Ұлттық архивте «Әлкей Марғұланның әлемі» атты көрменің ашылу салтанаты өтті

ҚР Ұлттық архиві

Жаңалықтар
671

Ұлттық архивте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, археолог, тарихшы, этнограф, шығыстанушы, өнертанушы, мәдениеттанушы, тілші, шоқантанушы, эпостанушы Әлкей Марғұланның 120 жылдығына орай «Әлкей Марғұланның әлемі» атты құжаттық көрме ашылды. Көрменің басты мақсаты ғалым мұрасын насихаттау, жас ұрпаққа құжаттық көрменің маңыздылығын дәріптеу. 

Салтанатты іс-шараға Әл­кей Марғұланның қызы Да­нель­ Мар­ғұлан, Мәде­ниет және ақпарат вице-министрі Ербол Әліқұлов, Парламент Сенатының депу­та­ты Алтынбек Нұх­ұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай, айтыс ақыны Баянғали Әлімжан, филология ғылым­дары­ның докторы, профес­сор­ Серік Неги­мов пен Тұрсын Жұрт­бай, бас­қа да зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Әлкей Хақанұлының аудар­­ған хаттары, мақалалары, қа­зақ да­ласынан тапқан ерекше су­рет­тері, оқу орындарында жаз­ған еңбек­тері бүгінгі ғы­лыми айналым­ның сүбелі мате­риалдарының қатары­на кіреді. Әлкей Хақанұлы көп ашыла бермеген көне дәуір­лер­ге саяхат жасап, біздің байырғы мәдениетімізді ақ қағазға алтын әріптермен жазған ғалым. Әлкей Марғұланның 100 жылдық ме­рейтойы ЮНЕСКО шеңберінде аталып өтті. 2003 жылы С.Торай­ғыров атындағы Павлодар мем­лекеттік университетінің алдында және 2007 жылы Алматыдағы Ұлттық ғылым академиясының жа­нында қоладан бюст-ескерт­кіш орнатылды. Сондай-ақ Баянауыл ауданының Құндыкөл аулын­дағы жалпы орта білім беру мектебі мен Баянауыл орталығында орналас­қан көшеге есімі берілді. Биыл 120 жылдық мерейтойының аясында еліміздің әр аймағында түрлі мәдени іс-шаралар өтпек. Тектілікке тән жасампаздық туын өмірінің асқақ тұғыры деп білген ұлт зиялылары елге қызмет етуде рухани жарасымдықты көрсете білді. Қазақ руханиятында сондай кемел қасиетке ие дара тұлғалардың бірегейі Әлкей Марғұлан. Ол ешқашан ұлт жадынан өшпейді», деп атап өтті вице-министр Ербол Әліқұлов.

Ғалымның қызы Данель Мар­ғұлан әке есімін ардақтаған ауқым­ды іс-шара үшін алғыс айтып, ескірмес естеліктерімен бөлісті.

«Әкемнің ұлы ғалым екенін кеш түсіндім. Тірі кезінде ел қатарлы жұмыс істеп жүр деп қана ойладым. Кейіннен том-том кітаптарын шығарған кезімде ол кісінің қалай жұмыс істегенін сезіндім. Оның монографияларын оқып отырып қазақ мәдениетіне қаншалықты үлес қосқанын білдім», - дейді қызы.

Әкесінің бүкіл еңбегін жинап, 14 том етіп баспадан шығуына барын салған қызына қандай құрмет көрсетілсе де лайық шығар. Ұлттық архив басшылығы Дәнел Әлкейқызының иығына шапан жауып, сый-сыяпат көрсетті. 

«Ұлттық архивте Әлкей Марғұланның 2012 жылы ашылған жеке тек қорының құжаттары бар. Бұл өте бай қор, құнды жәдігерлер, қолжазбалар. Әрине бұл қор толықтырылуда.  Ол кісінің жеке қорындағы құжаттар өте көп. 182 іс бар. Оның ішінде ең маңызды құжаттары, сызбалары, сонау Күлтегін-Тоныкөк кезіндегі тастарды зерттеулері бар. Ұлытау өңірінің өзінен жүзден аса тасты зерттеген. Қазір соның жартысы жоқ. Бірақ Әлкей Марғұланның зерттеуінің арқасында бізде – Ұлттық архивте сол кездегі жазбалардың, тастардың зерттеу жазбалары бар», - деп атап өтті ҚР Ұлттық архивінің директоры Сағила Нұрланова.

Айта кету керек, Әлкей Марғұланның құжаттары мен археологиялық зерттеулерін қызы Дәнел Әлкейқызы 2012 жылдың мамыр айында Ұлттық архивке тапсырған екен. Осы жылдың тамыз айында Дәнел Әлкейқызының өтінішімен С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіндегі жеке архиві әкелініп, хаттарына ғылыми техникалық өңдеу жүргізіліп, 150 сақтау мәтінін құрайтын құнды құжаттар Ұлттық архивке тұрақты сақтауға қабылданыпты. Оның барлығы қазіргі уақытта №195 қорда сақталуда.  

Көрмеге Әлкей Марғұлан­ның өмірінен сыр шертетін 90-нан аса құнды құжат қойылды. Атап айтсақ, «Шоқан Уәлихановтың көркем мұрасы» мақаласы, «Қа­зан университетінен алынған қол­жазбалар», «Қола дәуірі қорым­дары» мақаласы, сондай-ақ Жошы хан кесенесі мен Айша бибі маза­рының сызбасы, Маңғыстау өлке­сінің этнографиялық жазбала­ры, ру таңбалары, архитектура­лық құрылыс материалдарының сызбалары мен суреттері таныс­тырылды. 

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...