Өтен Ахмет. Қазақ неге жылауық? (Талдықорған дәптерінен)

ӘДЕБИЕТ
3725

27.02.2009. 

Осы сұрақ мені ылғи мазалайды. Жан-жағыма қарасам, биліктің ел басқару әдіс-амалына үңілсем, кемшілікті екі жақтан да көремін. Ол көргендерім қазақтың басындағы бақытсыздықтың тоқсан пайызы өзінен, деген ой түюге мәжбүрлейді. Жылайды да жүреді, арызданады да жүреді, билік соқыр, керең, безбүйрек меңіреу деп. Ахмет Байтұрсынұлы қалай дәл тауып айтқан: «Қазақ жоқшы, жоғын іздеген қуғыншы».

Қазақ жалқау дейді. Бұл сөз талайға жақпайды. Жоқ, олай емес дейін десең, ауылда қазақ, ұйғыр, кәріс, т.б. қатар тұрып жатыр. Қазақтан басқасының бәрі бақуатты.

Қалада басқа ұлт адамы мына жұмыс менің қолымнан келмейді деп айтпайды, намыс көреді. Ал қазақ көптеген жұмыс түрлерін атқаруды ұят санайды, арланады. Бұл қолымнан келмейді немесе маған лайық емес, істемеймін деп айтуды үлкен мақтаныш, мәртебе деп біледі.

Құдайдың маған берген күш - қуаты, рахымы болар, жетпіске келдім, жұмыстан әлі қалғам жоқ. Ескі қазақ ұғымындағы «бөтен елдің» ішінде жүрмін. Сонда да керекпін.

«Жетісу» телеарнасының жас басшысы Бейсен Құранбек хабар жасауға шақырды, «Аға, тәжірибеңіз мол ғой, сізден үйренеріміз көп», деп желпіндіріп те қойды. «Кешкі сұхбат» айдарымен байқап көрмекпін. 27 наурыз – Халықаралық театр күні бірінші хабарым. Бұрынырақта «автомат - тележурналист» атанған едім. Сөйлегенде мүдіруді білмеуші ем. Жас келгендік пе, әлде эфирде жұмыс істемегелі біраз уақыт өтіп тосырқағандығым ба, көңілдегі жүйелі сөз бұрынғыдай еркін құйылып тұрмайтын секілді ме, қайдам...

28.03.2009. 

Кеше Халықаралық театр күнін атап өттік, «Алым» деген ұйғыр ресторанында. Әкімші директорымыз Базарбек Тезекбаев қызық қылып айтады: «Алакөл» деген ресторан Наймандікі, жоламадым. Жалайырдікін жалдауға (өзі сол рудан - Ө.А.) сөз болады деп сақтандым. Ортадағы  ұйғырды таңдадым... Әне, «Шығасыға иесі басшы» деген осы ғой. Байқасаңыз, қазақ болмашыдан да ұтылып тұр. 

Базкеңнің таңдауы дұрыс екен. Ұйғыр тағамдары дәмді болды. Қызметтері сыпайы.

Қазақ ресторандарында былық көп. Тіпті стақанға сусын құйғандарының өзі қызық. Иығыңның үстінен сарылдатқанда түйе сигендей қылады.

Мұнда бәрі әдемі болды. Үлкен-кіші демей түгеліміз сөйледік, әндер шырқалды, әзілдер айтылды. Әсіресе би жағына қамшыны қатты бастық, түгел құмардан шықтық.

Кеш арасында «Жетісу» телеарнасында тікелей эфирден хабар жүргіздім. Директор-көркемдік жетекшіміз Мұрат Ахманов, әртістер Азат Базаркелді, Нұрлан Әлбосынов қатысты. Хабарды бұрын келіскенімдей «Кешкі сұхбат» деп атадым. Ұзақтығы - 40 минут.

Мен журналистикадан тікелей қол үзіп кеткелі он бір жыл. Жас ұлғайып барады дегендей. Реакциям бұрынғыдай емес шығар деп қорқа соғып едім. Жоқ, бәрі орнында секілді. Қазақша айтқанда, «Қартайғанда жорға шығыптының» кері болды. 

01.04.2009.         

Абай айтқан деп қойып, өзімізді өзіміз қатты сынаймыз ғой. Сол сөздерден мынадай қорытынды шығардым:

Қазақтың тамағы шикілі-пісілі.

Ісі шала-пұла.

Оқуы шатты- бұтты.

Өнері одан-бұдан.

Уәдесі жүрдім-бардым.

Киімі анадан-мынадан.

Кеудесі ісіп-кепкен.

