БІРІНШІ ХАТМен бәрінен де сіздің пәк көңіліңізді, сіздің шынайылығыңызды сыйлаймын, сүйемін. Осы там...
Василий Шукшин: НАЧАЛЬНИК. Заман Төлеуов: БАСТЫҚ
Таң бозынан күн бұзылып, қиыршық қар есіп өтті. Сосын үрейлі, ішін тартқан тыныштық орнады. Өстіп, талайға дейін тым-тырыстық жайлады. Содан соң басталды... Таудан бет қаратпас, өткір жел соғып, айнала аңырап сала берді. Бекіген қарды түтетіп, жер-дүние қара түнекке айналды. Екі тәулік аспан мен жер астасып: азынады, ұлыды. Әлі ескіре қоймаған кейбір ағаштар кенет жаны бардай айғайлай қисайып, тамырлары адырая түбірінен қопарылып, ақырындап жантайып жатты. Орман іші адам түршігерліктей сықырлап, шатырлауда.
Шалғайдағы жер учаскесінің он бір ағашкесушісі тамақсыз қалды. Боран басталмай тұрып, жұмыс орнын аралап жүрген учаске бастығы бұларға жолығып, тамақ алған машина жолға шықты деген-ді. Содан боран басталып, бастық учаскеде қалды.
Он екі адам, уақыт өткізуді амалдап: ұйықтады, шылым шекті, домино соқты, ана бұрыш пен мына бұрыштың арасында сенделді. Әңгімелескендері шамалы. Тамның шатырын жұлып кеткенде, бір сәт тіл біткендей болды.
- Талай уақыт шыдады, - деді бастық, жартыкеш бөренеден дөрекілеу үстіріктеліп жасалған стөлге - домино тасын тарс еткізіп қойып жатып.
- Шыдады, шыдады, шыдады, - деп қайталады жуан қолды ағаш кескіш,қай тасты соғарын қинала ойланған күймен. Ол да былш еткізіп бір салғанда көз-көз тастар қатарымен бір-ақ қарғыды. Ойнап отырған төрт ойыншы тастарды үн-түнсіз мұқият реттеді. Сосын үшіншісі ойға шомды... Ол да құлақ тұндыра былш еткізді.
- Шыдап болды!
- Қалпақтай ұшты! – деп төртінші өз тасын ойланбастан тастады.
- Санаңдар жұмыртқаларыңды.
Үшінші тәулікке ауғанда сәл саябырси бастады
Бастық шолақ тонын киіп, сыртқа шықты. Он минуттай жоқ болды. Қайта кіріп, бас киіміндегі қарды сілкіп, шолақ тонын шешті. Барлығы, ол не дер екен деп тосуда.
- Жолға шығу керек, кім бар? – деді бастық.
Екі тракторшы: Колька мен Петька. Колька Петькаға қарады, Петька Колькаға. Екеуі де еңгезердей жас жігіттер.
- Қалай, басылайын деп пе?
- Саябырсыпты аздап. – деп бастық Колькаға көз тастап, мырс етті.
– Сонымен кім?
- Жарайды, мен-ақ, - деді Колька, көші-қон кезінде қиылған ағаштарды бір жаққа тартып беріп, қомақты сырт табыс тауып, тығыздағышым жарылды деген сылтауды желеу етіп, екі күн қыдырған-ды. Жайын ауыз бастық бұдан хабардар еді, әр жолы Колькамен амандасқанда: «Тығыздағышың қалай?» деп ыржиятын.
Сол сырт табысты - қашан желкесінен шығарады деп тосатын Колька, бірақ бұны әлденеге жайына қалтырды. Колька жинала бастады. Жан-жақтан кеңес төгілді:
- Бұлақтан алаңқайға қарай тарт, қазір ол жақтың қары онша қалың емес.
- Алаңқайдың қай тұсынан?
- Бірақ.
- Басқа біреуге айт. Керісінше, бұлақтан солға қарай...
- Колька ешкімді тыңдама, өз білгеніңмен тарта бер...
- Мүмкін, біраз тоссақ па? – деген ұсыныс білдіріп, Колька бастыққа жалтақтады. Анау түксиіп алып, қойын дәптеріне бірдеңені сүйкектетіп жатыр.
