Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ кескіндемесіндегі тың серпілістер

БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІ
5048

Тәуелсіздік алған бүгінгі таңда қазақ бейнелеу өнерінде суретшілеріміздің ізденіс аясы, төл тарихымызға соқпай кеткен емес. Өйткені, өткені жоқ ел, іргетасы жоқ халық болмайды.

Қ. Әжібекұлы «Айлы түнде» (1998)

Санаға тазарып түскен кешегінің рухани мәйегімен, материалды құндылықтарымен ғана адам баласы келешекке қадам басса керек. Тарихқа үңілу дегеніміз - ұлттың тағдыр - талайын, бастан өткен ауыртпалықтарын ұғып, сол жолдағы бабаларымыздың ерен ерлігіне сүйсіну болып табылады. Асқақ отаншылдық сезімге баулу, елін сүю, жерін қасықтай қаны қалғанша қорғау тарих тағылымы. Бүгінгі қоғамдық, әлеуметтік, рухани өміріміздегі орын алып отырған көптеген өзгерістердің өзі, рухани мәдениетпен бірге сіңген мәдени болмыс деуге болады.

Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ кескіндеме өнерінде айтулы тұлғалар қатары айтарлықтай толыға бастады. Солардың ішінде ұлт тәуелсіздігін руханият әлеміне көтеріп, кең жол, жаңа өріс ашушы жаңа буын кескіндемешілерді атап айтар болсақ: Ағымсалы Дүзелханов, Жұмақын Қайрамбаев, Бақытхан Мырзахметов, Досбол Қасымов, Қазақбай Әжібекұлы, Өмірбек Жұбаниязов, Дәулет Аймағамбетов, Талғат Тілеужан, Жамхан Айдар т.б.

Дәстүрлі кескіндеме саласында өзіндік мәнерімен бағытын қалыптастырған суретшілер қатары сонау тарихымыздағы көшпелі дәуір салты мен дүниетанымының терең философиялық мағынасына үңіледі. Шынайы тарихи кезеңдерді, тұрмыстық жағдайды жоғары деңгейге көтереді.

Әсіресе, шығармашылығына Доспамбет пен Ақтамбердінің, дана Бұқар жыраудың реалистік дәстүрлі өнерін негіз еткен Б.Мырзахметов әрқашан ұлт тарихымен, ел тағдырымен рухани байланысын үзген емес. Тумысы Қостанайлық суретші 1953 жылдың 27 қаңтарында дүниге келіп, өнерге деген қадамын 1976 жылы Алматы көркемсурет училищесінде бастайды. Кейіннен Мәскеудегі В.И.Суриков атындағы Мемлекеттік көркемөнер институтын тәмамдап, 1988 жылы ҚР Суретшілер одағының мүшелігіне қабылданады. Суретші шынайы өмірді, ежелден келе жатқан қазақ халқының тұрмыс тіршілігін, әдет-ғүрпын, салт-дәстүрін, халықтық философияны сипаттап көрсетуде өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленеді.

Б.Мырзахметов «Бүркітші» (2002)

Қылқалам шебері Б.Мырзахметов жанрлық кескіндемеде ұзақ уақыт жұмыс жасап, халқына айтулы туындыларын табыс етті. Оның тұрмыстық жанрда шешім тапқан «Көш» (1999), «Қансонарда» (2010), «Бүркітші» (2009), «Сәскеде» (2001), «Қарахан кесенесі» (2002), «Ежелгі тараз» (2002), «Аққу дәурен» (1998) атты өзіндік ізденістерге толы құнды шығармалары қазақ жеріндегі көптеген өнертанушылар мен өнер зерттеушілерді қызықтыра түсті.

Суретшінің тұрмыстық жанрдағы «Көш» туындысы 1999 жылы орындалған. Композиция қазақ халқының өткен өмір-тіршілігін, болмыс- тынысын яғни, көшпенділік өмірді суреттейді. Тарихтан белгілі қазақ халқы Кеңес үкіметі орнағанға дейін көшпенділік күй кешкені мәлім. Бір жерден бір жерге көшіп барып, қоныстану салты да өзінше бір мереке.

Б.Мырзахметов «көш» (1999)

«Көш» (1999) композиция желісі триптихта шешіледі: бірінші көрінісінде көштің бас бөлігі орналасса, екінші бөлігінде орта шеруі, үшіншісінде көштің соңғы тобы бейнеленеді. Көшіп бара жатқан бір ауылдың артынып-тартынған түйелерінің үстіндегі күймелер көштің сәнін тіптен әрлендіре түседі. Кенептен бойжеткендер мен бозбалалардың жыр-әуендері мың түрлі түске құбылып, құлаққа естіліп тұрғандай әсер қалдырады. Көшпенділер тұрмыс тіршілігінің ажырамас бөлігі, мал шаруашылығы, яғни, төрт түлік. Автор оқиға желісінде төрт түлік малдың өзіндік рөлін барынша суреттей түседі. Әсіресе, көш шеруіндегі алдыңғы пландағы жегілген өгіз арбалар мен сәйгүліктердің екпінді жүрістері көрген жанды бірден өзіне баурайды. Жеті қазынаның бірі есептелетін ауыл иттері де көшпен бірге асыр сала еріп барады. Олардың әрбір қимыл қозғалысын суретші өте ыждағаттықпен береді.

