Өтен Ахмет. Спорт және соғыс

ЕСТЕЛІКТЕР
2366

    (Талдықорған дәптерінен)

12.08.2008. Әлемнің екі үлкен шаршы алаңында майдан басталды. Біріншісінің уақыты шектеулі, 24 тамызда аяқталады. Екіншісінің уақытын болжау әзірге мүмкін емес. Біріншісі адамға қуаныщ, қызықты сәттер сыйлайтын спорттық жарыстар. Екіншісі адамды шыбын құрлы көрмейтін, тамырдағы қаныңды суытып, үрейіңді ұшыратын – кәдуілгі қанқасап соғыс. Біріншісі Қытай астанасы Пекинде өтіп жатыр. Екіншісі ғасырлар бойы маңдайының соры арылмаған Кавказда – Грузияда жүріп жатыр.

Білетіндер бұл ел соғыссыз өмір сүре алмайды деседі. Рас та шығар. Өйткені өткен тарихына үңілсек, бейбіт кезде олар қожырап азая бастайтын секілді ме, қалай? Ал соғыс десе аузынан арағы түспейтін қарапайым мұжығына дейін сілкініп шыға келеді екен.

Тағы да кейбір тура айтатын шыншыл ғалымдардың зерттеулеріне сенсек, орыс деген халық жоққа тән. Бір кездері азын-аулақ болған да шығар, бірақ кейін Алтын Орданың бақ пен таққа таласып өзді-өзі соғысып, ақырында іштен іріп быт-шыт болып орыстанған топтарының қатарына жұтылып кеткен-мыс. Шынында қызық, Ресейдің қазіргі ең жоғарғы билік құрамына, соғысты басқарып жүргендерге қарасаңыз, талайының аты-жөндері басқа тектен екенін көресіз. Сосын орыстікі дейтін кейбір фамилиялар бастапқы ұлттық түбірден аударылған болып келеді. Мысалы, Аюбай, Аюбек, Аюбхан – Медведов бола салады. Демек, орыс деген ұғым ұлттың атауынан гөрі белгілі бір дүниетаным, көзқарас, менталитет ұғымын көрсететін сияқты-ау.

Ресей Грузияға шабуыл жасайтынын сездірді ме? Сездірді ғой. Мұхиттарға стратегиялық бомба тасығыш самолеттерін ұшырып жатыр ма? Иә, деңіз. Жаңа қару түрлерін сынап, жар салып әлемге әйгілеп жатыр ма? Иә, деңіз. Қит етсе төңірегіндегілерге сес көрсете ме? Иә, деңіз. Ресей Абхазияның Сухуми қаласына дейін темір жол торабын тартты ма? Иә, деңіз. Қазір Абхаз жеріне, өздері мойындағандай, он мыңдай әскер шоғырландырса, осының бәрі соғысқа дайындық емей, немене?

Ресей БҰҰ атынан Оңтүстік Осетия мен Абхазияға гарант болып келді. Алайда, қанша жыл өтсе де, бет жыртысқан ағайындардың арасын бір елі де жақындатқан жоқ. 

Тағы да сүйтіп Ресей бүкіл әлем алдында қарабет болып қалғандай-ау.

                                               х х х

Спорт алаңына оралсақ, әр елдің экономикалық деңгейі, интеллектуалдық күші – спорттық жарыстардан айқын көрінетінін байқаймыз.

Бүгін әлемде ғылым мен технологияда қай ұлттар озық? Англо-сакстар, қытайлар, жапондар, кәрістер, еуропалықтар. Спорттық жарыстардан да  соларды алдыңғы қатардан көріп отырмыз.

Спорт –ұлттың интеллектуалдық деңгей айнасы.

Спортқа таяқтап жаттықтыруға да болады. СССР кезінде солай етті. ГДР солай етті. Куба солай етті. Ал спорт, оның тармақтары, музыка, әншілік, әдебиет, сурет салу сияқты ол да өнер. Ол әр адамның туа жаратылысында болады. Әр адам оны өз еркімен қалап алып, өз еркімен өзі үшін дамытады. Бірақ оған жағдай жасау қоғамның, мемлекеттің ісі. Біздегі билік ұстайтындардың теннис, гольф ойнайтын алаңдарына төгілген шығынды жастарды спортқа баулу ісіне жұмсасақ қой, бүгінгідей жерге қарап отырмас па едік.

