ВГИК фестивалі – әлемдегі ең ірі студенттік кинофестивальдердің бірі. Ол жыл сайын өтеді және...
Марфуға Шапиян. «Алты жасар Алпамыстың» сценарийі қалай жазылды?
«Алты жасар Алпамыстың» сценарийі кинорежиссер, ҚР еңбегі сіңген қайраткер Қанымбек Қасымбековтың басынан өткен оқиға негізінде жазылған екен. Ол туралы режиссердің өзі «Оны негізі «Алты жасар Қанымбек» десе де болатын еді, өйткені ол тап-таза менің өмірім. Мен Қанымбек деген ақсақалдың алпысқа келгенде дүниеге келген баласымын. Шешеміз көпке дейін құрсақ көтермей жүрген екен. Ерке болып өстім. Беске келгенімде күздің алғашқы айы келіп, ауыл балалары «оқып жүрміз» деп бір жаққа барып келетін болды. Оған дейін күндіз ауылда қалып әбден зерігем. Бұл не екен деп, күнде мұңайып, сол жаққа жете алмай жалғызсырап жүрем де қоям. Менің сол бір сиқымды байқаған әкем баруға рұқсат берді…» деп еске алады.Ары қарай Валяның Маруся деген көрші неміс әйелі екенін, аңызға толы небір хикаяттарды білетін шежіреші атаның бейнесі Мұнар ата болып шыққанын тілге тиек етеді. Балалық шағындағы осы оқиғаларды Қ.Қасымбеков А.Кончаловскийге айтады. Ол қызыға тыңдағанмен қолы тимейтінін айтып, оқиға желісінде фильм түсіруге кеңес береді. Ал сценариін жазуға атақты «Война и мир» киносының сценарийін жазған Соловьевтің шеберханасынан үлкен тағлым алған Роза Хусниддинова деген шәкіртті ұсынады. Солай Роза 1974 жылы Қаныбектің ауылында бір жарым айдай қонақ болып, «Алты жасар Алпамыстың» сценариін жазып шығады. Сценарий дайын болғанда Қ.Қасымбеков «Пастердің күн сағаты» атты фильм түсіру үстінде болады да, «Алты жасар Алпамысқа» бұрылуға шамасы келмейді. Өзінің түсіруге мүмкіндігі болмайтынын ұққан режиссер Розаға сценарийді Абдолла Қарсақбаевтан басқа ешкімге бермеуін өтініпті. Осылайша «Алты жасар Алпамыс» Абдолла ағамыздың қолынан бір-ақ шығыпты.
ФИЛЬМ КЕЙІПКЕРЛЕРІ ҚАЛАЙ ТАҢДАЛДЫ?
«Балалығын ұрлатқан» – Алпамыс
Фильмнің сәтті шығуы – көп жағдайда кейіпкерлеріне байланысты болады. «Алты жасар Алпамыстың» режиссерлері де фильмнің кішкентай кейіпкерлеріне лайық балаларды ұзақ іздепті. А.Қарсақбаев Алпамыстың рөлін алып шыққан Ермек Төлепбаевты Тұраш Ыбыраевтың «Ақ автомобиль» атты қысқа метражды фильмінен көріп қалған екен. Режиссергеәсіресе, баланың көзі ұнапты. Ол Ермек-Алпамыстың көзінен сәбиге тән нәзіктік, мөлдір тазалықты көрген екен. Режиссер қателескен жоқ! Бала Ермек сол мөлдір қара көздерімен көрермен жүрегінде арада отыз жылдан артық уақыт өтсе де ұмытылмай қалып қойды.
