Сабыр Мәмбеев шығармаларындағы көркемдік ерекшеліктер

БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІ
5397

Тауда.1957-1965

1950 жылдары бейнелеу өнерінде ұлттық мектепті қалыптастыру басты мәселеге айналғаны белгілі. Суретшілер шығармаларында ұлттық мәнерді ұстана отырып, әрқайсысы өзінің жеке қолтаңбасын қалыптастырды.

Қазақстан бейнелеу өнерінде ерекше мәнер мен қолтаңбаны іздену мәселелерін мақсат еткен суретшілердің бірі Сабыр Мәмбеев болды. 2018 жылдың желтоқсан айында Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде қылқалам шеберінің 90 жылдығына арналған жеке көрмесі аталып өтті. Көрмеде музей және суретші отбасыларының жинағынан мастердің 80-ге жуық кескіндеме және графикалық жұмыстары қойылды және олардың арасында алғаш рет ұсынылған жұмыстар да болды. Осы көрме арқылы көрермен тағы бір рет суретшінің мағыналы, мәнді туындыларымен, табиғаттың құбылмалы сәттерін, бейнелердің өзіндік мінездік сипатын лирикалық сезімде бейнелеген суретшінің шығармашылығымен қайта қауышты.

Сабыр Мәмбеев 1950 жылдары Мәскеуде алғаш кәсіби жоғары білім алған бір топ суретшілердің қатарынан, Қанафия Тельжанов, Нағымбек Нұрмұхамедов, Молдахмет Кенбаев, Гүлфайрус Исмаилова, Айша Ғалымбаева, Кәміл Шаяхметов сынды, 1953 жылы Санкт-Петербургтегі И.Е. Репин атындағы Кескіндеме, мүсін және архитектура институтын бітірді [1].

Мәмбеевтің ерте кезеңдегі шығармашылығында пейзаж жанры ерекше көрініс берді. Дәл осы жанрда жас суретші жаңа, өзіне ғана тән әуендердің дыбысталуын тапты. Көптеген зерттеушілер қаламгердің туындыларындағы осы өзгешелігіне назар аударды. Мысалы, «С. Мәмбеевтің шығармашылығында, әсіресе табиғат көріністерінде жаңаша ізденістер көп болды. Ол табиғатпен, түс нюанстарымен жақынырақ танысып, барынша дәлдікпен беру үшін этюдтерге жиі шығып отырды. Табиғатты қайталау мүмкін емес, дегенмен, кенеп бетіне қас қағым сәтті шынайы келтіре отырып, композициялық құрылымның түсінікті болуына қол жеткізген суреткер», - деп өнертанушы Баян Барманқұлова суретшінің бейнелеу өнеріндегі жаңаша көзқарасын, бағытын баяндай келе, оның әр кезеңде бейнелеген этюдтық туындыларындағы импрессионистерге тән ерекшелігін де атап өтеді [2].

Қызғалдақтар. Этюд. 1963

Оның шығармадағы нәзіктікпен берілген таулары, жазық дала мен құбылмалы аспан көрінісі жылы сезім мен терең тыныс береді. Айталық, «Тауда» (1956-57) кескіндемесіндегі күн сәулесімен берілген жылы түстердің өзара байланысы, сұлу табиғат аясындағы бір отбасының бақытты сәтін мәңгілікке қылқалам ұшымен сақтап қалғандай. Әрі қарай, «Пленэрде» (1958), «Қызғалдақтар» (1963), «Талғар» (1963), «Қапшағай» (1982) және тағы басқа этюдтық жұмыстарынан шегі жоқ көкжиекпен ұласып жатқан табиғатты, өмірдің нақты кезеңдерін бейнелеуде қаламгердің мұқияттылығы мен әр нәрсеге еркеше көңіл аударғанын байқаймыз.

