Рысбек Зұрғанбайұлы. Құрмаш кешкен қилы ғұмыр

ЕСТЕЛІКТЕР
3989

Рысбек Зұрғанбайұлы

Өзіңнен бұрын өмір кешкен, өзің ес біліп, етек жаппаған шақта өмірден көшкен өресі биік өзгеше тұлғаның ғұмырнамасы мен шығармашылық үрдісі жəне азаматтық, адамдық болмысы хақында бəрін білетін данышпандай кеуде керіп сөз қозғау – бекер босқа білімдарсығандық, тіпті, түгел сөздің түйінін тауып түйсінбейтін топастық, əлін білмес əлектей сорақылық, қасиетке жасалған қиянат болары анық. 

Демек, əдебиетіміздің əндігері болған Құрманхан Мұқамəдиұлының тағдыр бізге тарту еткен шынайы тұлғасы туралы сараптама жасау – көзін көріп сөзін естімеген жаман бала мен үшін аса қиын, ауыр жүк екенін жақсы сезінемін. Бірақ біраз адамдар осындай міндет артып, парыз жүктеген соң бас тарта алмадым. 

Сондықтан да көнекөздерден естігенім, белгілеп алғандарым, ол кісі туралы бұрын-соңды жазылған естеліктер, мақалалар, өзім əр жылдарда жазып-сызып жүрген дүниелеріме сүйеніп, онда да бұрынғы пайымдауларды бірізділікпен қайталамай, қазіргі ой-талғам тұрғысынан өз пікірімді орталарыңызға салуды ниет еттім.

* * *

Дарынды драматург, жалынды жазушы, тамаша тəржімашы, қоғам қайраткері Құрманхан Мұқамəдиұлы 1923 жылы 4 тамызда Алтай бетінің «Қара Дүргін» деген жерінде қарақасқа кедейдің қара қосында өмірге келген, Ожығай ананың омыртқасын он ай үзіп көтерген перзенті, жаратқаннан тілеген жалғыз ұлы еді 

Жарлылық жағадан алып, жоқшылық балағына жармасқан, тақаршылық торын құрып тағдырына үстемдік еткен өмір талқысы бала Құрмашты еркеліктен ерте айырды, қаршадайынан ауқаттылардың қой-қозысын қайырды, сөйтіп ата-анасына қолғанат болуға талпынды. Сондықтан да өмір жайлы түсінігі ерте толысып, санасы ерте оянған болар. Əрі кəрі құлақ қарттардың əңгімесіне əсерленіп, тарихи жырлар мен тағылымды сөздерді жастайынан құлағына құйып, зердесіне тоқып өскендігі – оның ауыр тұрмыс, аш құрсақ, шала ұйқы, иіні киімге жарымаушылықтың жəбірінен жасымай шымырланып, шыңдалып, қарағайға қарсы біткен бұтақтай қайсарланып, көзқарақты алғыр, айналасына ойлылықпен қарап, алдағы нысанасын айқындап алар ақылды болып ер жетуіне ықпал еткен тəрізді. 

Дəуір дүбіріне елеңдеп, тума дарыны қамшылаған Құрмаш тұрмыс тауқыметінен аса алмай, ата-анасына қарайлаумен білім жолына қазіргі кездегі таным бойынша өте кеш түсіпті. Улаанхус сұмындық бастауыш мектептің табалдырығын 1938 жылы алғаш аттанғанда ол отау иесі он бес жасқа толып қойған еді. Тумысынан зерек, қабылеті ерек Құрмаш мұнда небəрі екі жыл оқып, Қобда қаласындағы мұғалімдер дайындайтын екі жылдық курсқа қабылданады. Оның болашақ өміріне түбегейлі өзгеріс сыйлап, қоғамдық жəне шығармашылық қызметіне ілкі тұсаукесер болған кезең осы курстағы екі жыл деуге болады. Өйткені ол осы курста оқыған жылдары моңғол, қазақ жазба əдебиетінің кейбір үлгілерімен алғаш танысып, өзі де тырнақалды өлеңдерін өмірге əкелді, оқырманға ұсынды. Сөйтіп, болашақ тарлан таланттың тұмса бастауы көзін ашты. 

Елімізде жеңген халық төңкерісінің демократиялық сатысы аяқталып, «социалистік қоғамның негізін қалауға көштік» деп мемлекетіміз жар салып, екінші Негізгі заңын қабылдап, ұлттық қазақ аймағы жеке шаңырақ көтеріп, «отан дамысына кедергі келтірді» деген көзқарақты азаматтар тап жауы ретінде жойылып, кіл өңкей «патриоттар» сұрыпталғандай ұғым туған, орыс-герман шайқасы өрттей қаулап, қоғамның бүкіл саласы соғыс жағдайына бейімделіп, азаматтық белсенділік алғы сапқа шыққан сол бір жылдарда 18-ге жаңа толған, курсант Құрмаш та өзінің алғашқы өлеңдеріне осы патриотизмді арқау етті. Оның «Октябрь тойына», «Қыс», «Ұлы Ленин», «Құттықтау» атты өлеңдері 1941-1942 жылдары жазылып, «Өркендеу» газетінде жəне 1942 жылы аймағымызда тұңғыш рет латын қарпімен теріліп жарық көрген «Өлеңдер жинағы» атты шағын кітапшаға енді. 

«Кең дүние төсіңді аш, мен келемін, 

 Алынбаған есем бар сенде менің!» деп марқасқа ақын Мұқағали Мақатаев айтқандай, Моңғолия қазақтары жазба əдебиетінің отауын тігісер бір дарынды жастың өмірге келгенін сол өлеңдерімен-ақ сездірген Құрмаш 1942 жылы Баяннуур сұмындық бастауыш мектебіне ұстаздыққа барып, алғаш рет қоғамдық қызметке араласты. Ал 1943-1948 жылдары Ішкі істер министрлігінің аймақтық бөлімшесінде қызмет етті жəне батыс шекараның тыныштығы жолында барлау жұмыстарына да қатысты, ал 1948-1950 жылдары Ресейдің Мəскеуіндегі Чекистер мектебін оқып тəмамдады. 

