Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды made...
Қазақстанға қолдан келген көмекті беруге дайынбыз - Садыр Жапаров
https://t.me/aqorda_resmi
Бұл туралы Ақордада Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуінде айтты, деп хабарлайды madeniportal.kz.
Екі елдің үкіметтері арасында талқыланып жатқан өзекті мәселелер бар. Осы орайда бір-бірімізді ойлап, келешекті ойлап, мәселелерді бірлесіп шешу маңызды деп ойлаймын. Бұрыннан бері елдеріміз ынтымақта, достық қарым-қатынаста және біртуған болып, бір-біріне қолдау көрсетіп келе жатыр, - деп атап өтті Жапаров.
Қырғызстан президенті Бішкекте 2 ақпанда жылу орталығында болған апат кезінде гуманитарлық көмек көрсеткен қазақ бауырларына ризашылығын айтты.
Біз Қазақстанда болып жатқан ауқымды су тасқыны жайлы хабардармыз. Қазақстан сіздің жетекшілігіңізбен апатты еңсеретініне кәміл сенемін. Өз кезегінде біз Қазақстан Республикасына қолдан келген көмекті беруге дайынбыз, - деді Садыр Жапаров.
Мемлекет басшысы Қырғызстан Президенті сапарының екі тарап үшін де мән-маңызы айрықша екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Қазақстанның бұрын-соңды болмаған су тасқынымен күресіп жатқанын атап өтіп, осындай қиын-қыстау кезде гуманитарлық көмек көрсеткені үшін Қырғызстан Президентіне және барша қырғыз халқына алғыс айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қырғыз қатынастарының қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды. Президенттің пікірінше, бұған белсенді саяси диалог, үкіметаралық және парламентаралық тығыз байланыстар ерекше серпін беріп отыр.
Айта кетейік, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровты елорда әуежайында қарсы алды.
«Ақорда» резиденциясында Қазақстанға ресми сапармен келген Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровты салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт беріп, екі елдің әнұрандары шырқалды. Салтанатты рәсімнен кейін президенттер келіссөз залына барды.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров екі ел өнерпаздарының гала-концертін тамашалады.
Бейбітшілік және келісім сарайында өткен шарада Қазақстан мен Қырғызстанның танымал мәдениет қайраткерлері өнер көрсетті.
Бұдан бөлек, концертте «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театрының әртістері, «Гүлдер», «Астана сазы», «Аркасыры» (Қырғызстан) ансамбльдері сияқты шығармашылық ұжымдар көрермендерге керемет көңіл күй сыйлады.
Бағдарлама аясында «Манас» эпосынан үзінді оқылып, қос халыққа кең тараған әндер мен күйлер орындалды. Сондай-ақ бірнеше хореографиялық композиция ұсынылды.