Айнаш Қасым. Кешіккен көктем (Әңгіме)

Фото интернеттен

ӘДЕБИЕТ
1424

Көзі ағаш шарбақтың арғы жағындағы жалғызілікті әженің тоқал үйіне түсті. Ауладан кейуана көрінбеді. Әдетте осы уақытта әже қорасындағы сиырын суарту үшін сыртқа шығатын. Алайда әкесі өз үйінің малын суарып болған соң, айтпаса да көршінің сиырына да бір шелек су апарып, астауына құюды дағдыға айналдырған. Таңертең науасына азын-аулақ жем-шөп те апарып салатын. Сиыры биыл қысыр қалғандықтан, бір шайлық сүтті көршілердің қолды-аяқты балалары әжеге кезек таситын. Бауырсақ-тоқаш пісірсе де ол кісіні ұмытпайтын.    
Бірде анасы шелектегі жаңа сауылған сүтті тостағанға құйып, әжеге апарып келуге жұмсады. Шүпілдеген сүтті төгіп алмас үшін аяғын санап басып бара жатты. 
–    Қызым, аяғыңның астына қараймын деп сүрініп жүрме! Басыңды көтер, абайла...
Анасының ескертуінен кейін көзін жерден алғанымен, алаңдаушылықтан арылмады. 
Үйдің есігі әдеттегідей ашық екен. Едені балшықпен сыланған, сығырайған терезесі бар қуықтай кіреберісте сәл аялдады. Аяғының астында бей-берекет шашылып жатқан қара көмірдің тастары басқан сайын шықырлап, табанына батып, жүрісін тежеді. Әже сырттан шелекпен әкеле жатқан көмірді пешке жеткізе алмай, төгіп алғанға ұқсайды. 
Енуін енгенімен, ары жарай жүрер, жүрмесін білмей, демін ішінен алып, біраз тұрып, ақыры ауызүйге бас сұқты. Бар болғаны осы бөлме, төрүй жоқ. Ауызүйдің сол жағында әктелмеген, балшықпен сыланған ескі пеш тұр. Бүгін от жанбаған секілді. Үйдің ішінен ызғар сезілді. Сәлима әже төрдегі төсегінде бүк түсіп жатыр екен. 
–    Әже... 
Даусы құмығып, естілер, естілмес шықты. Бәлкім, өзі айттым деп ойлағанымен, айтпаған, сондықтан үні шықпаған да болар. 
Төр жақтан еш қимыл сезбеген соң тағы: «Ұйықтап жатырсыз ба? Әже, сізге шикі сүт әкелдім», – деді.
Бұл жолы кішкентай қыздың дауысын естіді ме, жоқ, әлде өзі қозғалғысы келді ме екен, белгісіз, кейуана орнынан тұруға әрекет жасады.
Шүйкедей қара кемпір басын күшпен көтеріп, есіктің түбінде үрпиіп тұрған мұны таныған, танымағаны беймәлім, әлсіз үнмен: «Көктем шықты ма?» деп сұрады. Жауабын күтпестестен: «Көктемде қаладағы қызым келем деген...» – деді.
Осы сөзді айтқанда нұры семген жанарына жас іркіліп, көзі кіреукеленіп, тамағына ащы өксік тығылып, иегі кемсеңдеп кетті. Мұндайды күтпеген Әсел көктемнің кешіккеніне өзін кінәлі санағандай: «Жоқ... әлі шықпады», – деді де, қорыққанынан сүт құйылған ыдысты үстелдің үстіне жылдам қойып, үйіне қарай тұра жүгірді.
Әсел болған жайды үзіп-жұлып шешесіне айтты.
–    «Қайтсін енді, қамкөңіл, шер кеуде, мұңлық... ғәріп жан... Тапты, бақты, қақты, жеткізді... Ана байғұс перзентін сағынады емес пе?! Қызы немерелерін ертіп әкелсе, апам көріп, бір сәт болсын көзайым болатын еді...» – деп анасы көзіне келген жасты басындағы орамалының ұшымен сүртті.