Мақтаны желдей ескен.

Ойы балдыр-батпақ.

Тарихы шалдыр-шатпақ.

Түсінігі еміс-еміс.

Саудасы ухит-сухит.

Ұлтшылдығы улап –шулау.

Арманы жылап-сықтау.

Білімі болар-болмас.

Күн көрісі шықпа жаным, шықпа...

12.04.2009.

Иә, сүйтіп «Жетісу» телеарнасынан хабар жүргізе бастадым. «Кешкі сұхбаттың» екеуін өткіздім. Ру-руға бөлініп алған бақа-шаяндар қайтер екен? Қай жерде аяғымнан қалай шалуды ойластырып бастары қатып жүрмесе неғылсын. Жамандыққа бейім ағайыннан бәрін күтуге болады...

19.04.2009.

Хайролла Ғабжалиев: «Қазақтың өзіне обал жоқ», «Тасжарған», №16, 15 сәуір, 2009 жыл.

Алматыда зиялы қауым бір қалада тұрып, баспасөз арқылы бір-бірін жамандайды. Бет жыртысып, беделдерін қашырады. Сананың төмендігі сол – қазір дүйім қазаққа танымал зиялылар ұсақталып ру-руға, жүз-жүзге бөлініп алып таласатын болды.

«Қазақтың осындай қасіретті күйге түсуіне өздері кінәлі. Себебі, қазақ өз құқын білмейтін мәңгүрт, намыссыз болып барады. Мәселен, өз елінде отырып, басқа ұлттарға қор болады. Сонан соң тағы да қазақтар кінәлі болып айыпталады. Соларды айыптап отырған сот пен прокуратура және полиция қызметкерлерінің бәрі – қазақтар. Қазақ бола тұра, өз ұлтына өздері қастық жасайды. Сондықтан біздің халықтың осындай мүсәпір күйге түсуіне обал жоқ дер едім. Өйткені бізде намыс, ар, ұят, рух қалған жоқ. Қазаққа қазақтың жаны ашыса, биліктің жүргізген өктемдігі – бір тиын. Ақтабан шұбырынды кезінде етегі түрілмеген қазақ қыздары тәуелсіз ел болғанда шешінді, тәнін сатып тамақ етті. Бізді осы күнге итеріп отырған тағы да өз қаракөз бауырларымыз. Ендеше кімге өкпелеуге тиіспіз?!»

Айтыла-айтыла жауыр болған сөздер десек те, қоғам өзгермесе, амал қанша, еріксіз дұрыс екен дейсің.

                                               х х х

Мұрат Ахманов «Шапырашты Наурызбай» деген кітап алып келді. Авторы Бақтияр деген. Мен оны білмейді екем. Серікбай Нұрғисаевқа алғыс айтқан арнауы бар. Батырға ескерткіш ашылуының бір жылдығына арнап, кітаптың тұсаукесерін өткізсек депті. Олай-бұлай аудара қарап оқып көрдім. Байқағаным, Төле биді керекті де, керексіз жерлерге орынсыз тықпалай беріпті. Наурызбайдың ескерткішін орнатарда жазған сценариім бар еді, осындағы бір пысықай жігіттер пайдаланып кеткен болатын. Соны қолға алуға ұйғардық.

Нұрғисаев сценариді көремін депті. Мұрат екеуміз бардық. Орта бойлы, қасы жалбыраған қалың, жұмырша келген жылтыр қара кісі екен. Басында сөзді салмақты бастады да, артынан қызып кетті. Бәлкім, өйтуіне мен себепші болуым да.

-Кітап қалай екен? –деп сұрады.

-Әрқалай, -дедім мен.

-Әрқалайды қалай түсінсек екен?

-Ала-құла дегенім ғой.

Ол сөйлеп кетті де, кітаптың идеясын беруші ғана емес, авторы да өзі екенін айтып салды.

Мен де аунап түстім.

-Тақырыбы ауқымды, мазмұны кең. Батыр туған жер төңірегін ат үстінен түспей тынымсыз шиырлап, бақылап жүреді. Қазақ басына қай жерде қауіп төнсе, сол жерден табыла кетеді. Қарға тамырлы қазақ деген ұғым терең ашылады екен, - дедім.

Ол әдебиет пен өнерге жақын екендігін білдірді. Көп оқып, көп тоқуға тырасатынын байқатты.

Мен оны хабарыма қатысуға шақырдым. Ол келісті.

15 сәуір күні ол «Райымбек, Райымбек» спектакліне келді. Әйелін ерте келіпті. Екінші алғаны екен. Жас қатыны сап-сары, үстіндегі киімдері де сап- сары әрі шыбықтай арық. Төрт-бес кісі әңгімелесіп тұрғанбыз.

