Тобықтыда Кеңгiрбай мен Мамай батыр бастап, 1780 жылдарға таяған кезде Шыңғысқа кiрген. Бұл кезде Шы...
Қазақтың зергерлік өнері
Тамырын тереңге жайған көрікті әрі көрнекті саланың бірі - зергерлік өнер. Осы саланың хас шебері болу киелі әрі қастерлі өнер болып есептелген. Ол үшін әуелі адам бойында тумысынан дарыған ерекше талант болуы қажет. Негізінен осы ықылым заманнан келе жатқан зергерлік өнерде қолынан бал тамған шеберлер түрлі құрал-саймандар өздері жасап, қолданып отырған. Әсіресе зергерлер қыз-келіншектердің бұйымдарын көп жасаған.
Қазақтың арулары кеуделеріне алқа, құлақтарына сырға тақса, шаштарына шолаы, білектеріне білезік тағып жүрген. Бүгінгі материалымызда белгілі суретші-этнодизайнер, профессор Дәркембай Шоқпарұлы мен зергер Дәулет Дәркембайұлының «Қазақтың қолданбалы өнер» атты кітабын негізге ала отырып, назарларыңызға зергерлік өнері туралы айтатын боламыз.
Қазақта «Зергер адам – зерделі адам» деген жақсы мақал бар. Көптеген ғасыр бойы қаймағы бұзылмай жеткен қазақтың дәстүрлі қолөнері бірнеше салаға бөлінеді. Әсіресе соның ішінде түрі мен мән-мазмұны жағынан аса бай болып келеді. Осы зергерлік өнердің шоқтығы биік тұр деуге болады. Өйткені мамандар оның күрделі әрі қиын сала екенін айтады.
Өз саласының хас шеберлерінің қолынан шыққан ер-тұрман, ат әбзелдері, қару-жарақ сынды өзге де күнделікті тұрмыста пайдаланылатын көптеген заттар мен көздің жауын алатын сәндік әшекей бұйымдар бүгінде шынайы өнер туындысына айналып үлгерген.
Шеберлер әсіресе қыз-келіншектердің сәндік бұйымдарын асқан шеберлікпен, жоғары талғаммен жасаған. Оларға сақина, жүзік, шолпы, сырға, білезік, алқа, түйме, және тағы басқаларын жатқызуға болады.
Темір ұсталармен салыстырғанда зергерлердің қолданатын құрал-жабдықтары мен атқаратын жұмысы көп екені рас. Олар да темір ұстасы сынды дүкендерде қызмет етеді.
Мүйізден болмаса ағаштан жасалатын көлемі кішілеу атауыз іскенже деп аталады.
Сондай-ақ зергерлер ұсақ зергерлік бұйымдарды өңдеумен айналысады. Түрліше диаметрдегі шығышықтарды сақина-жүзіктердің бауырын иіп,шеңбер пішініне келтіріп, өңдеуге әрі жылтыратуға болатын зергерлердің құралын саусақ қалып деп атайды. Бұл құралдың ұзындығы шамамен 25-30 см-дей болады.Оның жуан жағы 25 мм-дей болса, сүйір ұшы 8 мм-дей болып қалады. Ал оның бауыры теп-тегіс келеді.
Шеберлердің қайшысы көлемі жағынан кішірек және жеңіл және қолға ұстауға ықшамды, ыңғайлы болып келеді. Онымен көбіне қақталған металдарды қияды. Ал тұмсығы қисық қайшыны металдарды мәнерлей қиюға қолданады. Бір айта кетерлігі. Шеберлер қайшының ұшы жеке ашылып тұру үшін сабының арасына қосымша жұқа серіппе орнатады. Бір тиімдісі, ондай қайшымен жұмыс істеген өте жеңіл.
Ал көптеген метал қорытпаларын, кепсер мен химикаттарды өлшеу үшін шеберлер көлемі кішкентай аспалы және күйенталы таразыларды пайдаланады. Сондай-ақ оның иықты күйінтелерінің қос ұшына кішірек қобыланған металл құтыны байлайды.
Оның бір басына өлшенетін зат салынса, екіншісіне гир тастары қойылады. Оның тілі ортадағы горизонталь бетте көрсетілген сызыққа тура келген уақытта салмағы өлшенетін зат пен гир тасы теңеседі. Осындай таразыларды шеберлер өз қолдарымен жасайды. Егер гир тасы болмаса, онда бір түйір қорғасынды қолданады.
