Жан Бодрийяр. Еліру мен баяулау

АУДАРМА
2820

Жан Бодрийярдың біз ұсынып отырған шығармасы 1983 жылы жазылған. Қиындық атауын аударудың өзінен басталады. Шығарма орысша "Фатальные стратегии" деп аталады. Бұл шығармасында Бодриар шынында да қазіргі заманға диагноз қоюшы ретінде көрінеді. Бірақ, бұл пайғамбарлық та, көріпкелділік те емес, заңдылықтарды сыйлап, солардың соңынан еру. "Фатум" ұрым мәдениетінің ұғымы, ол тағдырдан гөрі бұлтартпайтын заңдылыққа ұқсас. Фатумға құдайлардың өзі бағынған. Бодриар қазіргі әлемді жалғанданған деп түсініп, симулякрға айналған дүниені әшкерелеумен болады.

Француз ойшылының терминологиялық жүйесі жәй сөздерге философиялық мағына берумен ерекшеленеді. Олардың қатарында: экстаз бен инерция, террор, непристойность, заложник, принцип Зла, трансполитика. Біз экстазды — еліру, инерцияны — баяулау, заложникті — аманат, непристойностьті — абыройсыздық деп аудардық. Кейбір автор үшін өте маңызды және қазақ баламасында онша дәл болмайтын терминдерді сол күйінше қалдырдық, мысалы, объект, субъект, террор, порно. Бір ғажабы, Зло деген сөзді қазақшаға аудару қиын болды. Бұл сөздің дербес ұғымы ана тілімізде жоқ болып шықты. Мысалы, "зұлымдық" десеңіз ол орысша "коварство" болады. Сондықтан біз "қастандық" деп аудардық. Қазақша баламасында "зло" объективты құбылыстан гөрі субъективты ұстанымға жақын. Тағы бір тікелей берілген терминнің бірі "зондаж", оның мағынасы — белгілі сауалдар жүйесі арқылы қоғамдық пікірді аңдау. "Ожирение" сөзі "кекірелеу" деп аударылды. Себебі, мәселе семіздікте емес, май басып, лықа толысуда. Шантаж сөзін кейде бопса деп аудардық, кейде өз қалпында қалдырдық. "Непристойность" деген терминді аударғанда да біраз ойлануға тура келді. Бодриардың айтуынша, иллюзияның көріну тәсілі — сахна (scene), ал шынайылықтың көріну тәсілі — сахнасыздық (obscene), орысша "обсценное" және "непристойное" деген мағыналас сөздер. Бұл атаудың осы ерекшелігін ескеру керек болды. Осыған байланысты біз әлгі сөзді "ұятсыздық" демей, "абыройсыздық" деп аудардық. Өйткені, Бодриардың сахна деп отырғаны ол — қоғамдық сана, сол сияқты абырой құбылысы да тек қоғам қолдағанда ғана пайда болады. Мұнан өзге терминдерге түсініктемелер мәтін бойынша кездесе береді. [Толығырақ дербес парақшасында]

Бірінші тарау

Заттар мен диалектикасынан мезі болып, одан қашудың амалын тапты: шексіз көбею, өз-өзін мүмкіндендіру, шектің кенересінен шығып, олардың мәндерінен асу арқылы, бір нәрсеге тәнділіктің орнын басқан абыройсыздыққа және жынданған парасатқа дейін.

Кері жолмен жүріп те, сол нәтижелерге жету мүмкін екенін ойлауға еш кедергі жоқ — бұл тағы да бір әлгідей жеңімпаз ақылсыздық. Ақылсыздық барлық мағынада да жеңімпаз — міне, бұл Қастандық қағидасы.

Ғаламда диалектика жоқ, ол тепе-тендікке емес, шексіздіктерге тәуелді. Татулыққа, кірігуге емес, табанды теке-тіреске тәуелді. Бұл тағы да Қастандық қағидасы, және ол өзін объекттің қараң данасында әйгілейді, ол өз-өзін таза объекттің жынды сүрей формасында әйгілейді, және осы сынды формадағы субъекттің жеңімпаз ой жоспарында әйгілейді.

Біз құпия қасиеттердің өршеленуінің ең нәзік формаларына жетеміз және абыройсыздықпен оның өз қаруымен айқасамыз. Ақиқаттан гөрі ақиқат нәрсеге біз жалғаннан бетер жалған нәрсені қарсы қоямыз. Біз әсемдік пен ұсқынсыздықты қарсы қоймаймыз, біз ұсқынсыздықтан бетер ұсқынсыз нәрсені табамыз: ол — құбыжықтық. Біз көрінетін және жасырынды қарсы қоймаймыз, біз жасырыннан бетер жасырынды табамыз: ол — құпия.

Біз өзгерісті іздемейміз және қозғалмайтынды қозғалатынға қарсы қоймаймыз, біз қимылды нәрседен бетер қимылдыны табамыз: ол — метаморфоза... Біз ақиқат пен жалғанды ажыратпаймыз, біз жалғаннан бетер жалғанды табамыз: алдампаздық пен өткіншілікті.

Осы шегіне жеткен жоғарылату барысында, мүмкін, оларды бір-біріне табанды түрде қарсы қою керек, немесе абыройсыздық пен құмарлықтың әсерлерін біріктіру керек шығар.

Біз коммуникациядан бетер тез нәрсені табамыз, ол: қарсылық, айқас. Коммуникация тым баяу, ол баяулықтың нәтижесі, ол контакт пен сөз арқылы жүзеге асады. Көз тез қозғалады, ол медианың дәнекері, [сондықтан] тым тез. Ешкім ешқашан коммуникациямен айналыспайды. Коммуникацияны жіберу мен қайтару барысында көз, жарық, құмарлықтың қас қағым .сәті жоғалтылған.

Сонымен бірге (коммуникацияның) түрлі жүйелерінің жеделдеуіне және өзара айналымына (circuits) /1/ қарама қайшы біз баяулықты табамыз — естелікке толы рухтың баяулығы емес, баяулықтан бетер баяу, ажыратуға беймүмкін баяулықты, ол: инерция мен үнсіздік. Ол ешбір күшенуге көнбейтін инерция, ешбір диалогпен шешілмейтін үнсіздік. Бұл да — құпияның бір түрі.