- Бері кел, - деді ол. – Қара, міне бұлақ, міне алаңқай – алаңқаймен тарт. Сонымен Марушкиннің қолтығына жетесің – міне ол, тағы жолға қарай бұрыласың, сол тұстың бір жерінде тұр ол. Тіркеп алуға тырыс. Мүмкін болмаса, тракторға молырақ салып алыңдар... Шошқа майы, нан. Қаптардың астындағы жасыл құтыда спирт бар – ала келіңдер.
Ағашкесушілер бір-біріне қарасты. Арасындағы біреу тамағын кенеп қойды.
- Ол құты ендігі кабинада, Митяның қойнында шығар. Онымен жеке шүйркелесіп отыр.
- Айдан анық, құтыны жүдетті.
- Иә, Митя... Ол тек құтының ғана тілін тауып қойса, әрине...
Бастық бұл ескертулерді естімеді.
- Мүмкін, тоса тұрсақ па? А? – деп Колька тағы ұсынысын айтты.
Бастық қойын дәптерін сарт жауып, ойланды.
- Есеп бойынша оның жанармайы бес сағат бұрын түгесілді. Сен үш сағаттай жүресің... Сегіз. Жарайды. Алты сағаттан соң сендерді күтеміз.
Колько әлдене деп сыбырлады да сыртқа беттеді. Он минуттан соң оның тракторының пускашы (мотордың от алдырушысы) жағымсыз тырылдап, сосын двигателі құмыға гүрілдей жөнелді.
- Жылжыды, - деді бір ағаш кесуші. Қалғандары үндемеді.
Босых Митька, бұрындары ауылдың ұрысы болған, ақын, сөзуар және құдайды қарғаушы, кабинасында боқтанып отырды. Бұдан бес сағат бұрын жанармайдың соңғы тамшысы сарқылып, оны сауырына дейін қар басты.
- Өліп барам, уәла! Біткен жерім осы!.. Әрі кетсе - аяқ-қолым үсір.
Жасыл құты бірталай орталанып, расында оның кабинасында жатыр.
Калина красная,
Калина вызрела;
Я у залеточки
Характер вызнала!..
Митька құтыдан бір ұрттады да майды тісіне басты.
- Өмір!.. Көрген түстей, таңғы тұмандай, уәла...
Кенет ұлыған желмен араласып, трактордың дауысы шыққандай болды. Ойым шығар деді де тың тыңдады: рас, трактор.
- Үра-а! – деп айғайлап, Митька кабинадан сыртқа ұмтылды. – Жаным! Құйтақандайым менің!..
Трактор қиыншылықпен жылжып келеді; біресе қайқайып тікке салады, енді бірде қалың қарға радиаторына дейін сүңгиді, әсіресе сол кезде шығуға соңғы күшін сала ышқына гүжілдеп, түтіндеп, буы бұрқырап, сақылдап жанкештілікпен алдыға ұмтылады. Колька тамаша тракторшы болатын.
Қарға батқан машина мен оның қасында тұрған Митьканы көрген Колька кідіріп, тракторды сол арқыраған күйі қалдырып, қабинадан шықты.
- Ісіп- кеуіп жатырсың ба?!
- Ау?!
- Мә!.. Құты аман ба?
- Ау?!
Ақ түтек аяққа тұрғызар емес; қайта-қайта күшене соғып: байлауды үзе ұмтылғанда төңірек көзге түртсе көргісіз болып, бір қалыпты, қорқынышты шатырлап, аңырайды, бейнебір қалың матаны далбырлатып жыртып жатқандай, енді бірде оқыс тым-тырыс бола қалып, осыған дейін көтерілген түтік - тымық сәтте төбеден ақ мамық болып сауылдайды. Сосын тағы да жел не етектен, яки жоғарыдан екені белгісіз қайта екпіндеп, күш ала бастайды...
Машинаны байқап шықты; екі немесе үш трактордың ғана сүйреуі мүмкін.
Азық-түлікті тракторға тасуға кірісті.
- Құтыны орындадың ба?!
- Е немене, өлуім керек пе? Бастық сонда ма?
- Сонда!
- Мен жайлы газетке жазсын, уәла... Қалай ерлікпен үсіп қала жаздағанымды!
- Құты да көп пе әлі?