Бүгін қар тағы жауды. Алдымен қылаулап, ұшқындап түсіп, бірте-бірте жапалақтай бастады. Наурыз келгелі қора-қопсының іргесіндегі қарсат қардан өзгесі еріп, жер түске дейін жіпсіп, буы шығып, түстен кейін қатқақтай қалса да, іштей қуанып жүрген. Алайда, енді мұндай қарқынмен жалғаса берсе, қайтадан қыс келіп, көктемнің уақыты кейінге шегеріледі.
Осы ойдан көңілі құлазыған Әсел төсегінен тұрып, жартылай ашық тұрған пердені жаба салды. Жатын бөлмеден сүйретіліп, дәлізге өтті. Көңілсіз келе жатқан қызының алдынан күртесін желбегей жамылған анасы көрінді. 
Әсел басын көтерместен: «Неге жауа береді? Көктем шықпайтын болды ғой...» – деп күңк етті.
Анасы: «Құдайдың күнімен алыспаңдаршы... Жаусын... Көктем де бір келер...» – деп есікті бетке алды. 
Әсел кіреберістегі қолжуғыштағы сумен беті-қолын жуған соң ас үйдегі үстелдің үстіндегі ши бауырсақтан жеп, таңғы асын тоң-торыс ішті. Бүгін сабақ жоқ. Көктемгі демалыстың басталғанына бірнеше күн болған.  
Кеше құдықтың басында мал суарып жүрген әкесі қайта-қайта сұрай берген қызына көктемнің торғай су ішкенде шығатынын айтты. 
Әкесі түс әлетінде құдықтан су тартып, шелектеп тасып, астауларға құйып шығады. Содан кейін қаша мен лапастың астында тұрған малды кезекпен суарады. Алдымен осқырынып, ауыздықтарын қышырлана шайнаған жылқыларды жүгендерінен жетектеп әкеледі. Суға бас қояр алдында олардың ауыздарын бос қояды. Кейін бірі күйсеген, келесісі сала құлаш тілін танауына жеткізіп жалаған, маң-маң басқан сиырлар, олардың соңынан лақтары мен қозыларын ерткен қой-ешкі сияқты ұсақ мал маңырап, жамырап су ішкен болады. Тауықтар мен қаз-үйрекке сот жоқ. Олар еш шақырусыз келіп, құдықтың айналасын азан-қазан етіп, ластап, бірі қыт-қыттап, басқасы саңқылдап, барқылдап, қалағандарынша еркін жүре береді. Мал аяғының астында тапталып қалады деген қорқыныш не құстардың өзінде, не иесінде болмайды. Әкесі бұлардың жандары сірі дейді. Оған көзі жеткен. Ымырт үйіріліп, мал қоралайтын кезде сарышұнақ аязда үсіп қалмасын деп тауықтарды ірі қарамен бірге қамайды. Әсел кейде таңертең әкесі мен анасына мал жайлауға көмектесу үшін сыртқа шығады. Қораның есігін ашып қалғанда малдың тезегі мен құстардың саңғырығынан қолқаны қабатын күлімсі иіспен қабаттасып, ыстық леп бетке ұрады. Мұрны иіске, көзі қараңғыға үйренгенше демін ішінен алып, біраз тұрады. Сол кезде тауықтардың кейбіреуінің көзі жылт-жылт етіп бақанда қонақтап, тағы бірінің сиырдың үстінде жайғасып, жануардың арқасын шоқып отырғанын талай көрген. Сондықтан оларға алаңдамайды. 
Қойларды қайырып, жұмысына айналған әкесінен қызы оңайлықпен айрылар емес.  
–    Әке, тауық пен қаз-үйректің су ішкені саналмай ма? Әне, қазір де ішіп жатыр ғой... Олар да құс қой...
–    Жоқ, қызым. Торғай ішуі керек.
