«Ұлттық домбыра күні» Алматы қаласында биыл екінші мәрте тойланды. Сол дүбірлі мереке үс...
Біздің міндет – қоғамдық келісімнің нығаюы мен ел бірлігін бекемдеу
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев құрған қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделі – Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінгі таңда халықаралық тұрғыда толық мойындалды. Себебі, елімізде тұрақтылықты, этносаралық келісімді қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының біріне айналған, деп хабарлайды "Мәдениет порталының" тілшісі.
Сарыарқаның төрі, еліміздің индустриалдық жүрегі, ерекше рухани энергетикасы, көне дәстүрлері бар ірі мәдени орталықтың бірі әрі бірегейі – Қарағанды облысы. Бұл күні облыстағы Қазақстан халқы Ассамблеясында 49 этномәдени бірлестік, 216 Қоғамдық келісім кеңестері, Журналистер мен сарапшылар клубы, Аналар кеңестері, Жаңғыру жолы жастар қозғалысының өңірлік штабы, қалалар мен аудандарда облыстық қоғамдық бірлестіктердің 4 филиалы және 23 бастамашыл тобы, 3 Достық үйі жұмыс істейді. Халық пен билік арасында алтын көпірге айналған қоғамдық келісім кеңестері бұл күнде этносаясат саласындағы мәселелердің шешілуіне ғана емес, этносаралық қарым-қатынасты зерттеуге үлес қосуда. Ал, Аналар кеңесі жанұя институтын қалыптастыруға ұйытқы болып, отбасы құндылықтарын насихаттаса, Достық үйінде ашылған медиация кабинеті бітімгершілік жүйесін насихаттап, көптеген даулардың тиімді шешілуіне мұрындық болуда.
Ассамблея – облыс халқының жағдайынан хабардар болып, кез келген жағдайда қол ұшын беруге даяр. Мәселен, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға бағытталған «Қайырымдылық керуені» акциясы көңілі жарым, жағдайы жоқ отбасыларға көмек көрсетіп қана қоймай, келешек ұрпақтың бойында жанашырлық, көмек қолын созу сияқты рухани қндылықтарды сіңіруде.
Арқа журналистерінің басын қосып, ортақ мүдде жолына жұмылдырған Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының Журналистер мен сарапшылар клубы құрылған болатын. Клуб мемлекеттік саясатты жетілдіру, этносаралық келісім мен қоғамдағы тұрақтылықты нығайту бойынша мақалаларды, этносаралық сипаты бар тақырыптарды дұрыс мазмұндау бойынша БАҚ үшін ұсынымдар әзірлейді. Құрамына республикалық және өңірлік БАҚ-тың этносаралық тақырыпқа жазатын 22 журналист пен этносаралық қатынастар саласындағы сарапшылар, этномәдени орталық өкілдері кіретін клуб мемлекеттік төзімділікті, этносаралық, конфессияаралық келісімді, азаматтық бірлікті, патриотизмді және рухани-мәдени тұтастықты нығайтуға ықпал етуде ауқымды шаралар атқаруда.
Төртінші билік ретінде бұқаралық ақпарат құралдарының мемлекеттік саясатты жүргізу маңыздылығына ерекше мән берген Елбасымыз – Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев та бұл саланың дамуына айрықша көңіл аударады. Айта кету керек, Қарағанды облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ тапсырысымен тоқсан сайын «Достық аймағы» журналы жарық көреді. Форматы жағынан республикалық деңгейде әзірге жалғыз басылым бүгінде оқырмандары тарапынан оң бағаға ие болған. Ассамблеяның көп функционалды assembly.kz веб-порталының жұмысы өз алдына бөлек дүние. Аймақ жаңалықтары үздіксіз жарияланатын сайтта Ассамблея жұмысы туралы толдық мағлұмат алуға болады. Журналистер және сарапшылар клубымен тығыз жұмыс істейтіңн журнал жұмысы да, сайт та мемлекеттік саясаттың үлкен бір бағыттарының бірі. Сондықтан, клубқа мүшелікке енген әр журналистің қаласынан шыққан ұлтаралық, дін аралық татулық тақырыбындағы мақалалар тұрғындардың осы саладағы сұрақтарына толық мағлұмат береді.
Тағы бір маңызды құрылым – Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының Жаңғыру жолы жастар қозғалысы. Тәуелсіздік жылдары жас көшбасшылардың тұтастай тобын тәрбиелеп шығарған Облыстық ҚХА өткізген тағылымды іс-шаралар аймағымызға ғана емес, республикада да кеңінен танымал. Осы мәселенің маңыздылығын ескере отырып, облыстық Ассамблея кеңесі Жастардың үйлестіру кеңесін құрды.
Бүгінгі күні Қарағанды облысының штабы өңірдің жас тұрғындарын бейбітшілік пен келісім саясатына тартуға, ҚХА мақсаттары мен міндеттерін түсіну картасын жасауға, этносаралық және конфессияаралық келісім ұғымдарының мән-мағынасын ашуда белсенді жұмыстар жүргізіп, «Nur Otan» партиясының ҚОФ «Jas Otan» жастар қанатымен белсенді қарым-қатынас орнатты. Бірлескен күш-жігердің арқасында облыстық ҚХА құрылымдарының жас көшбасшылар пулы құрылды. Аймақтың жоғары оқу орындарының басшылығымен бірлесе отырып, «Жарасым» студенттік клубтары ашылды. Ал, басты жетістіктердің бірі – Елбасының еңбек отаны – Теміртау қаласында «Жаңғыру жолы» қалалық штабының ашылуы болды. Ал, жобалар арасынан Достық үйінің базасындағы «Bilim Ortalygy» зияткерлік аймағының ашылуын атап айтуға болады.
