Шәкәрім. Криз патша

АУДАРМА
2124
Клод Виньон.Криз патша лидиялық шаруадан салық алу үстінде. 1629 жыл(Л. Толстойдан)

Баяғы атақты Айса тумай тұрып,
Криз деген хан болған дәурен сүріп.
Өктемдікпен зорайтқан патсалығын,
Маңдағы нашар елдің бәрін қырып.

Байлығы, салтанаты жаннан асқан,
Ешкімнің обалына қарамастан.
Онан артық адам жоқ, өз ойында,
Аспандағы күнменен өр таласқан.

Румда бір есті бар Салон атты,
Данышпан, тура сөзді, инабатты.
Сол келді деп есітіп хан шақыртып,
Біраз ғана сөйлесіп жауап қатты.

Криз хан сұлу еді, жүзі нұрлы,
Кигені тым әдемі неше түрлі.
Салонға айтты: «Дүниені араладың,
Сұлу кісі көрдің бе өзім құрлы?»

Ол айтты: «Сенен артық талай жан бар,
Мәселен: әтеш, тоты, хайуандар.
Қанша әдемі киініп қораздансаң,
Сонан артық болмайсың, мұнымды аңғар!»

Ішінен хан ыза болып ашуланды:
«Есті деп неге айтты бұл есалаңды».
Қазына, әскер, дәулетін аралатып,
«Көрдің бе, — деді, — мендей бақты адамды?»

Салон айтты: «Атнада бір кедей бар,
Не қылсаң да болмайсың сен оған пар.
Таза, еңбекшіл, азға да қанағатшыл,
Халқына қиянатсыз қызмет қылар».

Шыдамай Криз айтты қатты ыза боп:
«Кедейді бақты деудің қисыны жоқ.
Қуарған сорлы жақсы бола ма екен?
Онан менің емес пе тамағым тоқ!»

Салон айтты: «Ол кедей балаларын,
Оқытып, зор ғылымды қылды бәрін.
Таза, еңбекшіл кедейден артық емес,
Мақтан үшін мал жиып тойған қарын».

«Ей, Криз, сенен менің ойым бөлек,
Бұл дүние шыр айналған бір дөңгелек.
Өлімнің сағатына кірмей тұрып,
Еш адам «мен – бақыттымын» демеу керек!»

Салонды қоя берді өз жайына,
Өзінің көнбеген соң ыңғайына.
Аздан соң оның сөзін мұтып кетті,
Басында батса-дағы шымбайына...


***
Криздің бір баласы асқан мықты,
Бір күні киік аулай аңға шықты.
Қолындағы мылтығы қапы тиіп,
Қаза жетіп өз оғы өзін жықты.

Сол кезде парсы ханы атақты Кер,
Жаннан беті қайтпаған шын қайратты ер.
Криздің астанасын шабамын деп,
Қамады «не соғыс» деп, «не алым бер!»

Намыс қып соғысқанда әскер сайлап,
Оқ жауды екі жақтан нажағайлап.
Кер жеңіп, талқан қылып үй қазынасын,
Криздің өзін ұстап алды байлап.

«Өлтір!» деп жендеттерге Кер бұйырды,
Қаланың ортасына алып жүрді.
Кризді бәйтерекке байлап қойып,
Астына отын үйіп от қойдырды.

Қарады Криз сонда маңайына,
Құлаған, алтындаған сарайына.
Таланған қазынасы мен өлген әскер
Тағы да көзі түсті талайына...

Сонда айтты: «Қайран, Салон, келмедің ғой!
Сөзіңе бұрын ындын бермедім ғой,
Данышпан, қасиетті жан екенсің,
Аман бол! Енді менің өлгенім ғой!»

Бұл сөзді Кер есітіп аң-таң қалды,
Ағаштан, от сөндіріп, шешіп алды:
«Әлгіде айтқан сөзіңнің жайын ұқтыр!
Не себептен шақырдың Салон шалды?»

Мәнісін Криз айтты бастан-аяқ,
Бір сөзін қалдырмады некен-саяқ
«Мен де осындай болмауым мүмкін бе?!» деп,
Кер отырды ішінен Кризді аяп.

Тыңдап болып Кер түсті терең ойға,
Ұқсаған өлік жатыр қырған қойға.
«Бүтін әлем біз үшін жаралып па?
Бұл лайық емес екен, — деді, — бойға».

Сол ойменен Кризді босаттырды,
Екеуі бір-біріне кешу қылды.
«Дос болып, шығыныңды төлеймін» деп,
Амандасып еліне қайта жүрді.

Мінеки! Нәпсіге еріп елді жеген,
Зарлайды қарғыс айтып талай неген.
Өлген кісі тіріліп бір сөзінен,
Салонның күні бүгін аты өлмеген.

Аты қалды деп оны мақтамаймын,
Мен мақтанды артқыға сақтамаймын.
«Өлі түгіл, тіріге мақтан – теріс»,
Оны түзу дегенді жақтамаймын.

Салонның өзі өлсе де, сөзі дұрыс,
Жастарды соны ұғуға қақпалаймын.
Адамның зор кеселі осы мақтан,
Бұл құрғырдан ешкімді ақтамаймын!

Қазақшаға аударған Шәкәрім Құдайбердіұлы

author

Шәкәрім Құдайбердіұлы

КОМПОЗИТОР

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...