Нұсқаның (белгілі жағдайдың сипаттарының жиынтығы бола тұра) ақиқаттан бетер ақиқат болғаны және сол арқылы ақиқаттың бас айналдырар әсерін тудырғаны сияқты, мода да әсемдіктен бетер әсемдіктің алдампаз сипатына ие, ол — іңкәрландыру. Ол тудырған азғыру ешбір құндылық бағытындағы пікірге тәуелді емес. Ол эстетикалық форманың шекарасын абсолюттік метаморфозаның құмарпаз түрінде аттап өтеді.

Егер эстетикалық форманың негізінде әсемдік пен ұсқынсыздықтың ажыратылуы жатса, ол — ахлақсыз форма. Егер моданың таза көркемдік ләззаттану мен талғамнан тыс құпиясы болса, онда ол осы ахлақсыздық, өткінші нұсқалардың осы еркетотайлығы, осы барлық сезімдерден тыс нәзік және әмбебап құмарлық, осы барлық іңкәрліктен тыс (егер оның өзі осы іңкәрлік болмаса) өте еркін, ұшқалақ және ырғақты метаморфоза.

Егер іңкәрлік осы болса, онда әлеуметтілікте де, саясатта да, тіпті безендіруге дейінгі барлық аймақтарда, іңкәрлік ахлақтығы жоқ формаларға жақын. Олар осы барлық құндылығы бар байламдарды мүмкіндік ретінде жоққа шығару арқылы дүниеге келуге мәжбүр болған және заттарды тек қос сызықтың, екіге көбейтілген анықтаманың тартылыс күшіне тастау үшін олардың өзіндік қасиетінен жұлып алатын құмарпаз тағдырға тәуелді еді, ал ол оларды тек өзінің босатылған нәтижелеріне беру үшін өзіндік объективті себептерінен жұлып алатын.

Осылайша қосарлану спираліне тәуелді асқан дәреженің билігіне көтерілген әрбір қасиет — ақиқаттан бетер ақиқат, сұлулықтан әсем сұлулық, шынайылықтан бетер шынайылық — бүгін біздің жалғыз құмарымыз болуға талпынатын барлық мазмұннан немесе кез келген ішкі қасиеттен тәуелсіз бас айналу әсерімен орнатылған: қосарлану, үдеру, қайраттана беру, еліру құмарымен; өзіне қарсы нәрсемен (ақиқаттың жалғандығымен, ұсқынсыздықтың сұлулығымен, қиялдағы нәрсенің шынайылығымен) қатынасын үзіп, ол асқынады, оңды асқақ нәрсеге айналады, себебі ол өзіне қарсы нәрсенің бүкіл күш-қуатын бойына сіңірген. Өзінің бойына ұсқынсыздың барлық күш-қуатын сіңірген сұлулықты елестетіңіз, сіз моданы табасыз. Бойына өтіріктің барлық күш-қуатын сіңірген ақиқатты елестетіңіз, сіз симуляцияға ие боласыз.

Құмарланудың өзі бас айналдырады, себебі, ол әсеріне жәй тартымдылық арқылы емес қосарланған бір доқ жасау, немесе өз мәнінің бұлтартпастығы арқылы тартымдылық жасап жетеді — "Мен сұлу емеспін, мен одан да бетермін", — деуші еді Мари Дорваль.

Біз тірі күйімізде моделге айналдық, біз тірі күйімізде модаға айналдық, біз тірі күйімізде симуляцияға айналдық: мүмкін, Кайуаның терминологиясы дұрыс шығар: біздің бар мәдениетіміз жарасты және жарасымды ойындардан кездейсоқ және құйынды ойындарға ауысқан сияқты. Негіздегі анықтаусыздық бізді формалды қасиеттеріміздің шеттен тыс бас айналғанша көбеюіне итермелейді. Демек,— еліру формасына. Еліру — әрбір денені өз айналасында ол мән-мазмұнын жоғалтқанға шейін айналдыратын және сол арқылы өзінің таза және босаған формасында жарқырайтын қасиет. Мода сұлулықтың еліруі: құйынды эстетиканың таза және босаған формасы. Симуляция шынайылықтың еліруі: теледидарға қарасаңыз жеткілікті: барлық шынайы оқиғалар мүлде елірген яғни олардың мағынасыз және тоқтаусыз тізбегін қамтамасыз ететін бас айналдырар және жауыр, ирреалды және реккурентті көріністері арқылы байланыста бірінен соң бірі ағылып жатады. Жарнамадағы және тұтынушы көз алдындағы объектіні елірген деу керек, ондағы тұтынушылық және айналымдық бағасы сауда белгісінің таза және босаған формасында жоқ болғанға шейін айнала береді.

Бірақ бұдан да өрі барғанымыз жон: антипедагогика — педагогиканың елірме, яғни бос және таза формасы. Антитеатр театрдың елірме формасы: енді сахна жоқ, мазмұн жоқ, көшедегі театр, актерсіз театр біздің иллюзиясыз ғұмырымыздың ағынымен араласқан барлықтың барлықтар үшін театры, иллюзияның қуаты қайдан болсын, егер ол біздің күнбе күнгі өмірімізді және біздің жұмыс орнымыздың трансфигурациясын әңгімелеуге дейін елірсе. Бірақ, бұл осылай, қазіргі өнер осылайша өз-өзінен шығуға, өзін-өзі жоюға талпынады, және осылайша қаншама дәрежеде жүзеге асуға талпынса, соншама мөлшерде ол шынайылықтан асып түседі, соншама мөлшерде өз-өзінің босаған мәнінен асып түседі. Бұл да — бас айналу, тұңғиыққа түсу һәм абдырау. Дюшанның көркемдік галереясындағы бір жәшік шөлмек экспозициясынан бетер ешнәрсе "шығармашылық" әрекетті абдыратпады. Еліру анайы нысананы бір мезетте көркемдік әрекет және оның елірмелі формасымен қатынастырады , нысанасынан айырылып ол енді оз айналасында айналады? Сөйтіп, біздің жүрегімізді баурап, белгілі мағынада ол жоқ болады. Өнер қазір тек жоқ болып кету магиясын тудырады.