–    Бәлкім, кеше ішті ме екен? Біз байқамай қалсақ ше? Әлде ана иттен қорқып, суға жақындай алмай жүрген болуы да мүмкін емес пе? Әке деймін.... 
Көктемнің тезірек шығуын неге тағатсыздана күтіп жүргенін әкесі сұрамайды. Себебін біледі. Сондықтан қызын: «Әлі іше қойған жоқ. Уақыты келгенде байқамау мүмкін емес. Ішетін құс иттен де қаймықпайды. Көрсем, саған бірден айтамын», – деп сендірді. 
Жерге қонған күннің өзінде бір орында тұрмай, секеңдеп жүретін торғайдың су ішкенін көрудің өзі неғайбіл-ау... Көктемді шығару үшін торғай көп су ішу керек шығар. «Мына жұдырықтай торғай су ішіп те жарытпас» деген ой қыздың ұнжырғасын түсіріп жіберді. 
Құдықтан таяқ тастам жерде екі аяғын алға созған күйде айтаққа дайын ит жатқан. «Торғайдың су іше алмай жүруіне осы ит кінәлі» деген ойы күшейе түсті. Қарап тұрмай, әрекетке көшті. Торғай келсе, үркітпесін деп қарғыбауынан тартып, құдықтан әудем жердегі үйшіктің маңындағы темірқазыққа байламақ болды. Орнынан қозғау үшін әупіріммен қолымен демеп, мықшындап, пысылдап жүріп, діттеген жеріне қарай итермелеп көріп еді, ит екеш ит те мұны баласынып, басынды ма екен, оңайлықпен ырқына көне қоймады. Төртаяқтап табандап, орнынан тапжылар емес. Онысымен қоймай, құйрығын бұлғаңдатып, көзі жәудіреп, қолына қарап, бірнәрсе дәметкендей. Хайуанның әуселесі белгілі болған соң тез шешім қабылдады. Төрт көзі түгел отырып ішкен түскі астан қалған-құтқан нан, сүйек-саяқ пен жуындыны анасы итке арнап, бөлек ыдыста сақтап қойғанын көрген. Соны әкеліп, итаяққа құймақ болды. 
Себеттің бұрышында тұрған жуынды шелекті алып жатқанда қолы абайсызда қабырғадағы шегеде ілініп тұрған қалайы бақырға тиіп, онысы даңғырлап жерге құлады. Ас үйде әлі ыдыс жуып жүрген анасы қаңғыр-күңгірді естіп, ауызүйге ит немесе мал кіріп кеттіге жорыды.
–  Әй, Әсел, Анар...  
Мұнымен тоқтамай, кәнігі әдетінше: «Әсем, Жанар...» деп қалада оқып жатқан қыздарының да есімдерін атап, шақырды.  
–    Қайсың барсың? Себетте жүрген қай жануар?
–    Ешкім емес, менмін. Итке жуынды апара жатырмын.
–    Ешкі дейсің бе? Тағы әлгі қара шұнақ шығар... Кебенек келгірді шығар үйден! Андағы жерді бүгін ғана сыпырып едім. Құмалақтап тастайтын болды ғой...
Сөзді көбейтпеу үшін «жарайды...» дей салды. Анасының естіген, естімегені белгісіз. Бірақ үні қайта шықпады.
Тамақтың иісін сезген ит орнынан өздігінен атып тұрып, итаяққа жеткенше қолын бірнеше рет жалап үлгерді. Құйрығын бұлғаңдата береді. Әсел итті құдықтың басынан тез кетіргеніне қуанды. Хайуан тамағын тауысқанша қайыс қарғыбауынан тартып, темірқазыққа байлап қойды. Енді біреу келіп, қайта шешпей, оның құдықтың маңына бармайтынына сенімі артып, бір істі бітірген өзіне риза болды. 
