АСҚАР СҮЛЕЙМЕНОВАнық қай жылы екенін кесіп айта алмаймын, бірде Сайын Мұратбековті іздеп "Жұлды...
Мен білетін Айгүл (А. Иманбаева хақында)
–Ата, Айгүл тәтем ән айтып жатыр, - дейді жиен кенжеміз, үш тілді Дәмежан. Мен телевизор көрмеймін. Ал мына жағдайда орнымнан қозғалмасқа амалым жоқ. Бәріміз жиналып Айгүл Иманбаева айтқан әнді сүйсіне тыңдап аламыз. Бізге оның үнемі күлімдеп, шуақ шашып тұратын ақжарқын ашық жүзі, мөлдір бұлақтай сыңғырлаған таза дауысы ұнайды. Әрине, үй ішіміздің Айгүлге деген ықыласында менің ықпалым жоқ емес. Мен ол кезде Талдықорғанда, Бикен Римова атындағы облыстық қазақ драма театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі едім.Тараз қаласынан Абай атындағы театрдың бас режиссеры Қуандық Қасымов телефон шалды: «Француз драматургі Жан Ануидың «Медея» пьесасын аударып беріңіз. Мерзім- он күн». «Кім үшін?» «Білесіз ғой оны, белгілі әнші, әртіс Айгүл Иманбаеваның арманы екен, Медеяның образын сомдау. Өзі жеке театр ашпақ». Сәл ойландым. Ежелгі грек аңызы. Батыс ойшылдығының мықтылығына не дерің бар, шағын аңызды әлемдік жәдігерге айналдырып жіберген. Әрідегі Софокл, Эсхил, Эврипид, берідегі Пьер Корнель, Жан Ануи қалам тербеген. Қайсысының жазғаны да күрделі, жеңілі жоқ. Айгүл алып кете алса жақсы ғой. Жә, көкейдегі жегі құрт, соны сұрайын да: «Қаламақысы?». «Ұнатсақ, қолма-қол аласыз». Сомасын айтты «Ет дегенде бет барма» дегендей, қаламақы деген аты қалғанмен заты жоғалған заманда жазушы үшін қомақты қаржы болғандай екен, бірден кірісіп кеттім де, айтылған уақытында дайын еттім. Қуандық інім көңілімізден шықты деді.
Талдықорғаннан таксилетіп келсем, театр тым-тырыс. Күзеттен рұқсат алып, қуықтай ұзын дәліздермен екінші қабатқа көтерілдім. Есікті ашқаным сол еді, кең, репетиция залының түпкі оң жақ шетіне қойылған үстел басынан дене бітімі тойған қозыдай келісті келген, сұрша келіншек «Өтен аға» деп ұшып тұрып, қарсы жүрді. Айгүлді теледидар көретін барша қазақ таниды ғой, ал ол мені қайдан біледі, бұрын көрген жоқ еді, деп ойлаймын да, Қуандық інім ескерткен ғой сипаттап, зерделілігі болар деймін сүйсініп. Арада көп сөз болған жоқ, мәселе тез шешілді. Мемлекеттік театрлар авторға қаламақы төлеп жарытпайды, Айгүлден қалтама әжептәуір қаржы түсті. Ішімнен қолға алған ісіне сәттілік тілеп Талдықорғаныма тартып кеттім.