Триптихтың бірінші және үшінші бөліктеріндегі элементтердің қайталануы композициядағы тепе теңдікті сақтайды. Сонымен бірге шығармадағы әрбір көрініске өзінше қозғалыс береді. Түстік шешімде ойнақы жылы түстердің бір-бірімен өзара байланысы жайма шуақ мамыражай мезгілден сыр шертеді.

Көркем шығармада ұлттық нақышты айқындайтын ерекшеліктердің бірі, ол кейіпкерлердің киім киістері. Ақсақалды аталар мен ат үстінде бесік ұстаған, кимешек киген ақ самайлы әжелер көрерменге тәрбие мен өнегенің өзіндік үлгісіндей әсер қалдырары хақ. Бұрымды қыз келіншектер, боз балалар мен сері жігіттердің әзіл қалжыңдары көшті қызықты жыр думанға бөлеп келе жатқандай. Көш шеруінің бірінші бөлігінде, оның келе жатқан бағыты айқын беріледі. Бүркіт ұстаған кейіпкердің сұлбасы бірден көзге түседі. Бұл аңшылық, саят құру ісінің көшпенділер тұрмысындағы алар орнын айқындай түссе керек. Екінші бөліктегі тазы иттердің алдыңғы планда берілуі де аңшылық ісінен хабар береді.

Көштің орта шенінде жылқы жануарының бітім болмысына автор айрықша тоқталады. Халқымыздың «ер қанаты - тұлпар» деген аталы сөзінің мәнін аша түскендей. Ат құлағында ойнаған көшпелілердің жаратылысын, мінез - құлқын астастыра бейнелейді

Артқы пландарда берілген күймелердің сырт пішімі әр түрлі формаларды құрайды. Ата - бабаларымыздың тұрмыс тіршілігінде қолөнерге бай, сән-салтанаты ерекше болған жылжымалы мәдениеті дала табиғатының ажырамас бір бөлігі іспеттес.

Қорыта келсек, суретші «Көш» шығармасын әсерлі бейнелей отырып өз тарихына, халық философиясы мен психологиясынан ата-баба дүниетанымынан сыр шертіп, сол өткен дәуірдің тарих сахнасын өз болмысында аса дарындылықпен даралай түсті.

Б.Мырзахметов «Ежелгі Тараз» (2002)

Тәуелсіздік жылдарындағы кескіндеме саласында жанрлық шекаралардың жойылуы суретшілер шығармашылығында көрініс тауып жатты. Б.Мырзахметов ізденістерінде «Ежелгі Тараз», «Қарахан кесенесі» атты тарихи көрініске ие тұрмыстық жанрдағы туындылары, өткен ғасырлардан қалған ескерткіш мұраларының бірі деуге болады.

Тарихи деректерге үңілсек, ежелгі Тараз – бұл Орта Азиядағы ең көне қалалардың бірі. Л.Н.Гумилевтың айтуынша Тараздың алғашқы атауы Талас болған. Қытай деректерінде Тараздың негізін б.з.б. І- ғасырда ғұн билеушісі Чжичи қалағаны жайлы айтылады. 6 ғасырда Түрік қағандығына қарайды. 10 ғасырда Қарахан қағанатының игілігінде болады. Араб географы Әл-Макдиси Тараздың ірі бекіністі қала болғандығын жазып қалдырған. 10-12 ғасырларда Таразда сәулет өнерінің бірнеше ірі тамаша сәулет туындылары тұрғызылады. Суретші Тараз қаласын бейнелеуде кенептегі сәулеттік құрылыстың монументтігін барынша артыра отырып, оның қаншама ғасырлар таразысынан өткен көне тарих шежіресі екенін дәлдікпен шешеді. Композицияда артқы планда берілген сәулеттік құрлыстың ауқымы өте үлкен. Сатылы бөлік-бөліктерден құралған ғимаратта әр кезеңнің элементтері анық байқалады.

Тағы бір деректерде 630 жылы Тараз қаласында болған будда монахы Сюань Цзянь өз естелігінде бұл қаланы Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі сауда орталығы деп сипаттап кеткен. Тарихта Тараз қаласы сауда орталықтарының маңызды бөлігі болған. Кенепте шығыстық қыш ыдыстарының көрініс табуы сол кезеңдегі өзге елдер мен барыс-келістің, сауда-саттықтың жақсы дамығанын көрсетеді.

