Астанада Наурыз мейрамын мерекелеу аясында "Бақытты шаңырақ" қоғамдық қоры ерекше балалард...
Әз-Наурызды жақсылықтың жаршысы - Мәулен Әшімбаев
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев әз-Наурыз мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды madeniportal.kz.
«Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!
Наурыз – ізгілік, тазалық, жанашырлық сияқты маңызды құндылықтарды дәріптейтін көктем мерекесі. Жаңару мен жаңғырудың бастауы болған бұл мейрам – біздің төл жаңа жылымыз. Сондықтан халқымыз ежелден осы күнге ерекше мән беріп, Әз-Наурызды жақсылықтың, жарасымдылықтың және жасампаздықтың жаршысы ретінде дәріптеп келеді.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен биыл елімізде Наурыз мейрамы жаңаша аталып өтіп жатыр. Арнайы Наурызнама онкүндігі жарияланып, көрісу, қайырымдылық, мәдениет және салт-дәстүр, шаңырақ, ұлттық киім, жаңару, ұлттық спорт, ынтымақ, жыл басы және тазару сияқты қоғамды ұйыстырар құндылықтарға баса мән берілуде.
Мұндай қадам ұлттық бірегейлікті нығайту және мерекенің маңызы мен мазмұнын арттыру жолында айрықша мәнге ие. Алдағы уақытта бұл бастама игі дәстүрге айналып, халқымыздың тәрбие мен тағылымға табан тіреген озық ойлы ұлт болып қалыптасуына өз септігін тигізеді деп сенемін.
Баршаңызды мерекемен құттықтай отырып, елімізге амандық пен тыныштық, әр шаңыраққа шаттық пен бақ-береке тілеймін!
Ұлыс оң болсын», деп құттықтады Facebook әлеуметтік желісінде Сенат спикері.