Ол осы жылдар ішінде, тіпті, 1955 жылы Моңғолия қазақ əдебиетінде тұңғыш рет көркем очерк жанры ғана емес, көркем прозаның да құдіретін қосақабат танытқан əйгілі «Жұт ала ма, жұрт ала ма?» атты көркем очеркін жазғанға дейінгі он шақты жылда ол əдебиеттің ешбір жанрына қалам тартпаған деуге болады. 

1950 жылы Мəскеуден оралысымен Ішкі істер министрлігінің Баян-Өлгий аймақтық бөлімі бастығының орынбасары болып тағайындалып, одан 1955 жылға дейін Қобда аймақтық Халық Депутаттары Атқару Əкімшілігінің жауапты хатшысы қатарлы жоғары лауазымды қызметтерді атқарып, ұлттық зиялылары саусақпен санарлықтай халқымыздың иығына түскен ауыр жүк, дəуір талаптары үдесінен шығуға бар күш-қуат, білім-парасатын жұмсады. 

Белгілі ақын, халық ауыз əдебиеті мен этнографиясының жанашыры, ағартушы азаматымыз, Құрмаштың ең алғашқы толық жинағын əзірлеп, жарыққа шығарушы Кəкей Жаңжұңұлы сол жылдар хақында: «Жаңадан қалыптаса бастаған ұлттық интеллигенцияның алдында – партия мен үкіметтің саясатын насихаттау, елімізде социализм негіздерін құру жəне социалистік өндірістік қатынастарды қалыптастыру, алғашқы бесжылдық жоспарды жүзеге асыру, халық шаруашылығын коллективтендіру, мəдени ағарту ісін дамыту тəрізді жауапты міндеттер тұрды. Табиғатынан кішіпейіл де көпшіл, халыққа етене жақын, іскер де ұйымдастырғыш қабылеті бар жас кадр Құрманхан да бұл қызметтерге барынша беріле кірісті. Қызмет жауапкершілігі мен уақытының аздығынан бұл жылдары Құрманхан қаламынан көлемді шығармалар туа қоймағанымен, оның көп үйренген, əдебиет əлеміне барлау жасап, əдеби білімін шыңдаған, творчестволық жұмысқа өзін іштей əзірлеген жылдары болды» деп тұжырымдайды. Бұл тұжырымға біздің де алып қосарымыз жоқ. 

Тек, сол жылдар – Құрмаштың небəрі 25-30 жас аралығындағы уыздай жас кезі екенін, сол жастығына қарамай Баян-Өлгий аймағының бастығы (аймақ әкімі), 2 мəрте Моңғолия Халық Ұлы Хуралының депутаты, МХРП-сы Орталық Комитетінің мүшесі болып ел бастағанын, мұның өзі оның қоғам қайраткері ретінде аймағымызға ғана емес, елімізге ерте танылғанын мəшһүрлейтінін мағұлымдай кету артық емес. 

Туған ұлтының, жалпы халықтың байырғы тұрмыс-тіршілік, өмір сүру үрдісіне жаңа замандық өзгеріс енгізуге, жақсылық сыйлар жаңалықтарға жаны құштар Құрмаш осы үлкен лауазымнан бас тартып, 1955-1956 жылдары Ұланбатырдағы Бірлестік басшыларын даярлау курсында оқып, 1950 жылдары қоғам өмірінде болған төңкерістік сипаттағы ірі оқиғаға саналатын бірлестіктендіру /коллективтендіру/ қимылының алғышарттарын жасауға белсене қатысты. 1958 жылға дейін Баяннуур сұмынында «Гүл» бірлестігін орнатысып, оны басқаларға үлгі боларлықтай дəрежеде дамытты. Осы қызметтегі шеберлігі үшін МХРП Орталық Комитетінің пленум жиналысында жоғарғы баға алды. 

Құрмаштың қоғамдық саяси қызметтегі ұйымдастырушылық, басшылық үлгісі туралы оның бала жасынан бірге өсіп, бірге оқып, бірге қызметтеген замандастарының бірі Əукетай Қыдырханұлы: «Құрмаш мектеп қабырғасында небəрі 6-7 жыл ғана болса да оның білім дəрежесі жоғарғы оқу орындарын бітіргендерден кем түспеді. Ол үнемі өз бетімен оқуға шұғылданушы еді. Марқұм өз өмірінің ауданды уақытын партия, əкімшілік, шаруашылық істерін басқару ісіне арнады. Өз ісіне сондай құштар, əр істің тетігін таба білуші еді. Ол жергілікті саяси, шаруашылық, мəдени жұмыстарды іске асыру тəсілдері жөнінде аймақтық пленум, сессияларда аса маңызды пікірлер ұсынып жүрді. Сөйтіп, Құрмаштың ұйымдастыру шеберлігі мен саяси теориялық білім дəрежесінің шоқтығы өз тұрғыластарынан əрқашанда биік болды» деген естелік қалдырыпты. 

Осы бағалауға орайластыра Құрмаштың азаматтық, қайраткерлік болмысы туралы басқа адамдардың ауызекі əңгіме, естеліктеріне үңілгенде оның ақыл-парасаттылығы, жан-жақты білімдарлығы, арамдықтан аулақ адалдыққа етене мінез сұлулығы, туғанына тартпайтын турашылдығы, кей кемақыл кеудемсоқтардың ашық та жасырын құқай, жымысқы пиғылдарына тегеурінді тойтарыс беретін ақкөз өжеттігі, ханды емес қара халықты пір тұтқан дегдарлығы, қудалау көріп жан жүрегі жараланған кездері көп болса да жігері мұқалмай, бəрінің де жақсылықпен аяқталарына бекем сеніп, болашаққа үміт артқан жанкештілігі көз алдыңа келгендей болады. 