Көркем шығармадан мамыражай тыныш күй сәті сезіледі. Кенептегі жылы түстердің үндесуі дәл түс мезгілінің әсерін аша түседі. Кейіпкерлер сұлбасынан және мешіт формасындағы кесенелерден мұсылмандық түркілік сарының келбетінен хабар береді. Сәулеттік құрылыстың бөліктерінен көгеріп өскен ағаштар да көзге түседі. Бұл осы шығармадағы Тараз қаласының саяси, мәдени өркендеген жетістікке ие кезеңді, белгілі бір өркениеттегі орының символы тәрізді кескіндейді.

Егемендік жылдардағы тұрмыстық жанрда еңбек етіп жүрген Қ.Әжібекұлы 1965 жылы дүниеге келіп, 1982 жылы алғаш өнер әлеміне қадамын Алматы қаласындағы көркемсурет училищесінде бастады. 1986 жылдары Т.Жүргенов атындағы Өнер Академиясының монументалды кескіндеме факультетін ойдағыдай тәмәмдайды. Білімін шыңдаған жас суретші еліміздің көркем өнер саласында үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, өзіндік мәнерін қалыптастырған тұлға.

Шығармашылығына аға буын өкілдері, ұлттық айшықтағы суретшілер - О.Таңсықбаев, Қ.Телжанов, М.Кенбаев, С.Айтбаевтардың мәнерін белгілі бір дәрежеде сіңдіре отырып, көрермен еш жаңылмай табатын «Әжібекұлы» дейтін қолтаңбасымен картиналарын халқына ұсынды.

Көрерменің өзіне бірден баурайтын көшпенділер картинасы көптеген шығармалар топтамасының бастапқы парағы іспетті. Композициядағы басым бөлік кеңістікке беріледі. Тылсым табиғат әлемінің соншама алып көлемдегі бейнесі айрықша көзге түседі. Табиғат пен адамзаттың бір-біріне байланысы егіз жаратылыс иесі тәрізді.

Қ.Әжібекұлы «Көшпенділер» (1998)

«Көшпенділер» шығармасы 1998 жылы орындалған. Кенептегі оқиға желісі көшіп келе жатқан қауымның бір жерге кідіріп, дамылдаған көрінісінен бастау алады. Жерұйықты іздеген ата-бабалар көші ме, жоқ әлде аумалы төкпелі кезеңдегі тыныштықты аңсаған халық көші ме, әлде салтанат құрып, келін алып келе жатқан ел бейнесі ме? Ол жағын автор көрермен назарына қалдырады. Қара жердің қайығы, шөл жануары түйе малының көшпенділер үшін алар орнын айрықша ерекшелейді. Күйме ішінде отырған жас келін образы мен бүркіт ұстаған аталар бейнесі композицияның мәнін тіптен аша түседі. Халқымыздың тұрмысындағы, салт-дәстүрлерді де жыр ете суреттейді. Шығармадағы түстік колорит ақ, көк түстердің байланысы арқылы шешімін тауып бір-бірімен өзара үндестік құрайды.

Көштегі күймелердің формаларында шығыстық сарын басымырақ. Суретші мұндай пішінді беруінде өзіндік сыр сақтағандай. Сонау ерте замандағы сақтар мәдениеті мен қол өнерін дәріптей түскен сияқты. Бояулардың жағыс мәнерінен көші-қонның тұрақты емес екенін, көш салтанаты өз жалғастығын табатынын көреміз. Ата-бабаларымыз жылдың төрт мезгілінде жолдың ауырлығына, ауа-райының қолайсыздығына қарамастан қоныс аударып отыруы малдың өсіп-өнуіне, олардың өз жерін үшы-қиырына дейін танып-білуіне, атадан балаға қалған аманат - туған жерімізді келешек ұрпаққа табыстауға үлкен септігін тигізеді.

Композицияда аспан әлемінде нақты уақыт мезгілі берілмегенімен, бұл көштен үрку-қашу, беймазалық байқалмайды. Қара жердің қайығы атанған, шөлге біткен түйе жануарының болмысын кенепте өте нанымды етіп сомдалады. Кейіпкерлер мен артынып тартынған жүктерді көтерген түйе жануарының бейнесінен алып күштілікпен қайсар төзімділікті анық көруге болады.

Сахара төсіндегі көш үнсіз дала сарынымен бірге мүлгіп тұрған бейнеде. Кейіпкерлерге нақты образ бермей жалпы формада шешеді. Кенептегі бояу жағыстарының бұлыңғырлығы арқылы автор қолтаңбасында ата-бабаларымыздың өткен тұрмысына көз жүгірту, тарихқа шолу жасау әдісінің тереңдігін байқаймыз.