Зұлматтың барлық құдіреті бар Ізгілікті елестетіңіз: ол Тәңірі, азған Құдай, дүниені бәсекеге жаратып, одан өз-өзінен жойылуын талап етуші.

Бізге арман етуге мүмкіндік беретін нәрсе әлеуметтіліктің қылмысы әлеуметтіліктен әлеуметті нәрсе көпшіліктің басынып кіруі, онда да әлеуметтілікке қарсы нәрсенің барлық кері қуатын жұтқан әлеуметтілік бар, ол инерция, қарсылық, үнсіздік. Міне, дәл сонда әлеуметтіліктің логикасы өзінің шегін табады, сол нүктеде ол өзінің түпкі мақсаттарын кері қайтарады, сөйтіп, инерция мен өз—өзінен жойылу стадиясына жетеді және сол мезетте еліру нүктесіне қол жеткізеді. Массалар — әлеуметтіліктің еліруі, әлеуметтіліктің елірген формасы, ол өзін жаппай тәншілігінде көретін айна.

Шынайылық қиял үшін өшірілмейді, ол шынайылықтан бетер шынайылық: асқан шынайылық үшін өшіріледі. Ақиқаттан бетер ақиқат — симуляция сондай болады. Бар болу жоқ нәрсенің алдында өшірілмейді, ол бар болу мен жоқ болу оппозициясын өшіретін бар болудың қосарлануының алдында өшіріледі.

Сол сияқты, іші бос нәрсе де толық нәрсенің алдында өшірілмейді, гүмпию мен тойынудың алдында өшіріледі, толық нәрседен бетер толысу, міне, дененің реакциясы гүмпиюде, секстың абыройсыздықта, оның бос нәрсеге абреакциясы.

Қозғалыс қозғалыссыздықтан гөрі жылдамдық пен тез өсуде жоқ болады қозғалыстан бетер қозғалыста, егер осылай айту мүмкін болса, ол оны шегіне жеткізеді, мағынасынан толық айырады.

Сексуалдылық сублимация, тежеу мен моральда жоқ болмайды, ол құмарпаздықтан бетер құмарлы нәрседе жоқ болады: порнода. Қазіргі асқан шынайылықтың асқан сексуалдылығы.

Жалпылай айтқанда, көзге көрінер заттар қараңғылық пен үнсіздікте жоқ болмайды — паш етілуден бетер паш етілуде жоқ болады — абыройсыздықта.

Заттардың осындай елірмелігінің, көбею жағына осылайша ауысқанының үлгісі ретінде біздің жүйемізге кездейсоқтықтың, екіұштылықтың, баламалалықтың басып кіретінін атауға тиіспіз. Заттардың бұл жаңа тәртібіне жауап ретінде көне құндылықтардан момақан бас тарту емес, одан гөрі жынды сүрей асқан заңдылық (сверхдетерминация), референция, қызмет (функция), ақырғылық (финальность), себепшілдіктің (причинность) осы құндылықтарын жоғарылату болды. Мүмкін, табиғат шынымен де бос болудан қорқатын шығар, өйткені дәл сонда, бос нәрседе, оны (қуыстықты) болдырмау үшін аса толысқан, аса қайратты, аса қарулы жүйелер туылады — ең бір толысқан нәрсе әрдайым одан өзге ешнәрсе жоқ жерде орналасады.

Заңдылыққа тәуелділік (детерминация) заңдылыққа тәуелсіздік (индетерминация) пайдасына жоқ болмайды, ол үдерген заңдылық (гипердетерминация) жағына шығады — детерминацияның бос нәрседе аса толысуына ауысады.

Ақырғылық (финальность) кездейсоқтықтыц пайдасына емес, үдерген ақырғылықтың, үдерген қызметшілдіктің пайдасына жоқ болады: қызметшіл нәрседен бетер қызметшіл, ақырғы нәрседен ақырғы — аса семіздену (гипертелия).

Кездейсоқтық бізді жөнсіз бейнақтылыққа отырғызып, одан бізге себепшілдік пен ақырғылықтың шектен тыс мөлшерімен жауап берді. Гипертелия жануарлардың кейбір түрінің эволюциясында кездейсоқ оқиға емес, ол индетерминацияға жауап ретінде ақырғылықты бопсалау. Заттар барған сайын кездейсоқтыққа бағынатын жүйеде ақырғылық манияға айналады және жүйе өзінің шегінен шығуға өте бейім бөлшектерден дамып, өзін тек солармен толтырады.

Бұл рак бөлшектерінің тәртібінен туындайды (тек бір бағытта ғана үдере көбейе беру) және объекттер мен адамдардың гиперспециялизациясына, ең майда дәйектің іске қосылуына, ең майда таңбаның белгілеу күшінің үдеруіне апарады: бұл біздің күнбе-күнгі өміріміздің басты әуені, бірақ сонымен қатар, барлық кекірелеген және канцералды жүйелердің қатынас, ақпарат, өндіріс жою жүйелерінің құпия безі — бәрі де әлдеқашан ақырғылықтың қиял жетпес жылдамдауына түсу үшін өз қызметінің, тұтыну бағасының шегінен шықты.

Бастау мен себептерді теңбе-тең өшіруге құмар себепшілдіктің долдануы (истерия), бастау, жауапкершілік, өкілеттілік (референция) сияқты нәрселерді қайта-қайта өңмеңденіп іздей беру, құбылыстарды олардың ең бір болымсыз себептеріне дейін түгесуге тырысу, міне, осылайша долдану (ышқыну) ақырғылықтың бағытын өзгертеді. Бірақ сонымен қатар, түрлі атаулармен психоаналитикалық палингенезді (барлық психиканы тек балалық шаққа қайтару, барлық таңбаны тек бір нәрсенің көрінісі деп санау), биогенетиканы (молекулалардың фаталды орналасуына толы барлық мүмкіндіктер) қайтадан қалпына келтіретін генезис пен генетиканың жүйесі, тарихи ізденістердің асқына молаюы, бәрін түсіндіру, бәрін есептеу, бәрін қатынастыру маниясы... Мұның бәрі қиялнамалық үйе беруден туындайды — барлық бір-бірімен және бір-бірінің есебінен өмір сүретін референциялар. Сонымен бірге мұнда өз мақсатына ешбір қатысы жоқ интерпретацияның сан-сала жүйесі дамиды. Мұның бәрі объективты себептердің қан құйылысынан алға қашқандықтан туындайды.