Сумсуірді біреулер кейде сым болмаса сымтартқыш деп те атап жүр. Олай аталу себебі әуел баста сымсуырғыш деп аталса, кейін сүмсуір деп аталған.
Оның көлемі жалпақтау келген. Ал ұзындығы бір қарыс. Бұл құралдың көмегімен жуандығы қылдай көптеген алтын, күміс сым жасайды. Осы құралмен суырған алтын сымға зергерлер зер деп атау берген.
Жалпы осы құралдың көмегімен суырылған сым сыртынан әдемі болып көрінеді. Оның яғни сүмсуірдің ең үлкен көзі алты мм дей болса, ал ең жіңішкесі әсіресе қылдың жуандығындай нәзік келеді. Онымен сым суыру үшін алдымен металды қорытып алады. Кейін қауашыққа құяды. Ал салқындаған соң төрт қырлай соғып, созу қажет. Ал соғу кезінде металл қатайса, онда оны жасытып алу қажет.
Ширатқы. Шеберлер көлемі жіңішке металл сымда екі болмаса үш қабат етіп ширатады. Және оны көптеген мәнерде иіп, түрлі көздің жауын алатын зергерлік бұйымдар жасаған. Тіпті кей кезде бес-алты ендібірде одан да көп сым талшықтарын өріп, түрлі бұйымдар жасаған. Сол себепті сымды бірнеше қабаттап бұрай ширатуға арналған ширатқыны пайдаланады. Ол бұранда темірден иіліп істеледі. Оған ұзындау кертілген ағаш кигізеді. Кейін ол дәл аша ағаштың қос бұтағының арасына қойылады. Кейін сабынан жұқа ағаштардан кесіліп, тіл бекітіледі. Ал енді бір ұшыбұранда тұтқаның сыртында тұратын жұмырлау келген ағаштың кертігіне тіреліп қойылады.
Жалпы бұл тұтқаның ұшы имек болып келеді. Осы имек ұшына ширататын сымды іліп алады және екінші ұштарын бір адам екі қолымен керіп ұстап тұрғаны дұрыс. Ал екінші адам бұранданы алға қарай бұраған сайын сым да кеңейе береді. Оның тілі әр кертікке тиген сайын одан жағымды үн шыға бастайды. Мұнда тілдің атқаратын жұмысы ширатқының тұтқасын кері айналып кетпеу үшін тіреп қою үшін қажет.
Жалпы осындай ширатылған сымды жазық металл үстіне түрлі өрнектермен безендіріп, бағдар жалатқан уақытта сым бұлардың ортасын ажыратын су ретінде қолданылады.
Болат, темірден жасалған бұйымның үстіне шауып, қышыр салуға арналған қос жүзі де асыл балғаны шапқы балға деп атайды.
Темірдің үстіне қышыр салған уақытта балғаның сабына көп күш түсетіні белгілі. Сол себепті шапқы балғаның 4 жақты қос ұнғысы болады.
Бұған қатты ағаштардың бұтақтарын кигізеді және саптайды. Және қатты темір сынамен бекітіп қояды. Сондай-ақ шапқы балға, егеуге және түрпіге де қышыр салып қояды.
Шұбар балғаны шеберлер темірге күмістерді қақтағанда және жалатқанда кіріктіру мақсатында пайдаланады. Мұндай балғаны алдымен жасытып алып, жүзіне шапқы балғамен қышырлар салып, кейін суарады. Оның жүзінде айқыш-ұйқыш шабылған қышыры болады. Сондықтан оған шұбар балға деп атау берген.
Мұндай балғалар кезінде кеңінен пайдаланылып, осы күндері ұмыт болған құралдардың қатарында тұр.
Ғасырлар бойғы фольклорлық-этнографиялық көптеген экспедициялардың ақпараттарын өңдеп әрі эксперименттер өткізудің нәтижесінде бұл қос құрал да бұл күндері қайтадан жаңғырып, бірқатар қолөнер шеберлерінің пайдасына жарап жүр.
Әсіресе осы шұбар балғамен жұмыс істеу тәсілін көрсетіп әрі оның бір нұқсқасын дайындап берген Алматы облысы Нарынқол ауданы Қарасаз ауылынан Жәмәли Сұлтанаев деген кісі болатын.