Біздің қай-қашандағы зиялыларымыздың бірін-бірі көреалмастық, рушылдық, жікшілдік, жақсыны жанына жолатпай, жағымпаз жаманды жымысқы əрекетіне пайдаланып, ортасынан жем түсіруге, сөйтіп, мансап биігіне жыландай өрмелеп шығуға талпынатын «дерті» болғанын білеміз. Ондай жайды бүгінге дейін өзіміз де көріп, кейде жағамызды ұстауға жақын қалатынымыз да өтірік емес. 

Мансап биігіне де, асыл азаматтық асқарға да жыландай жылжып емес қырандай қалықтап шыққан Құрмашты да осы «дерттенгендер» кезінде аз емес мазалағанын айтпасақ – оның азаматтық шын тұлғасын таныту үшінгі бүгінгі талпынысымыздың зая кеткені болар еді. Сондықтан да Құрмаштың талайлы тағдыры туралы естіген-білгенімнің бір парасын осы орайда ашық айта кетуді парыз санаймын. 

Құрмашпен көп жыл аралас-құралас, қызметтес болған, аймақтық Ішкі Істер бөлімі, милиция бөлімінде жауапты қызметтер атқарған марқұм Сақай Қарсыұлының «Күй керуені» атты жинағының əдеби жазбасын əзірлеу барысында ол кісінің аузынан Құрмаш туралы көп əңгіме естіген едім. 

  • Қайран Құрмаш, керемет алғыр, білімі телегей, адамгершілігі мен адалдығы астасқан асқар тұлғалы азамат еді ғой, – дейтін Сақаң. – Ол Мəскеуде оқыған жылдары зеректігімен талайды таң қалдырған болатын. Чекистер мектебіне қабылданғаннан кейін екі айдан соң ғана Александр Фадеевтің «Жас гвардия» романы бойынша орыс тілінде баяндама жасаған Құрмаш еді ғой, ол! Ленин атындағы əйгілі кітапхана Құрмаштың тұрақты бір орнына айналған. Адаммен тіл тапқыш, білімдар, ақыл-көркімен басқаны өзіне тартқыш Құрмаш сол жылдары орыс тілін шебер меңгерумен қатар ол кезде оқуға қатаң тыйым салынған саяси жəне əдеби кітаптарды да құпия түрде көп оқығанын, қазіргі қоғам, саясат туралы пікірлерін өзі сенген адамдарға ашық айтып, сырласып отырушы еді. Сол көп білетіндігі оған кейде зиянын тигізіп, қызмет бабында біршама қудалау көруіне апарып соқты. Аймақ басшылығынан кетіп, «бірлестікші» болуы да сондай көре алмастық, күншілдік ұялай бастаған ортадан қашқаны болар деп те ойлаймын, кейде. Бірақ Баяннуурда да бақталас, тақталастар, қызғаншақ іші тарлар, жікшілдер, рушылдар артынан қалмады. Оған əдейілеп қастандық, арандатушылық жасауға талпынғандар да болған, – дейтін чекист Сақай Қарсыұлы. 

Ал жазушы Муса Байырқасынұлы өз естелігінде: «Өкініштісі – оның өмірі даңғыл жолмен өткен жоқ. Аяғынан шалып, жігерін мұқап сүріндіруді көздеушілер де кездесті. Құрмаш қажыр-қайратымен, білімімен ондайлардың өзін сүріндіріп, əлденеше рет тойтарыс беріп жеңген еді. Мұндайда ол болатты соққан сайын шыңдалатыны сияқты шыныға түсетін. Мəселен, оны бірнеше рет партия қатарынан аластап, қатаң шара қолданбақ болды. Бір орында тұрақты қызмет етуіне, жақсы туындылар жазуына мүмкіндік бермей, түртпектетіп, қызметін жиі ауыстыра берді. Құрмаш мұның бəріне де төзді» деп жазады. 

Шынында да, Құрмаштың қызметтік анкетасына зер салып отырғанда көз көргендердің жоғарыдағы бағалары ақиқаттан алшақ емес екеніне көзің жеткендей болады. Сондықтан да кешегі аймақ басшысы, бүгінде «Гүл» бірлестігін гүлдендіріп, отан тапсырмасын өзгеге үлгі боларлықтай деңгейде абыроймен атқарып, басшылық, ұйымдастырушылық, жаңашылдық шеберлігімен əйгіленіп Халық Ұлы Хуралының депутатына екі мəрте сайланған, «Алтын жұлдыз» орденімен екі рет жəне медальдармен марапатталған əрі аудармашы, драматург, жазушылық дара дарын, қыран қабілетімен елге кең танылып үлгерген Құрмашты 1958 жылы Баяннуурдан Өлгийге алдырып, аймақтық баспахананың, шын мəнінде жарты баспатабақтық көлеммен аптасына бір рет қана шығатын «Өркендеу» газетінен өзге əдеби, ғылыми кітап, журналдар басатын дəрежеге жетпеген шағын ғана басу цехі үлгісіндегі мекеменің меңгерушісіне нұсқағаны да – сол кездегі билік ұстаушылардың кезекті бір мұқатуы іспетті сезіледі. 