Ал фильм туралы журналист Есей Жеңісұлына берген бір сұхбатында Ермек Төлепбаев («Жас алаш» 21 қыркүйнк 2002 ж.) «Кино менің балалығымды ұрлады. Менің құрдастарым ойнады, жүгірді, демалды. Мен ол кезде жұмыс істеп жүрдім. Қазір ойлап отырсам, балалық шақта менің өз өмірім болмапты. Мен кейіпкерлерімнің өмірін кештім. Киноға түсудің екі түрлі зардабын тарттым. Біріншіден, дұрыстап оқи алған жоқпын. Әрқашан түсіру алаңында жүретінмін. Екіншіден, өсе келе адамдардың бәрі тани беретіні жалықтырды» деп еске алады. Кинодан көңілі қалғаны сондай, Ермек қазір өзі түскен фильмдерді де көрмейді екен. «Егер Абдолла аға болмаса, киноға түспейтін едім» деген Ермектің рөлінің сәтті шығуында режиссердің үлесі мол болса керек. Фильм туралы естелік айтып берсе деген оймен, қазір жігіт ағасына айналған Ермек-Алпамысқа біз де хабарласып көрген едік. Сұхбат бергісі келмеді ме, бас тартты. Кино әлемінен мүлде ажырағысы келгендей…
Өмірден ерте өткен Қалихан
Алпамысқа әріп, есеп үйретіп, өзіне-өзі көңілі толғанда «Әй, өзім-ай!» деп өзін мақтап қоятын, тентек сары бала барлығыңыздың естеріңізде шығар?! Міне, сол Қалихан-Ұлан Сарбасовты А.Қарсақбаев футбол алаңынан тауыпты. Өзінің айтқаны болмаса өзгеге көнбейтін, өзінен ересектермен де ерегесе кетуге дайын баланы көрген Әбекең Қалихан рөліне лайық деп тауыпты. Расымен де, сол кездері жасы онға келіп қалған Ұлан өз рөлін айтарлықтай алып шықты. Ол туралы Ермек Төлепбаев жоғарыда аты аталған сұхбатында «Ол өзін-өзі ойнады. Басқаша болуы мүмкін емес» деп баға береді. Ұлан-Қалихан фильмнен кейінгі өмірде де тентектігінен арылмаса керек. Оның қайғылы өлімі туралы аңыз әңгіме көп. Біреулер 10-сыныпты бітірген соң адам өлтіруге қатысты болып түрмеге түсті десе, енді біреулер асылып өлді дейді. Тағы бір жамандыққа қимайтындары оны біреулер пышақтап кетіпті дейді. Қалай болғанда да қызғалдақ-ғұмыр ерте үзілген екен. Әттең, фильмде байқағанымыздай болайын деп тұрған бала еді ғой…
Көненің көзі – Мұнар ата
Бір өзі алып тау секілді төбе үстінде шынтақтай жататын Мұнар ата да ұмытыла қоймаған шығар. Сол Мұнар атаны қазақ өнерінің бастауында тұрған Қанабек Байсейітов ойнайды. Ең қызығы, алғашында бұл рөл А.Қарсақбаевтың досы Кененбай Қожабековке берілген екен. «Менің атым – Қожадағы» сабырлы ұстаз ше? Соның дәл өзіне. Досы мүгедек болып, арбаға таңылып қалғаннан кейін де Абдолла аға ол кісіні өз киноларынан тастамапты. Тіпті, «мүгедекті қайтесің» деп К.Қожабековты шеттеткісі келгендердің жағасынан да алған екен. Бұл жолы да режиссер досын Мұнар ата рөліне бекітеді. Ол туралы К.Қожабеков өз естелігінде («Қазақ әдебиеті» 3 қазан, 1986 ж.) «Абдолла тағы да мені «Алпамысқа» түсуге шақырды. Сценарийді оқып, көңіліме тоқып, гримделуге бардым. Көпті көрген, ауылдың дана қарты, бұрынғы балуан шал бейнесі көз алдыма келді. Фильмге түсер алдында гримделіп болып, айнаға қарадым. Әлгі Абдолла көкейіндегі, сценарийдегі дана қария тұлғасына сырт пішінім ғана емес, ішкі жандүнием, ой сезімім үйлеспейтін сияқты. Шығара алмай күлкіге қалам ба деп қорқып, күдіктене бердім. Бұл образ Қанекеме келіп тұр ғой деген ойда қалдым. Кенет айнадан бұрылып, жапсырған сақал-мұртымды жұлып тастап, коляскімен жүріп кеттім. Машинама мінейін деп жатқанда қалбаңдап Абдолла келді. Мен бас тарттым. «Бұл нағыз Қанекеңнің рөлі» деп шынымды айттым» дейді. Тіпті, өзі Қанабек Байсейітовты шақыртып әкеліпті. К.Қожабеков бірдеңе білген екен, қарт бейнесі экранда Қанабек ағаның асқар тұлғасымен, өнерімен дараланып тұрды. Бұл Қанекеңнің өнерде жасап кеткен соңғы бейнесі болыпты…
Фильм құрамындағы өзге актерлер де кілең кино өнерінің марғасқалары еді. Алпамыстың әкесін Мәкіл Құланбаев, анасын қырғыз актрисасы Бикен Қыдыкеева, Қалиханның анасын Дариға Тілендиева ойнайды. Мұғалімді ойнағанЖексен Қайырлиев те өз рөлін тәуір алып шыққан. Фильм1977 жылы Ригада өткен Бүкілодақтық кинофестивальде «Бала психологиясын жақсы ашқаны үшін» атты ең таңдаулы балалар фильміне берілетін бас жүлдені жеңіп алған.