-Танисыңдар ма? – деді әйелін көрсетіп.

Бәрі жоқ деді. Мен ғана шырамытам, бірақ есімі есіме түспей тұр дедім.

-Қобызшы Оразымбетова ғой, таныс болыңдар, -деді Серік Нұрғисаев.

Әңгіме үстінде Қызылорданы мақтады. Көп нәрсені сол жақтан үйреніп келдім деді.

-Қаратау, Сыр бойы қазақтың ту тіккен, ел болған басты жұрты ғой, -дедім мен.

-Қызылорда аэропортына Қорқыт атын бергіздім, ескерткіш орнаттырдым, -деп мақтана ақырын жымиып қойды Нұрғисаев.

Мен қызылордалық екенімді, Қорқыт стансасында туғанымды айттым.Наурызбай батырдың ескеркіші ашылуына орай театрландырылған көрініс көрсету жайын бір апта ішінде шешіп, хабарын берем деді ол.

Құлақ қойған төңірегіне жақсы әсер қалдырды. Жетім өстім, балалар үйінде тәрбиелендім деген. Соның да әсері болар...

21.04.2009.

«Таңшолпан» таңғы хабарында «1959 жылы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы үшін Лениндік сыйлық тағайындалды» деп періп өтті. 

Қазақты білімсіздік құртып барады. Білім жоқ жерде білік жоқ. Білік жоқ жерде таным жоқ, таным жоқ жерде парасат жоқ. Парасат жоқ жерде кісілік – азаматтық жоқ. Бұлар жоқ жерде зиялы жоқ. Зиялы жоқ жерде ұлт жоқ. Осылардың бәрі жоқ жерде ру ғана қалады. Ру –құру деген сөз. Күнде дәлелденіп жатыр...                               

                                               х х х

Мырзатай, Қойшығара, Ақселеу «Қазақстан» газетінің №11 санында «Елтұтқа» кітабындағы Ақтамберді жыраудың руы Ошақты деген бе, соған зейнеткер ұстаз Абдеева Күлпаш бұлқан-талқан болып қарсы шығып жатыр.

Менің жас кезімде Абайды, Махамбетті, Қабанбайды, Бөгембайды, Абылайды, Бұқар жырауды қазақтың ұлылыры деп оқытты. Жанымызға сондай боп бекіді. Қазір бәрін ру-руға, ауыл аймақтарға бөліп әкетті. Абылайдың түсіндегі құрт-құмырсқа, бақа-шаян болу деген осы шығар...

                                      х х х

Жыл сайын 6 мл. тонна астық сатылады екен. Солай бола тұра ұн-нан өнімдерінің импорты 47,1 процент. Көкөністің 83,7%, сүт өнімдерінің 85,3 проценті сырттан әкелінеді. Табалдырық 30 процент, одан асса экономикалық тәуелсіздікке қауіп төнбек. Кеше ғана арнайы теміржолдар салынып, ішкі Ресейді аштықтан құтқарған, СССР-ды астықпен, етпен асыраған ел едік қой, бұл қалай болғаны?

Мұнай өндіруден 15, газ өндіруден 10 орындамыз дейді. Осыншама шылқыған байлық пен сорлылықтың арасы жер мен көктей болып кеткені үшін кім жауап берер екен...

07.05.2009.

«Қазақстан» телеарнасы керемет қызық жол тауыпты. Таңертеңнен кешке дейін ликбезбен, яғни сауатсыздықты жоюмен айналысады. Әліппе үйретеді. Қазақ топастанып кетті дегендік пе, әлде қазақты топастандыра түссек дегендік пе? Қайран қазағым-ай, өзіңді өзің қорлап, өзіңді өзің төменшіктетіп болдың-ау.

Осы ликбездің бір нәтижесі: әнші Майра Ілиясова кеше Талдықорғанда концерт қойды. Сахнаға гүл алып шыққан балалардан «Руың кім?» деп қадалып тұрып сұрағаны-ай.

Кітапты қай рудан шыққан адамның жазғанына қарап оқып, концертке қай рудан шыққан әнші деп баратын халге жеткендейміз бе... Алла ақырын берсін.

Ұлттық тұтастыққа сына қағылып, ұлттық рух қолдау көрмеген жағдайда, ұсақталу заңдылық. Не ексең, соны орасың...

10.05.2009.

«Қазақстан» телеарнасы, «Жігіттер» тобы «Балқадиша» әнін зарлатып тұр, «Күйеуің сексен бесте шал, Қадиша» деп.