Сол шақтың куəгерлерінің бірі Мағауия Сұлтанияұлы ақсақалымыз бір естелігінде: 

  •  Мен «Өркендеу» газетінде редактор едім. Ол кезде Құрмаш Баяннуурда жұмыстайтын. Бір күні кеңсеме келді... Сөйтіп, екеуіміз жасымыз құрдас, жанымыз сырлас болғандықтан ойымызды жасырмай көп сырластық. Ол кезде аймағымыз зиялыларының арасында рулық жікшілдіктің салқын сарыны тіріле бастаған-ды. ...Əңгіме үстінде осылардың былық-шылығын біраз қозғады. Мен, өздерін кіршіксізге балайтындардың күнəсін естіген соң: «Бұл былықты неге жазбайсыз?» – дедім. Құрмаш жымиды да: «Мақаш-ай, тереңірек ойлану керек қой. Бірінші де менің түгім де кеткен жоқ, қайта жазу-сызуыма мүмкіндік болғанына ризамын. Екінші де, бір қазақтың артын бір қазақ ашқанда не түседі», – деді. Құрмаш кетерінде: «Мақаш, бірінші хатшы маған осы кеңсені меңзеді. Бірақ кінəсіз біреудің орнына жармасу ұят қой. Өзіңмен сөйлесейін деп келдім. Ұйғармайтын болсаң, басқа шаруа табылады ғой», – деді. Сөйтіп, мен құп алдым да, ол газеттің редакторы əрі баспахана бастығы болды да мен кітап редакторы қызметіне ойыстым, – дейді. 

Мақаңның естелігіндегі осы бір шағын эпизодтан-ақ Құрмаштың тағы бір қағажу көріп, жаны жабырқаған сəтін, бірақ оған емес, кінəсіз біреудің қызметіне жармасуға басшылық итермелесе де өз ары бармай ақыл сала келген адал да кішіпейіл мінезін, қиянатшылдықтан аулақ азаматтық асқақ тұлғасын, қарапайымдылық қасиетін көреміз. Осынау Құрмаштарды қажытқан, қапаландырған рушылдық қырқыстың да, бірді бірге айдап салып, сыртынан рахаттанып отыратын пасық пиғылдың да əлі де ортамыздан арылмай келе жатқанын көріп те жүрміз... 

Құрмашты қудалау, қызметін ауыстыра беру мұнымен ғана шектелмеген. Оған, 1958-1962 жылдар арлалығында ғана аймақтық баспахана бастығы, газет редакторы, Үкіметтік баспасөз-ақпаратты бақылау орнының /цензура/ аймағымыздағы өкілі, аймақтық Кəсіподақ кеңесінің бастығы, ал 1963 жылдан өмірінің ақырына дейін аймақтық əдебиет үйірмесінің жетекшісі əрі «Жаңа талап» журналының редакторы секілді қызметтерге алмастырылып, бірден бірге ығыстырыла бергені куə секілді. Бұған бүгінгі таңда да өздерінше уəж айтып, бəз біреулерді ақтап, тек Құрмаштың өзін ғана кінəлі еткісі келетіндер бар екенін білеміз. Бұл кінəлаулар, оны бұлтарыссыз шындық болдырғысы келетін əртүрлі дəлелдер Құрмаштың көзі тірісінде тамырланып, ол өмірден өткеннен бергі жарты ғасыр уақыт бойы көктеп келе жатқаны да белгілі. Бірақ «кеден кеден болды, кеден неден болды» деген сөздің астарына да бір үңілетін, күрделі тұлға өмірінің күңгірттеу қалған тұстарына шындық биігінен зерделеулер жасайтын кез келді-ау деп ойлаймыз. Сол үшін де осы мақаламда аз-аздап қозғау салмаққа ниеттенгенімді түйсінерсіздер деп ойлаймын. 

Сөзімізді қайта сабақтасақ, осындай қитұрқылықтар алғыр ойлы, сезімтал, нəзікжанды, адалдықты арлаған Құрмаштың жүйкесін жегі құрттай жеп, ішімдікпен ішкі дертін дауалауға мəжбүр етіп, ақыры небəрі 41 жасында құртып тынған болар?! Оның үстіне, ол, жоғарыда айтқанымыздай, сол кездегі саяси идеологияға жат, қауіпті саналған саяси, ғылыми, əдеби туындыларды Мəскеудегі жылдарында біршама парақтаған, 1943-1952 жылға дейін чекист ретінде он жылдай Ішкі істер министрлігі қарамағында жұмыстап, барлаушылық тапсырмамен Оспан батырмен де жүздескен, халық төңкерісінен кейінгі жылдардағы Ішкі істер министрлігі тарапынан жүргізілген не түрлі қанды науқан, нəубеттер туралы деректермен ерте танысып, өзіндік қортынды жасаған, Хрущев заманындағы жылымықтың мəнін ұғынған заманының зерделі перзенті болды. Қателіксіз адам болмайтыны секілді қандай қоғам да кінəратсыз пəк таза болмайды. Ал сол қоғамның өзін пайда болдырып, ілгері жетелейтін күштің өзі əлгі Адам болса, оның пендешілік дерті бойынан арылмаса, əрине, шалыс қадамдар, ілгерілетем деп кері кетірушілер шығатыны ақиқат. Міне, осындай орашолақтықтарды дер кезінде қалетсіз сезініп, түзетуге талпынғанымен өзі оңбай таяқ жеген, қағажу, қудалау көрген адамның пəни ғұмырдан безінетін сəттері де болады...

Құрмаш туралы толғанғанда осындай ойлар туындап, осының бəрі де оның тағдырына ықпал етті ме екен, заманынан ойы озып туған азаматтың түбіне заманауи нақалдық жетті ме екен деп ойламауға əддің жетпейді. 

Жалпысы, Құрмаштың көмескі түрде қудалауға түсуі Мəскеуге, чекистер мектебіне кетерден бұрын басталып, 1950-1955 жылдары бөлім орынбасарынан Аймақ бастығы, Аймақтық Партия Комитетінің бірінші хатшысы қатарлы жоғары лауазымды қызметтер баспалдағымен жедел өрлеген кезде өрши ушығып, ақыры өмірінің соңына дейін жалғасқан деп түйіндеуге болатындай. Осында мысалға алынған жəне алынбаған ақиқат жайттар бізді осындай тұжырым жасауға итермелейді жəне əрқашанда кімнің болса да кемістігін, дөкірлігін тура айтып, шындықтың таңбасын шыжғыртып тұрып бетіне басатын, «сауатты тоғышарларды» тапқыр да терең, ұтқыр да уытты уəжімен тобықтан қағып, тойтарып тастайтын алмас мінезді марқасқаның – ешкім де тура қарауға дəті бармайтын қырандай отты көзіне көлеңке жуытпай, бір өзі біртұтас əлем болып өмірден ғайып болғанын бағамдаймыз... 