Инерцияның құбылыстары жылдамдай береді. Қалыптасқан формалар көбейеді және көбею безде тоқтатылады. Гипертелияның формасы осындай — ол өзінің шегінен асып түседі: мысалы, шаян теңізден мейлінше алыстауға тырысады (қандай құпия мақсаттар үшін екен?), немесе Пасха аралындағы мүсіндердің ебедейсіз биіктей беруі.

Сан-салалы, қампиған, көбейе беруші, кекіреген: тойынған әлемнің инерция тағдыры осындай. Үдере ақырлану арқылы өзінің түпкі мақсатын жоққа шығару — Рак барысының мәні осы емес пе? Өсудің қайтарымы безде. Жылдамдықтың қайтарымы мен сомасы инерцияда. Массалар да жылдамдану арқылы инерцияның осы алып оралымына түскен. Масса барлық дамуды өзінің өліміне апаратын бездену айналымы. Ол — құбыжық ақырланумен қысқа күрмелген доға.

Экссон: америкалық үкімет ұлттар ұйымынан олардың әлемдегі қызметінің барлық түрі жөнінен глобалды есеп сұрайды. Нәтижесі: әрбіреуі мың беттен он екі том. Оны пайымдау түгіл оқудың өзіне жылдаған жұмыс керек. Информация дегеніміз осы ма?

Мүмкін, информацияны диеталау керек шығар? Май басқандарды, май басқан жүйелерді майдан айырып, дезинформация институтын ашу керек шығар?

Стратегиялық қарудың ойға сиымсыз ойранды үдере молаюы шексіз, оған тек бүкіләлемдік демографиялық безденуді теңеуге болады. Қанша парадоксалды көрінгенімен, бұл екі құбылыстың да табиғаты бір және екеуі де бездену мен инерция логикасынан туындайды. Жеңімпаз жөнсіздік: заң мен өлшемнің ешбір қағидасы бірі бірінен артық кеміте алмайды, олар бір-бірін өзара алға сүйрейді. Және ең болымсызы, мұнда ешбір прометейлік сайыс жоқ, құмарлық пен намыстың ешбір молшылығы жоқ. Жәй бір осы түр өкілі одан әрі шегінуге, жылдамдықты, қозғалысты баяулатуға беймүмкін арнайы бір құпия нүктеден асып кеткендей.

"Төзімсіз идея: уақыттың белгілі бір анық нүктесінде тарих шынайылық болудан қалады. Содан бері болатын нәрсенің бәрі ақиқат болмайды, бірақ біз мұны ұғына алмаймыз. Біздің ендігі мәселеміз және міндетіміз осы нүктені ашу және біз оны ұстап тоқтата алмайтын болғандықтан, қазіргі құлдырауымызда берік болуымыз керек".

Канетти

Dead point: керағарлығы жоқ нәрсеге, өзінің абдыраған суретіне, еліруге тірілей кіру үшін барлық жүйе қайтарымның, кереғарлықтың, жұғысудың осы нәзік шекарасын аттап өтетін өлі нүкте.

Мұнда жүйелердің патафизикасы басталады. Әйтсе де, бұл логикалық қылмыс, бұл эскалация тек ыңғайсыздық тудырады, тіпті, егер ол әрдайым баяулаған катастрофа формасын қабылдаса да. Жою және стратегиялық қару жүйелерінің жағдайы осындай. Жою күштерінің артып кету нүктесінде соғыс сахнасы аяқталады. Енді жою потенциалы мен оның мақсатының арасында пайдалы корреляция жоқ және ол өз-өзіне қызмет етіп жындысүрейге айналады. Жүйе өзі өзін үрейлендіреді және бұл үрейлендірудің парадоксалды түрдегі жағымды аспекті: соғыс үшін енді орын жоқ. Демек, ядролық эскалацияның және қарулану курсының тұрақтылығын күту керек. Бұл таза соғыс үшін төленген баға, яғни таза және бос форма үшін, аса шынайы және мәңгібақи үрейлендіретін соғыс формасы үшін — біз мұнда өзімізді алғаш рет оқиға жоқтығымен құттықтай аламыз. Тіпті, шынайылық ретінде де соғыс енді орын алмайды. Тек егер ядролық күштер өзінің дезэскалациясында табысты болса және сөйтіп соғыстың жаңа кеңістігін белгілесе. Егер соғыс қуаты бұл екінші дәрежедегі пайдалы жындысүрейліктің кері қайтаруы арқылы қайтадан соғыс сахнасына, шектеулі және, былайынша айтқанда, адами соғыс сахнасына ие болса, онда қарулы күштер тағы да өзінің тұтыну бағасын, өзінің... айырбас бағасын табады: соғысты айырбастауға тағы да мүмкін болады. Өзінің орбиталды және экстатикалық формасында соғыс беймүмкін айырбасқа айналды, жөне бұл орбиталану бізді қорғайды.