Қазақ атамыз: «Арық сөйлеп, семіз шық», «Бұзауламаған сиырдың уызынан дәметпе» деген. Ал біз ше? Алдын-ала жержаһанға жар салып, мұнша алтын, мұнша күміс аламыз деп даурығамыз. Жұрттан асқан кәстөм киіп барамыз деп мақтанамыз. Осындай даурықпа мақтан, жел сөздерге алдымен жоғарыдағылардың өздері дем береді. Осындай трескотня кімге керек? Американдықтар жүр ғой әне, жұпыны киініп-ақ қарсыластарын жапыра жеңіп. Қытайлар, жапондар, кәрістер де солай.

Басшысы қандай болса, қосшысы да сондай болады деген рас-ау өзі.

Ал орыс журналистерінің репортаждарындағы кейбір сөздерінен тіпті құсқың келеді. Екі сөзінің бірі - «СССР». Аренаға Украина шықса да, Өзбекстан шықса да, кеше біздікі еді бұлар деп бастайды.

Жалпы, СССР жақсы еді деп, өткенді аңсау қазір Ресейдің кез-келген телехабарынан жиі айтылатын болып тұр. Бұл – тегін емес. Жоғарғы биліктерінен сондай тапсырма алулары мүмкін. Түбінде қосып алсақ деген арам ойларының идеолгиялық-ақпараттық қитұрқы әрекеті ғой. Мақсат –халықтың құлағын үйрете беру. Мұны ақпараттық экспансия дейді. Грузияда қазір болып жатқан жағдай Ресейдің бұрынғы одақтық республикаларды қайта қосып алу ниетінен қайтпай отырғанын айқын байқатқандай. 

Путинді көремін де, Медведевті аяимын. Ол Путиннің көлеңкесі, өз сөзін, өз шешімін еркін айта алмайды. Грузиядағы жағдай Ресейдің шын билеушісі Медведев емес, Путин екенін айдай әлемге ашық көрсетті. 

Ресей тарихында бұрын-соңды екінші адам біріншінің алдына түсіп қашан кердеңдеп еді?

Бұл жерде Путин «Перед батькой не лезь», «Выше х... не перепрыгнешь» деген орыстық ұстанымды бұзып отыр. Арты не болар екен?..

                                               х х х

Қазақтар өтіп кеткен баяғысын айтып мақтанғанда, ауыздарынан шыққан демнен құйын тұрғандай болады. Тарихта не болмаған десеңші. Бірақ бүгінгі тірлікке не жетсін. Ертеңгі күннің үлесінен құр қалмауға ұмтылудан артық әрекет бола ма? Жарайды, бұрынғымыз керемет-ақ болсын. Ал бүгін ше? Бүгін қандаймыз? Ертеңіміздің жарқын көкжиегін көреміз бе? Қазіргі жағдайға қарап олай деп айтуға ауыз бармайды.

Қазақстаннан олимпиадалық ойындарға кімдер барды? Бірен-саран қазақ. Қалғаны... Мен жасымда спортпен кәдімгідей ден қоя айналысып, біршама табысқа жеткен адаммын. Айта кетуім керек, біздің жас кезімізде спорттық жаттығу алаңдары, арнайы киім, жабдықтар дегеннен хабарымыз болған жоқ. Жаттықтырушы дегенді көрген емеспіз. Өзімізше қолға түскен темір-терсекті көтеріп, жүгіріп, секіріп-қарғып жүріп шыныққанбыз. Тек университетке оқуға түскенімде ғана, жұпыны болса да, жағдайым ептеп жақсарды. Осында спорт залы дегенді бірінші рет көрдім. Жүйелі жаттығу дегеннің не екенін білдім. Бірақ мен сияқтылар бұл кезде тым қатайыңқырап кеткен едік. Соның өзінде әжептәуір табыстарымыз болды. Жеткен жеңісімізге бір жапырақ мақтау қағаз алып, соған да мәз болатынбыз.

