Осындайда боздақтардан ұяламын...

Жаңалықтар
3498

Алтынбек пен Заманбек

Сайлау десе, есіме 2004 жылғы Мәжіліс сайлауы түседі. Нағыз демократия сол кезде болыпты ғой. Бірақ сезіне алмаппыз. Сол жылы "Ақ жол" партиясының серкелері Алтынбек Сәрсенбаев, Әлихан Бәйменов, Болат Әбілов, Ораз Жандосовтар қатар жүріп, елді соңына ілестіріп еді. Биліктің қыспағына қарамастан, Парламенттен орын да алған. 

Ал 2005 жылғы Президенттік сайлауды айтыңыз. Оппозиция атынан Жармахан Тұяқбай, "Ақ жол" атынан Әлихан Бәйменов түспеп пе еді. Қазір соның бәрі аңызға айналды. Бір партия, бір жүйе, бір сценарий... Мұхтар Мағауиннің сол жылдары "Бізде оңған оппозиция жоқ" деген есімде. Бар екен ғой. Халықтың саяси жады тірі еді. Қазір өлі тыныштық. Себебі, жұрттың сайлаудың әділ өтетініне сенімі жоқ. Тоқаев түгіл, бүкіл телеарна, барлық басшы біткен сайлауды әділ өткіземіз деп жар салса да, ешкім сенбейді. 

Алтынбек Сәрсенбаев пен екі жолдасының мәйіті

2005 жылғы сайлау туралы белгілі қоғам қайраткері, қапияда сұрқия жүйенің қолынан қаза тапқан Алтынбек Сәрсенбаев: "...Әрбір жүйе айналып келгенде өзін-өзі қайталайды деген заңдылық бар. Ал арсыз сайлау жүйесі бар тиімсіз әрі дімкәс саяси жүйе нені қайталай алады? Оның үстіне, бұл сайлауды сол баяғы Балиева мен облыс әкімдеріне жүктеп қойса! Бұл тауыққораны түлкіге күзеткенмен бірдей емес пе?!" деген еді. 

Шынымен, біз ешқашан әділ сайлау өткізіп көрген ел емеспіз. Осы жүйені өзгерту үшін қаншама асыл азаматтар қудаланды, өлтірілді, түрмеге түсті? Биыл Балиева жоқ, бірақ балиевалар өріп жүр. Олар бюллетенді әлдеқашан санап қойған да шығар. Тек Тұңғыш Президент секілді 97, 98 пайызға жеткізбейді. Өйтсе, біздің Нұр дәуірімзді құрған кісіден ұят қой. 70-80 пайызбен тағы бір "данышпан" таққа отырады. Ол кім боларын алда көрерміз.

Осындайда Алтынбек секілді боздақтарды аяйсың... ұяласың... Осы күйге тап болғанымызға біздің де кінәміз бар, қазақтың көнбістігі, аңқаулығы, момындығы ғана емес, сауатсыздығы, немқұрайдылығы үшін біз де кінәліміз. Олар әділетті қоғамның боларына сеніп еді ғой. Елді екі адам билейді дегенді олар сол кезде ойлады ма екен... Әй, қайдам?! Осы жүйе, Назарбаев құрған авторитарлық жүйе бүгін-ертең өзгермейді. Тарихта қуыршақ сұлтандар, хандар, президенттер көп болған. Бізге ондай қуыршақтың керегі не? Мынау ХХІ ғасыр ғой...

Ерасыл КҮМІСБЕК

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...