Канеттидің заттар ақиқат болудан қалатын, тарих тірлік етпейтін және бізге білінбей осы соқыр нүктені қайтадан ұстап алам деген уәдесінің қандай мағынасы бар — не нәрсе жоқ болғанда біз қазіргі құлдырауымызда берік бола аламыз? Мысалы, біз осы нүктені анықтадық делік, онда не істегеніміз? Қандай ғаламатпен біз тарихты ақиқатты қыламыз? Уақыттың жоғалуының алдын алу үшін, біз оны қалай кері қайтарамыз? Егер бұл нүкте сонымен бірге бір бағытты уақыттың ақырының нүктесі болса, онда ғылыми фантастиканың барлық ғаламаттары да уақытты кері қайтармайды, егер ол енді тірлік етпейтін болса, егер оның артында тек жоғалған өткен шақ қалса. Бұл тарихи коллапстың алдын алу үшін қалайша сақтану керек еді? Біз белгілі бір қате жасаған жоқпыз ба? Адамзат қате жасап, белгісіз бір құпияны бұзып алған жоқ па? Еш жасауға болмайтын қатерлі кадам жасады ма? Бұл туралы сұрау түк мағынасыз, әйел неге сізді тастап кеткенінің құпия себебін іздегенмен бірдей: одан ештеңе ешбір түрде өзгермес еді. Мұндай дәрежедегі оқиғаның сұмдығы: белгілі бір нүктеден өткесін одан құтылудың барлық амалдары оның ағысын тек жылдамдата береді, ешбір сезімталдық ешнәрсеге көмектеспейді, әрбір оқиға оның алдында болған нәрсеге толық жауап береді. Әрбір оқиғаны ол өзін туғызбауы мүмкін еді деп, ойлантатын себептерге телу — балалық: таза оқиға, себебі жоқ оқиға, тек бұлтарсыз күйде дами алады, керісінше, ол ешқашанда қайталана алмайды, ал оқиғалар тізбегінің (каузальный процесс) қайталануы мүмкін. Бірақ іс жүзінде ол оқиға емес.

Канеттидің уәдесі — тек ізгі ниет қана, егер оның болжамы осынша талапты. Ол айтқан нүктені анықтама бойынша ашу беймүмкін, өйткені, егер оны ұстау мүмкін болса, онда ол уақыттың бізге бағынышты екенін белгілейтін. Уақыт пен тарихтың дисперсиясы процесін кері айналдыруға мүмкін нүкте бізге бағынбайды — міне, сондықтан біз одан аттап кеткенімізді байқағанымыз да жоқ, тіпті, оны қаламасақ та, өтіп кеттік.

Алайда, Канеттидің нүктесі мүлде жоқ болу керек. Ол бар болар еді, егер тарихтың бұрын бар екені дәлелденсе — сол кезде осы нүктеден аттағаннан кейін ол жоқ болар еді. Тарихқа жат аймақта тарихтың өзі ендігәрі иә, ойлай да, иә, өзін дәлелдей де алмайды. Міне, сондықтан біз барлық бұрынғы дәуірлерден, өмірдің барлық тәсілдерінен, барлық ой машығынан өздерін тарихтандыруын талап етеміз (бәрі құжаттандырылады), біздің аумағымызда мұның бәрінің күмәнді болғанын жақсы сезінеміз, өйткені, ол тарихтың ақыры.

Біз, иә, өткенге орала алмаймыз, иә, бұл жағдаятты қабылдай алмаймыз. Кейбіреулер бұл дилемманы оп-оңай-ақ шешті: олар антиКанетти нүктесін ашты, тарихқа, шынайылыққа, әлеуметтілікке қайтуға мүмкіндік беретін баяулау нүктесін, осылайша үдерген кеңістікте қаңғыған жер серігі жер атмосферасын қайтадан тудырар еді. Жалған төңкерісшілдік бізді орталықтан қашқан кеңістіктерге алып кетті, өмірлік секіріс бізді шынайылыққа қайтарады. Бәрі де қайтадан ақиқатты болады, бәрі де қайтадан мағыналы болады, өйткені бір күні тарихтың шынайы емес екені жөніндегі әлгі жабысқақ идеяның, уақыт пен шынайылықтың әлгі құлдырауының алдын алады.

Мүмкін олардыкі жон шығар. Мүмкін құндылықтың қан құйылуын тоқтату керек шығар. Терроршыл төңкерісшілдік тоқтатылсын, симулякрлар жойылсын — мораль, сенім, мағына қайтарылсын. Күңгірт пайымдаулар жойылсын!

Бұл нүктенің ар жағында тек нәтижесі жоқ оқиғалар (және шешімі жоқ теориялар) бар, өйткені тек солар ғана өзінің мағынасын өзінде жұтады, олар ешнәрсені өзгертпейді, ешнәрсені болжамайды.

Бұл нүктенің ар жағында тек катастрофалар бар. Мінсіз деп тек тілі өзінің жоқ болу тәсілін қабылдайтын, оны сахнаға шығарып және сол арқылы бар болудың максималды энергиясына жеткен оқиғаны айтуға болады.

Катастрофа ол максималды содыр оқиға, онда оқиғадан бетер оқиғалық бар, бірақ ол нәтижесіз оқиға, әлемді қаңтарылған жағдайда қалдыратын оқиға.

Бір сәтте тарихтың мағынасын тәмамдап, бір сәтте осы инерция нүктесінен аттап, өрбір оқиға катастрофаға айналады, нәтижесі жоқ таза оқиғаға айналады (алайда, бұл оның күші).

Нәтижесіз оқиға — Музильдің қасиеті жоқ адамындай, мүшесі жоқ дене сияқты, есте сақтау қабілеті жоқ уақыт сияқты.

Жарық өзінің негізімен ұсталып, жұтылып қойғанда, онда уақыттың оқиғаның өзіне бруталды инволюциясы пайда болады. Катастрофаның сөзбе сөз мағынасы: бір затта оның басы мен аяғын біріктіретін және басын аяғына оралдыратын бүгіліс қайталауы және нәтижесі жоқ оқиғаға орын қалдырады — таза оқиғаға.

Сонымен қатар, бүл мағынаның катастрофасы: нәтижесі жоқ оқиға "барлық себептерді еш ажыратусыз, таңдау мүмкіндігін қалдырмай маған телуге болады" деген дәйекпен өзіне белгі береді... Оның бастауы түсініксіз, оның алар орны одан да бетер. Уақыттың да, мағынаның да барысын қайта жандандыру беймүмкін.