Қаламгер иесі кескіндеме тілінің тазалығына шынайы берілген шебер еді. Жалпы шғармашылығында «форма мен кеңістіктің», «кеңістік пен түстің» дәл болуын, оның мазмұны мен мәнін тұтас бір жүйеде оқылуының маңыздылығына аса көңіл бөлді [3].

Суретші 1950-60 жылдары туындаған композицияларындағы көріністері мен олардың образдарының біртұтас рухына тереңірек көңіл бөлген. Сабыр Мәмбеевтін кез келген жанрдағы қандай жұмысын алсақ та, халықтың тұрмыс салтының, адамдардың мiнезiмен бет әлпетiнашуда, өзiнiң сезiмдерiн дәл бейнелеуге тырысқанын көре аламыз. Мәселен, «Хосттағы теңіз» (1956), «Киіз үйдің қасында» (1958, 1962), «Көш» (1959), «Студент қыздар» (1959) және т.б. пейзаж жанрындағы жұмыстары лирикалық сезімге бөленген.

Студент қыздар. 1959

«Студент қыздар» (1959) туындысында жап-жасыл табиғат құшағында, саябақтын ішінде екі қыздың бейнесін көреміз. Суретші заманауи қарапайым сюжетте екі сұлу замандастардың сұлбасын сезімталдықпен мән бере отырып, мінездердерін аша түскен. Осы тектес жұмыстар сияқты суретші замандастар тақырыбына жиі оралып отырды.

Кескіндемеші қала тіршілігін де ерекше мәнмен суреттеген. Бір ғажабы, жай ғана қарапайым сюжеттің өзі картинада мүлдем басқаша мағынаға айналатын. Мысалы, қаламгердің «Менің қаламда» (1960) картинасын өнертанушы Б. Барманқұлова былай суреттейді: «ирис гүлінің жасыл ұшар басының тұсында екі жас қыз бейнеленеді, екеуі қатар отырғанымен, ойлары бір бөлек. Мұнда қаланың арпалыс көшесі емес, адамның табиғатпен оңаша қалып, демалатын жері, саябақтын бір бұрышы ғана алынған. Дегенмен, картинаның екінші көрінісіндегі асыққан адамдарға қарамастан, туындыдан сол кеңістіктегі тірліктен бақытты әлемнің бейнесін көреміз» [3]. Мұнда С. Мәмбеев қала тұрғындарын табиғат аясына, табиғатпен үндесуге шақырады, адам мен табиғаттың үзіліссіз, ерекше байланысын тағы көрсетеді.

Ал, оның белгілі «Көктем» (1964) туындысындағы аспан-тауларды, даланы бейнелеген әсем бояуларының жарасымды әуенін сеземіз. «Картинада адамдар мен табиғаттың тек лирикалық күйі ғана емес, сонымен қатар суретшінің рухани ерекшеліктерінбайқататын ой-сезімдері де көрінеді. Түс реңдерінің өзгеруі көк шөптің нәзіктігі мен күмістей тазалығын көз алдымызға әкеледі»[3]. Негізінде, әрбір туындысын жарыққа шығарарда суретші өз мақсатын сараптай отырып, жан дүниесіндегі толғанысты түстердің көмегімен шебер орындайды.

1970-ші жылдары тақырыбын, бейнелерін, ойларын қала өмірінің «ғажайыптарынан» адамдарға арнаған Сабыр Мәмбеев көз алдымызға жоғалтып алған құнды категорияларды, адам және оның қоршаған ортаның ажырамас бөлігі екендігін еске түсіріп, дәлме-дәл қайта қауыштырады. «Кешкі Ыстық көл» (1972), «Іле өзені» (1973) туындыларында суретші адам мен табиғаттың тың байланысын, күнделікті өмір тіршіліктің нышанын бейнелейді.