Иә!.. 

Құрмаштың қайраткерлік, азаматтық тұлғасына қатысты өз пайымдауымызды осымен тұжырымдай келе, қаламгерлік ерекшеліктері туралы бірер түйіндерімізді қысқа-нұсқа қайырып сараптарыңызға ұсына кетелік. 

Əдебиеттегі алғашқы қадамын шағын өлеңдер жазумен бастаса да 1942-1955 жылдар аралығында көркемсөз əлемінен көрінбей кеткен Құрмаш 1955 жылы көктемде «Жұт ала ма, жұрт ала ма?» атты көркем очеркімен қайта келді де, осы туындысы арқылы ғана нағыз жазба əдебиеттің шын шебері екенін мойындатты дей аламыз. Өйткені бұл очеркті (өзі «мақала» дей салған) күні бүгін оқысаңыз да уақыт көші ілгерілеген сайын əрленіп, тамаша қалдыратын көркем əңгіменің классикалық үлгісін оқығандай əсерге бөленесіз, ондағы сөзбен сызылған табиғат суреттеріне, адамдардың ойыңнан кетпес образдарына, тіл шұрайлылығына, шешендік тағылымдарын таңдайыңа татытқан қаламгерлік шеберлігіне тəнті боласыз. Мұндай еріксіз тамсантып, лəззат сыйлар тапқыр тіркес, қисынды қайырымдарды сіз Құрмаштың кез келген туындысынан да кездестіруіңізге болады. 

Іштей пісіп жетіліп, кемеліне келген дархан дарынның томағасын сыпырған тастүлектей түлеуіне – сол 1955 жылы аймағымызға келіп, қаламгерлердің басын қосып, алғашқы əдебиет үйірмесін ресми түрде құрысқан Моңғолия Жазушылар Одағының хатшысы Д.Сэнгээнің игі əсері тиді десек артық емес. Олай дейтініміз – Д.Сэнгээ сол кездегі санаулы ғана қазақ қаламгерлерін бірнеше сұмынға шығармашылық жолдамамен жіберіп, жақсы туындылармен оралуларын талап етумен қатар жаңа дəуірдің жазба əдебиеті туралы теориялық ақыл-кеңестерін беріп, қарт жырау Б.Ақтан ақынның өлеңдерін моңғол тіліне аударып бастыру мəселесін шешіп, қаламгерлерге рух сыйлаған, шын таланттардың шабытын оятқан. Осы сапары жайлы Д.Сэнгээ: «1955 жылы 10 көкек. Баян-Өлгий аймағының əдебиет үйірмесінің қызметімен таныстым. М.Құрманханның «Кезең үстінде» пьесасының екі əнін, бір көрінісін аудардым. Б.Ақтанның «Қобда өзен» өлеңін редакторлап, аударып... оны Ұланбатырға шақырып, жинағын моңғол тіліне аударып басуға рұхсат еттім» деп жазған. Бұдан біз, Д.Сэнгээнің келуі Құрмашқа да бір серпін бергенін аңғарумен қатар, 1956 жылы Музыкалық Драма Театрының тұңғыш шымылдығын ашқан «Кезең үстінде» пьесасының алғашқы нұсқасы 1954-1955 жылдары, яғни Құрмаш «бірлестікші» болмай тұрғанда жазыла бастағандығын, осы күндері Д.Сэнгээмен бірге жүріп, талантына қанат бітірер кеңестер тыңдап, əдебиетке шындап кірісуге құлшыныс тапқанын пайымдаймыз. Осыдан кейін ол Аймақ бастығы лауазымын тастап жанына Б.Ақтан ақынды ертіп Ұланбатырға, бірлестік басшыларының курсына аттанған. Бұлайша шешім жасауы – әдебиетпен айналысуға бел байлаған оның астана əдебиетшілерімен шығармашылық байланыстар орнатып, моңғолдың театр өнері, драманың сахнада жандануын өз көзімен көріп ғибрат алу, əрі Б.Ақтан өлеңдерін моңғолшаға аударуды жауаптанған Б.Бааст қатарлы қаламгерлерге жəрдемдесіп, мағыналық аудармасын жасасып, ақын шығармаларының сапалы шығуын қадағалау мақсатынан туындаса керек. Əсіресе, қоғамдық құрылымы, тұрмыс-тіршілік тынысы, мақсат-мүддесі мен ой-саналық деңгейі ұқсас Моңғолия жаңа жазба əдебиетінің озық үлгілерімен танысып, оны қазақ оқырмандарына жеткізу, сол арқылы моңғолша тіл ұстартып, саяси, əдеби білімін үстей түсуді мұрат тұтқан сыңайлы. Олай деуімізге сол 1955-1956 жылдары өзі моңғол тілінде жазған тұңғыш əңгімесі «Алғашқы қадам» орталық баспада жарық көріп, «Кезең үстінде» пьесасы сахнада ойналып, Моңғолия жаңа жазба əдебиетінің классигі Д.Нацагдоржының «Жұмбақ төбелер» операсының либреттосы, «Ламекеңнің көз жасы», «Құс Қарасұр», «Жылдың басы – көздің жасы» əңгімелері мен «Пионер əні», «Кенже қозы», «Алысқа аттанған оқушы», «Менің жерім» қатарлы бір шоғыр өлеңдерін қазақ тіліне алғаш рет тəржімалап, жеке кітап етіп бастыруы дəлел. 