Әрбір оқиға бүгін болжамды түрде нәтижесіз қалады, ол барлық мүмкін интерпретацияларға ашылады, олардың бірде біреуі мағынаны орнықтылауға қабілетті емес: барлық себеп пен барлық салдар тең мүмкін — көп түрлі және кездейсоқ телу. Егер мағынаның толқындары, егер көкейдің толқындары, егер себепшілдіктің толқындары оқиға айналасында тарыла берсе (және оқиғаны біз бүгін толқын ретінде көреміз; ешқашанда тек толқын үстімен саяхаттамайды, әрқашанда тіл мен мағынаның атауларымен дешифровкаға көнбейтін, тек және тура бояу, сезу, орта, сезіну эффекттерінің атауларында ғана құпиясын ашатын бір толқын бар), демек, жарықтың жылдамдығы баяулайды, белгісіз бір тәсілмен гравитациялық эффект оқиғаның жарығын, өзінің мағынасын оқиғаның шегінен тыс шығаратын жарықты, хабар тасушы жарықты тоқтауға шейін баяулатады, біз зорға қабылдайтын саясат пен тарихтың жарығы да және біз тек күңгірт көлеңкелері арқылы ғана қабылдайтын денелердің жарығы да солай.

Бізді жарықтың баяулауында күтіп тұрған катастрофаны ұстап алу керек — жарық баяу болған сайын өзінің негізінен қаша алмайтын болады, сол сияқты заттар мен оқиғалар өздерінің мағынасынан қашуды, оның барысының баяулауын, өздері алдын ала қара денеге жұтып қою үшін өзгеріске түсірген нәрсені ұстап алуды болдырмауға тырысады.

Ғылыми фантастика жарық жылдамдығынан асқан жылдамдыққа әрқашанда қызыққан. Алайда, жарықтың өзі түсе алатын төменгі регистрлары одан да қызық еді.

Жарықтың жылдамдығы заттардың шынайылығын сақтайтын нәрсе, өйткені тек қана сол біздің ол туралы ойлайтын бейнелеріміздің қазіргі замандыкі екеніне кепілдік бере алады. Егер бұл жылдамдық елеулі түрде өзгерсе, себепті ғаламның бүкіл шынайылығы жоқ болар еді. Барлық заттар жаппай тәртіпсіздікке көшер еді. Бұл жылдамдықтың біздің референтіміз, біздің Тәңіріміз, іс жүзінде біз үшін абсолют фигурасы екені әзірше ақиқат боп қала береді. Егер жарық салыстырмалы жылдамдықтарға дейін түссе, онда енді трансцендентшілдік жоқ өздеріміздікін тану үшін Құдай жоқ, ғалам индетерминацияға түседі.

Бұл — бүгін, электронды медиа көмегімен информация барлық жерде әлгі жарық жылдамдығымен айнала бастағанда, күн тәртібіндегі мәселе. Ендігәрі барлық өзге нәрсені өлшеуге болатын абсолют жоқ. Бірақ бұл жылдамдатылудан кейін бір нәрсе абсолютті түрде баяулана бастайды. Біз, мүмкін, абсолютті түрде баяулана бастадық.

Ал, егер жарық адам мүмкіндіктерінің жылдамдықтарына дейін баяуласа? Егер ол біздің жүрісімізден де мимырттанып, бізді баяулаған бейнелердің легіне батырса?

Онда баяғыда жоқ болған жұлдыздардың бізге дейін жететін жағдайды пайымдағанымыз жөн болар еді — бізге жету үшін олардың бейнесі жарық жылдарын кешіп өтеді. Егер жарық шексіз мөлшерде баяу болғанда, онда бізге одан көп жақын көптеген заттар да осы жұлдыздардың тағдырына ұрынар еді: біз оларды көрер едік, олар өз орнында болар еді, бірақ баяғыда жоқ болған күйінде. Шынайылықтың өзі мұндай оқиғаға айнала алмас еді: бейнесі бізге жеткен, бірақ өзі жоқ. Ойша объектілер мен ойша эфирге ұқсас.

Немесе, егер жарықты өте баяу деп санасақ, онда олардың бейнесінен жылдам денелердің бізге жақындауы мүмкін еді — онда қалай болады? Олар бізді итерер еді, ал біз олардың жақындағанын көрмес едік. Әйтсе де, біздің ғаламға кереғар ғаламды елестетуге болады, онда баяу денелер жарық жылдамдығынан өте аз мөлшердегі жылдамдықпен қозғалар еді, онда өте болымсыз жарықтан өзге барлық денелер алапат жылдамдықпен орын ауыстырар еді. Жарық хабарларының қас қағымдылығымен басқарылмайтын жаппай хаос.

Жарық түрлі жылдамдықтармен қозғалатын жел, тіпті, желсіздік ретінде — қатер аймақтарынан бізге ешбір бейне жетпейді.

Жарық иіс ретінде: әрбір денеге байланысты әртүрлі, ол қол созым ортадан тыс шекараға таралмайды. Барған сайын өше беретін жарық хабарларының аймағы. Дененің бейнелері жарығы бар белгілі кеңістіктен тыс таралмайды: одан әрі ол тірлік етпейді.

Немесе, континенттердің бір-бірінің астына сырғып барып, жер асты сілкіністерді туындататын, біздің барлық бейнелерімізді және біздің кеңістікті көруімізді қисаңдататын континенталды плиталардың жарығы.

Ауыр судағы жүзушілердің қозғалысындай жүздер мен қимылдардың баяу рефракциясын елестетуге бола ма? Біреудің жанарына қалай қарайсың, оны қалай құмарландырасың, егер сен әлі өз орныңда екеніңе сенбесең? Ал, егер кинематографиялық баяулау бүкіл ғаламға тарап кетсе? Мағына шекарасын жарылыс (explosion) арқылы аттап өтетін жылдамдатудың күлкілі түрдегі еліруі — мағынаны имплозия (implosion) арқылы жоятын мимырттылықтың поэтикалық тартымдылығы.

Жылдамдану біздің қарабайыр өмір сүру шартымызға айналғаннан бері қаңтарылу мен баяулау трагикалық нәрсенің қазіргі формасы. Уақыт тым созылып кеткесін, шынайылықтың күмәнді өлшеміне дейін кеңейген соң, енді өзінің үйреншікті таралымында мойындала бермейді. Енді оған қуат жарығы түспейді. Кеңістікке де қозғалыс жарығы түспейді. Олардың қызметі жоғалғандықтан, оларға белгілі трагикалық эффект беру үшін олардың о бастағы тағдырындай бір нәрсенің қайтадан араласқаны жөн. Бұл тағдыр қаңтарылу мен баяулауда оқылады. Форманың тарамдануын соншама қаңтарып қойғанда, мағына енді жинақтала алмайды. Немесе, мағына дискурсының астында өзге бір нәрсе ағып, мағынаға енген болады (имплозия).

