Заида Елғондинова. Жұматай Жақыпбаев туралы жаңа кітаптан үзінділер (жалғасы)

ЕСТЕЛІКТЕР
6543

Басы

Жұматай ЖақыпбаевДоңғалақтар...

2017 жылы "Дара жол" хабарына түстім. Қызым Айкүн екеуміз Асанаға поезбен жолға шықтық. Бұл бір ғажап кез еді! Мамыр мен маусымның ұласар шағы. Екі-үш күнге баратын жолсапар үшін сонша киім-кешек алғанбыз ғой. Теміржол бекетіндегі бір жігіт жолсөмкемізді алып, бізге көмектесті. Мен оған бес жүз теңге орнына мың жарым теңге бердім. Әрине, байлығымнан емес. Ол жігіттің көзінен шарасыздық көрдім. Бұл ораза кезі еді. Іштей Алладан тіледім "Жолымыз болсын, сауапты ісссапар болсын" деп. Заида ЕлғондиноваЗаида ЕлғондиноваБір купеде төрт адам болдық. Біздің жолсерігіміз екі орыс әйелі еді. Әңгімешіл, өте жақсы қыздар екен. Купеде дастархан жайып, бірге шәй іштік. Олар Мәскеуден Қазақстанға үш жыл бұрын келген екен. Бішкектен тауар тасып, сауда жасайды. Қазақша жақсы түсінеді. Ара-арасында сөйлеп те қояды. Содан түн ауа ұйқыға жаттық. Менің жоғарғы жағымдағы орынға "салмағым 120 кг" деп мақтанышпен айтып отырған үлкен қыз жатты. Екінші қыздың дене бітімі шағындау екен. Ол Айкүннің жоғарғы жағындағы орынға жайғасты. Ұмытпасам, біреуінің аты Люба, екіншісінің аты Ирина болды. Жолда поезд не себепті екені белгісіз Қарағандыға үш сағаттай аялдады. Астанаға уақытынан кешігіп келдік. Астанадағы теміржол бекетіндегі қаптаған таксилердің біріне отырып, "Дара жол" бағдарламасы бізге ұсынған қонақүйге де жеттік, әйтеуір. Таксист жігіт майдам жоқ деп ұсынған ақшамызды майдалай алмады. Жол соғып шаршап қалған мен жолсөмкені Айкүнге ұстаттым да, таксисттің уақытын жемейін деп ақшаны майдалау үшін қонақүйге қарай жылдам басып, сүрініп-қабынып биік баспалдақпен көтерілгенімде, басымдағы шляпам ұшып кетті де ет-бетімнен түстім. Қолыммен жер тіреп тұра бергенімде:


– Ей, Қожанасырым-ау, аяқ астынан аспаннан салбырап түстің бе?! Бізге жығылып сәлем бергенің не?! – деген таныс дауысты естідім. Сол таныс дауыстың иесі қолтығымнан демеді. Жалт қарасам, алдымда ақсия күліп Ханбибі ақын досым тұр. Қасында халыққа танымал қайраткер азамат тұрды. Мен екеуіне де ізетпен сәлем беріп, қал-жағдай сұрастым. 

– Өй, Заида, неге сонша жүгірдің?! – деді Ханбибі досым. 

–Таксист қазақтың жас баласы екен. Такси пұлын тезірек төлейін дегенім ғой,-дедім. 

– Әй, Қожанасырым-ай!-деп ішек-сілесі қатып күлген Ханбибі қасындағы адамға:

–Айтары жоқ, мен де Қожанасырмын! Жәрәйді, такси пұлын біз төлейміз. Сен Айкүнді ертіп бөлмеңе бар, демалыңдар, – деді. 

Біз бөлмеге барып демалдық. Айкүн душ қабылдады да:

– Мама, мен түнімен ұйықтай алмадым. Уайымдадым. Сіздің жоғарғы жағыңызда жатқан 120 киллограмдық келіншек Сіздің үстіңізге құлап кете ме деп. Өйткені, ол көп тамақ ішіп қойды ма, түнімен ыңыранып, әрі-бері аунап жатты,-деді. 

– Айналайын Айкүн, сен демала ғой, – дедім. 

