ПЕЙІЛДЕРІҢДІ ТҮЗЕҢДЕР, ҚАЗАҚТЫҢ ҚОМАҒАЙЛАРЫ!

ЕСТЕЛІКТЕР
6367

..."ГИДіміз" безілдеп қалған кісі екен. Аузы аузына жұқпай Біріккен Әмірліктердің кешегісі мен бүгінін, мынау жарқыраған Дубайдың құмда орнай қалған жұмақ екенін майын тамыза айтып жатыр. Елу жыл бұрын бұл жердің халқы қайыршылықта өмір сүріпті. Ішерге тамақ таппай, құмды кезіп кеткен. Шейх дегендерінің өзінің шекелері қызбаған. Олар да кедей ғұмыр кешкен. Содан...аяқ астынан Алланың рақымы жауып, елде мұнай табылып, жағдай жақсарып сала берген. Әлгінің әңгімесі осыдан ұзақ жылдар бұрын жазған бір жазбамды есіме түсіргені. Былай деппіз:

«Хабарға» жұмысқа тұра салысымен алғашқы іссапарым мемлекет басшысының ұшағымен еліміздің батысына – Атырау облысына бола қалғанын айтсаңызшы!
Құдай сәтін салайын десе оңай екен. Баратын журналист ауырып қалды ма, әлде басқа бір себебі болды ма, есімде жоқ. Әйтеуір, жаңалықтарға жарытып сюжет жасамай жатып (қалтамда қызметтік куәлігім де жоқ) кілең ығай мен сығайдың ортасынан бір-ақ шықтым. Ұшақ ішінде айналама қарап, аузымды ашып отырған едім, жанымда отырған мәскеулiк тілші әңгімеге тартты.

– Байқаймын, мұндай сапарға алғаш рет шыққан секілдісің? – деп бір қойды. Басымды изедім.

– Ал, мемлекет басшысы өз қолымен ашуға бара жатқан мынау мұнай кен орны туралы не білесің? – деп сынай тағы бір қарады. Емтихан алғандай тесіле қарап отырған мынаның сауалдары намысыма тигені де рас. Мұнай туралы азды-көпті білетінімді шама келгенше айтып жатырмын. Тәуелсіздік алғанымызға бес-ақ жыл болған, қуаныш пен мақтаныштан аспанға ұшып кетуге шақ қалып жүрген кездер еді ғой. Шынымды айтайын, өзімнен жасы әлдеқайда үлкен, түр әлпеті орыстан гөрі таяу шығыстағы бір ұлтқа көбірек келетін мына егде журналистiң алдында аянып қалғым жоқ.

– Сіз білесіз бе? Алла тағала өзі сүйетін пенделерінен рақымын аямайды. Анау араб елдері қаншама жылдар ағылшындардың езгісінде болды. Ал, сол ағылшындар кете салысымен, арабтар тәуелсіздікке қол жеткізген тұста Парсы шығанағының әр тұсынан мұнай шіркін фонтан болып атқылады. Құдайын сүйген құлдары әп сәтте мол байлықтың астында қалды. Әлгі ағылшындар бар кезде мұның бірі де болған жоқ. Шүкір, біз де тәуелсіздік алдық. Көріп отырсыз, бізден де мұнай атқылап жатыр. Алланың рақымы түсті деген осы емес пе? – деп лепіріп аяқтадым әңгімемді. Мұқият тыңдап отырған сапарлас көршім жұмбақ жымиып отырып былай деді:

– Алланың рақымы түскені рас шығар. Құдай береді, дауым жоқ! Тек сол рақым түскен жерде пенденің пейілі түзу болсын де... Пенделердің пейілі бұзылса мұнай түгілі басқа байлықтың да құйрығын ұстай алмай қаларсың..."

...ГИД сампылдап әлі сөйлеп жатыр. Автобустың терезесінен сұлу да асқақ Дубайға қарап мен отырмын. Бұл елдің пейілі дұрыс, Алланың рақымы әлі де түсіп тұрған сияқты. Енді ше, елде жұмыссыздық атымен жоқ. Көп нәрсе тегін. Үйленсең үйің дайын. Тусаң ондаған мың доллар ақшаңды тағы береді. Ең бастысы- жемқорлық жоқ. Байлары қомағай емес! Елмен бөліссем дейді. Ертең байлығын көрге бірге алып кете алмайтынын жақсы түсінеді. Бұлардың байының да, кедейінің де ПЕЙІЛІ бұзылмаған.

Біз де пендеміз! Біз де Алланың рақымы түскен жерде өмір сүріп жатырмыз. Тек, біздегі ПЕЙІЛ туралы ойласам... Болды ғой! Тойған шығарсыздар, ҚОМАҒАЙ ҚАЗАҚТАР! Бәрібір ана жаққа алып кете алмайсыздар! Халықпен бөлісіңіздер! Елдің экономикасына салыңыздар! Пейілі түзу ұлттың баласы үйіне тасиды. Сендер оффшорға тығасыңдар...
"21 мың теңгені " жыр қылып, қайдағы бір сенім, келісім кеңесі деген кезекті бос әңгімені қоздырғанша ПЕЙІЛІМІЗДІ түзейікші! АЛЛАНЫҢ РАҚЫМЫ әзірге қазақтан сырт айналған жоқ!

Арман Сқабылұлы

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...