Жан Бодрийяр (1929) — француз философы, социолог, мәдениеттанушы. Негізгі шығармалары: "О...
Шәкәрім және Сәбит Мұқанов
Шәкәрім Құдайбердіұлы қаза табардан бір ай бұрын Сәбит Мұқановқа 1931 жылы 3 ақпанда елсіздегі Саятқорада отырып хат жазды. Талғамы терең, ойы тұңғиық Шәкәрімнің 1930 жылдардағы аласапыран тұста қалың қазақ қаламгерлері арасынан тек С.Мұқановқа хат жазуы пенделік ниеттен емес, шынайы әдебиет жанашырына деген ықыласынан болса керек.
Ш.Құдайбердіұлы С.Мұқановқа жазған хатын «Ардақты Сәбит бауырым» деп бастайды. Қазан төңкерісі қазақтың құтын қашырып, қазанындағы ырысын ғана төккен жоқ. Алаш ұранды тұтас ұлтты екіге бөліп, туғанын жат, қандасын қас етті. Ал алып ойдың иесі, гуманист – Шәкәрім Сәбитке бауырым деп өзіне жақын тұтуы қоғамды жайлай бастаған жатсыну мен жатырқаудан өрбіген қиянаттардан арылтуды діттеген ар биігін танытады. Әдеби мұрасының шолақ белсенділер қолында кетпеуін діттеген ақын өз хатында туындыларының тағдырына баса назар аударады. Тарихтың аласапыран тұсында жанына жақын тұтып, ұлттың рухани асыл қазынасын құрайтын игілігін сенімді қолға аманат етуді көздейді.
Ш.Құдайбердіұлы «11.ХІІ. (1930) жазған хатыңызды жақында ғана алдым. Бүгінгі Аягөзге жүрмек адамнан осы хатымды асыға жаздым. Қолымда барынан аз ғана жазбамды жібердім. Олар: «Бәйшешек бақшасы», «Нартайлақ әңгімесі», «Қазақтың түп атасы (25 жасымда жазғам)», «Бозбала мен кәрілік (32 жасымда жазғам)», «Баламен айтысып жеңілгенім». Қолымда қаражаттың жоқтығынан бұларды өзіңіз почта қаражатын төлеп алар деп доплотной қылдым» деп жазады. Ақын «Қазақ айнасы», «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр» шығармаларын өз қаражатына данамен шығарғанын айта келе: «Әділ-Мария» деген романымның көшірмесі Алматыдағы осыдан барып қызметке тұрған Бақдәулет Құдайбердіұлында бар шығар. Оның тұрағы Алматыда, Лепсинский көшеде, №63, сол салада: Американың Бичерстоу деген әйелдің құлдар тұрмысы жайынан «Том ағайдың балағаны» деген қазақша аударғаным бар шығар. Бірақ оларды бастырам деп рұқсат алып еді. Бұл екеуін бір баламыз өлең де қылып еді. Табылса менің сөзше жазғанымды бастырғаныңыз мақұл. Өлеңшесін өзіңіз білесіз» деп С.Мұқановқа зор сенім, мол үміт артады.
Ақын хатында сақтану, тартыну жоқ. Тек әдеби мұрасына жанашыр жанға деген сенімі анық аңғарылады. Шәкәрім «..пәлен пайғамбар бар, түгілен философ, профессор айтты дегенге тоқтап қалмаймын. Өз ақылым қабыл алмағанды кім айтса да теріс көрем. Бірақ ақыл қабыл аларлық дәлел айтса, ол кім болса да бас ұрам. Мақтанып кеттім дейді. Мақтан емес, іздегенім тамам адам пайдасы болғандықтан, ақылым айтқан ақиқатты айтпай тұра алмаймын. Еріксізбін» деп өзінің ақындық, адамдық ұстанымын ашық жеткізеді. Және де «Жан сыры», «Жаратылыс сыры» атты өмір мен өлім, тіршілік, адам табиғаты туралы ой-толғамдарын да жібергенін, егер де басылмайтын болса, қайтаруын өтінеді. Бұған қосымша «Менің қай жазбам болса да басылысымен баспахана қаражатымен маған әр қайсысынан елу данасын жіберсеңіз екен. Балаларыма, достарыма мұра істеп беру үшін. Қайсысы басылса да «Мұтылған» деген атыммен басылғаны жөн болар еді» деген тілегін айтады.