Осылайша, проза, аударма, драматургия жанрларында бақ сынап, қаламы төселген Құрмаш 1957-1958 жылдары «Тау қойнында жеке-дара» сюжетті сықақ өлеңін, «Қарға қарғаның көзін шоқымайды» комедиясын, əдебиетімізде ең алғашқы саналатын «Алтыбақан» либреттосын жазды. Ал, 1959-1960 жылдары бірнеше өлеңдері, «Жасыл дөң» пьесасы мен «Екі дос», «Сəтті сапар» əңгімелері, «Тамыр дəрі» сатиралық көрінісі, 1962 жылы «Тұлбакөл шайқасы» тарихи драмасы өмірге келді. Осы жылдары аударманы да егіз қатар алып жүрген Құрмаш 1962 жылы Ц.Гайтавтың «Сүхбаатар» атты Мемлекеттік сыйлық алған көлемді дастанын, 1963 жылы Ч.Лодойдамбаның «Тұнық Тамир» диалогиясының бірінші кітабын қазақша сөйлетіп, оқырмандарына ұсынды. Сонымен қатар 1962-1963 жылдары «Жұмыртқадай ақ отау, жиһаздары жаңа отау» очеркі, əдебиетіміздің сапасы туралы бірнеше публисистикалық, сыни мақалаларын жариялады. Ал өмірінің соңында қолына алған «Бөкенжарғақ» аңыз дастаны мен «Тоғысқан тағдырлар» пьесасы аяқталмай қалды. 

«Уа, қарағым Құрмашым, 

Ақылдасым, сырласым. 

Қалаулысы халықтың, 

Мыңменен тең бір басың. 

Азаматым, сымбатым, 

Түспейтін қолға қымбатым. 

Ары биік асылым, 

Азайды неге жыр-хатың?!» – деп абыз жырау Ақтан атасы аялаған азамат, дəуірінің дара туған тұлғасы, қара сөздің қайығы Құрмаштың – Құрманхан Мұқамəдиұлының алып жүрегі 1964 жылы қыркүйектің 3-жұлдызында, 41 ғана жасында мəңгілікке тоқтады. 

Өстіп қилы ғұмыр кеше жүріп шынайы қаламгерлікпен небəрі 9-ақ жыл айналысса да соңына мəрмəрға қашалған бағзының бəдізіндей мағынасы көнермес киелі мұра, сом алтындай соқталы туындылар қалдырған Құрмаш шығармаларының тақырыптық желісіне қарап отырғанда анық байқалатын бір ерекшелік – белгілі бір биіктіктен тарих тереңіне үңілу мен болашақты зерделеуді мұрат тұтқан Сұңғылалық сораптары дер едік. Мысалы, алғашқы өлеңдері уақытқа жедел үн қосуға деген ілкі талпыныс болса, «Сəтті сапар» «Жұт ала ма, жұрт ала ма?», «Жұмыртқадай ақ отау, жиһаздары жаңа отау» əңгіме, очерктері мен «Кезең үстінде», «Жасыл дөң» пьессалары, «Алтыбақан» либреттосы, «Тамыр дəрі» сатиралық көрінісі, «Тау қойнында жеке-дара», «Жас өрен» өлеңдерінде елуінші жылдар, яғни бірлестіктендіру қимылы өрістеп аяқталған кезеңдегі халық психологиясында болған заманалық өзгерістер мен шиленістерді ауыл адамдарының дүниетанымы, салт-санасы, ұлттық тарихи этнографиялық үрдістерімен сабақтастыра отырып, сол дəуірдің тұтас бір панорамалық галериясын жасаса, оны «Алғашқы қадам», «Екі дос» əңгімесі, «Қарға қарғаның көзін шоқымайды» комедиясындағы жаңа қалыптаса бастаған ұлттық жас зиялылар бейнесімен толықтырып, əсерлілігін əрлей түседі. Сондай-ақ сол бір тұста тұтас бір армияға айналуға бейімделіп келе жатқан ұлттық жұмысшылар портретін жасап, осы үлкен галерияның төрінен орын беруге деген асыл арманының куəгеріндей болып құрылысшылар өмірін арқау еткен «Тоғысқан тағдырлар» пьесасын қолға алғанымен, тағдыр оны аяқтауына мұрсат бермеді. 

Құрмаш осынау туындылары арқылы өзі өмір сүрген, өзі жақсы білетін кезеңнің тау тұлғасын сомдап, сол биікті қыран-тұғыр ете отырып «Тұлбакөл шайқасы» драмасы, «Бөкенжарғақ» аңыз-дастанымен тарихи тақырыпқа көп ізденіс, үлкен дайындықпен келіп батыл қалам тартты... 

Енді бір кезек, ол кісінің болашақты зерделеу қасиеті жөнінде Құрманхантану тақырыбына талпынып жүрген адамдар бар болса, соларға септігі тиетіндей бірер тұжырымдарды айта кетейін. 

Жоғарыда айтқанымыздай, «Кезең үстінде» пьесасы «бірлестік» деген ұғымның халық санасына соншалықты қонақтамаған, басқаны еліктірердей дəрежеге жетпеген, Құрмаштың өзі де бірлестіктің ішкі жұмысына араласып үлгермеген кезінде болашақ бірлестік келбеті қандай болатыны туралы күні бұрын болжал жасаған туынды болса, сондай бір ісі үнемі ілгері басатын ұжымды бейнелеуге ынтыққан алғыр қаламгер бірлестіктену қимылының жеңуі қарсаңында оның таяу жылдардағы дамыс жобасын, аймағымызға, ұлтымызға берер берешегін кескіндеген «Жасыл дөң» пьесасын өмірге келтірді, болмағанды болған істей сендіре баяндады. Мысалы, «Жасыл дөң»-дегі Қобда өзенінің қуатын пайдалану арқылы іске жегілген Су электр станциясы мен суландыру жүйесін айтуға болады. Онда Совет маманы Феодордың аузымен: 

