сад» фильміне түсіреді. Аян Шахмалиевтің «Это было у моря» атты фильмінің басты рөлін сомдайды. Фильмде Никаның терезеден секіруге оқталып тұрған сәті бар. Осы сәт оның өмірінде екі рет қайталанды. Біріншісінде – омыртқасын сындырып алса (1997), екіншісі – қайғылы оқиғаға (2002) тап келді. Бұл енді Никаның есейген шағы еді.  Жоғарыда айтқан мақтау, мадақтау Никаның айналасынан бір елі алыс кетпеді. Оны да құртқан сол гипноз. Одан әрі өмірі құрдымға кетті Никаның. Өмірі шың емес, шыңырауға айналды. Оны ұмытты ел. Бала Ника жоқ енді. Жоғалған балалықты іздеп өтті ақын. Өліп тынды ақыры. Қоғам өлтірді оны. Кәдімгідей буындырып тастады. Анасына: «Құдай менен теріс айналды. Менің өмірім осымен тәмәм», – дейді екен. Өз өлеңінде: «Не пишутся мои стихи,
Нет больше боли и тоски», – деп, сарқылғанын жеткізеді халыққа.
Бала кезінде жазған өлеңдеріне ден қойып көрейік (барлық өлеңін балалық шағында жазған). Шынымен, сөздері дуалы, шумақтары ойлы болды ма екен?
Благослови меня, строка,
Благослови мечом и раной». Бұл өлеңді оқығанда, бағзыда рыцарьлар соғысқа аттанарда, Патшалар қылышын суырып алып, екі иығына тигізіп бата беретіндігі еске түседі екен. Сәбидің ол жайында қайдан хабары бар? Осындайда, Алланың алдында бас имеске лажың жоқ. Бұл өлеңнің қай жаста жазғанынан бейхабар болсаңыз мүмкін таң қалмас та едіңіз. Ақында жас жоқ-ау деп қаласың кейде. Немесе өзі айтқандай: «Что я потерян во времени… Беда не моя, что я утомился от ритма дня». 


Ақын – уақытынан һәм дәуірінен шатасқан бейбақ шығар, мүмкін.
Я – полынь-трава,
Горечь на губах,
Горечь на словах,
Я – полынь-трава… – дейді бір өлеңінде. Полынь деп отырғаны біздің жусан кәдімгі. «Мен – Жусанмын, Уытым – тілімде, Шерім – сөзімде», – деп тұр. Жусаннан хабары бар қыздың болмысы – далалық. Демек, қазаққа жат емес, бұл ақын. Бұл тағы бір құдіреттің нышаны дей беріңіз.
Дождь. Ночь. Разбитое окно.
И осколки стекла застряли в воздухе,
Как листья, не подхваченные ветром.
Вдруг звон. Точно так
Обрывается жизнь человека, – деген Ника Турбина өз өлімін айнытпай салған екен. 2002 жылдың 11 мамырында үйдің бесінші қабатынан құлап, өмірімен қош айтысады. Небәрі 27 жасында. Осындай да Жұмекен Нәжімеденовтың «Триптих» атты өлеңі еске түседі:
«Медаль тақты ол, өсті біраз беделі,
артистіктен жан салмады алдына,
сол арқылы өзі тірі қалды да,
әлдеқашан өліп кетті өлеңі». Ақын мен халық деген қарама-қайшылық ұғым екен. Тұлғаны уақытында қадірлемедік деп халықты айыптаймыз. Уақытысынан бұрын һәм уақытында бағаласа өлең, одан қалды ақын мерт болады. «Әрі тартса арба сынады, бері тартса өгіз өледі».


Ерболат Қуатбек

author

Ерболат Қуатбек

АҚЫН

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...