Жарық өз ішінде қаншама баяу орамданса да және, тіпті, өзінің дамуында мүлде тоқталса да, ол ғаламның жаппай қаңтарылуына кіргізеді.

Инерциалды нүктенің айналасындағы осы ойыны симуляция эрасына тән катастрофаның формасынан: сейсмикалық формадан өзгеше. Бұл формада негіз жоқ, бұл кемшін және өлексе, тақыр және жалқы объектілер формасы, бұл формада нән плиталар, тұтас қойтастар бір-бірінің астына сырғып, жер үстінде жиілеген сілкіністер тудырады. Бұл жолында бәрін жайпап, бізді тесіп өтетін аспани от емес: бір уақытта жазалап, тазартып отыратын және жерге нәр себетін. Бұл топан су емес: топан су ол әлемнің туылуына қатысы бар аналық катастрофа. Біздің соңымыздан қалмайтын ұлы, аңызға және мифқа толы формалар осындай. Одан кейінгі форма ретінде жарылыс формасы көрінеді. Ол өзінің шегіне ядролық катастрофа елесінде жетеді (бірақ жанама түрде, ол Big Bang, ғаламды тудырушы жарылыс туралы мифке негіз болды). Әйтсе де, одан да қазіргі формасы деп сейсмикалық форманы айтуға болады, катастрофа өз мәдениетінің формасын қабылдайды, бұл әзірше ақиқат. Тіпті, қалалар да оларда болуы мүмкін және олардың сүйкімділігінің тірі бөлігі бола алатын катастрофа формаларымен ерекшеленеді. Нью-Йорк — ол Кинг-Конг, немесе black-out, немесе тік бомбылану: Tower Inferno. Лoc Анжелес — ол жазықтықтың қозғалысы, Калифорнияның жарылып, Тынық мұхитқа сырғанауы: Earth Quake. Бұл форма бүгін бізге жақындау, өте тартымды: толқын бейнелі, спазматикалық және бруталды коммутациядан. Аспан енді сіздің басыңызға түспейді, аяқ астыңыздағы жер сырғанайды. Біз быт-шыт болған ғаламда, қаңғыған мұздар жарықшағында, горизонталды дрейфтер арасында тіршілік етеміз. Ортааралық құлдырау — жерасты сілкіністің, оның ішінде, бізді күтіп тұрған менталды ойранданудың да эффекті, осындай. Бір-біріне мықты байланыстағы заттардың қопарылуы, өзінің бос кеңістігінде жабысқан, бір-біріне өте тығыз тұтасталған заттардың сілкінісі. Тереңде негіз өзге ешқашан болмағандықтан, онда тек тілім-тілім жарықшаққа толы эпидерма ғана болды, тереңдіктің болмағаны сияқты, өйткені ол тек еріген түрде ғана болады. Ол туралы инфраструктураның жаназасына айналған жерасты дүмпулер айтады. Біз енді жұлдыздар мен аспанды емес, бізді тұңғиыққа лақтырамыз деп үрейлендіретін жерасты құдайларын бақылаймыз. Біз осы энергияны бағындырсақ деп армандаймыз, бірақ ол таза есуастық. Автомобильдер энергиясын, немесе оқиғалардың, немесе барлық ойрандалған заттардың энергиясын бағындырғандай. (Жаңа болжам: егер заттар жоқ болуға және ойрандануға талпынса, онда, мүмкін, болашақтың басты энергия көзі ретінде авария мен катастрофа болар). Бір нәрсе анық: егер біз сейсмикалық энергияны, жер сілкінісінің символикалық толқынын тіпті бағындыра алмасақ та, оның тынышталатын түрі жоқ: символикалық энергияны егер бұлай атауға мүмкін болса, яғни мұндай оқиғаға тән тартымдылық пен кекесіннің қуаты, материалды ойранданумен мүлде салыстыруға болмайды.

Дәл осы қуатты, бұзудың осы символикалық энергиясын әлгі жындысүрей жобада іс жүзінде бағындыруға тырысады, немесе, жақында шыққан өзгесінде: эвакуация сценарийлерімен жер сілкіністерінің алдын алу. Ең қызығы, эксперттердің айтуынша, жер сілкінісі жөніндегі болжамның жедел декреттелген ахуалының үрей тудыратыны сонша, оның нәтижесі катастрофаның өзінен бетер сұмдық болар еді. Бұл нағыз кекесін: шынайы катастрофа жоқ болса да, оған тең және оны ауыстыра алатын симулятивті катастрофаны жасауға болады. Мүмкін, "эксперттердің" қиялдарындағы да, ядролық физиканың аймағындағыдай, осы нәрсе шығар: алдын алу мен үрейлендірудің барлық жүйелері катастрофаның виртуалды орталығының рөлін ойнамайды ма екен? Оның алдын аламыз деген сыңай танытып, олар оның барлық нәтижелерін бір сәтте жүзеге асырады. Катастрофаны болдыру үшін әрекетті кездейсоқтыққа құрмау керек, бұл әзірше ақиқат: оның бағдарлы эквивалентін қауіпсіздік механизмінен табу керек.

