Бауыржан Омарұлы. Академиктің альбомы

ЕСТЕЛІКТЕР
1626

(Сирек суреттер сөйлейді)

Бұл суреттерді академик-жазушы Зейнолла Қабдолов та, оның жары Сәуле апай да, тіпті ұрпақтары да, шәкірттері де бұрын-соңды көрген емес. Себебі қазір сирек дүниеге айналған құнды кадрлар әр жылдарда, түрлі шараларда түсірілген. 

Мәселен, газеттің фототілшісі редакция тапсырмасымен бір жиынға барды делік. Ол жерге қазақ зиялыларымен бірге Зекең де келеді. Фототілші сол жиыннан қаптаған сурет түсіреді. Сол көптеген нұсқаның ішінен бір-екі кадр ғана басылымға пайдаланылады. Қалған суреттерді сол басқосуға қатысқан адамның бәріне таратып беру маманның міндетіне кірмейді. Оған уақыты да жоқ. 

Өтіп жатқан шара жөніндегі фоторепортажды дер кезінде келесі нөмірге үлгертіп жіберуге тырысады. Ал қалған қосалқы кадрларды фототілшінің жойып тастауға толық құқы бар. Бірақ олардың арасында соның бірде-біреуіне тимейтін, әйтеуір «керек тастың ауырлығы жоқ, кейін бір қажеті боп қалар» деп ұқыптылықпен сақтап қоятын жігіттер де бар. 

Соның бірі – қазақ руханиятының фотошежірешісі Шүкір Шахай. Ол ұзақ жыл бойы ұлт баспасөзінің қарашаңырағы «Егемен Қазақстанда» жұмыс істеді. Кейін Үкіметтің баспасөз қызметіне ауысты. Қазіргі қызметі – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің жеке фотографы.

Шүкір Шахай Зейнолла Қабдоловтың бейнесі бар бұл суреттерді Алматы қаласында – Жоғарғы Кеңес ғимаратында, Сәбит Мұқановтың музей-үйінде, Премьер-Министрмен кездесу сәтінде, Жастар мен балалар театрында өткен ақындар айтысында, Мырзатай Жолдасбековтың 60 жасқа, Фариза Оңғарсынованың 50 жасқа толған мерейтойларында және басқа басқосуларда түсірген. 

Зейнолла Қабдоловтың бұл кадрларды көрмегені, тіпті мұндай суреттері бар екенінен мүлде хабарсыз болғаны, әрине өкінішті. Бірақ бәрібір бұл – академиктің альбомы. Көрнекті қаламгердің сирек суреттер галереясы. Зерделі Зекең өмірінің қалтарыс сәттері. 

Шүкір Шахай осындай мезеттерді тарих таспасына таңбалаған. Қаптаған архивтің арасынан соның оңай табылып, қолға тигенінің өзін олжа көреміз. Ұсынылып отырған суреттердің дені ешқандай бұқаралық ақпарат құралында жарияланған емес. «Атырау» газеті бүгін осы жәдігерліктердің тұсауын кесіп отыр. 

Келіңіз, ендеше, академиктің фотоальбомын бірге қарайық, ешқашан сарғаймайтын электронды нұсқадағы сирек суреттерді бірге көрейік...

«Атырау» газеті, 3 ақпан, 2023 жыл.

author

Бауыржан Омарұлы

ЖУРНАЛИСТ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...