Оққа ұшпағанда айтулы ақын болар ма еді... 

ЕСТЕЛІКТЕР
2306

 Бікен Ақшолақов (1911-1943).

Өз атам Кәріпжан арғы бетте Қытайдың дүнген соғысына қатысқан уақыт шамасында оның туған бауырлары Бікен, әкелі-балалы Қажыбек, Қозандар бергі бетте Ұлы Отан соғысына қатысып жатқан еді. Әуелде жуастау Қажыбекті шешесі аяп Азамат соғысына жібермей, орнына ширақтау інісі Серікбай барғанын білеміз. «Қырық жыл қырғын келседе ажалды өледі» дегендей сол Қажыбек екінші дүниежүзілік соғыста, жараланып тірі қайтты. Ол бірге туған аға-бауырларының көбі Қытай асып, бірі соғыста, бірі итшеккенде түрмеде болғандықтан соғыстың ар жақ, бер жағындағы уақыттарда ағайынға пана, бас қалқа болған екен. Адамзаттың жиырма миллионын жалмап, жетпіс миллионын жаралаған ғаламдық соғыс – жер ананың айналасы 5-6 жылға сыйған ұлы қасіреті болды. Соғыстың саяси салдарымен де, басқасымен де еш байланысы жоқ, Мәскеуге қарадай шырмалған халқымыз бұл кезде де ұлы нәубетті бастан кешірді.Көрнекі сурет. Интернеттен алынды.

...Қанша үйдің ұрлап адамын,

Қанша үйден сөніп қалды оттар,

Көрдің бе ұлын ананың,

Соғыстан қайтқан солдаттар! – деп, ән мәтінінде айтылғандай, мыңдаған боздақтарымыздан ғана емес, онсыз да зұлматтан көз ашпаған ел барынан, байлығынан айырылды. Фашистік Германияға қарсы атылған әр он оқтың тоғызы Қазақстанның қорғасыны десек те біз адамзат жауы емеспіз. Керісінше, жауыздықтан болған жазмышқа көніп, жаралы, жалалы, жазықсыз елге жанашырлық іздеген жамағатпыз. Соғысты тоқтату үшін қолдан келгенді жасауға ат салыстық. Елді кешегі нәубет қалай жалмап қырғынға ұшыратса, бұл соғыс та солай жалмап қырғынға ұшыратты. Кеше ақтар мен қызылдар атам Кәріпжанның үйіне келіп, бірі атын, бірі жылы ішігін алып кетсе, сол жылы ішіктің жыры тағы да басталды.

 Басқаны айтпағанда тылдағылардың өзін «соғысқа жылы киім жинаймыз» деп, жылу жинағандай, аш-жалаңаш аязда қалдырды. Кәріпжанның елде қалған туған кенже інісі Ақшолақов Бікен ақын өзінің әйелі Мәмилаға келіп: 

...Бәйбіше, пимаңды бер жеңіс үшін,

Жеңілер Германия салсаң күшің.

Алуға ақ пимаңды келіп қалды

Бойшаңдау отағасы – кетік тісің, - деген екен. Бұл жыр шумағында «Қалай да бер!» деп күштеп тұрмағандай астарлы әзіл де бар сияқты. Десек те, сол кезде асыра сілтеуді халықтың өзіне де жасататындай идеалогиялық, патриоттық сана да қалыптасты. Соның нәтижесінде Қ.Қозыбаев колхоздан ақша жинап танк сатып алып берсе, ғаламдық балуан Қ.Мұңайтпасұлы байлығына ұшақ сатып алып беріп, ғаламды тағы да таңдандырды. Әрине, елі күйзеліске түскенде қазақ бастамаған соғыстың адамзаттық саяси қыр-сырын білмей жатып, Қажымұқанның совет- герман соғысына, Баспай төренің қытай- корей соғысына ұшақ сатып алып беруінің сыры неде? Білмегенімізді «Әйтеуір жақсылық ниетте болсын!» деп, бір Жаратушыға жүктейміз. Бәлкім, мұның бәрінде де кешегі кеңестік дәуірде:

...Оққа ұшқан шыбын жанымнан

Оқ тескен қызыл ту артық, - деп жырлағанымыздай, патриоттық құдірет те бар шығар. 