ФИЛЬМ ОПЕРАТОРЫ КІМ?
«Алты жасар Алпамыстың» операторы Қазақстанның Халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің ұлы – Әбілтай Қастеев болғанын біреу білсе, біреу білмес. Әсіресе, Мұнар ата бейнесін таудай етіп көрсетуде оператордың рөлі зор болды. Мұнар атаны Ә.Қастеев көбінесе төменнен түсіріп отырған. Ал жақыннан алатын, қарияның айналасына көз тастайтын кадрлерінде тек мойны мен құлағын ғана беріп отырған екен.
РЕЖИССЕР ТУРАЛЫ БІР АУЫЗ СӨЗ
Өткен ғасыр қазақ киноөнерінің қарыштап, дамыған ғасыры еді. Ол туралы К.Смайылов: «Сол кездегі қазақ киносы төрт киттің үстінде тұр» дейді. Ол төрт жайыны – Шәкен Айманов, Мәжит Бегали, Сұлтанбек Қожықов, Абдолла Қарсақбаев болатын.
«Алты жасар Алпамыс» – А.Қарсақбаевтың соңғы фильмдерінің бірі. Оны үлкен махаббатпен түсіріп шыққан деседі. Талай қысастық, көреалмаушылық пен қызғаншақтықтан шаршаған режиссер ештеңеге қарамастан артында өлмес туындылар қалдырды. Тіпті, «Канн» кинофестивалінен «үздік режиссер» атанып, ол атағын екі жыл кешігіп естігенде «Мен өз халқымды әлемдегі ең үздік халық деп есептеймін, сол үздік халықтың ұл-қыздары үздік шығармалар туындатпауы мүмкін емес. Көп болса мен де соның бірі шығармын. Ең алдымен қазағым аман болсын» деп жайбарақат жүре берген екен. Десе дегеніндей оның үздік туындылары өлең болып өріліп жатты. Саят Қамшыгер:
Абдолла аға, рухың бар алға оза алар,
Сені айтсам мида сең болған ойлар қозғалар.
Халқымның сендей жігерлі ұлы азаймас,
Әр үйде жүрсе «Алпамыс» пенен «Қожалар», – десе, Сейфолла Оспан:
Таныттырдың «қол өнерін қазақтың»,
«Алты жасар Алпамыс» боп. Азат күн, –дейді.Қиянаттың құрбаны болған есіл режиссер өз фильмдерінің өлеңге айналып кетерін білді ме екен…
Серік ЖАРМҰХАМЕДОВ, «Алты жасар Алпамыс» фильмінің екінші режиссері:
Қалиханды футбол ойнап жүріп тапқан
– «Алты жасар Алпамыс» фильміне қалай келдіңіз?