Бұл ес білгелі Сәлима әже сылағы түсіп, кетеуі кеткен жер үйде жалғыз өзі тұрады. Жасын ешкім білмейтін. Қазір ойласа, сол кезде жетпістен асқан болуы керек. Қалада тұратын бір қызы бар дейтін. Бірақ ол келіп, әженің ауласында қой сойылып, ошақта от жанып, ет асылып, ыстық майда бауырсақ пісіріліп, қуаныштан мәре-сәре болып жатқанын ешқашан көрмеген. Жазда кісі бойына дейін арам шөп басып кететін ауладан тіршілік белгісі байқалмайтын. 
Таңертең ерте ауылдың адамдары малды өріске жіберетін кезде әже де лапастың астында байланып тұратын жалғыз сиырының бас жібін шешіп, қолындағы шыбығымен қақпақылдаған күйде ауласынан шығаратын. Кейбір үйдің келіншектері төрт-бес ірі қараны алдарына салып, өріске бастап бара жатқанда әженің сиырын да өздерінің малына қосып алатын. Сол кезде әже орта жолдан үйіне қайтатын. Содан күн ұзақ бітіретін жұмысы тоқал тамының түбінде, жұрт өтетін көше жағында үйге арқасын сүйеп отырумен шектелетін. Тарам-тарам әжім басып, күнге күйіп, тотыққан, жерден көзін алмайтын жүзінен мұңнан басқа ештеңе байқалмайтын. Қасынан өтіп бара жатқан көршілерінің амандасып, берген сәлемдеріне тірі екенін, естігенін білдірген сыңайда басын көтергенімен, жауап бермей, қайтадан терең ойға шоматын. 
Кейде түс кезінде ауылдастарының бірінің баласы келіп, анасы асқа шақырып жатқанын айтқанда: «Атың кім?», «Қай үйдің баласысың?», «Шешеңнің аты кім?» деп ешқашан сұрамайтын. Алдымен басындағы жаулығын жөндеген болып, шақыруды қабылдаған әлпет танытып, «тұрғыз» деген ишарамен балаға оң қолын ұсынатын. Көп уақыт қозғалмағанға құрысып қалған белі бірден тұруға рұқсат етпейтін. Содан аяңдап басып, баланың соңынан еріп, шақырған үйге жететін. Баланы шырамытпағанымен, жол бастағанынан-ақ бүгінгі түскі асқа кім шақырғанын түсінетін. Обалы не керек, ауылдастары аш қалдырған емес. Жасы үлкендігін сыйлағаны бір бөлек, жалғызілікті ғәріп жан деп аяйды ма екен, жандары ашып, әрқашан көмек қолын созып тұрады. Өздері мен бала-шағасынан артылған тамақты алдына қойып, күн сайын әр үй құдайы қонақ етеді. Айтпағандарымен, кезекпен шақыруға бір-бірімен келісіп алған сияқты. Жасы келген адам қанша тамақ жесін? Соңғы кезде тіпті асқа тәбеті де жоқ. Алдына қойған сорпа немесе көжеге нанды ұсақтап салып, ішпек болғанымен, ас батпайды.
Шақырып келген кішкентай сары ұлдың анасы сорпа құйылған кәсені жақындатып: «Апа, аздап болсын ішіңіз. Күш береді. Әйтпесе әлсіреп қаласыз», –  дейді. 
Ішінен: «Даусы қандай жағымды, өзі не деген мейірімді, түрі неткен әсем... Менің қызыммен қатарлас-ау шамасы... Сәуленің үлкен ұлының келіншегі болды ғой» деп ойлағанымен, ләм-мим демеді. Ойын ішіне бүккен күйде көзін сорпаға қадап, мелшиіп отырды.