Арада көп уақыт өткен жоқ, премьераға шақыру алдым. 2011 жылдың ақпан айының бас кезі. Қыс ызғары қайтқан уақыт. Ғ.Мүсірепов атындағы жастар театры көрерменге лық толы. Араларынан Маман Байсеркенов, Сәния Қабдиева, Әлия Бөпежанова, Мақпал Жүнісова, Асылбек Ықсан сынды елге танымал кісілерді, театр сыншыларын көремін. Бұдан мен өзімше руханият жағынан еліміздің көшбасшы қаласының жұртшылығы тарапынан театр өнеріндегі жаңалыққа айтарлықтай көңіл бөлетінін байқаймын. Соған орай қойылым сәтті өтті. Қалай болар екен деп іштей сынай келгендердің көкейлеріндегі түйткіл тарқағандай, тілшілер жұрттан пікір сұрап жан-жақтан жамыраса жөнелісті. Мен де бірер сұраққа жауап бердім-ау деймін. Есімде қалғаны: «Неге «Медея», өзіміздің төл шығармамыз емес?» Әрине, бұл маған қойылатын сұрақ емес еді. «Медеяда» көтерілген жалпы адамзатқа ортақ суымайтын мәңгілік махаббат, әйел бақыты мәселесі әлі күнге жұмбақ болып келеді емес пе. Сол түйіні мықты шешілмейтін жұмбақты қазақ әртісі Айгүл Иманбаева шешуге талпынған сияқты ғой. Сіздер не байқадыңыздар?- деп, өздеріне қарсы сұрақ қойып, құтылып кеттім.
Айгүл ашқан жаңа театр жаңа спектаклімен аймақтарға гастрольге шыққанын еститінмін. Отбасыммен Талдықорғаннан Астанаға көшіп келіп жатқанымда алдымнан шықты. Айгүл театрын құруға белсенді қатысқан режиссер Қуандық Қасымов телефон шалып шақырды. Залы кең М.Горький атындағы орыс драма театрында қойылатын болыпты. Бардым. Көктемге салымғы ызғарлы желкем уақыт, тамағына суық тиіп қалғанына қарамастан сыр білдірмей Айгүл жақсы ойнап шықты. Риза болған қалың көрермен ұзақ қол соғып құрмет көрсетті. Ду-дудың арасында тұрса да Айгүл мен Қуандық екеуі бірдей қосарлана қол бұлғап мені сахнаға шақырады. Пьесаны аударған кісі деп атымды атап қояды. Мұндай қолпашқа дағдыланбаған мен болсам, жұлқынып ел алдына шығуға ыңғайсызданам. Әйтеуір, әзер деп бой көрсетіп бас июмен шектелдім...
Арада тағы біраз уақыт өткен. Бір күні «Алаш айнасы» газеті «Медея» Македониядан Гран-Примен оралды» деп айқайлап тұр. Мәссаған! Қайда қарап жүргенмін. Бас-аяғы екі үш жыл ішінде халықаралық театр фестивальдерінде үш рет үлкен жүлде алған.2012 жылы Украинаның Керчь қаласында өткен ХІV «Боспор Агондары» Халықаралық театр фестивалінде Гран-При, 2014 жылдың басында Сербияда ХІІІ «Славия» халықаралық театр фестивалінде 1 орын, осы жылдың шілде айында Македонияның ежелгі антикалық театрында ашық аспан астында өткен «Стоби-2014» ХІІІ Халықаралық байқауында тағы да Гран-При иеленіпті. Еріксіз ойланасың, салыстырасың. Елімізде театрлар саны елуден асып, алпысқа жақындап қалыпты. Академиялық атағы барлардың өзі оншақты. Қазақ өнерін шетелдерге танытуда соңғы ширек ғасырда солардың қайсысы қашан тап осындай сүбелі табысқа жетіп еді? Шынайы пікірім, біреуді кемсіту емес. Шындықтың бетіне тура қарау ғой. Әрине, жеңіс өздігінен келмейді. Әсіресе ұжымдық өнер - театр үшін оңай емес. Бұл ретте бүгінгі қазақ театр режиссерларының көшбасшысы, бірегей талант иесі Қуандық Қасымовтың Айгүлдің қасынан табылуы, шығармашылық тандем құруы табысқа жету құпиясының кілті болғаны сөзсіз. Мысалы, сахналық әрекеттерді тұтас қызыл мата арқылы көрсетудің өзі не тұрады. «Қызыл мата – махаббат үшін қанға бөккен Медеяның қанды жолы», дейді Қуандық Қасымов. Дәл табылған образ және көрерменнің түйсігін мәселенің мәніне бірден терең бойлататын шешім. Режиссердың осынау философиялық астарлы ұстанымын Медея –Айгүл төңірегіне топтасқан елге кең танымал Гүлжамал Қарсақбаева бастаған Қадырғазы Қуандықов, Жұлдызбек Жұмабай, Әсет Иманғалиев сынды әртістер қойылымның өн бойында шебер тарқатып, бір деммен алып шығады. Айтпақшы, Айгүлдің Медеясы былтыр жыл соңында Шымкентте қазақстандық тәуелсіз театрлар арасында өткізілген бәйгеде де оза шауып, қанжығасына Гран-При байлаған еді.