«Баланы – жастан» дейді қазақ атамыз. Мұны көбіміз мінез-құлық тәрбиесі деп қана ұғамыз. Адамның өнерінен, қабілет-мүмкіндігінен тысқары мінез-құлық тәрбиесі деген болмайды. Осылар толық үйлескенде ғана тәрбие –нағыз шын тәрбиеге айналады. Демек, өнерге баулу да, спортқа баулу да жастай басталуы керек. 

Мен 1999-2005 жылдары Алматы облысы, Жамбыл ауданының Мыңбай ауылындағы орта мектепте мұғалім болдым. Қаншама қазақ баласы – ұлдар мен қыздар, шымыр, қайратты, палуан, волейболшы, баскетболшы т.т. шығайын деп-ақ тұрған жастарды көрдім. Бірақ ондай тәрбие беретін жағдайлары жоқ еді. Тіпті білім беру мекемелерінде ондай түсінік-ұғым дегеннің өзі жоқ болатын. Жалпы, қашаннан қазақ мектептерінен бір байқағаным, дене тәрбиесі, музыка, сурет, еңбек сабақтары аты бар да заты жоқ жәй көзбояушылық. Кейбір қазақ мектептерінде әдебиетті оқыту, орыс мектептерінде қазақ тілін оқыту да сондай. Ал бұлар адамның рухани әлемін қалыптастыратын аса құнды пәндер ғой. Бұлар, егер білім беретін сабақтармен дұрыс ұштасса, нағыз сапалы жас сонда ғана қалыптаспақ. Ал бізде қазір ана жағы да жоқ, мына жағы да жоқ. Сосын келіп түкке жарамсыз қожырай жастар қайдан шығады деп таңданамыз. Біздегінің бәрі рулық деңгейде және тамыр-таныстықпен, парамен шешілетіндіктен рухымыздан әбден береке қалмай, түкке жарамсыз қауқарсыз жандар көбейіп жатыр...

Телеайнадан олимпиада жарыстарын көре отырып, мен бір нәрсеге көңіл аудардым. Яғни спортшыларға қызмет көрсетушілер өздерін қалай ұстайды? Керемет. Мәселен, бассеиндегі жүзгіштер жарысы кезінде спортшылардың жүріс-тұрысына жол көрсетіп жүргендер, соңынан қай жерде қалай тұрса, солай қатып қалады. Жарыс алаңдарын тазартып сүртіп алушылар ше? Құдды бір бақыт құшағындағы жандар секілді. Жердегі кірді бір әдемі қимылмен көзді ашып-жұмғанша сүртіп ала қояды. Қақтығысып-соқтығысып жатқандарын көрмейсің. Қалай тез, әдемі келсе, солай міндетін орындап, тез, әдемі шығып кетеді. Ал бізде ше? Тротуармен келе жатасың. Әлдебір мекеменің немесе фирманың есігі алдын сыпырып жүрген қызметші сізді көре сала, жаман сыпыртқысын оңды-солды сермейді-ай келіп. Жердегі бүкіл қоқырды сенің үстіңе қарай шашады. Айырма неде? Айырма өркениетті елде патшасы мен қарашысы өздерін бір-бірінің алдында жауапты әрі тең сезінеді. Ал бізде бастықтар мен бағыныштылар. Ал құлдар ешуақытта жұмысты жақсы істемейді. Еден сыпырушының бар қоқырды сенің үстіңе қарай жаудыруы – құлдық мінездің айқын белгісі. Құлдар бір-бірін ешқашан сыйламайды. Менің мектептен алған тәжірибем, біз жастардан құлдар тәрбиелеп жатқандаймыз. Он жеті-он сегізге келген балалар қолдарына балға ұстап шеге қағуды да үйренбейді. Ал бірдеңе десең, айтыса кетуге, ерегісе кетуге келгенде алдарына жан салмайды. Жалпы, бізде баланы жастай еңбекке баулығанды теріс санайды. Баланы еңкейтпей өсіргенді дұрыс көреді. Сүйтсе жасымай еркін болып өседі деп есептейді. Сонда алғыр, бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін алып қалатын, қасқыр болады деп ойлайды. Әрине, жабайы түсінік.