Қарағанды медицина университетімен бірлесіп, аймақтың 8 жоғары оқу орындарының белсенді студенттерін біріктірген «Сарыарқа жастары» атты студенттік жастардың облыстық форумы өтті. Форум аясында жастар стартаптарының көрмесі бүгінде жергілікті билік пен бизнес-құрылымдардан қолдау тапты.
Елдегі мәдени-тілдік ортаны одан әрі үйлестіруді, рухани ортақ құндылықтардың, мақсаттар мен міндеттердің бірлігін қамтамасыз етуге бағытталған «Қазақтану», «Мәміле», «Мың бала», «Бұқарекең жырлайды», «Даланың дара данасы», «Күлтегін жыры. Ұлы Дала дастаны», «Елтану», «Қоғам қайраткері Жұмабек Тәшенов атындағы байқау» сияқты жобаларды іске асыруда. Қатпарлы тарихымызды танып-білуге, азаматтық бірегейлікті, қоғамдық келісімді және Қазақстан халқының жалпыұлттық бірлігін дамытуды көздеген «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» жобасы да жыл сайын дәстүрлі өтеді. Бұл ілкімді жобалардың барлығында этномәдени бірлестік өкілдері ниет білдіріп, белсенді түрде араласады. Атап айтсақ, жастардың арасында рухани тұрақтылықты дамыту және патриоттық құндылықтарды тәрбиелеу, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру және этнос өкілдеріне қазақ халқының дәстүрін, тарихын насихаттау мақсатында өткен биылғы шараларда Анастасия Порхоменко, Юрий Михуля, Елизавета Седышева, Оксана Менделюк, Жанна Сеченева, Владимир Кузнецов, Тимур Тен, Минара Гучигова жүзден жүйрік шығып, республика бойынша үздіктер қатарынан көрінді. Республика бойынша алғашқылардың бірі болып Мәміле сұхбат клубын ашқан да Қарағандының Достық үйі. Сондай-ақ, Ардагерлерді ардақтайық бағдарламасы аясында облысты Нұр Отан партиясымен бірлескен Белсенді өмір орталығы ашылды. Қазыналы қарттардың бос уақыттарын пайдалы өткізу үшін Достық үйінде бар жағдай жасалған. Компьютер сыныбы, дене шынықтыру, хореаграфия залдары, мемлекеттік және ағылшын тілдерін оқыту кабинеттері бар.
Облыстық Ассамблеяның қолдауымен өңірдің әлеуметтік өзекті мәселелерін шешуге, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға, жеке бизнес ашып, кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға және инновациялық идеяларды іске асыруға бағытталған «Social Trust әлеуметтік кәсіпкерлік мектебі» семинарлары өтті. Мемлекеттік тілді үйренем деушілерге Достық үйінде лингафон кабинеті, кітапхана, Ассамблея тарихынан сыр шертетін жәдігерлер жинақталған музей де бар. Өнердің әр саласына бейімдеуге арналған «Шабыт» көрме залы, шығармашылық орталықтары, шеберлік сабақтарын өткізуге мүмкіндік жасалған. Орталықтардың басты бағыты – ұлттық құндылықтарды дәріптеп, этностардың қазақи нақыштарға деген қызығушылығын арттыру. Сондай-ақ, Қарағанды облысының этнос өкілдері туралы, архив және статистикалық мәліметтер негізіндегі тарихы туралы құнды ақпарат беретін интерактивті карта дайындалды.
Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасын іске асыруға бағытталған «Арқаның жыршылар мектебі», «Күй керуен» шертпе күй орталығында аймағымызға белгілі өнертанушылар, айтыскер азаматтар жетекшілік етеді. Аталған орталықтар мен бөлімдер облыстық Ассамблеяның этномәдени бірлестіктермен ұйымдастыратын шараларының барлығында атсалысады. «Масленица», «Мэрцишор», «Чак-чак», «Сольналь», «Сабантуй», «Славян жазуы күні», «Шевченко оқулары», «Ртвели» мерекелері баршамызға ортақ. Жастар да жаңа жобаларын осында көрсетіп, дамытуда.
Достық үйі - азаматтық қоғам бастамаларының нағыз орталығына айналды. Атқарылған жұмыс ауқымды болса да, алдымыздағы міндеттер өте көп. Келер жыл өте маңызды әрі айшықты мерекелерге толы. Ғұлама ойшыл Әбу Насыр Әл-Фарабидің, кемеңгер Абайдың, Ұлы Жеңістің, Конституцияның, Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлары аясында ғылыми дөңгелек үстелдер, рухани кештер мен әлеуметтік желіде онлайн шаралар өтуде. Этнос өкілдері халқымыздың мәдениетін, тілін, тарихын білуде қызығушылық танытып, өз ортасында дәріптеуде.