Осы «Көш» шығарма желісі «Ата жұрт» туындысымен жалғастығын табады. Көштің ата-жұртқа оралып қоныс теуіп жатқан қуанышты сәтін көңілге қонымды етіп суреттейді. Композиция құрылымы орталық бөлікке негізделіп, артқы фон бұлдырлана берілген. Сол бұлынғырлық арқылы суретші көш тақырыбының тарихи және ұлттық құндылыққа толы мұра екендігіне ерекше екпін береді.

Картинаға зер сала қарасаңыз, артқы планда бұлынғыр сағым тәрізді Түркістан қаласының символына айналған Қожа Ахмет Яссауий кесенесінің сұлбасы көрінеді. Автор мұнда көрерменге үлкен философиялық ой тастайды. Сан ғасырлық тарихы тереңде жатқан, түбі түрік халықтардың мекеніне айналып, кейіннен қазақ хандығының астанасы болған бұл қаланы суретші ата-жұрт тақырыбын ашудағы маңызды элементтердің бірі ретінде қарастырады. Көш керуенінің жай көш емес, ата-жұртқа қоныс аударған бабалар шеруі екенін аңғартқандай.

Автордың көркем туындыдағы шешімінен тарих қатпарында қалған өткен өмірімізге деген сағыныш іздері байқалады. кейіпкерлердің киім киістері де орта ғасырдағы түркілік заманын еске түсіреді. Кенепте орта бөліктегі сәлде киген данагөй қария мен қарт кісілердің ата-жұртқа оралғанан кейінгі бір-біріне деген риясыз көңіл күйлерін ақтарып жатқан сәттері өте тартымды етіп суреттейді. Алдыңғы пландағы иттің жатқан бейнесі де композицияның мәнін ашуда маңызды рөл атқарады. Қазақтың дәстүрлі дүние танымындағы философиялық түсініктердің бірі, жеті қазынаны ел өмірімен байланыстырып жатады. Яғни, осы жеті қазынаның бірі құмай тазыны автор даралай бейнелейді.

Қазақта жеті қазынаны, жеті ырыс деп те қараған. Осы жеті ырысқа жер де кіреді. «Жерсіз - ел тұл, ерсіз - жер тұл» деген мақал осыдан қалса керек. Ата-қонысқа оралған халық жеті ырысын түгендегендей. Шығарманың оң жақ бөлігіндегі кішкентай бала бейнесінен ұрпақтар жалғастығы көрінеді, аманат еткен ата-жұрттың болашақ иесі осы ұрпақтар екенін суретші дөп басып кескіндейді.

Кескіндемеші халқымыздың асыл мұраларын көксеу, аңсау сезімі арқылы ұлттық бастауларымызға қайта оралуға мүмкіндік беретін, келесі туындылар жиынтығын жазды. Атап айтсақ, «Айлы түн» (1997), «Отау» (1998), «Тігіншілер» (1998), «Келін» (2003), «Бата» (2005) сияқты шығармалар көрерменіне ой салар топтама. Бұл еңбектерінде этнографизм мен декоративизм бағытын ұстанған. Кенептегі ұлттық киімдегі кейіпкерлер мен дәстүрлі тұрмыс-салт көріністерін жиі пайдалана отырып, лирикалық, поэтикалық көңіл күйді жеткізуге ұмтылады.

Өнертанушы Жазира Ақсақалова кескіндемеші Қ.Әжібекұлының шығармашылығына егжей-тегжейлі тоқталып, «Айлы түн» туындысына: «тұрмыстық көріністе шешілген «Айлы түнде» Жылтыр, жұмсақ жағыс арқылы суретші батыс Еуропалық көне шеберлердің сурет салу үрдісіне қол жеткізгендей түр танытады. Жайқалған жалғыз ағаш астында әуеден түскен «көк қошқарды» бауыздап жатқан адам бейнесінен, мал сою рәсімін баяндалады. Сюжеттік және мазмұндық желісі тұрғысынан бұл мифологияға жақын»-деп, тұжырымын айтады.

Қ.Әжібекұлы «Ұлы Дала Құрылтай» (2006)

Қорыта келгенімізде, бүгінгі тәуелсіздік таңында кескіндеме саласында тарихи тұрмыстық жанрдың маңыздылығы аса қажеттілік тудырған бағыттардың бірі болып отыр. Тарихқа үңіле отырып, халық санасына өткенге деген қызығушылық пен сүйспеншілікті  ояту, бұл тәуелсіздік кезеңіндегі кескіндеменің басты мақсатына айналды. Олай болса сыршыл суретшілер қауымының халыққа керекті тарихи, мәдени, философиялық дүниетанымнан сыр шертетін туындылары келешек ұрпақ жадында мәңгі қала бермек.


Бәтиза Әди

Ә.Қастеев мұрасын зерттеу орталығының ғылыми қызметкері

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...