Парижден 73 шақырым жерде орналасқан Дживерни қаласында француздың атақты суретшісі Клод Моненің ең...
Депутат халықтың қарызға өмір сүріп жатқанына алаңдаушылық білдірді
Фотосурет ашық дереккөзден алынды
2023 жылғы бюджет қаражатының 489 млрд теңгесі тиімсіз жұмсалған. «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев ҚР Үкіметінің және Жоғары аудиторлық палатасының 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебіне қатысты пікір білдіріп, баяндама жасады, – деп хабарлайды madeniportal.kz тілшісі aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылға қарай ұлттық экономиканы 2 есеге өсіру межесін тапсырған болатын. Осыған орай, Үкімет пен билік үшін алдағы 6 жылдық – тынымсыз жұмыс пен қажетті шешімдер қабылдайтын кезең болмақ.
Дегенмен, экономиканың ахуалын бейнелейтін бірқатар көрсеткіштер әлі де көңіл көншітпейді.
"Мысалы, елімізде жұмыс істейтін 10 миллион адамның 9 миллионында несие бар болса, ал борышкерлер реестрінде, яғни қарызын қайтара алмай, қиналып жүрген жеке тұлғалардың саны – 3,4 миллион адам.
Оған қоса, еліміздегі тұтынушылық несие көлемі 2022 жылы 13,2 трлн теңге болса, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 18,2 трлн теңгені құрап отыр. 1 жылда несие алушылардың сомасы – 5 триллионға өскен. Бұл цифрлар – халықтың қарызға өмір сүріп жатқанының айқын көрінісі", – деді депутат.
Сондай-ақ ол 2023 жылғы бюджет қаражатының 489 млрд теңгесі тиімсіз жұмсалғанын атап өтті. Оның ішінде 70 млрд теңге игерілмеген, 87 млрд теңге қазыналық шотта қалып қойған.
Сол секілді елімізде төлемдердің шамамен 70 пайыздан астамы банк карталары мен жүйелері арқылы қолма-қол ақшасыз түрде жүргізілсе де, көлеңкелі экономиканың үлесі үлкен. Ол ресми деректер бойынша 25%-ті құрайды. Ал бейресми мәліметтер бойынша одан әлдеқайда көп.
"Ел болып табатынымыз – 14,5 триллион, ал жұмсайтынымыз – шамамен 23 трлн. Яғни, 35 процент мемлекеттік бюджет қарыздан, қордан құралады. Бұл – өте қауіпті құбылыс, яғни қаржылық баланс жоқ.
Оған қоса, мемлекеттік қарыздың сомасы жылдық бюджеттен асып жығылып 27 трлн теңгені құрауда. Ол бойынша төлейтін қызметтік шығындарымыз жылына 3 трлн-ға жуық қаражатты құрап отыр.
Осы олқылықтарға қарамастан, Үкімет тарапынан бюджет тапшылығын Ұлттық қор есебінен жабу әлі тоқтамай келеді.
Ал, қорымыздағы жағдай да мәз емес. Ұлттық қор деп ауыз толтырып айтқанымызбен, онда жинақталған 60 миллиард доллар Қазақстанның сыртқы қарызына пара-пар қаржы ғана", – деп нақтылады Е.Бейсенбаев.
Оған қоса, ұлттық жобалардың орындалуында да олқылықтар кездесетінін айтты.
– Мысалы, Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2022 жылдың қарашасынан бастап іске қосылған «Жайлы мектеп» жобасы үш рет қайта қаралды. Саны да қысқарды. Бастапқы межеленген 401 мектептен 369 мектепке түсті.
Сондай-ақ, әрбір мектептің жобалық-сметалық құжаттамасын дайындау шығыны да 35%-ға өсіп кеткен.
Ауылдағы балалар ең үздік мектептерде білім алсын деген Президенттің бірегей жобасын сапалы әрі уақытылы орындауға міндеттіміз.
Әріптестер, сөз басында бюджеттің атқарылуы бойынша бірқатар сыни мәселелерге тоқталып өттік. Әрине, жұмыс болған соң, қателіктердің болатыны анық, – деді Мәжіліс депутаты.
Осы ретте Елнұр Бейсенбаев Парламенттегі ең ірі Фракцияның атынан жоғарыда көтерілген мәселелердің осы жылдың соңына дейін оң шешімін табуын сұрады.