Ұмытпасам, 1970 жылы болу керек, ол кезде Талдықорған қаласында тұратын кезім еді. "Лениншіл жа...
Асылбек Жаңбырбай. Менің көкем - 100 жыл
(Ардагер атам Жаңбырбай Көптілеуұлы туралы деректер)
Адамзат тарихында "Ұлы Отан соғысы" деп аталған сұрапыл шайқасқа менің атам да қатысқан еді. Біз көке дейтінбіз. Өзі соғыс туралы көп айтпайтын. Мақтанбаған. Мен жас болғандықтан ол жайында сұрап қалмадым. Түнде қасында жиі қонып жататынмын. Күндіз бірге қой бағуға шығатын едім. Ол кезде 10-12 жасар баламын. Көкемнің ардагер екенін білсем де, соғыстың мәнін ұқпаған болармын. Қарттығы білінбейтін. Ширақ еді. Велосипед мініп жүретіні де есімде.
Бұрын көкем туралы аздаған мәлімет жарияладым. Биыл туғанына 100 жыл толып отыр. Ғаламтор бетіндегі архивтен көкеме қатысты мәліметтер таптым. Сол бойынша жорық жолын, көрсеткен ерліктерін жазып отырмын. Енді өмірбаянға тоқталайын.
Жаңбырбай Көптілеуұлы - 1920 жылдың 10 мамырында бұрынғы Адай уезінде, қазіргі Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданында Шиланды деген жерде дүниеге келген. Құжатта 1922 жылы туған деп көрсетілген. Әкесі Көптілеудің қонысы (жаз жайлауы) қазіргі Ақтөбе облысының Байғанин ауданы болған. Көкем туған жылы əкесі Бесқалаға (Хиуа) базарлап барып хабарсыз кеткен. Сауда жолында қарақшылар қолынан қаза тапқан дейді. Артында үш ұл: бәйбішесі Болғаннан - Нұрым, Жаңбырбай, тоқалы Үзілдіктен - Өтеп қалған. Бұлар отырған ауыл 1929 жылы елде аласапыран басталғанда түрікмен жеріне (Көне Үргеніш) қоныс аударады. Көкем сол жерде ержетіп, əскер қатарына алынған.
Ағасы Өтеп екеуі 1941-1945 жылдары зұлмат "Ұлы Отан соғысына" бастан-аяқ қатысады. Өтеп (1916-2011) 11 жеке гвардиялық танкіге қарсы жойғыш артиллериялық бригадасында (РГК) қатардағы әскер, шофер болған. 1-Украина фронтында соғысқан. Ол да елге аман оралады. Ескі Өзен (Қызылсай) ауылында тұрды. 95 жасқа келіп қайтты.
Ал көкем болса 1941 жылдың қараша айында Түркменстанның Ташауыз облысы, Көне Үргеніш аудандық әскери комиссариаттың шақыртуымен майдан шебіне аттанады. 1941 жылдың желтоқсан айында Қызыл армия құрамына 260-шы атты әскер полкінде жауынгер болып қабылданған.
1942 жылдың 20 мамырында І-ІІ дәрежелі Отан соғысы орендері, 21 мамырында "Гвардия" және "Үздік минометші" төсбелгілері кеудесіне тағылған.
1942 жылдың 20 қарашасынан бастап Сталинград, Оңтүстік-Батыс, Оңтүстік, Далалық, Орталық, Белорусь, 1-Белорусь фронттарында соғысқан. 1943 жылдың қаңтар айынан бастап 147 гвардиялық мина атқыш артиллериялық полкі 15 гвардиялық атты әскер дивизиясы 7 гвардиялық атты әскер корпусы құрамында телефонист, қатардағы жауынгер болды.
1944 жылдың 22 сәуірінде "Ерлігі үшін" медалі табыс етіледі.
1945 жылдың 14 қаңтарында Висла өзенінің батыс жағалауындағы плацдармда (Пулавы қаласы түбінде) жау шебін бұзып өту үшін шайқас болады. Телефон сымдары бірнеше рет үзіледі. Менің көкем жаудың жаудырған оғына қарамастан, ұрыс біткенше үздіксіз байланыс орнатқан. Сөйтіп өз тапсырмасын мүлтіксіз орындаған.
20 қаңтарда Пабьянице қаласы (Польша) үшін шайқаста және 24 қаңтарда Калиш қаласы (Польша) үшін шайқаста жиі үзілген телефон желісін қалпына келтіріп, уақытында байланыс орнатқан. Мұнда да қауіп-қатерге қарамайды. Әрі жауды да бақылап, соққы беретін тұстарды дәл анықтайды. Бұл ерлігі үшін 31 қаңтар күні "Қызыл жұлдыз" орденіне ұсынылады. Ол 5 ақпанда табыс етіледі.
1945 жылдың 1 наурызында Реч қаласы (Польша) маңында неміс әскерінің қорғанысын бұзу шайқасында дивизияның телефон желісі үзіліп қалған еді. Көмекке келетін эскадронмен байланыс орнату үшін көкем пулеметтен бораған оққа қарамастан сымды жалғауға аттанған. Орта жолда жараланған. Сонда да тоқтамай, жер бауырлап барып үзілген линияны жалғаған. Осы ерлігі мен жанқиярлығы үшін 18 наурызда "ІІІ дәрежелі Даңқ" орденіне ұсынылады. Және 15 сәуір күні екінші "Қызыл жұлдыз" ордені кеудесіне тағылады.
Ақыры фашистік Германия жеңіліс тауып, менің көкем Берлинге дейін барады. 9 мамыр күні "Германияны жеңгені үшін" медалі табысталады. 9 маусым күні "Берлинді алғаны үшін" (02.05.1945) медалі мен "Варшаваны азат еткені үшін" (17.01.1945) медалі беріледі.
1946 жылдың қарашасында әскери қызметін аяқтап, елге оралады. Соғыстан аман оралған соң бейбіт еңбекке араласып, мұғалімдік білім алады. Мектепте ұстаз болады. 35 жылдық ұстаздық еңбек өтілімен зейнеткерлікке шығып, 1982 жылы атамекені Маңғыстауға (Бейнеу кенті) оралады. Ұрпаққа ұлағатты тəрбие беріп, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарып, 1992-1993 жылдары Бейнеу ауылын газдандыру жұмысына атсалысқан. 1995 жылы Жуков атындағы медальмен марапатталған. Жеңіс күніне арналған басқа да марапаттар мен медальдарды алды. Бейнеу аудандық мұражайында көкемнің кезінде неміс офицерінен олжалаған картасы сақтаулы тұр.
Әжем Меңді Лепесқызы екеуінен 5 ұл, 4 қыз өсіп-өніп, бүгінде үлкен əулетке айналды. Көкем 1999 жылдың ақпан айында қайтыс болды. Мен ол кезде 13 жаста едім...