– Кеңес одағы кезінде Мәскеуде киногерлер дайындайтын институт бар болатын. Сәті түсіп, соған бардым да, бір жылдан кейін өндірістік тәжірибеге қайтып келдім. Оған дейін Абдолламен анда-санда карта ойнап жүретінмін. Ара-қатынасымыз жақсы болатын. Қазіргі Қазақконцерттің үлкен залында қазақ киносы қайнап, пісіп жататын. Киноға қатысты кімді іздесең де сол жерден табатынсың. Сонда келдім. Үлкен дәліздің арғы бетінде Шәкен Айманов келе жатыр екен. «Әй, бері кел!» деп шақырып алды да, «Америкада сенің ағаларыңды көрдім. Наймандар екен. Өте бай адамдар» деді. Сол дәліздің екінші басынан Абдолла көрініп: «Ей, сары албасты! Бері кел» деді. Бардым. «Бір кино бастайын деп жатырмын. Маған екінші режиссерлікке келесің бе?» деді. Бірден келістім. Мені Мәскеуде оқып, білімді болып келді деп ойлаған болуы керек, бірден режиссерлік сценарий жазуды тапсырды. Онда камераның қалай жұмыс істейтіні, қай кезде кімнің сөйлейтіні, костюмнің қандай болатыны көрсетілетін. Бір-екі жетіде жазып апарып едім, онша ұнатпады. Расымен, нашар болатын. Бірақ, соның негізінде барлығымыз бірге қайта жазып шықтық.
– Актерлерді таңдаған кезінде Абдолла ағаның қасында болдыңыз ба?
– Сценарий бойынша Алпамыс пен Қалихан рөліне дұрыс таңдау жасамаса фильм өз деңгейіне жете алмай қалуы әбден мүмкін еді. Алпамыс дене бітімі шағын, әлжуаз, батыл іс-әрекетке бармайтын нәзік жанды бала. Алпамыстың рөліне аса қиналған жоқпыз. Оған Ермек Төлепбаевты түсіретін болдық. Ал Қалиханның рөліне бала іздеу оңайға түскен жоқ. Қала маңындағы мектептерді түгел аралап шықтық десек болады. Фото, кинобайқаулар түсірдік. Бала табыла қоймады. Бір күні Абдолла «бүгін кетіп қалма, кешке балалармен доп ойнаймыз» деді. Қаланың шетіндегі алаңқайға келдік. Балалар екі жаққа бөлініп, футбол ойнауға дайын тұр екен. 10-12 жас шамасындағы балалар. Әбекең қақпашы болды, тәпелтектеу мығым келген сары балаға «орталық қорғаушы боласың» деді. Әдетте қақпашы қорғаушыларға «ана шабуылшыны өткізбе, мына шабуылшыға сақ бол» деп ескертпелер жасап отырады. Әбекең жобаға келмейтін нұсқау берсе керек, бір кезде жаңағы мығым бала жетіп барып, екі қолын сермеп-сермеп жіберді. Қатуланып, ойынның заңын бұзған қорғаушыны жеп қоя жаздады. Мінез деген қандай! Біз іздеген Қалихан осы еді.
– Абдолла ағаны бала психологиясын жетік білетін режиссер ретінде бағалайды. Фильм түсіру барысында осы бағаның растығына көзіңіз жеткен кез болды ма?
– Бір күні Әбекең «Түсіруді жалғастыра беріңдер» деді де, өзі кетіп қалды. Әбілтай екеуміз Қалиханның мектептен қайтып келе жатқанын түсірдік. Қайтарында оны Алпамыс қарсы алады. Алпамысты іс үстінде көрсетейік дедік те, ақырға шөп салдырып қойдық. Ауланың іші, бір мая шөп, буыны қатпаған жас бала мықшыңдап атқа шөп дайындап жатыр. Қалихан келгенде қолындағы айырын тастай салып алдынан шығады. Өзімізше қатырдық деп ойладық. Бірақ Әбекең келгеннен кейін «Қайта түсіреміз» деді. Қалиханды жанына шақырып, жейдесінің түймелерін ілгерілі-кейінді салып, қолындағы портфелін тізесімен тепкізіп қойды. Мектепке мұнтаздай болып кеткен бала аяқ киімін шешіп, мойнына іліп алып келе жатты. Тапқырлық деген осы емес пе? Расымен де, Қалихандай бала мектептен тыныш қайтушы ма еді?!Фильмнің түсірілгеніне отыз жыл өтсе де, көрермен дәл осы жерін көргенде бір желпініп қалады.