Хат арқылы өрілген ақын жан сырының мұрат-мақсаты айқын. Ол туындыларының С.Мұқанов көмегі арқылы басылуы, сол арқылы «…адамшылық арым барша адам баласына пайдалы деп отыз жыл инемен құдық қазып, тапқан ақиқатты» туған халқының рухани игілігіне жарату еді.
Абай ізбасары өз хатында рухани мұрасының бір саласы әндерінің де барын, алайда «әнді хатпен ұғындыруға болмайтынын» айтады. Қаламгермен өз әндері туралы пікір алысып, ой бөлісуге, ұғындыруға бөгет болып отырған басты себептерді бүкпесіз жеткізеді. Өмір бойы имани қасиеттерді шығармашылығының алтын арқауы етіп ұстанған Ш.Құдайбердіұлы адамгершілік қасиет салтанат құрған бейбіт өмір жарасымын зорлық пен қиянат, қасірет пен зобалаң жайлағанынан әрі «жергілікті өкімет басындағы кейбіреулердің қараңғылығынан, қолда қаражат, баста бостандық қалмай» тұрғандығын Сәбитке ашық айтады.
С.Мұқановтың Алматыдағы мұражай-үйінің қорында М.Жұмабайұлының «Шолпан» (1913), М.Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» (1914), Ж.Аймауытұлының «Мансапқорлар» (1925) туындыларымен қатар Ш.Құдайбердіұлының 1912 жылы Семейдің «Жәрдем» баспасынан шыққан «Жолсыз жаза, яки кез болған іс» (Самосуд или случайность – «Еңлік-Кебек») деп аталған кітабы сақталған. «Шәкәрім хатында бұл кітапты Сәбитке беріп жібергендігі туралы дерек жоқ. Соған қарағанда С.Мұқановтың қолына бұл кітап басқа біреулер арқылы тиген және оны Сәбең ұзақ жылдар бойы жасырып сақтаған» деп жазады Ә.Қайырбеков.
1951 жылы 15 маусымда Қазақ КСР ҒА Тіл және әдебиет институты мен Қазақстан Кеңес Жазушылар одағы бірлесіп өткізген Абайдың әдеби мұрасы мәселесін талқылауға арналған ғылыми пікіралысудан кейін М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, Қ.Мұхаметханов, т. б. әдебиетшілермен бірге С.Мұқановтың абайтанудағы «қателіктері» көрсетілді (қараңыз: М.Әуезовтің «Литературная газетаға» жазған ашық хат. Абай. 1996. №2). М.Әуезов ҚазМУ-дегі ұстаздығынан айырылып, С.Мұқанов Жазушылар одағының басшылығынан босатылды. Ал 1969 жылы 10 қыркүйекте Министрлер кеңесі демалыс үйінде Шәкәрім шығармалары жөнінде болған әңгіме, пікір алысуда С.Мұқанов ақын мұрасын ақтау, мұрасын жариялау мәселесінде ақиқат жаршысы бола білді.
С.Мұқанов Ғылым академиясы тарапынан Шәкәрімнің әдеби мұрасын жинауда көп жұмыс істелгенін айта келіп, ақынның таңдамалы шығармасын шығарған дұрыс деген көзқарасын білдірді. «Абай поэзиясы биік шың болса, Шәкәрім көбіне соның төменгі етегінде жүреді. Шыңырап биікке кетпейді» деп тапқанмен, таңдамалы жинаққа «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр», «Ләйлі-Мәжнүн», «Дубровский» енгені дұрыс дейді. «Прозасы ескі емле. Онша жетектемейді. Қазақ шежіресін қосуға болады. 100-150 өлең ену керек» деген ұсынысын айтады. Ақын мұрасын ақтау қажеттігін байыптағанда: «Туманян» дашнактарға қатысқан. Ал Шәкәрімде жаңа өмірге қарсы ештеңе жоқ. Алашордаға қатысты дегендердің түпкі негізі ақынның атын пайдаланудан шыққан болар. Алғы сөзді объективно жазу керек. Судан шыққандай (шомылып) тап-таза болмау керек. Талқылау кезінде әр дүниесін әркімге қаратып баяндату қажет: өлең, поэма, проза, шежіре» деп түйеді.