Түртпе кейде су жүргізгіш, ат салғыш болмаса жүргізбе деп те аталып жүр. Бұл шеберлердің бұрыннан дәстүрлі түрде қолданып келе жатқан басты дәстүрлі құралы болып саналады. Бұл құралмен металдың бетіне үздіксіз сызық салынып отырады. Балғамен ұрған сайын ол алға қарай біртіндеп жылжып отырады.
Оның ұзындығы сегіз-он см, ал жуандығы кәдімгі қарандаштың жуандығындай болып келеді. Кейін ол төрт қырлы болып соғылып, сабынның саусаққа ілінетін жағы бұралатын болады. Жалпы дәл бұрала біткен жағы саусақтан таймайды. Ол әртүрлі ирек сызықтар мен өрнектер салған уақытта саусақтармен бұрап, бағдарлауға өте қолайлы болып келеді.
Мәселен, осы түртпемен салынған сызық өрнектерді қазақ шеберлері «су жүргізу» деп атап келеді.Ол өрнектің контурын қуалай сызық салады.
Түртпені бұрынғы уақытта қазақ шеберлері кеңінен пайдаланып, кейін келе ұмытылған болатын. Ал жиналған қолдағы фольклорлық-этнографиялық деректерді негізге ала отырып, сонау 1970 жылдары эксперимент жүзінде түртпемен қызмет етуді қайтадан түлеткен болатынбыз дейді еңбекте автор. Сол шаруалардың нәтижесіндебүгін осы құралды (аспапты) үйреніп және жұмыс істеуді О.Таңсықбаев атындағы колледждің, Т.Жүргенов атындағы Қазақтың Ұлттық өнер академиясының студенттері мен зергер шеберлер іс жүзінде жүзеге асыруға сүбелі үлестерін қосып жүр.
Бүгінде осы құралды қайта жаңғыртуға біраз еңбек төгілген болатын. Осы түртпемен жұмыс істеуді еліміздегі танымал шеберлер атап айтсақ, А.Хасенов, А.Құмаров, Д.Сейдуалиев, Қ.Егізбаев, М.Құлманов, Б.Атамқұлов, және тағы басқа зергерлер өздерінің шығармашылық жұмыстарында барынша көбірек қолданып келеді.
Келесі кезекте нақыш салғыштар туралы айта кетсек... Нақыш салғыштар дегеніміз металл үстіне көптеген ою-өрнектер түсіретін, бедерлейтін қол құралы. Ал бұл құралдың ұзындығы шамамен 12 см-дей болады. Жуандығы 0,2-ден 1,0 мм-ге дейн жетеді. Көбіне нақыш салғыштардың жүзінде түрліойық, бедерлі өрнектері болады. Кейбіреуі жүзі теп-тегіс болмаса дөңес болса, енбіреулері ойыс, сайлы т.б. көптеген түрде кездеседі.
Олардың жүздері жұмыр болмаса шаршы, шар көлемінде ромб, үшбұрыш, және т.б. түрге келтіріп әзірленеді. Кейін ол суарылады. Көбіне нақыш салғыштарды бедерлеме шаруаларына қолданады.
Ағаштарға сапталған болмаса алақанға ұстай алатын жағы иіле әрі жұмырлана біткен, және жүзі асыл біз тәріздес құралды безеуіш деп атайды. Бастысы құралдың жүзі қашау пішінде және бір жаққа қарай қиғаш қайрылып тұрады.
Көбіне жүзі безендіретін металл үстіне көлбей етіп тіреп, оң және сол қолдардың буындарын ары және бері ығыстырып, металл үстіне біркелкі әрі теп-тегіс өрнектер түсіріледі. Мұндай безендіруді зергерлер «мыңырғақ», «безеуөрнек» деп атаса, ал безеуішті кей уақытта ырғақ деп ата жүр.
Жалпы тіліміздегі осы безендіру, «тілін безеу», безеу сынды сөз тіркестері осылардан қалыптасқан болуы да әбден мүмкін. Кейде зергер шеберлер осы безеуіштің жүзінің ортасын егейді. Кейін екі аша кейіпке келтіріп жатады. Мұндай безеуішпен жасалынған өрнектерді «тышқан ізі» деп те аталады.