Сонымен, 1960 жылдардағы жастық шағым мен бүгінгі күнді салыстырсам, биліктің түсінігінде еш өзгеріс болмағанын байқаймын. Жарайды, менің кезімде өз басымызда ерік болмады дейік. Қазір ше?

Сол өткен ғасырдың алпысыншы жылдары «Қайрат» футбол командасын керемет жақсы көрдік. Аты қазақша, қазақстандық. Құрамында бірлі-жарым болса да қазақ жастары бар. Бірақ ел үмітін ақтамады. Ұтылып қала беретін. Сонда ғой, «Қайрат» тағы да қалды жайрап дейтінім. Сонда ғой, «Қайрат» футболшыларын неге қазақ жастарынан тәрбиелемейді деп армандайтынымыз. Көкіректе әлі сол арман. Бірақ мен қартайдым. Ал қазіргі жастарда мұндай арман атымен жоқ білем. Өйткені намыс дегенді ұмытқан. Ұлттық намыстан түсінігі жоқ, бейхабар. Өйткені оларды солай, рухсыз тәрбиелеп жатырмыз...

                                               х х х

Бүгін Ресейдің екі спортшысы алтын алды. Екеуі де түрік нәсілінен. Жалпы, Ресей түріктерді қашаннан өз мақсаттарына шебер пайдаланады. Асқақтаған жалпы түріктік Алтын Орданы түріктің өз қолымен құлатып билікті узурпация жасағаннан бері үнемі солай болып келеді. Ресей тарихындағы атақты жеңісті соғыстардың тағдырын шешкендер түрік жауынгерлер. Оларды қазақ, татар еді деп жекелеп айтсақ та шындықтан алшақ кетпейміз. Грузиндерге қарсы салғандардың да басым көпшілігі түрік тектестерден болғанын көріп отырмыз. Неге бұлай? Сірә, басы бірікпейтіндердің басқаның құлағы тесілген құлы болуы заңдылық шығар. Бір халықты құрту үшін сол халықтың сатылғыш ұлдарын тілінен, дінінен, ділінен бездіріп, өздеріне қарсы салсаң, өмірде олардан өткен жауыз болмайтынын көне тарих мың мәрте рет дәлелдеген.

Мысалы, абхаз бен осетин грузиннен бөлінді дейік. Әрі қарай не болмақ? Сөз жоқ, біржола Ресейдің қолтығына кіреді. Ресей ол аймақтарға өзінің аса ірі әскери базаларын орнатады. Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледі болады да шығады. Мен Абхазияда, жалпы Кавказда бес-алты рет демалдым. Мен көргенде олар өзара керемет тату болатын. Әңгімелескенде басқыншылықтан көрген, көріп отырған қорлықтары жайында айтқанда көздері жасқа толушы еді...

                                               х х х

Ресей хабарларында соғыста өлген грузин жауынгерлерінің қатарында «қара түстілер» де кездесті деген ақпарат айтылды. Орыстардың осы қара түстілер деген сөзін өмір бойы түсінбей-ақ қойдым. Күні кешеге дейін мені «черножопый», «черномазый», «калбит» деп мазақтап, қорлап келді. Олар үшін Кавказ толайымен «қара түстілер» еді ғой. Бүкіл кавказдықтарды қара түстілер деп кемсітетін шовонистер үшін бұл қара түстілер қай қара түстілер болды екен? Анықтап айтпай ма. Жоқ, жабайы нақұрыстыққа ерік беріп, адамзат баласының ең көп нәсіліне, әуелі өздеріне қарап алмай, тіл тигізеді. Адам терісінің түсінде тұрған ештеңе жоғын білмей ме?..