 Соғысқа барған Бікен атамыздың негізгі аты қажыға барып келген Тәкібайдың құрметіне Жақсыбай қажы деп қойылған екен. Әкесі өлгенде ол жасқа толмаса керек. Оны туыстары «Жаман бала» деп атаса, Мырзабай Шәрәпиев сияқты құрдастары бетіндегі азғана шұбар теңбілге қарап «Шұбар ұл» дейді екен. Өлеңінде айтылғандай бойшаң, келбетті, көңілді адам болған сияқты. Қозан атаның айтуынша айтыстың мақамын «Гүлдерайым», «Гүлдариға-ай», деп түйіделетін халық әндеріне салатын екен. Менің Кәріпжан атамның да осы әуендермен және «Айдай» деп қайырып отыратын мақамдармен айтысатындығын Қытайға барған сапарымда «Жетім қыздың махаббаты» фильмінде дәрігер болып ойнаған Қақан молда да айтқан еді. Бікен сол ауылда беделді, өзім көрген Алтай Омаров деген ақынмен үш күн, үш түн айтысыпты. Ол Тәкібайдың баласы болса да құжаты өмірден жастай кеткен ағасы Ақшолақтың атына жазылған. Бір жағы ол Ақшолақтың әйелі, Тәкібайдың әмеңгері - Тұрсын төре қызы Рәзиядан туып отыр. Меніңше, қажы әулетіне қуғын басталғасын фамилиясын өзгерткен болар. Бүгін де Ақшолақ аталатын қыстақты оның немересі Бауыржан Әбдрахманов, Тәкібай қыстағын Аманай Қыдырмолдин иеленіп отыр. Бауыржанның нағашы атасы Әбдрахман да соғыста оққа ұшып, еркек кіндік ұрпақ қалмағандықтан шешесінің ұсынысымен Бауыржанның фамилиясын өзгертіпті. Оған да соғыс кінәлі. Шешесі Үмітжан соғысқа барған ағайындары Абдрахман, Рақымжан, Әлпейім, Жұмажан, Нұрмұханбет, Сыдық, т.б. жайлы «Тағдыр тармағы» дейтін естелік кітабында жазған.

 Бікен соғыста жақын туысы Тұқышев Әрінмен бірге аттанады. Жалғызтөбе стансасына жеткенде поезды ұзақ күткен болуы керек. Сөзден сөз шығып, Бікен Әрінге:

- Мен ауылды, үйде қалған ұлым Советханды сағына бастадым. Ауылға барып, бетінен бір сүйіп қайтайын, деп, келген ізімен қайта қашады. Әрін бірге барады. Соңынан екі солдатты алып ұрып, қолдарын байлап, аттарына теріс қаратып мінгізіп жіберген екен. Әрін екеуі елге келіп, сәбидің бетінен сүйіп үлгіргенде артынан жеткен қуғыншы сақшылар соғысқа қайта алып кетіпті. Екеуі де бір жерде, Украинаның Запорожье облысында болған екен. Оларды жергілікті әскери комиссариаттың өзінен-ақ бай баласы ретінде әдейі алдыңғы шепке баратындарға қосып жіберген деген сөз де бар. Әрін жараланып елге қайтайын деп жатқанда Бікен:

- Саған аман оралуға мүмкіндік туды. Мен әсіресе, елде қалған ұлым Советті қатты сағындым. Мен үшін үйге барып, бетінен бір сүйе сал! – депті. Оған келіскен Әрін өз уәдесін орындайды. Әйтсе де, амал не, Бікен жалғыз ұлын да, жұбайын да көрмей хабарсыз кетеді. Кейінгі тапқан мәліметіміз бойынша «Боздақтар» естелік кітабынан

 «Ақшолақов Бікен, қатардағы жауынгер. Қызылкесік ауылында 1911 жылы туған. 1943 жылы 10 желтоқсанда қаза тапқан. Запорожье облысы Новотрои к деревнясының солтүстік батысында жерленген» деген жазуды көріп, тәубе дедік. Бірақ, бұрын да кешігіп, бізбен бірге әскерге аттанған Үмітжан тәтенің үлкен ұлы Тілеуберді сол Запорожье облысында болып, атасының жерленген жерін тауып, тәуіп еткен сияқты. Мен 1983 жылы Байкал маңында Моңғолия шекарасының темір жол өтетін тұсында әскерде болып, Укаинадағы Тілеубердіге:

«...Соғыс жылы күзелген күзеу жерді

Біреу әлі көрген көрген жоқ, біреу көрді...

Атаң барған аймақты қорғап жүрген,

Аманбысың, ағайым – Тілеуберді?» деп, үнемі өлеңмен хат жазатын едім. Менімен қатар әскерде болған сол ағамыз да бұл күнде о дүниелік болған.

 Ал, Әрін ата оқушы кезімде біздің үйге келетін. Бірақ, ол кісінің соғысқа барғанын білмегендіктен ештеңе сұрай алмадым. Ал, Бікеннің жалғыз ұлы Советті соңғы рет жеті жасымда көрдім. Өкпе ауруына шалдығып, төсек тартып жатқанда маған әзілдеп:

- Сен сабақта ылғи «бес» алады екенсің. Ал, біздің Тілеуберді тек «алтымен» оқиды, - дегенде мен шын көріп, «6 деген баға болмайды ғой» деп дауласқаным есімде. Ол кісі сол 1972 жылы 36 жасында дүние салды. Бікен атамыз тірі болғанда өзі қатарлы айтыскер халық ақындарының қатарында жүрер ме еді... Соғыс талай дарынды қыршынынан қиды. Майданнан үйге өлеңмен хат жазатын Бейсен Сарқытбайұлы атамыз да хабарсыз кетіп, құйрықты жұлдыздай ағып түскен еді. Марқұмдардың әруақтары риза болсын.


 Аманғазы Кәріпжанәулеті. Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Қызылкесік ауылы.

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...