Сөзі жоқ, біртоға, зиянсыз адам. Айналасындағылар не айтып жатса да, ешқашан жауап берген емес. Жүзінен мұңнан басқа еш белгі байқалмайтын: не наразылығын, не қуанышын, не таңданысын білдірмейтін. Құлағы естімейтін керең деуге келмейді. Біреу алыстан сөйлегенде басын көтермесе де, қимылдағанынан еститіні білінетін. Тілден айырылған мылқау деуге тағы болмайтын. Ана жолы сүт апарғанда көктемнің қашан шығатынын сұрамады ма? Әлде тағдырына, жалғыздығына әбден мойынсұнғандықтан бойындағы сезім атаулыны тұншықтырып, басып-жаншуға шешім қабылдады ма екен? 
–    Басыңыз ауырған шығар. Мына қою шайдан алыңыз. 
Жас келіншек сүт қатқан күрең шайды қолына ұстатты. Қарны ашпағанымен, қатты шөлдепті. Кесесін бірнеше қайтара ұсынды. Шайға қанған соң бетін сипап, ішінен күбірлеп, дастарханға бата жасады.
–    Апа, шатырдың асты көлеңке, салқын. Сіз күнімен далада ыстықта отырасыз. Басыңыздан күн өтеді. Ыстық қайтқанша осы жерде қалсаңызшы. Қаласаңыз, әне ескі диван да тұр. Сонда жата тұрыңыз. Өзім де кейде шаршағанда сол жерде көз шырымын аламын. 
Жас келіншектің мейіріміне жүрегі езілген Сәлима әже не істерін білмей, екіұдай күйде тұрып қалды. Кешке өрістен сиыры қайтатын кезге дейін аптап ыстықта үйдің артында күтіп отырғанша, көлеңкенің астындағы диванға жатып, көз іліндіріп алмақ болды. Тілі жоқ кісідей, келіншекке келіскенін қимылымен білдіріп, шатыр жаққа бет алды. Сол замат ұйықтап кетті. Түс көрді. Түсінде қаладағы қызы келіпті. Жалғыз емес, қасында күйеуі мен балалары бар. Барлығы бастан-аяқ аппақ киінген. Қызы мен күйеу баласының қолында бір-бір үлкен шабадан бар. Бәрінің жүзі жарқын, шат-шадыман. Сүйкімді немерелері өмірлерінде бірінші рет көріп тұрған қара кемпірді жатсынбай, беттерін төсеп сүйгізіп, өздері де әженің бетінен сүйіп, қуаныштан жүздері бал-бұл жанады. Былдырлап, әрқайсы қолынан тартып, өзіне шақырады. Арам шөп басқан ауласы адам танымастай өзгерген. Көк майса шалғынның ортасынан сүрлеу ашылған. Екі жағындағы аппақ гүлдер әсемдігімен көздің жауын алады. Сүрлеу үйдің есігінің алдындағы ашық алаңқайға жеткізеді. Жасыл алаңқайда алуан түсті шырайгүлдер өсіп тұр. Балалар асыр салып ойнаған сайын гүлдер аяқасты болып, солудың орнына жайқала түседі.  
Күйеу баласы үлкен шабаданның бірін ашқан кезде алманың иісі бұрқ ете қалды. Шабаданның іші қызыл алмаға толы екен. Күлімсіреген қызы екінші шабаданнан қағазға оралған бір затты алып шықты. Содан кейін анасының басындағы кірлеген көнетоз шытты шешіп, мақтадай әппақ орамал тағып, мейірлене құшақтап, бетінен сүйді.
Сәлима әже дәл сол кезде оянып кетті. Көзін ашқанда ас-су берген жас келіншек басындағы ескі орамалдың орнына дүкендегі қағазы әлі алынбаған су жаңа ақ байлауыш тағып жатыр екен. Кейуана қызынан артық жақсылық жасаған көрші келіншекті құшақтап, өксіп жылады.

Жаңалықтар

Нұрбек Оралбай неге үйленбей жүргенін айтты, деп хабарлайды madeniportal.kz nur.kz сайтына сілтеме ж...

Жаңалықтар

Павлодар облысында Орталық Азияда теңдесі жоқ алтын өндіру кәсіпорны салынады. Бұл өндіріс жылына 15...