- Ау?
- Көп сілтедің бе?
- Жетерлік онда... – Митька желге қақалып, бірталай жөтелді. - Бәріне жетеді! Кеттік кері қарай.
Калина красная-а,
Калина вызрела-а! – деп Митька бар дауысымен ән салды; қуанышында шек жоқ: аман қалды. Колька талайға дейін шыдап келді де тұтқаны тапсырып, құтымен айналысты. Екеуі біраз ішті де сым темірмен өлшеп, қанша қалғанын тексерді. Сосын тағы азғана ұрттасты.
Ойнап-күліп дегендей, әпсәтте жетіп келді. Оларды тосқалы қашан. Қарайған жұрт азық-түлікті тоқал тамға жабыла таси бастады. Жасыл құтыны бастықтың өзі алып, жатақ-төсектің астына қойды. Аядай тамның іші у-ду болып кетті. Масайған Митька дәлдірлей бастады.
- Басеке, «Еңбек вахтасына» мақала: «Митька Босыхтың ерекше әрекеті». Менің кері қарай кете салуым да мүмкін еді ғой! Мүмкін бе еді? Мүмкін болатын... Маған жете алмайсың деп те айтты. Мен оларды тікесінен енелеріне бір-ақ аттандырдым да тартып кеттім, уәла. Шынында серейіп, үсіп қалуым ықтимал еді ғой. Ал сендер отыратын едіңдер осында тамтөбеске қарап...
- Қаншасын іштіңдер? – деп сұрады бастық Колькадан.
Қолька тыржиып, сау адамға ұқсағысы келді. Егер ішкен болса, жылыну үшін ғана – ерін жібіткен шығар.
- Білмеймін. Шашылып-төгілгені көп болды. – деді ол.
Бастық құтыға үңіліп, шайқап көрді...
- Бір жарым литр. – деп қойын дәптерін шығарып жазды да: - Айлықтарыңнан ұстап қалам. – деді.
Барлығына жарты стақаннан құйып берді де Митькаға құймады.
- Жетеді, - деді бастық.
Митька бүлік шығарып, бастыққа қарай ұмтылды:
- Солай ма? Иә? Мен сәл болмаса жан тапсыра жаздадым ғой, уәла!..
Бастық өзінің үлесін қақшып алды да жайынаузын тыжырып, нанды тіске басты.
- Жайынауыз! Мен ғой алып келген, ал сен болсаң... - деп Митька азалана айғайлады.
- Сабыр сақта, Босых. Мақаланы жазамын, ал спирттен бермеймін. Өз үлесіңді іштің. Әйтпесе Жалаңаяқов емес Қылжыров боласың.
Ірі денелі Митька бастықты жағасынан бүріп:
- Білгің келсе, мұны мен басыма төңкере салатын едім ғой!.. – деді.
Бастық оны итеріп жіберді. Митька қайтадан жұдырығын ала жүгірді... Бастық аласа бойлы, сырттай жұқалтаң мұжық еді, орнынан көтеріліп, Митьканың іш жағынан құлаштамай түйіп қалды. Митька қос бүктеліп, жатақ-төсекке отыра кетті. Әрең дегенде тыныс қайтарып, шағымданды:
- Төс сүйектің астынан, уәла... Бұның қалай?.. Ең болмаса житпис грамм құйсайшы?
- Болмайды, - деді ол. – Жетер. Бар тамақ іш.
- Ішпеймін, - деп Митька қыңырлық танытты. – Егер сен өстісең, мен де сөйтем: аштық жариялаймын, уәла.
Барлығы күлді. Бастық та күлді. Ол біртүрлі, қатындар құсап сыңғырлай күлетін. Тек, өте сирек күлетін.
- Қазір осы, бәріне айтайын ба? – деді аяқ-асты Митька, бастыққақара бұлт төндіре қарап.
- Айта бер, - деді анау салқынқанды.
- Айтайын ба, жоқ па?
- Айт.
- Ә-ә... бәсе.
- Немене «бәсе»? Айт. – Бастық Митькаға мұқият зер сала, мысқылды көз тастады. Тосып тұр. Бәрі тым-тырыс. Митька бастықтың көзқарасына шыдамай теріс қарады...