                                      х х х

Грузия ТМД құрамынан шықтық деді. Шынында қызық қой, бір одақтың ішінде отырып, жуан жұдырықтысы әлсізді тоқпақтауы қалай? Иә, енді Абхаз бен Осетинді бір елдің туы астында ұстаймыз деуі Грузия үшін құр қиял болып қалатын шығар. Сондықтан байғұс Грузияға НАТО мен Еуродаққа кіргеннен басқа жол жоқ-ау. Онда да егер кіре алса деңіз...                                                                х х х

Жасымнан көп көргенім: байы қатынын сабайды, әкесі баласын сабайды, ағасы інісін сабайды. Жетімін, жесірін ұрып-соғып тәрбиелейді. Қорқытып тыйым салуды ұлттық тәрбиенің мәйегі деп дәріптейді. Бала сүрініп кетсе де, қолынан бірдеңесі түсіп кетсе де, сабақтан екі алып келсе де, жекіру, жер-жебіріне жете ұрысу. Әрине, барлық қазақ сондай демеймін.

Ақтөбелік боксер Жаппаров қарсыласынан жеңіліп жатты, үзіліс кезінде жаттықтырушы – секунданты оған әлдебір ауыр сөздер айтып тұрды да, соңында иегінің астынан жұдырықпен соғып қалды. «Осыдан жеңілсең, өлгенің жақсы» дегендей. Бүкіл әлем көрермендерінің көз алдында солай етті. Сорлы қазақ баласына сүйектен өтердей қорлық көрсетті. Ал американдықтар, жапондықтар спортшысы сүрініп жатса, керісінше, құшақтап, арқадан қағып, «бұл спорт қой, жығылғанды жер көтереді» дегендей реніштің титімдей де белгісін сездірмейді.

Спорттың жеңіл атлетика, суда жүзу, футбол, волейбол, теннис т.б. көптеген түрлері елеулі қаржы жұмсауды, ұзақ уақыт дайындықты керек етеді. Авторитарлық елдер болса, даңғазалық мақтан үшін табысқа тезірек жетудің оңай жолын іздейді. Бокс, күрес, штанга түрлерінен мықты, шымыр жігіттерді әр елден таңдап алып, жарты жыл, бір жыл дайындаса болды деп ойлайды. Олардың ішінен бір-екеуі жеңіске жетсе, мақтанның аяғын адам түсінбес қиял-ғажайыпқа айналдырып, біздің қазақ дүниедегі жұдырығы мықты, күшті – бәрін жеңеді деп бөседі.

Иә, ел боламын десең, мектебіңде түзе. Бұл - ұлы Мұхтар Әуезовті менің түзетуім емес, уақыттың түзетуі. Мектепті бұрынғыша жеткілікті класс ашып, парта қойып, оқулықтармен қамтамасыз ету деп ұғу – таяздық. Біздің билік өздеріне аса қымбат гольф, теннис алаңдарын салып, есесіне балалардың қолдағы барын – бұрынғы спорт алаңдарын қиратты. Мен мектеп алаңдарындағы бұрынғы баскетбол тақтасының үңірейген орнын, сынып қалған турник, ат - перекладиналарды айналшықтап жүрген балаларды көргенде, көзіме талай жас алғам...

13.08.2008. Орыстарда «Молодец, против овец, против молодца, сам овца» деген мақал бар. Осы cөздің астарлы ақиқаты Ресейдің қазіргі ұстанып отырған саясатына келетін секілді. Бұрын да солай еді. 1939 жылы алақандай фин еліне тұтқиылдан соғыс ашып, бүкіл әлем алдында масқара болғандары бар-тын. СССР-дің чехтарға, венгрлерге қалай тиіскені, Вьетнамдағы, Анголадағы, Латын Америкасындағы қисынсыз әрекеттері – бәрі есте. Қару ұстап барған жерлерінен қалай кетеді, ол елде солай тыныштық орнап, шаруасы түлеп, тұрмыстары түзеле бастайды.