Жүргізушінің бірі бұл - «Үкілі Ыбырайдың әні» деп тастайғып бекітті.

Ән Ақан серінікі ғой. Және онда «күйеуің сексен бесте шал, Қадиша» деген сөз жоқ. Кейін бәлшебек идеологтар қосқан былықпай, Париждегі ЭКСПО – да Әміре бастап берген еді сыңсытып, сол күйінде әлі зарлатып жүр әншілеріміз.

6.05.2009.

Жұртты тыңдасаң, айтатындары:

Үкімет - өтірікші.

Депутат - жалтақ.

Шенеунік - суайт.

Әкім - әңгүдік.

Прокурор - заңбұзар.

Сот - саудагер.

Ұстаз - ұры.

Дәрігер - кесір.

Саудагер - сиқыршы.

Халық - мәңгүрт.

Бұған енді не дерсің, күлесің де қоясың. Жұрт аузына қақпақ бола алмайсың ғой.

                                               х х х

Семей театры келіп кеткенде Ғалия деген келіншек атом полигонының зардабы туралы пьеса жазып бере аласыз ба деген еді. Байқап көрейін дегем. Жазылды. «Атомды жеңген ана» деп тақырып қойдым. Режиссер Мұрат Ахмановқа оқытып, ескертулерін түзетіп те алдым. Ғалиямен хабарласып, Семейге қатынайтын автобус шопырынан беріп жібердім. Алыпты. Оқыдым, ұнады, режиссерлық шешімін жасауға кірістім деді. Өзі өнер академиясында сырттай оқиды екен. Қалай болғанда да пьесамның тағдырын ол өзі шеше алмасын білемін. Көңілімде күмән бар...

                                               х х х 

31.01.2009.

Елбасымыз демалыста.         Неге екенін білмеймін, мен осы кісіні бәрібір ұнатам. Ептеп түсінемін де.

Бәрін қосқанда 80-дей ғана адамы бар шағын театр төңірегіндегі интриганың өзі «тотының тоқсан тарауындай». Ал ол халқы қырық сідік мемлекетті, мемлекеттік дәстүрі болмаған, бәрін жаңадан бстап әлі қалыптаспаған жас мемлекетті басқарады. Қазақтың уақытынан адасып бүгінгі күні шытырман шатаққа айналған рулық жүйе жігінің өзі не тұрады.

Осы жасым ішінде бір байқағаным, нені көп айтсаң, сол жоқ, не одан еш нәтиже шықпайды. Мысалы, қазақ «Бірлік болмай, тірлік болмайды» дегенді өте жиі айтады. Себебі, бірікпейтінін біледі. Ата-бабаларымыздың қолдағысынан айрыла беруінің негізінде, ойлансақ, ауызбірліктің жоқтығы жатқанын көреміз. Әріге бармай, беріден қайырсам, Кенесары ханның ұлы ісін быж-тыж қылған кім? Өз төңірегі. Айналып келгенде, қырғыздар басын кесіп алғаннан кейін, артынан өкінген болып өтірік жылаған, ру шеңберінде көттерін көтермей отырып қалған қалың қазақ. Соңынан ерді деген жасақ өз ру басшысының бұйрығымен Кенесарыдай дүниеге екі келмес әрі хан әрі батырын қалың жаудың талауына жалғыз тастап кетті. Басы кесілді. Ханын сатқандар ең болмаса артынан келіп, «сүйегімізді бер» деуге де жарамады. Дереу келіп «сүйегін» алғанда, бүгін қазақ Кенесарының кесілген басын іздеп сергелдеңге түспес еді.

Махамбеттің басын кім шапты?

Қазақты қазақ еткен біздің атақты хандарымыз бен батырларымыздың молалары қайда?

Қазақ зиялыларының алабөтен қырғын табуына не себеп?

Қазір Елбасы таяқты кімнен жеп жүр? Абыройын төгіп, беделін түсіріп отырғандар кімдер? Қазақтың бақытсыздыққа ұрына беру себептерін міне осы жағынан іздеу керек. Адам жаратылысы мен болмысының барлық қыр-сыры ғылыми тұғыдан ашылып, сипатталып, көрсетіліп хатқа түсіріліп қойған мына заманда «жеті ата» деп саусақ бүгіп бөсе берудің еш қисыны жоқ білем. Феодалдық ликбезді тоқтататын уақыт болды. Рулық-тайпалық одақ деңгейіндегі тас ғасырда жүре береміз бе, әлде...