1980-ші жылдары суретші бірте-бірте ашық дәлдік бағытына көшеді, яғни сызықтардың бір сарында үзілмеуі, түс көріністерінің, жарық пен көлеңкенің, жер мен көгілдір аспанның қарама-қарсылығына аса мән бере бастайды.Бұл оның«Тауға баратын жол» (1980), «Теректер мен таулар» (1980), «Қапшағай» (1981), «Жайлауда» (1988) атты шығармашылық туындыларында өзіндік жеке мәнерде көздеген композициясында форма арқылы суретші қарапайым заттардан әсерлі, лирикалық, психологиялық сезімді бере алды.

Терезе алдында тұрған қыз. 1958

Портрет жанрында бейнеленген туындыларында бұл тәсілдерді суретші композициялық құрылымында өзгерістер еңгізеді. Сол жұмыстардың ішінде «Қыздың портреті» (1954, 1956) «Терезе алдында тұрған қыз» (1958), «суретші М.С. Лизогубтың портреті» (1959), «Пленэрде» (1959), және т.б. туындыларында форма (жалпылама) ретінде беру және оның әсерін бояу күшімен шешіп отырған. Қаламгердің бұл туындылары өзінше бір ерекше қайталанбас сезімге бөлейді. Суретші шыншыл образдар мен шынайы бейнеленген сюжеттерден алшақтай бастап, абстрактылы композицияға көшеді. Сонымен қатар, С. Мәмбеев орындаған жұмыстарында эмоциялық, лирикалық сезімін, философиялық мәселелерді алдынғы қатарға қояды. Көркемдік шешімінің маңыздылығында түс арқылы динамикалық қозғалыс әсерін, ерекше тынысын беруді көздейді. Мысалы, 1957 жылы жазылған «Қара кимоно» жұмысында қара, қызғылт пен ашық жасыл және ақшыл түстермен үйлескен, сәнді кимоно киген әйелдің сұлбасы ерекше сезіммен бейнеленген. Суретші әйел образына тән мінездік қасиетін бояу арқылы білдіре, бет-пішінінен таңғы шуақты сезінуге болады. Композицияда кимононың еденге жайыла жатқан етегін жылы, ашық түстермен, ал жоғарғы жағын қара түсті суық түстермен ұтымды байланыстырған.

Сабыр Мәмбеевтің шығармашылық туындыларында түс заттық немесе образдық бейнелердің белгісі болып қана қоймай, пішінді толығымен көрсету қажеттілігін қарастырады. Осы орайда суретшінің кейінгі 1970-80 жылдардағы «Киіз үйдің ішінде» (1970), «Қыздар» (1970), «Іле өзені» (1973), «Әңгіме» (1978) «Тауға баратын жол» (1980), «Қордай» (1982), «Бақыт. Портрет» (1986) және т.б. жұмыстарында едәуір өзгерістер байқалады, бейнелеу мәнері мен реңдік шешімдері өзгергеріске ұшырайды.

1970-80 жылдары өз шығармашылығымен ерекше көзге түскен жаңа толқын суретшілері пайда болды, олардың қатарына Ерболат Төлепбай, Дулат Әлиев, Амандас Ақанаев, Асқар Есдаулетов, Қуат Асқаров және т.б. жатады. Осы кезде республикамызда қоғамдық-саяси өмірдегі келеңсіз құбылыстардың етек алған кезең еді. Яғни, интернационалдық тәрбие ұлттық саясаттың орнына жүрді немесе бүтіндей оны ауыстырды. Әрине, бұның барлығы халықтың ой-санасына, мәдениетіне, өнердің барлық саласына зор әсерін тигізді.

Гобелен қасындағы қыздар.1971

Осындай өзгерістер суретшінің шығармашылығына әсерін тигізбей қоймады. Егер, оның бастапқы кезеңдегі картиналарынан адам мен табиғаттың бір-бірімен үзіліссіз байланысын, жер-ана табиғаттың күш-сипатын көрген болсақ, ендігі кезекте оның туындыларының басты кейіпкері «адам» болды. Яғни, өткенге, ұмыт болып бара жатқан ата-баба бейнесіне оралу сынды мәңгілік тақырыптар орын ала бастады.