Сонымен, жер сілкінісін болжап және оның салдарларын болдырмауға жеткілікті мөлшерде қабілетті Мемлекет, немесе билік қауымдастықтар мен адамзат үшін жер асты дүмпулерінің өзінен бетер фантастикалық қауіп тудыратын еді. Күнгей Италияның жер сілкіністері итальяндық Мемлекетке ашулы шабуылға шықты (бұқаралық ақпарат құралдары жақсы қаруланып келді, шектен тыс жағдайлардың қазіргі иерархиясының көпекөрінеу белгісі), олар іс жүзінде катастрофаны саяси тәртіпке кіріктірді, бірақ олар катастрофаны қорқыта алатын тәртіп туралы армандаған да жоқ: оның бағасының қымбат болары сондай, бүкіл әлем іштей катастрофаны таңдар еді — ол барлық өзінің қатерлерімен, ең кемінде, зорлап жоқ болудың пайғамбарлық мұқтажына жауап берер еді. Ол, ең кемінде, саяси тәртіпке күлудің терең мұқтажына жауап берер еді. Бұл терроршылдыққа да байланысты: терроршылдықты эмбрион күйінде қорқыту мен жойып жіберуге қабілетті Мемлекет қандай болар еді (Германия)? Ол өзі осы терроршылдықпен қарулануға тиіс еді, ол барлық деңгейде террорды таратуға тиіс еді. Егер қауіпсіздіктің бағасы осындай болса, әлемнің іштей ойлағаны осы ма еді?

Помпея. Бұл қалада бәрі де метафизика деңгейінде, кеңістіктің геометриясына емес, менталды геометрияға, лабиринттер геометриясына жақын арманшыл геометриясына дейін ол бесіннің аптабынан өткір, тоңазытылған уақыт сияқты.

Психея үшін мына қирандылардың көзге ұрар салтанаты ғажап, олардың қаңтарылған түрі, олардың айналмалы көлеңкелері, олардың жайбарақат кәдімгілігі. Серуендеудің қарабайырлығымен өзге уақыттың, өзге, сирек сәттің — катастрофа сәтінің кірігуі. Везувийдің қауіпті, бірақ алысталған жақындығы, бұл өлі көшелерге галлюцинация тартымдылығын дарытады — осында жөне қазір жанартаудың атылуының алдында тұрғаныңыздай және ностальгияның кереметімен, бұрынғы өмірге кірігіп екі мың жылдан кейін қайта тірілгеніңіздей иллюзия қалдырады.

Мұндай беймаза мазалылық әсерін аз орындар қалдырады (сондықтан Янсен мен Фрейдтың, Градиваның психикалық әрекетін дәл соған орналастырғаны таңданыс тудырмайды). Мұнда өлімнің бар аптабы сезіледі, әсіресе, кәдуілгі өмірдің тас боп қатқан және өткінші белгілерімен берілген: тастағы дөңгелектің ізі, құдықтың тозған бір шеті, жартылай ашылған есіктің тас болған ағашы, күл астында көмілген денедегі тоғаның бүгілген шүберегі. Бұл заттардың арасына ешбір тарих кірікпейді және біз монументтерге тартымдылық беретін осы тарих іспеттіміз: олар бұл арада, бір сәтте, оларға өлім жеткен нағыз тозақта нақтылыққа айналады.

Помпеядағы басты нәрсе зәулімділік пен сұлулық емес, заттардың қатерлі құпиялылығы және біздің өзіміздің өліміміздің мінсіз симулякрындай, өткіншіліктен тұрған сиқырлы биязылық.

Сонымен, Помпея — көзді алдаудың және қара-дүрсін сахнаның бір түрі: сіз жүзіп бара жатқан жасанды көлдің түбіне тірілей батырылған айқын көрінісі іспетті, мұнда да сол миниатюрадағы өлшемнің бас айналуы, уақыттың бас айналуы, көбейтілудегі өлшемнің сол галлюцинациясы, мап-майда детальдар мөлдірлігінің галлюцинациясы.

Катастрофаның ментальды эффекті осындай: заттарды олар өліміне жеткенше дейін тоқтату және осылайша олардың қаңтарылған және көрініп тұрған күйінде ұстап қалу.

Жер сілкінісімен қайтадан ойрандалған Помпея. Қирандыларға атылған бұл катастрофаны қалай түсіндік? Қайтадан қиратылуға және көмілуге мұқтаж бұл не қылған қиранды? Катастрофаның садисттік ирониясы: ол заттардың, тіпті қирандылардың қайтадан сұлулыққа және мағынаға ие болуын оларды тағы да жойып жіберу үшін жасырын күтеді. Ол қызғанышпен мәңгілік иллюзиясын жойғысы келеді, өйткені ол заттарды екінші мәңгілікте тоңазытады. Дәл осы қатып қалған сіресу құжынаған өмірдің найзағайдан бір катастрофикалық сәтте жоқ болуы Помпеяның тартымдылғын құрайды. Бірінші катастрофа — Везувийдікі — сәтті болды. Соңғы жер сілкінісі одан көп қиындау. Ол пародиялық нәтижедегі оқиғаның қосарлануының ережесіне бағынғандай. Ұлы алғашқы бастаудың аянышты қайталануы. Бейшара құдайшықтың саусағының қимылымен ұлы тағдырға жету. Әйтсе де, мүмкін, оның өзге мағынасы бар: ол бізді ғаламат жою мен тірілтудің, өлім мен мәңгіліктің ойындары уақытының өткенін айтып, сақтандырады, енді майда оқиғалардың, прогрессивті жылжыту арқылы нәзік жойылыстардың уақыты келді, және енді ертеңсіз, өйткені іздердің өзі бұл жаңа тағдырды өшіреді. Мұның бәрі бізді нәтижесі жоқ оқиғалардың жазықтық түрлі эрасына кіргізеді, соңғы акт сахнада табиғаттың өзімен пародияның әлсіз жарығында қойылған.

Түсіндірмелер
1. Француз тілінде circuit — ол сонымен қатар электрлі немесе контурлы алқа, шексіз айналмалы қозғалыстың бейнесі, айналым. Ж. Бодриар оған, әрине, осы күнбе күнгі және техникалық мағынаны да сидырады.
2. Бодриар құбылыстар мен мәндердің дәстүрлі метафизикасы мен диалектикасына, заттардың "ішкі қасиеттеріне", себеп-салдарлы байланыстарға, субъект мен объект жігіне тереңдік орнындағы үстірттіктің, салдар орнындағы эффекттің, сапа орнындағы сипаттың жаңа "философиясын" қарсы қояды.
3. Асқан дәрежеге ауысады.
4. Гипертелия — майбасқандықты, артық салмақты белгілейтін медициналық атау.

Екінші тарауын оқып алыңыз


Қазақ тіліне аударған Әуезхан Қодар

author

Жан Бодрийяр

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...