Дариға ТІЛЕНДИЕВА, «Алты жасар Алпамыс» фильміндегі Қалиханның анасы:
ҚАЛИХАННЫҢ ӨМІРДЕН ӨТКЕНІН ЕСТІГЕНДЕ ЖҮРЕГІМ АУЫРДЫ
– Қалиханның анасының рөліне қалай бекітілдіңіз?
– Фильм Талғар ауданының Рысқұлов колхозында түсірілді. Қалихан деген бұзық баланың анасын ойнадым. Фильмге түсемін деп ойлаған жоқ болатынмын. Оған дейін «Құлагер», «Қыз Жібек» фильмдерінде қосалқы рөлдерді сомдағанмын. Абдолла Қарсақбаевтың фильмдерінің барлығына музыканы Нұрағаң жазған. Бұл фильмге де Нұрағаң музыка жазатын болған соң, бас тартпадым. Фильм алма, өріктің піскен уақыты тамылжып тұрған жаз айларының бірінде түсірілді. Топтағыактерлер жақсы болса фильмнің қалай біткенін білмей қалушы едік. Бізде қыс түсіп кетті де фильмнің жалғасы Тәжікстанда түсірілді.
– Фильм барысында қандай да бір қызық оқиға орын алды ма?
– Есімде ерекше қалып қойған бір оқиға бар. Түсірілім жүріп жатқан кез болатын. Ертең алғашқы қоңырау, балалардың мектепке баратын күні. Қалиханды анасы екі шелек беріп, суға жұмсайды. Ойын баласы шелекті даңғырлатып барып, су басынан Алпамысты көріп ойнап кетеді. Анасы бір жағынан кір жуып жатады. Су болса жоқ. Біраз уақыт өткен соң екі шелек суды алып келе жатқан Қалиханға ұрсамын деп, «Қайда жүрсің?!» деп айқай салып, ұмтылып ұрайын дегенімде омақаса құладым. Бала қашып кетті. Бүкіл денемді, аяғымды ауыртып алдым. Есесіне Абдолла аға риза болды. Ол кісіге керегі сол еді. «Керемет кадр болды» деді. Сол сюжет фильмде шықты. Ал менің бірнеше күнге дейін бүкіл денем ауырып жүрді. Еңбегіміз ақталды, фильм сәтті шықты. Мәскеуде бір жылға таяу уақыт экраннан түспепті.
– Абдолла ағаның режиссерлігіне берер бағаңыз қандай?
– Абдолла аға – нағыз шығармашылықтың адамы еді. Бірақ ол кісіге қиянат көп жасалды. Абдолла аға бір кинофестивальде Радж Капурмен кездесіпті. Екеуі танысып, достасып кетеді. Радж Капур Абдолла ағаның фильмдеріне риза болады. Келесі бір фестивальде Абдолла ағаның жолы кес-кестеліп, қолы жеткен басқа біреу барады. Радж Капур бірден өзінің ескі досын сұрайды. Сөйтсе, бізден барған адам аузы-басы қисаймай «Абдолла қайтыс болған» депті. Ана кісі қатты қайғырып «Қандай режиссер еді… қандай талант!» деп өкініш білдіріп қала беріпті. Келесі бір фестивальге Абдолла да барады, сөтсе Радж Капур құшақтай алып «Сені қайтыс болды деп еді ғой» деген екен. Абдолла ағаға бұл оқиға да оңай тимейді.
– Фильмдегі ұлыңыз Қалиханмен кейін араласып тұрдыңыз ба?
– Фильмнен кейін араласа алмадық. Кейін іздестіріп көріп едім, қайтыс болып кеткенін естідім. Жанып тұрған бала еді ғой. Өмірден өткенін естігенде жүрегім ауырды. Жігіт болғанын көрсем деуші едім…