Рулық шектеулі сана кесірінен қазақ барлық қорлықты жаттан емес, әуелі өз жақынынан көрумен келеді.

27.06.2009.

Елде журналист күні аталып өтті. Әдеттегідей облыс әкімі Алматыдан аты бар да заты жоқ кейбір басылымдардың редакторларын шақырған екен. Іштерінен Жүсіпбек Қорғасбекті байқадым. Кешегі күнге дейін «Жас Алаштың» бас редакторы болып, биліктен бөлек көзқарасы бар адамша көрінуші еді. Енді қарасам, әкімді мақтады аспандатып. Шын пейілі шығар. Дегенмен, шіркін, қу құлқын, деген ой келеді еріксіз. Өзекті жанға одан асқан құдірет жоқ қой. Бұрынғыдай өздері аш отырса да Ерлерін асырайтын ел қайда. Шайқасып өлсең арман бар ма. Бұралқы иттей аштан өлу тым аянышты. Өлгің келсе де өйтіп арам өле салғың келмейді.

Билік те өзгермелі ұғым. Алдағы уақытта  Алла тек соның жақсылығын көргізуге жазсын.

29.06.2009.

Япырмау, қартайдым ба, денем ауыр,

Менде жоқ жаны ашитын туыс-бауыр.

(Естай)

Науқасым жанға батып жатқан кезде,

Болмады жаны ашитын туысқаным...


Сайыңнан саяқ құрлы сая таппай,

Мен бір жан қуғын көрген Арқадағы...

(Мәди)

Қазақ пен қатыннан көрмеген қорлығым жоқ.

(Бауыржан Момышұлы)

Шаршадым, шаршадым, жалғызбын...

Нұрғиса Тілендиев)

Мен «Өз елінде өгей» деген роман жазғым келеді. Ойланып жүрмін. «Теледидар», «Мектеп», «Театр» деген үш бөлімнен тұрса деймін, материал жеткілікті. Әрине, өмір мұрсат берсе...

                                               х х х

23.05.2009.

Кеше Базарбек Тезекбаев айтты:

-Әкіміміз бір гении шығыпты ғой деп ренжіпті. Сол сөзді қайталап С.Мұқанов (әкімнің орынбасары –Ө.А.) телеарна басшыларына жақсылап тұрып ұрсыпты. Сірә, гении деп сізді меңзеген болар. 

Биліктің сөзі атылған оқпен бірдей ғой. Жоспарда тұрған кешегі хабарым шықпай қалған еді... 

                                               х х х

Біз мәдениетті елміз бе?

-Министр ме, әкім бе, атқарған жұмысы туралы қағаздан оқып береді. Абай мен «Абай жолы» романы арасынан хабары жоқ.

-Арқасына жал біткен біреу арақ ішіп отырып Меккеге қалай барып қажы атанып келгені туралы әңгіме соғады.

-Мұсылман елміз дейміз, қайда шықсақ та дәрет алатын орын жоқ.

-Қала ішіндегі көгалды алаңқайларды құртып, басқа жер таппағандай, орнына сауда ошақтарын саламыз.

-Маймылдың қолынан келмейтін, адам істейтін істің бәрі мәдениетке жата ма?

-Ел басқарып жүрген кейбір сауатсыздардың мені қорлайтыны сондай, кейде шыдамай жылағым кеп кетеді.

-Жасынан жүйелі білім алған адам төңірегіне тасжүрек мәңгүрттерді жинамайды.

-Салтанатты сарайлар салып, қымбат машина мінгендер мәдени құндылықтар жинадым, мәдениет жасадым деп ойлай ма екен?

-Әлдебір атасына, одан қалды көшедегі бомжыларды жинап алып ас берген жақсы шығар. Оның орнына талантты адамдарды қолдаса, дұрыс болар ма еді.

-Мәдениеттің мәйегі деп оның шырқау биік төбесін айтады ғой. Ал бізде сол биікке шықты дейтіндер бай-бишікештердің аяғы астында жорғалап табандарын жалаумен жүр.

-Қазақты жылауық еткен, бәлкім, осындай келеңсіз жағдайлар ма екен?

-Есік жабық. Кілті жоғалған.

-Ол есікті қайтсе де ашатын біреулер табылатын шығар. Елміз ғой.

Өтен Ахмет

author

Өтен Ахмет

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Абай облысына қарасты Курчатов қаласының кәріз қалдығы Ертіске құйылып жатыр. Бұл туралы Павлодар об...

Жаңалықтар

Апаттан көз жұмған 39 жастағы жігіт жергілікті компаниялардың бірінде жұмысшы болып еңбек еткен, деп...