Көрермен залында қасыма Нұркен Өтеуіл келді. Абай, Гамлет рөлдерінде көріп, актерлық шеберлігіне қатты сүйсініп, кезінде ол туралы көлемді сын мақала жазған едім. «Астана ақшамы» газетінде, «Театр» KZ журналында жарияланған. Көрген жерде сәлеміміз түзу. Қасында келіншегі Айнұр Бермұханбетова, Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы драма театрының әлденеше атақ алған прима әртісі. «Аға, келініңіздің сізге бір өтініші бар» дейді. Тыңдадым. Қалауы – француз драматургі Жан Расиннің Федрасы екен. Осы аттас пьесаны қазақшаға аударып бересіз бе? Қуанышбаев театрының мені зеңбіректің оғы жететін жерге жақындатпайтынын жақсы білемін. Сонда да кім қояды деп сұраймын ғой. «А.И.» театры дейді. Және егер келіссем, менімен Айгүлдің өзі сөйлесетінін ескертіп те жатыр...
Бойымдағы уәде-Құдайдың екінші аты дейтін ұстаныммен айтылған уақытта кездесетін жерге жетіп бардым. Айгүл жолда екен, Қарағандыдан шығыпты. Біраз күткізіп барып ақыры жетті-ау. Бірден «Аға, кафеден шәй ішіп отырып әңгімелесейік» деді.Сырттан тамақ ішуге әуестігім жоқ. Оның үстіне әйел затының кафеге шақырып, ақша төлейтіні де мен үшін өте ауыр хал. Кежегем кері тартып ыңғай бермегеніме қарамастан Айгүлдің сыпайы ізеті ақыры жеңді. Алдымызға шәй мен үлкен кесек торт келді. Шәй ішіп отырдым, тортқа тәбетім тартпады. Ойландырған сұрағымды қойдым: «Рөлде Айнұр ойнаса, қаламақысын неге өз мойныңа алғансың?». «Театрдың иесімін ғой. Репертуарға кіреді». Азын-аулақ саудаластық. Жүрегім жұмсақ, Айгүлдің уәжі жеңді. Келістік. Бұдан кейін де ептеп сыр тартысып әңгімелесіп отырдық. Қазақ айтатын шынашақтай нәзік жан. Атқарып жүрген жұмысын он жігіт жабылса, тарта алмас. Әртіс, әнші, телехабар жүргізуші, шоумен. Алматыда өнер мектебін ашқан. Астанада театры бар. Университетте дәріс оқиды. Соның бәріне уақыт тауып қалай үлгереді десеңізші. Әңгімесінен жастық шағы оңай өтпегенін сеземін. Бар ауыртпалықты жалғыз көтеріп, анасы тәрбиелеген. Анасына Алматыдан үй салдырып берген. Екеуінің бірге тұрмайтыны жанына қатты батады екен. Бір апта көрмесе сағынып кетеді. Ұшып барады. Өзі шетжағасын айтты, желілердегі сөзді қосып сараласам, Айгүл бір адамды қарақтап сөйлемейді. Оның лебізінен кекшілдік пен күндестіктің болмашыдай да лебін сезбейсің. Бұрынғы күйеуі, белгілі өнер адамы Сәбит Әбдіхалықовтың да, оның екінші жары, танымал әнші Алтынай Жорабаеваның да (кейін ажырасып кеткен –Ө.А.) мұның алдында титімдей де жазығы жоқ. Олармен адами және әріптестік қарым-қатынастың сақталуын күншілдіктен жоғары санайды. Анасынан көрген ұлағатты өнеге, ол мұны жалғыз өсіріп, өнер көгінде қыран құстай самғауына барлық жағдай жасаған болса, Айгүл де көзінің қарашығы мен ағындай жалғыз ұлының білімді де білікті маман, ел жұртына адал, отаншыл азамат болып қалыптасуы үшін қолдан келер бар мүмкіндігін аянып қалмақ емес. Іштей күбірлеп ананың ақ сүті, адал еңбегі ақталса екен деп қоямын.