Мәселен, Солтүстік Кореяны СССР өз ықпалында ұстап қалды. Арада 55 жыл өткенде не көріп отырмыз? Солтүстік Корея дейтін қайыршыларды. Өз тамағын өздері тауып жеуге де жарамайды. Ал Оңтүстік Корея ше? Әлемдегі алдыңғы қатарлы мемлекеттің бірі болып алды. Қайсыбір істерде жапон мен қытайыңнан да асып түсіп тұр.

Қанның орынсыз араласа беруі түбі жақсылыққа апармайды деп ескерткен аталарымыз. Түріктердің жалтақ бөлігі орысқа қаны сіңіп, орыстанып кетсе де, әлсіздің алдында батырсынатын, мақтаншақ, қорқау жаман қан соларды ақырында қасиетсіз етіп жіберген жоқ па екен?

Әсілі, билеуге, бағындыруға құмарлық жалқаулықтың, басқаның есебінен күн көргісі келудің жасырын белгісіме деймін. Мысалы, Германия екінші дүниежүзілік соғыстан кейін сабасына түсті. Қанша байып, қанша жерден қисапсыз күш жинаса да мақтанбай, ешкімге соқтықпай, Кенигсбергтей қаласын беріп қойып та өздері орнатқан жақсы өмірдің қызығын көріп отыр. СССР ыдырағанда Ресей жербауырлап жатып қалды. Самолеті ұшпай, кемесі жүзбей жатса да, сонда оған ешкім келіп тиіскен жоқ қой. Қайта қаржы беріп, білмегендерін үйретіп, жаңа технологиялармен қуаттандырып, қатарға тартты. Мұнай мен газдың арқасында сәл есін жинап еді, жұдырық түйіп, бұрынғы әпербақандық әніне басып айналасына қайта қоқаңдай бастады.

Ресейдің түбіне жетіп келе жатқан пәлекет – біз ұлы державамыз, біздің ешкімге ұқсамайтын өз жолымыз бар дейтін, осы уақытқа дейін жеміс бермеген шірік ой. Егер осы ойдан арылса, Ресей шын мәнінде тез арада үлгілі ұлы ел боларма еді...

16.08.2008. Орыс комментаторлары «бұрынғы одақ кезінде» деп қанша қақсаса да Ресейдің өзін қосып, бұрынғы одақ республикаларын бәрін бірге есептегеннің өзінде олимпиада жарыстарында оңып тұрған түгі жоқ. Қалай десек те шын еркіндігі бар елдердің спортшылары алға шығып кетті. Қара күш пен жұдырық болса болды дейтіндер бокс, күрес, шатанга түрлерінен де жетістіре алмады. Соның өзінде Ресейге медаль алып бергендердің басым көпшілігі қаны орыс емесін білген жөн.

                                               х х х

Беті қайтқан жалтақ халық болады, беті қайтпаған батыр халық болады. Беті қайтқан халықтардың ерлік дастандары – аңыз; беті қайтпағандардың аңызы бүгінгі жасампаздық ісімен жалғасып жатады. Грузиндер беті қайтқан халық. Олардың ерлік рухы «Жолбарыс терісін жамылған жауынгер» деген жырларында ғана қалған. Одан кейінгісі күнкөріс. Одан кейін олар өз бастары үшін ешкіммен соғысып қарық қылған емес. Грузин үшін иран мен орыс, түрік пен орыс соғысып, солардың ортасынан нан жеп жасып қалған халық олар. Жасықтығын орыспен осы қақтығысы анық көрсетті. Басқасын былай қойғанда, шеттен алған қару-жарақтарын тастай қашқандары, шынында шіріктік болды.

Орыстан Орталық Азияда әзірге беті қайтпаған халық –өзбек. Өзбек саясаты өзбек халқының рухани болмысын аздырмай, тоздырмай сақтау саясаты. Өзіндік беті бар халықтың ұлттық арманы болады. Арманды, мақсатты халық өлмейді. 