- Отырмын жатақ-төсекте, стосс қарта атып! – деп ол әндетіп, жатақ-төсекке артылды. Сосын соңғы рет бағын сынағысы келіп:
- Елюю грамм? Сосын – біс! Үнім шықпайды. Ә? Иван Сергеич?
- Жоқ.
- Бітті – құрыды, Ақтөсім өлді. Айналайын басекем, алтыным-күмісім!..– деп Митька тағы біраз әндетті де тым-тырыс боп, ұйқыға ауды.
- Әй, Митька-ай... Қай жерінен шыға береді екен? – деп ағаш кесушілер дабырласты.
- Біраз отырсаң – өзің де үйреніп қайтасың.
- Иә, о жақта әбден үйретеді.
Бастыққа ұрлана қарағыштап қояды: ол туралы Митька не біледі екен деп?
Бастық ештеме болмаған сыңай танытып, шошқаның майы мен нанды күрсілдетіп, шәймен айдап отыр.
- Мен де енді болмаса үсіп қала жаздадым ғой? – деді Кольканың есі кіріп. Ол жол-жөнекей тағы үстемлеткен-ді, содан да масайыңқырады.
- Ары бара жатқанда өшіп қалдым. Бір сағаттай арпалысқан шығармын... Қолдарымды үсік шалды. Сөйтсем, қарабасқыр түтін шығарға қар кептеліп қапты!.. Оны бензинмен өртеп ағыздым... Өзім өртеніп кете жаздадым: міне! – деп күпәйкесінің күйген жеңін көрсетті. – Байқаусыз шашып қалып ем, лап ете түсті...
- Тығыздағышың тесілген жоқ па? – деп сұрады да бастық тұтқиылдан, әйелдерше сыңғырлай күлді.
- Қашан сен сол тығыздағышты ұмытар екенсің? Немене, өмір бойы бетіме басып өтпекшісің бе?!!
- Жоқ, - деді бастық байсалды. – Бар ұйықта. Біз де біраз демаламыз, ішкеніміз бойға тарасын, сосын шатырды бекітеміз. Әйтпесе оның тас-талқаны шығады ағаштарға ұрылып. Немесе мүлдем алып кетеді.
Колька жатақ-төсектегі Митьканың қасына беттеді.
Тоя ішкен түскі астан кейін ағашкесушілер шылымдарын бұқыратты.
Бастық қойын дәптерін алып, стөл басына жайғасып, мақала жазуға кірісті. «Шопыр Дмитрий Босых пен тракторшы Николай Егоровтың айырықша әрекеттері». Солай деп жазды да сызып тастады. Өзгеше жазды: «Ағашкесушілер құтқарылды!» Тағы да сызды. Қайта жазды: «Жол. Редактор! 7-ші учаскедегі ағашкесушілердің боран басталғанға дейін азық-түліктері түгесілген еді. Олардың басына кәдімгідей қиыншылық төнді. Шопыр Дмитрий Босых пен тракторшы Николай Егоровтың айырықша әрекетінің арқасында азық-түлік учаскеге жеткізілді». Бастық жазғанын оқып шығып, көңілі толды.
- Иван Сергеич, - деді бір ағашкесуші, - егер құпия болмаса: Митька не айтпақшы боп еді?
- Митька?.. – деп бастық жақтырмай жымиды. – Ол екеуміз бір лагерде отырдық. Ол менің бригадамда болған.
- Мәссаған... сізде ме?
- Он екі жыл. Митька болса қоқан-лоққы көрсетеді. – Бастық тағы өзін ұстай алмай, осымен үшінші қабат ашық та адал күлкісіне басты. Күлкісіне қанып болған соң:
- Тегі, оны қандай азапқа салсаң да тіс жармас еді. Мастықтың арқасында аздап қоқан-лоққы көрсеткен түрі ғой. Ол тамаша жігіт.
- Не үшін Иван Сергеич?
- Отырғаным ба? Жүз он алтыны екіге бөлгендегі. Кеттік, бауырлар, шатырды тауып әкелейік те.
Бастық киініп, арқанды қолына алып, айтопыр тозаққа үйден бірінші болып шықты.
Боран қайтадан күшіне ене бастапты. Ақпанның ақ түтігі – кемінде бір жеті түтейтін тәрізді.