– Вот, көрдіңіз бе, біз мына плотинаны орнатып, анау су қоймасын жасау арқылы шамамен алғанда өзен суының 40 процентін негізгі арнасынан бұрып, жаңа арнаға саламыз. Мұнымен кемінде он мыңнан төмен емес гектар жер суаруға болады. Екіншіден, мына гидроэлектр станциясының қыруар киловатт сағаттық қуаты бар. Мұнымен тек осы сұмын ғана емес, көршілес отырған бірнеше сұмындар электр қуатымен қамтамасыз етілетін болар, – дегізеді де бас кейіпкер Рахметке: 

  •  Я, кемінде 6-7 сұмын. Олар линиясын тартып дайындап қойды. Станцияның бітуін тағатсыз күтіп отыр. – деп құптатады. Пьеса соңы Су электр станциясы пайдаға беріліп, көптеген сұмын электр жарығын алып, жаңа өмір өркені басталуымен аяқталады. Бірлестіктендіру кезеңінің басталып аяқталу уақытын бейнелеген осы пьесалардың негізгі оқиғасы қазіргі Баяннуур, Алтанцөгц сұмындары өлкесінде өрістейді деп болжалдасақ – сонда алғаш бірлестік орнатып, бар тірлікті өз көзімен көріп келешегін қиялында елестеткен Құрмаштың осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрынғы сол арманы әлі күнге орындалды ма, жоқ па, оны өздеріңіз білесіздер жəне сол кездегі еліміздің, аймағымыздың болашаққа деген саяс экономикалық саясаты, бағыт-бағдары дұрыс болған болса, «Зиялылардың адасуы» тəрізді саяси нəубеттік науқандар ұйымдастырылмаған болса бұл арман əлдеқашан орындалып, бірнеше он жылдардың алдынан бері халқымыз игілігін көріп отырарына шүбə келтірмес едік. 

Сондай-ақ «Тұлбакөл шайқасы» драмасындағы Байкалов пен Хасбаатар арасындағы диалогпен берілетін өз өлкеміздің қой мен жылқыға қолайлы табиғаты, қойдай өрген аң-құс байлығын игеру, желілес жатқан көлдердегі балық қорын пайдаланып, аса үлкен балық-консерв зауытын орнату, тағы басқа болашақты болжаған көрегендік қасиеттері өз алдына жеке-жеке əңгіме, ғылыммен айналысқысы келіп жүрген жастарға дайын тақырып қой деп көреміз. 

Осының бəріне зер сала келгенде, Құрмаш өзіне таныс елуінші жылдарды талантына тұғыр ете отырып, өз заманының бүгінімен қоса, өткен шақ пен келешегін көркемдік əлемінде ұштастырып, кеше, бүгін, ертеңге бірдей қалам сілтеуді арман еткен, оны түп мақсатына айналдырған, осы тұрғыда аз да болса алтынға баларлықтай мұра қалдырған үлкен жүректі, кең диапозонды, дара дарынды, тумысы бөлек тамаша талант иесі, өз дəуірінің ғана емес бүгінгі жəне ертеңгі ұрпақ та ұялмай мақтаныш ететін ұлағаты мол толағай тұлғасы болған деп батыл айта аламыз. 

Құрмаш – жаңа жазба əдебиетіміздің ірге тасын қалаушылардың бірі ғана емес, нағыз көркем əдебиеттің əр жанрында қалам тербеп, сол арқылы кəрі-жасқа үлгі көрсеткен ұстазы, жанашыр қамқоршысы да болған адам. Оның абыз жырау Б.Ақтанға деген ілтипаты, інілік ізеті, Ақаңның моңғол жұртына өзін де, өз ұлтын да танытып, «Алтайдың ақиығы», «Моңғолия əдебиетінің көксеңгір шыңы» атануына тигізген үлкен жүректі қолғабысы, өзін емес əуелі өзгені ойлаған биік парасаттылығы – ұрпақтан ұрпаққа үлгі болар ұлылықтың белгісі, ғұламалыққа ғана жарасар ғажайып өнеге. 

Осы секілді, елу-алпысыншы жылдардағы əдебиет өкілдерінің ішінде Құрмаштың шарапаты тимеген адам жоқ. Оған сол жылдары əдебиет табалдырығын аттап, бүгінгі ақсақал, қарасақалдары болған өлісі-тірісі бар көптеген ағаларымыздың естеліктері, ауыз-екі əңгімелері куə. Демек, «Жалғыз ағаш орман болмайды» дегендей, өзінің талант қарымымен теңдесер жан сол шақта болмаса да алдыңғы ағаларының абыройын асырып, тым болмаса өзіндей, əйтпесе өзінен де артық ізбасарларын тəрбиелеуді Құрмаш аға өзінің азаматтық, адамдық парызы деп көрді. 

Құрмаш нағыз сөз зергері болды. Оның тіл байлығы, көркемдік бейнелеулері, образ жасаудағы орамдылықтары, кейіпкерлерінің ішкі жан дүниесін ашудағы асқан шеберлігі, шешендік тағылымдары тым ерекше. Пьесаларын, ондағы сөз саптастары мен өлеңдік дүниеліктерін, əңгіме, очерктеріндегі ғажайып қисындарды оқығанда жай қара сөз тіркестерін емес, қазақ сөзінің қаймағын, Абайдың ділмарлығын, Махамбеттің мақамын көріп, сезінесіз, бейне өресі биік, өрнегі келіскен ақ өлең оқып отырғандай əсерленесіз. Ондағы тапқыр тіркестер мен даналық толғамдарға, қиуадан қиюын тапқан қисынды қағидаларға тəнті болып, еріксіз таңданасыз. Дара дарын, текті тұлғаның осындай нəрлі, образды, тағылымды сөз, сөйлемдерін тергілеп, осыдан жиырма жыл бұрын əзірлеген кітабымыз 2013 жылы ғана «Құрмаштан қалған сөз сұлуы» деген атпен жарық көрді. 