Қазақ бойындағы жаман мінездер Кенесары ханнан кейін өршіген. Өйткені Кенесары ханнан кейін халықтың сағы сынды. Сағы сынған халықтың ұлт болып ұюы қиын. Керісінше, тобырға айналуы оңай, сосын сол қалпында түкке тұрғысыздан проблема жасап улап-шулап жүре береді. Руға бөліну, рушылдық соның айқын белгісі. Біреулер рушылдық деген жоқ дегісі келеді, өтірік. Рушылдық қазір нағыз жазылмас мерезге айналып кеткен...

                                               х х х

Ресей біздің сыбырлағанымызға шейін естіп, біліп отырғандай көрінеді маған. Содан ба, 2006 жылы Астанада өткен кезекті республикалық театр фестиваліне қалай қатысқанымыз есіме түсе береді. Апарғанымыз «Кенесары, Наурызбай» спектаклі еді. Қайдан ғана тап бола кеткендерін, жолымызды қазылар құрамындағы Ресей мен Қырзызстан өкілдері кесті. Спектакль ұлтаралық қатынасқа көлеңке түсіргендей тым ащы екен, бұрынғы өкпені айтып керегі не дегенді көлденең тартып қойылымның дұрыс бағалануына кедергі жасады. Бұған дейін де, бұдан кейін де фестиваль қазылары арасында ТМД елдерінен өкілдер болған емес...

18.08.2008. Грузия қалалары мен жолдарында емін-еркін жөңкілген Ресей танктері. Маңайларында жан жоқ. Кімді қуып, кіммен күресіп жүр деп ойлайсың. Өйткені қарсыласып жатқандар байқалмайды. Маңайда тіпті ұшып жүрген торғай да көрінбейді. 

Иә, Ресей Кавказ жақты «тәубасына келтіріп» біраз сілкіп алды. Арты не боларын бір Құдайым біледі де. 

Осы жерде бір жәйді ашық айтып қояиын. Менің орыс деген сөзім, орыс халқы деген ұғымды білдірмейді. Өйткені жаратылыста жаман халық деген болмайды. Мен билігін айтамын. Орыс халқы билігінің жақсы болған жері тым аз. Тарих солай дейді.

                                               х х х

23.08.2008. Олимпиадалық ойындар аяқталып қалды. Ресейдің Грузияға «жеңімпаздық» жорығы да аяқталған сияқты. Иә, сияқты. Өйткені елдің Оңтүстік Осетия, Абхазияға шекаралас аймақтарына буферлі зона жасап алды. Иә, орыс билігі сондай, ұры иттей құйрығын қысып бара жатып та артын бүлдірмей кетпейді.

Ұмытпасам, олимпиада басталар алдында ресейліктер біз Қытайдан бір алтын медальді артық алып, бірінші орынға шығамыз деген болатын. Қазір не көріп отырмын? Ағылшындардан кейін төртінші орында тұр. Ал Ресей халқы ағылшындардан үш есе көп. Санның сапаға айналуын Қытайдан көріңіз. Ресейде қашан, қай салада сапа болған еді. Уысындағы басқа халықтардың күшімен ғана жеңістерге жетіп жүр. Осы олимпиада жарысында Ресей үшін медаль алғандарға зер салыңызшы, ішінен бірен-саран болмаса, таза орыс көрмейсіз.

Қазақстан секілді есін жаңа жинап жатқан ел үшін біздің спортшылардың қол жеткізген табысы жаман болған жоқ. Бірақ бізде де Ресейдегідей жағдай ғой. Қазақстан үшін жеңіс әпергендердің көбі өз күні пайдасы үшін жанын жалдаған легионерлер. Олар алатынын алады, жағдайын жасайды. Сосын бір күні «маңғыт, аузыңа саңғыт» дейді де кетеді.

Қазақ атын орыспен, шүршітпен шығарамын деу, бұл да сөз жоқ, мәңгүрттіктің бір түрі болса керек. Тәуелсіз ел болған соң, түпкілікті мәселелерді әсілі асықпай тиянақтап шешкен жөн-ау...

Өтен Ахмет

author

Өтен Ахмет

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...