1990-2000-шы жылдар аралығында С. Мәмбеевтің шығармасындағы реалистік бейнелер формальді деңгейге ауысады: «Теректер» (2003), «Немеремнің портреті» (2009), «Еркін композиция» (2010), «Текелі тауында» (2013), «Тау жолы» (2013) және т.б. Бұл туындыларда түстердің қатаңдығы байқалады, ашық-нәзік түстер қою, қара түсті бояуларға ауысады, суретшінің терең ойын, жан-толғанысын оның кенеп бетінтегі бояу қабаттарының күрделене түскендігінен байқауға болады.

Өнер жолында талғамдылықтарын танытқан суретшілердің әрбір шығармашылық туындылары композициялық шешімдерімен, ондағы форма мен кеңістікті және көркемдік шешімдерімен өнер сүйер қауымды келесі ойға қалдыратындай негіздеген. Дәлірек айтқанда, өзінің ерекше тұлғалық қолтаңбасымен танылған кескіндемеші Сабыр Мәмбеевтің қолтаңбасы адамзат баласының өмір-тіршілігіне, туып өскен жеріне, Қазақстан жерінің сұлу көрінісі мен тарихына, мәдени философиясына жүгінген композициялық тақырыптары шығармашылығында негізгі орынды алады.

Кестеші. 1970

Суретшінің әрбір туындысында авторлық таза сезімін, алдын ала болжауға болмайтын түстердің үндестігін, мәнерлі үйлесімділігін, композициясындағы қарапайым форманың анықтығын көреміз.

Қылқалам шеберінің қазақ бейнелеу өнерінде болып жатқан өзгерістерге, алдыңғы буынның шығармашылықтағы эстетикалық тәрбиесі мен рухани сезімдеріне ықпалын тигізгені анық. Қазіргі кезеңде біздің елде өнер саласында жүрген әрбір суретшінің шығармашылық жолы кең, әрі сан қилы.

Шебер туған жеріне, еліне деген сүйіспеншілігін шығармаларында ерекше нәзіктікпен берілген реңдер, түстер мен бояу жағыстары арқылы өзіне ғана тән қолтаңбасымен білдірді.  Оның бейнелеу өнеріндегі өзгешелігі бояуларының жұмсақтығы мен түстерінің мөлдірлігінде, тазалығында еді. С. Мәмбеев суреткер ретінде қайталанбас нағыз туындыларды дүниеге алып келді. Оның шығармалары үңілген сайын әрдайым жаңа тыныс сыйлайды, онымен бірге сағыныш,  жылылық сезімін тудыратыны тағы бар. Жалпы қазақ бейнелеу өнерінің төрінде талант есімі қайталанбас «классик суреткер» болып қала береді.

 Қолданылған материалдар:

  1. Барманкулова Б. Изобразительное искусство Казахстана. Алма-Ата, 1980, 1980. - 263 с.
  2. Барманкулова Б. Пространство степи в пространстве искусства Казахстана. В кн: Культура кочевников на рубеже веков (XIX-XX, XX-XXI вв.): Проблемы генезиса и трансформации. -Алматы,  1995. -Алматы, 1995. - 103 с.
  3. Барманқұлова Б. Сабыр Мәмбеев. Каталог. - Алматы, «Ruan» баспа компаниясы, 2013. - 176 б.
  4. Мастера изобразительного искусства Казахстана // Г. Сарыкулова, И. Рыбакова, М. Габитова. Алма-Ата: Наука, 1972. - 143 с.
  5. Ергалиева Р.А. Этнокультурные традиции в современном искусстве Казахстана– Алматы: НИЦ Гылым, 2002.- 181 с.

oner.kz

Жаңалықтар

Абай облысында әскери қызметкерді өлтіру ісі бойынша сот үкімі шықты. Үржар аудандық қорғаныс істері...

Жаңалықтар

Биліктегі «Грузин арманы – демократиялық Грузия» партиясының кандидаты, парламен...