Құрмаштың басқа да азаматық, адамдық, қайраткерлік, қаламгерлік, сұңғылалық, арлылық, қарапайым қайырымдылық, қамқоршы мейірбандық, ақкөз өжеттік, туысына тартпас турашылдық, пенделік пен періштелік, төзімділік тағылымдары туралы жеке-жеке əңгімелер қозғалып, құрманхантану ілімі тек шындық арнасында өрістеп өркен жаяды дегенге сенімдіміз. 

Осы орайда, Құрмаш шығармаларын зерделегісі келгендерге бір өтініш-уәжімізді айта кету артық болмас. 

Құрмаш шығармаларында, әсіресе драмалық туындыларында партияны, партиялық саясатты дәріптеушілік біраз жағдайда көрініс тауып жатады. Оның негізгі себебін сол дәуірде өмір сүргендер, сол дәуірдегі әдебиетті оқығандар жақсы біледі. 

Бір партия жеке-дара билік құрған өткен қоғамда «Партия» дегеніміз – тұтас қоғам, мемлекет, үкімет деген ұғымның шынайы баламасына айналған еді. Ол – сол заманның басты ұраны, көшбасшылықтың символы, халықты жаңалыққа, жақсылыққа, өмір үшінгі күреске, еңбеккерлікке, білімділікке, парасаттылыққа, адалдыққа жетелейтін, жігерін қамшылайтын, рухын көтеретін құдіретті күш мәртебесіне ие болатын. Мәдени өнердің, яғни руханияттың барша үлгілері – партияны дәріптеуге, партия саясатын, шешімдерін насихаттауға, қоғам мүшелерінің санасын партияға, яғни патшалыққа деген адалдық, шексіз сенімділік нұрымен сәулелендіруге даяшылық жасайтын. Әсіресе, баспасөз-ақпарат құралдарымен қатар сахналық шығармалар – сол заманның идеологиясын халыққа жеткізудің ең негізгі құралы, ең ұтымды тәсілі болды. Құрмаштың драмаларында кездесетін «партияшылық» мақамды – осы тұрғыдан қабылдап, шынайы талант құдіретіне шек келтіретін, шіркеу түсіретін шетін дүние ретінде түсінбеулеріңізді өтінер едім. Егер ондай сөз саптастарға салқын қарар болсаңыз, бітік егін арасындағы азғана «арам шөпке» балаңыз да жұлып тастап, қалған түсімінің дәмін татыңыз. Сонда Құрмаш талантының таңғажайып қырларымен танысып, бабына келген бал қымыз ішкендей тұшынарыңызға күмәнім жоқ. 

Сонымен қатар партияшылдық ұғымнан осынау демократиялық дәуірде де, көппартиялылықты көңілге медеу еткен заманда да арыла алмай келе жатқанымызды да есіңізден шығармауыңызды өтінемін. 

Қазаққа, соның ішінде Қобда бетіндегі Керейлердің өзіне ғана тән тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы, этнографиясы, фольклоры, өнер, мәдениеті, сол дәуірдегі экономикалық әлеуметтік ахуалы, халық педагогикасы, адамдардың әр алуан психологиясы, еңбеккерлік деңгейлері дейсіз бе, бәр-бәрін де Құрмаш шығармаларынан көріп, қазіргіңізбен салыстырып ой толғауыңызға мүмкіндік туады. Ең бергісі – қойдың белдемесі, жауырынына қарап сөйлеу /бал ашу, алғы күнді болжау/, тоғызқұмалақ секілді ұлттық ойын, қазақи уақыт есептеу үлгілері, мал мінезі, қойдың, жылқының ерекшеліктері, үй жиһаздарының, ондағы ою-өрнектердің мән-мағынасы, қазақы қолөнер, кәсіпкерлік үлгілері, бала тәрбиесі, әдептілік, имандылық, ата-ананы құрметтеу, ағайындық, ауылдастық, ұжымдық сыйластық, береке-бірлік ұстанымдары, ұлттық намыс, ерлік, еңбеккерлік, жаңаға, жақсыға талпыныс, құштарлық, табиғат байлығы мен сұлулығы, туған ел-жерге деген махаббат дейсіз бе, бәр-бәрі де осы Құрмаштың шығармаларынан табылады. 

Ал біздің осы мақалада баяндағандарымызды – заманымыздың заңғар тұлғасы, өз дəуірінің дара таланты, қайраткерлік, қаламгерлік жəне қарапайым азаматтық қасиеттерімен ортасынан озық шыққан, бүгін де, келешекте де біртуар бітімімен Бес Тəңірдей биіктей беретін, əлемдік қазақ əдебиетінің шоқтықты тұлғалары қатарынан өз орнын алуға тиіс халқымыздың қадірлі оғланы Құрмаш – Құрманхан Мұқамəдиұлының көп қырлы, қилы сырлы тағдырына жасалған ілкі барлау, бұрын айтылмаған кейбір шындықтардың бетіне жел тигізуге деген талпыныстың қысқа қайырылған ой тұжырымдары деп қабылдаңыздар. 

Құрмаш сынды қайталанбас тұлғаның əр туындысы емес əр сөз, сөйлемі, өмір кешулерінің əрбір сəттері мен шақтары сүре-сүре əңгімелерге арқау, ғылыми зерттеулерге күретамыр бола алады. Ол хақында бүгін жəне келешекте жеке тақырыптарда баяндайтын адамдар болса парасатты пайымдауларымен, белгілі бір идеологияның немесе жеке тұлғалардың ықпал-əсерінен тыс шыншыл талдауларымен баршамызды, асыл аруақты риза болдырып, құрманхантанудың жаңа тарауларын тарту етер деп сенемін. 

Аруақ разы болсын! 

Автор Моңғолия және Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.

Мәдениет порталы


Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...