Алматы медиаторлары акция өткізді

АССАМБЛЕЯ
728

2011 жылдың 28 қаңтарында Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Медиация туралы» Заңға қол қойғаны есімізде. Сол ағымдағы жылдың 5 тамызынан Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласында медиацияны дамытуға қолдау жасалып, Қазақстан халқы Ассамблеясы Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңын жүзеге асыра бастады.

Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен республикалық бірыңғай медиация күніне байланысты кең-байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде «Ашық есік» акциясы өткізілді. Аталмыш шарада азаматтарға медиация хақында тереңірек түсініктемелер мен кеңестер берілді. 

Сондай-ақ еліміздің барлық қалалары, жоғарғы оқу орындары мен колледждерінде, мемлекеттік органдарда, «Нұр Отан» партиясы, сондай-ақ  кәсіподақ федерациялары мен бюджеттік мекемелерде «дөңгелек үстелдер», семинарлар, форумдар, клубтық бас қосулары мен азаматтарды қабылдаулар ұймдастырылып,  тұрғындармен кездесулер өтті. Осы іс-шараларға кәсіби және кәсіби емес медиаторлар да бір адамдай ат салысты. Қазақстан халқы Ассамблеясы, «Нұр Отан» партиясы, халыққа қызмет көрсету орталықтары, АХАЖ органдары, сот, прокуратура, заң органдары, адвокатура, нотариат, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтары, БАҚ өкілдері және басқа да мүдделі тұлғалар тарапынан белсенділік көрсетіліп, акцияның нәтижелі өтуіне өз үлестерін қосты.

Медиация дегеніміз - бейтарап, әділ, жанжалға жол бермейтін тараптың қатысуымен дау-дамайларды реттеудің табысты тәсілі болып табылады. Яғни  жанжалдардың өршуіне жол бермей, алдын алу арқылы ушықтырмай, сотқа жеткізбей шешуді қарастыратын жол. Осындай амалдарға сүйеніп азаматтардың  құқықтық сауаттылығын көтеріп, қоғамдағы белсенділін арттырады.

Қазіргі кезде қоғамдық сананы жаңа арнаға түсірудің бірден-бір айқын жолы - осы медиация институты екенін мойындап, оны халық арасына насихаттай түсудің маңыздылығын түсінгеніміз жөн сияқты. 

Осыған орай республика бойынша облыстық және қалалық «Достық үйлерінде»  Қазақстан халқы Ассамблеясының 17 медиация кабинеті жұмыс істесе, аудандар мен ауылдық округтерде 829 медиация кабинеті бар. Осы жылы Қазақстан республикасындағы қоғамдық (кәсіби емес) медиаторлар саны 3169 адамға жеткені де бұл соны жаңалықтың қарқынды дамып келе жатқанының дәлелі дегіміз келеді.

Кез-келген дау-дамайды мәдениетті түрде шешуге тырысып, ортақ ымыраға келуге ұйғарым жасай білу - азаматтық қоғамның санасының өскендігінің белгісі. Демек еліміздің әр азаматы өзіне жүктелген жауапкершілікті сезініп, қоғам алдындағы міндетін толықтай түйсінуі үлкен жетістік.  

Бұл өз тарапында Қазақстан қоғамының тұрақтылығын және өзге де әлеуметтік құрылымдардың бір тұтастығын қамтамасыз етіп, бейбіт, тату-тәтті өмір сүруге жол ашатын анық қадам.

Қазақстан эволюциялық даму арқылы ғана өзінің алға қойған міндеттерін толыққанды атқара алады. Осы орайда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру басты мақсаттың бірі болып саналады. Ол үшін қоғамда прагматизмді, білім культін және бәсекеге қабылеттілікті қалыптастыруымыз тиіс. 

Мемлекет басшысының қоғамдық медиацияның өркедеуіне үлес қосуын талап еткен тапсырмасы - Қазақстан халқының бірлігін арттыратын оңды қадам екені баршаға аян. Осы тапсырманы орындау барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы медиаторлар желісін қамқорлыққа алды. Медиаторлар арқылы тек дау-дамайды шешіп қана қоймай, оның алдын алу мақсатында және құқықтық мәдениетті дамытуға жол ашатын көздерін қарастырды. Яғни Жоғарғы сот, Судьялар одағы, Республикалық адвокаттар алқасы, Нотраиалдық палата, Денсаулық сақтау палатасы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және ұзын саны қырықтан астам тараппен ынтымақтастық жайлы меморандумдарға қол қойысты.

Еліміз бойынша медиаторлар араласқан 8355 дау өткен жылы жағымды шешіммен қорытыланса, соның 7724 ісі сотқа жүгінумен тынды. Мысал ретінде айта кету керек: 2018 жылдың 5 айы көлемінде тіркелген өтінімдер саны 9213 болса, соның 3046-сы бетпе-бет кеңес беру үстінде ымыраға келген, ал 6117 іс кәсіби медиаторлардың араласуымен медиациялық амал арқылы үйлесімін тапты.    Сонымен қорыта келгенде медиация институтының елімізде қарқынды дамып келе жатқанын анық аңғаруға болады. 

Ата-бабаларымыз ежелден дау-дамайды өз ортасында шешіп келді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін таба білген дана халықтың өкіліміз. Сөзге тоқтап, әділ шешімге мойынсұнған адал жұрттың жұрнағымыз. Бүгінгі медиация қызметі де сол бабалар жолын қуған арағайын татулығын сақтауға бағышталған қадірлі қадам. Арбаны сындырмай, өгізді де өлтірмей алып шығу асқан шеберлікті талап етеді. Біреуді кіналап, екіншісін ақтау арқылы шешім шығару әлдеқайда жеңіл болар. Ал дауласқан екі жақты өзара көңіл толатындай бір ортақ мәмлеге келтіру дегеніміз – біреуді даттап, біреуді жақтайтын сыңаржақтылығы жоқ, таза  медиация болып табылады.

Осы шара аясында, 5 тамызда Республикалық бірыңғай медиация күніне байланысты, Алматы қаласы Әуезов аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығында - «Республикалық ашық есік күні» өткізілді. Бұл іс-шараға республикалық, қалалық этномәдени бірлестіктерінің жетекшілері мен белсенді топ өкілдері қатысты. Сондай-ақ Алматы қалалық, аудандық соттары мен кәсіподақ ұйымдарынан, Алматы қаласының прокуратура қызметкерлері, Алматы қаласының «Нұр Отан» ХДП- сы және медиация орталықтарының өкілдерімен қатар кәсіби және қоғамдық медиаторлары да белсенділік танытты.  

Алматы қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Ахметжан Шардинов:

- Бүгінгі таңда жергілікті атқару органдарында жиырма кәсіби емес медиатор жұмыс атқарады. Олардың он үші Алматы қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметкерлері сапынан жасақталған. Алматы қаласындағы «Достық үйінде» 2015 жылдың 23 желтоқсанынан бері медиация кабинеті қызмет көрсетіп келеді, - дейді сөз арасында. 

Акцияның басты мақсаты азаматтарға өміршең кеңес беріп, медиация қызметінің ұстанымы туралы ақпарат тарату болатын-ды. Қоғамның саулығы – мемлекеттің беріктігіне кепілдік беретін басты қағидат екен қаперден шығармағанымыз абзал болар.

Заман Төлеуов 

author

Заман Төлеуов

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...