"Дара жол" хабарына ертең күндізгі сағат 10.00-де түсетін болып келіскенбіз. Мен түнімен ұйықтай алмадым. Бір түнде жиырма жеті жыл Жұматайсыз өткен ғұмырымды ойлап шықтым. Маған тағы да ауыр да қасіретті өткен өмірім туралы сұрақтар қойылатынын білдім. Ертеңіне он жасқа қартайып орнымнан тұрдым. Айнаға қарап, өзімді-өзім қайраттандырдым. Хабар өте сәтті түсірілді. Хабардың ауыр жүгін Жұматайдың сыйлас інілерінің бірі, қазақтың классик ақыны Мейірхан Ақдәулетұлы, менің асыл досым, қазақтың біртуар, ақиық ақын қызы Ханбибі Есенғарақызы, қазақтың талантты айбоз ақыны Әміре Әрін және алаштың ару ақыны, талантты қызы Гүлбақыт Қасен көтерді. Ал, қазақтың көрнекті жазушысы Жұмагүл Солтиеваның салиқалықпен айтқан пікірі, прозашы емес пе, менің бүкіл ғұмырнамалық болмысымды ашты. Кездесуге қатысқан жастар жақсы сұрақтар қойды. Ал, "Дара жол" хабарының үлкен ұжымы, осы хабардың жүргізушісі, қазақтың талантты қызы, кәсіби тележурналист Дана Нұржігіттің, хабардың ұйымдастырушы-редакторы Жанар Айлашеваның және басқаларының да еңбегі зор болды.

Неге бұл хабар туралы ерекше, айрықша айтып отырмын?! Арада жиырма жеті жыл өткен соң, бұл "Дара жол" хабары менің өмірімді мұң мен наладан айырып, жаңа жиырма бірінші ғасырдың дара жолына түсірді. Алланың құдіреті шексіз! Бір хабар арқылы менің бүкіл өмір жолым, шығармашылық жолым өзгерді. Осы хабарда мен бүкіл өміріме, шығармашылығыма есеп бердім. Мінеки, өнердің құдіреттілігі!

Менің шығармашылығыма сүйеу болған, хабарымның сонша сәтті де салтанатты өтуіне жүрекжарды үндерін қосқан ақын-жазушы, журналист достарым, менің аяулыларым Айкүн екеумізді Алматыға шығарып салды. Өйткені, Айкүн қызметінен қалып бара жатты.

Кеш бата біз поезға отырдық. Поезда бізден басқа бір орыс жігіті мен бір қазақ қызы болды. Қазақ қызы мені көре салып:

–Сәламатсыз ба, сіз Заида апайсыз ба?! Апай, маған автограф беріңізші! Мен жолда Шу бекетінен түсіп қалатын едім, – деді. Сөйтіп, ол қолсөмкесін ақтарып, бір жапырақ қағаз алып шықты. Есімін айтты. Мен оған: "Бақытты бол, айналайын" деп қолымды қойып бердім. 

– Рахмет, апай! Әкем-шешем қуанып қалатын болды. Олар сіз туралы жақсы біледі. Кітаптарыңызды оқиды. Сіздің кітаптарыңызды мен де оқимын. Мен Астанаға бір шаруамен бардым. Өзім Қарағандыда жұмыс істеймін, – деп жолаушы қыз әңгімесін айтты. 

Қараңғы түнді қақ жарып поезд зулап келе жатты. Мен өлең ойлап келе жатып ұйықтап кеттім. Айкүннің біразға дейін ұйықтай алмай жатқанын байқадым. Ертеңіне Алматы теміржол бекетінен түсе салып, көңілімді қуаныш кернеді. Ақорданың аурасы, ақын-жазушы достарымның сый-құрметі мені көкке көтерді. Менің екінші тынысым ашылды. Өмірге қайта ғашық болдым. Махаббат жырларын жаза бастадым. Ал, өткен жылдарым түнде ойша жазған "Доңғалақтар" деген жырыммен бірге алыс сапарларға жол тартты. 

Доңғалақтар

Алға сүйреп келесің,

доңғалақтар,

Миым құйын, миымда

толған ақпар.

Алматыға бұл поезд

бара жатыр,

Менің оған бар-жоғым

қара бақыр.


Түсінбейсің сен мені,

темірсің ғой,

Түнге сіңіп кетсе екен

көңілсіз ой.

Зайда болып көрсеңші,

қасқа, сонда,


Егілер ең ішіңнен

 тас босаң да.

Сен түсіне бермейсің

өмір заңын,

Азар болса таттанар

темір жаның.

Адаммын ғой жаралған

сүйек-еттен,

Маң-маң басқан құмдағы

түйе деп пе ең?!


Бірде лайсаң болады,

жол-күресін,

Сен шеріңді тарқатып

жол жүресің.

Қара түнге сіңіп-ақ 

кетер едім,

Өмір сүргім келеді

жетелегін,

доңғалақтар...

  Заида Елғондинова

 28.07.2019 ж



author

Гүлбақыт Қасенова

АҚЫН

Спорт

Қазақстандық боксшы Дулат Бекбауов 67 келіге дейінгі салмақта Азия чемпионатының жартылай финалына ш...

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...