Торт сол күйі желінбей тұр. Қалып кетсе, обал. Бұл менің ойым. Жоқ, Айгүл даяшыға ұқыптап оратып, сөмкесіне салып алды. Қазақта «Отынды шапқанға жаққыз. Малды тапқанға баққыз» дейтін мақал бар. Ысырап –күнә, нанды бағаламау обал, кепиеті атады. Абайша айтқанда, «Өзіңде бармен көзге ұрмау» -кісілік мінез. Осындай ұқыпты, есепшіл болмаса, қомақты ақша айналымын қажет ететін қат-қабат көп шаруаға қалай үйлестірер еді, деп ішім жылып Айгүлге деген ағалық құрметімнің арта түскенін сеземін.
Айгүл театрында мен аударған Жан Расиннің «Федрасында» Айнұр Бермұханбетованың әртістік бір арманы орындалып, тамаша ойын көрсетті. Қойылым сәтті өтті. Астанада жас режиссерлар үшін өткізілген конкурста Дина Жұмабай қойған осы «Федра» екінші орын иеленді. М.Әуезов атындағы мемлекеттік ірі өнер ұжымдары қатысқан бәйгеде Айгүл театрының тым алға шығып кеткені жоғарыдағылардың шымбайына батары сөзсіз ғой. Сондықтан екінші орынды ішімізден үнсіз жымиып, бас бәйге алғандай қабылдадық.
Астананың Бейбітшілік және келісім сарайының салтанатты сахнасында үш күн қатарынан «А.И.» театрының спектакльдері ойналды. Жетінші және сегізінші қараша күндері қойылған «Медея» мен «Федраны» қазақшаға мен аударған едім. Әдебиетте аудармашыға екінші автор деп құрметпен қарайтын дәстүр бар. Әрине, бардым. Спектакльді тамашалауға мемлекеттік хатшы (қазір Премьер - Министрдің орынбасары - Ө.А.) Гүлшара Әбдіхалықова ханым да келіпті. Айгүл Иманбаева сахнадан пьесаны аударған Өтен Ахмет ағамыз, қойылымды ағамыздың бүгінгі туған күнімен орайластырдық деп көрермендерге таныстырғаны, әрине, мен күтпеген жағдай еді. Қысылып та, қуанып та қалдым. Иә, Айгүл осынау киелі ортада жан дүниесінің кеңдігін тағы бір жарқырата көрсетті.
Айгүл театрының шығармашылық шаруаларына қолданатын қолындағы мүмкіндіктері шектеулі, шығын шығармай ештеңе бітпейді, қаржысы әр тиынына дейін есептеулі болар. Соған қарамастан мемлекеттің қарамағындағы қабырғалы театрлар жасай алмағанды жасады, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл, Алаш Үкіметінің 100 жылдығына арналған “Бабаларым, рахмет сендерге!» деген музыкалық-драма деуге болатын үлкен концерттік композиция дайындап, бірнеше рет Астананың «Бейбітшілік және келісім» сарайында және Алматыда көрсетті. Ұлтының азаттық үшін күреске толы жолын, қаһармандық тарихын құрметтейтін ел жүрегінің лүпілін өз жүрегінің лүпілімен үндестіре білді.
«А.И.» театрының халыққа рухани қызмет көрсете бастағанына он жылдық межеге жақындап келеді. Осы уақыт ішінде қаншама биік белестерді бағындырғанын ойласаң, сүйсінбеске лажың жоқ. Ал оның әншілік, ұстаздық, журналистік қызметіндегі жетістіктері ше?!
Иә, кей уақытта кішкентай Дәмежанның: «Ата, Айгүл тәте ән айтып жатыр», дегенін естігім кеп елегізіп отыратынымды байқаймын...
Өтен Ахмет