С.Мұқанов өзінің басты еңбектерінде Шәкәрім мұрасын негізге алып отырады. «Жарқын жұлдыздар» кітабындағы «Арғын» атының қайдан шыққаны туралы берілген «Тарихта Арғын-аға деген кісі болған. 1262 жылы Шыңғысханның кенже баласы Толы Харасан деген елге Ойрат атанған елден Арғын-аға деген кісіні хан сайлаған…» деген деректер Ш.Құдайбердіұлы шежіресіне сүйене отырып жазылған. Ш.Құдайбердіұлы шежіресінде «..Менің өз ойымша, біздің осы Орта жүздегі Арғынның атасы Әбілғазы ханның шежіресінде айтұлатұғын Ойрат Арғын-аға деген кісінің нәсілі болса керек. Оның мәнісі мынау: «Шыңғысханның кенже баласы Толы үлкен хақан болған кезде, Ойрат атанған елден Арғын-аға деген кісін Харасан деген жерге хан қойған. Сол мұсылманша 440 жылы, орысша 1262 жылы еді…» деп жазылған. С.Мұқановтың «Халық мұрасы» (1974) («Қазақ қауымы» (1995) тарихтық және этнографиялық еңбегінің «Шежіре және тарих жайында» бірінші бөлімінің «Қазақ шежіресі» тараушасында «Жалпы алғанда «қазақ» аталатын шежірелердің нұсқалары көп және өзара қайшылықтары да аз емес» немесе «Қазақта Мәшһүрден басқа шежіре жинаушылар да аз емес» деген астарлы пікірлері де Шәкәрім шежіресінің маңызын байыптатады. Бұл еңбегінде де С.Мұқанов Ш.Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресіндегі», сонымен қатар өлеңмен жазылған «Қазақтың түп атасы» поэмасындағы құнды тарихи деректерді ұштастыра қолданған. «Қазақ қауымы» еңбегін жазудағы мұрат-мақсатын «бұл шығарма тура мағынасында тарих емес, тек автордың ой толғаулары ғана. Сондықтан Қазақ елінің басынан өткен кейбір оқиғалар жорамал, тұспал арқылы айтылатындықтан, ондай жерлер күдік тудыруы мүмкін. Дегенмен бұл тұспалдарды қазақ тарихын зерттеуші кейінгі жас ғалымдарға ой салып, бағыт берер деген оймен әдейі беріп отырмыз» деген С.Мұқанов кеңестік жүйенің интернационализм ұранымен қазақ халқын орыстандыру саясатына ашық наразылығын білдірді. 1969 жылы Қазақ КСР Оқу министрінің бірінші орынбасары А.Щербаковтың «Некоторые вопросы научно-педагогических основ интернациональных воспитании учащихся (на материалах школ Казахстана)» деген тақырыптағы кандидаттық диссертациясында қазақ мектебінің өркендеуіне балта шабатын аралас мектеп типін көбейту жөніндегі ой-пікіріне С.Мұқанов, Ә.Шәріпов, Б.Момышұлы ашықтан-ашық қарсы шықты. Ана тілінің, қазақ мектебінің қыл үстіндегі тағдырын еш тайсалмастан күн тәртібіне өткір қойды. Б.Момышұлы С.Мұқановқа жазған хатында «Сәке! Мен ойланып, ҚазПИ-дің бүгінгі жиналысына бармайтын шешімге келдім. Бір жаман орысқа күллі қазақ шуылдап, жабысу бізге жараспайды. Адамды өлтіру үшін бір-ақ оқ керек…» деп ұлт намысы жолындағы игі істе үлкен жүк, мол аманат артады. «Мыналар қазақтардың тамырына балта шабайын дегені ме?! Қазақ мектептерін жабу керек, олардың болашағы жоқ дейді ғой мынау?! Жоқ, мен қорғауға қатысайын. Ғылыми Советтің мүшесі емеспін, дегенмен де өз ойымды барып айтамын. Мынаған жол бермеу керек!» деген С.Мұқанов Б.Момышұлы аманатына адалдық танытты.
Сағымбай ЖҰМАҒҰЛ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетінің профессоры
Оқи отырыңыздар: Шәкерім қажының Сәбит Мұқановқа жазған хаты