Елімізде 6 шілдеде Астана күні атап өтіледі. Осы мерекеге орай Астанада 100-ге жуық түрлі іс-шара...
Халықтың пікірі – ең құнды ресурс
https://adildik.org.kz/
«Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қоры халық арасында жүргізілген әлеуметтік мониторингтің қорытындысын жариялады, деп хабарлайды madeniportal.kz
Сауалнама нәтижесі - Қордың әлеуметтік іс-әрекеттер платформасына арқау болады.
Наурыз айында басталған әлеуметтік мониторингтің мақсаты – халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, еңбек адамының қауіпсіздігі мен құқығын қорғауға, билік органдарының қызметіне қоғамдық бақылауды ұйымдастыруға қажет басты қадамдарды анықтау болатын. Бастысы, Қор өңірлердегі өзекті мәселелерді шешу үшін сол аймақ тұрғындарынан бастамалары мен ұсыныстарын жинады. Барлық өңірден 3000-нан астам адам өз пікірін білдірді.
Сонымен, қазақстандықтар әлеуметтік саясаттан не күтеді? Бұл ретте респонденттер халықтың өмір сүру сапасын жақсарту миссиясын бірінші орынға шығарды. Және ол үшін сауалнамаға қатысқандардың 75%-ке жуығы тегін медициналық қызметтердің сапасын арттыру қажет деп санайды. Әсіресе, 46 мен 60 жас аралығындағы азаматтар осы мәселені шешу маңызды деп санайды.
Өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған шаралардың өзектілігі рейтингінде екінші орында жоғары оқу орындары мен колледждерде сапалы білімнің қолжетімділігі (55%), елдегі қоғамдық қауіпсіздікті, азаматтық бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету (54%), сондай-ақ әділ сот жүйесін құру (51%) мәселелері тұр. Әсіресе, үлкен буын өкілдері (60+) қауіпсіздік мәселесі мен әділ сот жүйесін құру мәселесіне басым дауыс берген. Ал, үшінші орынға азаматтарды қолжетімді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету проблемасы шықты (46%).
Әлеуметтік мониторингке қатысушылар кедейлікпен күресу үшін ең қажетті тауарлар бағасын бақылау керек деп санайды (бұл шараны, жас санатына қарамастан, респонденттердің 97%-ы қолдаған). Сондай-ақ, кәсіпорын қызметкерлерінің жалақысын инфляция деңгейінен төмен болмауы үшін тұрақты индекстеу (95%), тұтыну себетінің көлемін ұлғайту (94%), сондай-ақ респонденттер шетелдіктермен салыстырғанда, Қазақстан азаматтарының жалақысын кемсітуге заңнамалық деңгейде тыйым салу (92%) керек деп санайды.
Сауалнамаға қатысқандардың 85%-дан астамы ірі бизнестің (дағдарысқа қарсы жарналар, қайырымдылық, жеке кәсіпорындарда жалақыны индекстеу) қатысуын және әлеуметтік аз қамтылған топтың қайтарымсыз қарызына кредиттік рақымшылық жасауды қолдап дауыс берген.
Кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігі үшін жұмыс берушінің жауапкершілігін заңнамалық деңгейде күшейту керек. Респонденттердің 94%-ы еңбек адамының мүддесін қорғауда бірқатар кешенді шаралар қажет деп санайды. Олардың қатарында қауіпсіздік техникасының сақталуына қоғамдық бақылауды күшейту, кәсіподақтардың өкілеттіктерін кеңейтуге байланысты шаралар бар (90%).
Сондай-ақ әлеуметтік мониторинг барысында қазақстандықтарға атқарушы биліктің жұмысына қоғамдық бақылау орнату маңыздылығына баға беру ұсынылды.
«Сауалнама нәтижелеріне сүйенсек, мемлекеттік органдардың қызметін қоғамдық бақылау халық үшін әлеуметтік әділдіктің ажырамас бөлігіне айналды. Осылайша, азаматтар арасында елді басқаруға белсенді қатысуға ұмтылыс байқалады», - дейді «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының директоры Дана Рысмұхамедова. «Халық арасында әкімдіктер, министрліктер мен мемлекеттік компаниялардың реформаларды іске асыру жөніндегі іс-әрекеттерін қоғамдық бақылау, биліктің ашықтығы мен цифрландыру және тегін заңгерлік көмек көрсету арқылы ел тұрғындарымен кері байланыс орнатуды күшейту шаралары жоғары сұранысқа ие. Әлеуметтік мониторингке қатысушылардың жартысынан көбі дәл осы шараларды мақұлдады», - деп жалғастырды спикер.
Ұлттық байлықты бөлу тармағында респонденттер, ең алдымен, халыққа көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің спектрі мен сапасын арттыру, Ұлттық қордың жұмысына қоғамдық бақылауды күшейту, олигархтардан алынған қаражатты кедейлікпен күреске жұмсау, елден сыртқа шығарылған капиталды қайтару қарқынын арттыру арқылы әлеуметтік саланы қаржыландыруды арттыру, еңбекақы деңгейін және ең төменгі жәрдемақыны екі есеге көбейту керек деп есептейді. Мониторинг нәтижелеріне сәйкес, бұл шараларды респонденттердің 96% - дан астамы қолдаған.
Өңірлердегі өзекті проблемаларға тоқталатын болсақ, инфрақұрылым (нашар жолдар) және ресурстар (су проблемалары) мәселелері көш бастап тұр. Екінші орынға сауалнамаға қатысушылар – төмен жалақы, сапасыз және қымбат медицина, жұмыссыздық, экологияның нашарлығы сынды әлеуметтік мәселелерді шығарған. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы проблемалары (жайылымдардың болмауы, жер даулары), баспана бағасы мен сыбайлас жемқорлық та қазақстандықтарды алаңдатып тұр.
Мониторинг барысында алынған бұл деректер Қордың іс-әрекеттердің әлеуметтік платформасын жасауға арқау болады, ол әрбір өңір бойынша нақты іс-қимыл жоспарларымен толықтырылады.
Анықтама үшін: «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қоры еліміздің барлық өңіріндегі белсенді азаматтардың бастамасымен құрылды. Қордың негізгі миссиясы - қазақстандықтардың мүдделерін білдіру, олардың еңбек құқықтарын қорғау, мемлекетпен өзара қарым-қатынастарға жәрдемдесу, ірі қалалар мен ауылды жерлерде адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту. Қордың негізгі құжаты – барлық азаматтарға арналған Манифест- үндеуді ұйым белсенділері әзірледі, ол құжат еңбек адамының құқығын қорғау, ұлт байлығын әділ бөлу, заң алдындағы теңдік, барлығына бірдей мүмкіндік, әр азаматтың қадір-қасиетін құрметтеу және қорғау, азаматтардың шешім қабылдауға қатысуы секілді қадау-қадау алты қағидадан тұрады.