Фариза Оңғарсынова. Жазушы Жұмагүл Солтиева жайлы сыр

ЕСТЕЛІКТЕР
3296



Жазушы Жұмагүл Солтиева

АТЫ ТӨБЕ ДЕМЕСЕҢ, СУЫҚТӨБЕ БИІК ТАУ… 

немесе 

жазушы Жұмагүл Солтиева жайлы сыр

Затымыз әйел болғасын ба, әйтеуір қыз бала атаулының күнделікті баспасөз бетінен жаз­ған-сызған мақала, әңгімелерін көрсем болды, бас салып оқып шығатын әдетім бар. Бұл менің шығармашылықпен айналысатын, сондай-ақ өнер саласындағы қыз-келіншектердің тағдыр жо­лының қиындығы мен қасіретін білетін­ді­гімнен туындаған жанашырлық сезімнен болса керек. Оның үстіне, өнер, саясат, әдеби орта­ның әйел затының талантын мойындай қоюы екі­талай екені де ежелден белгілі қағидаға ай­на­лып кеткен жағдай. Қазіргі әдебиет сала­сында жүрген қыз-келіншектердің көбі дерлік жасаң кезінен мені жақын көріп, тырнақалды дүниелерін оқытатын, ақыл-кеңес күтетін балауса-балғын жандар еді. Солардың арасында біреуі ғана маған көп жақындамайтын. Жоқ, жеккөргендік немесе қызғаныштан емес. Өйткені, оның ішкі сарайындағы әппақ ниеті мен адал сезімі менімен амандасқан сәттердегі жарқ ете қалатын жанарынан, бүкіл болмысынан сезіліп тұратын… Ол Жұмагүл Солтиева еді.

Мен “Лениншіл жас” газетінің батыс облыстардағы тілшісі болып бекуге алғаш редакцияға келгенім күні бүгінгідей көз алдымда. Мақалалары жиі көріне бастаған әдеби қызметкер, кейін Күләш екеуміздің бірге түскен фотосуретімізді көріп, әлде кекетіп, әлде шынайы сезіммен айтқаны белгісіз, “Пушкин мен Лермонтов қой” деп бізге “атақ” берген, бүгінгі талғамды жазушы, сирек жазса да адамның жан дүниесін де, табиғатты да тереңіне бойлап, өмірдің шындығын шырқыратып жазатын Мағира; бас редактордың оң қолы, сұлулығына бастыққа кіретін адамның бәрі сұқтана көз салып өтетін Ғазиза; саусағы саусағына жұқпай машинканың құлағында ойнайтын, сондықтан мақала жазған жігіттердің барлығы соның басқанын қалайтын Зәуреш; әдеби қызметкерлікке әлі жете қоймаған, редакция­дағы “полк баласы” атанған сұңғақ бойлы, қоңырқай келген балаң қыз осы – Жұмагүл.

Жұмагүлден басқалары меншікті тілші деген абыройлы қызметке түу батыстан кел­ген менің айналама үйіріліп, бірге тамақ ішуге, Алматыны аралатып көрсетуге ұмты­лып тұратын. Бірге жұмыс істейтін қыздарға да көп жақындаса бермейтін Жұмагүлдің өзіндік бір әлемі бар, кез келгенге түсінікті болғысы келмейтін ішкі “мені” мықты, кісікиіктеу жас екенін байқайтынмын. Кейін мақала, әңгімелері газеттерге шыға бастады. Қаламы ұшталған, әркім көре бер­мейтін адам жанының қалтарыстарына үңіле қарап, қарап қана қоймай, үңги суреттейтін қолтаңбасы көріне бастады.

Сейдахмет Бердіқұлов ағамыздың аудан орталығы Ұзынағашта дүрілдеп басталған елу жасқа толған тойы Қарақыстақ ауылында жалғасып, туған ауыл ғана емес, қолына қа­лам ұстаған жас журналистерден бастап, сөз өнерінің, әдебиет деген ауылдың абыздары Зейнолла, Қалтай сынды бүгін әр сөздерін жүрегің дірілдеп сағына еске алатын асыл ағаларға дейін мәз-мейрам етіп бір жасатқан оқиға болып еді. Сол жолы Ұзынағаштағы салтанаттан үзіліске шыққан сәтте Жұмагүл менің жаныма келіп: – Әпке! – деді мамыр айының самалын жұтып есік алдында тұрғанымда құбыла бетте көсіліп жатқан Алатаудың жоталарына бұрыла қарап. – Анау тұста Суықтөбе деген тау бар. Мен сол жерде туғанмын.

Бірде ҒЖИ аталып кеткен республикалық газет-журнал редакциялары орналасқан зәулім үйдің алтыншы қабатындағы “Ақжел­кен” журналында жұмыс істейтін маған Жұмагүл бір әйелді ертіп келді. Жан әлемінің та­залығы жанарында тұрған келіншекті таныстырған ол: – Мынау – Айшахан деген менің жалғыз әпкем, сіздің өлеңдеріңізді жастанып жатып оқиды, – деді де, өзінің жұмыс орны –  жетінші қабаттағы “Лениншіл жаста” боламын деп шығып кетті.

Айшахан ауылда мұғалім екен. Өткізгелі отырған лездемені Әшірбекке тапсырдым да, Айшахан екеуміз әңгіме соқтық. Жазатын адам үшін қаламынан шыққан дүниелерді дәл өз басынан кешіргендей айтып, кейде тіпті үзінділерді судыратып отыратын оқушыдан артық ешкім жоқ. Жазған дүниесі біреулердің жүрегіне жететінін сезінуден асқан қуаныш та, жан ләззаты да болмайтын секілді. 

Солты Жұмагүл мен Айшаханның атасы, кезінде қырғыз-қазаққа бірдей беделді, сол өңірде болыс болған кісі екен. Кеңес өкіме­ті­нің дүрбелеңінен қашып, тау асып, қырғыз елін паналапты. Солтының жалғыз ұлы Қуа­ныш­бек ескіше оқыған сұңғыла да сұлу, Құдай қосқан қосағы Жамбыл көкемізге туыс боп келетін Ақыш екеуі ұл-қыз өсірген, тұңғыштары Шәкен, одан кейінгі Айшахан Қырғызстанда, ал Жұмагүл елге оралғасын дүниеге келіпті де, үй­дегі кіші перзент болғасын, әкесі оны еркелетіп дегенін істеген. Ер балаша киіндіріп, қайда барса да жанынан қалдырмай, не істесе де бетінен қағып көрмеген әкенің қазасынан кейін Жұма­гүл мүлде өзгеріп, баяғы балалармен ойнап асыр салатын мінездің орнына кітапқа шұқшиып, қағаз, қалам алатынды шығарған. Оншақты жас кейін көрінген сіңлісі кішкентай Ғалия да әпкесінің осы қылығына еліктеп өсіпті. Айшахан, неге екені белгісіз, осының бәрін ақтарыла сыр етіп айтты да: – Сіздің кім екеніңіз, жандүниеңіз, жүрегі­ңіз­дің жұқалығы – бәрі-бәрі өлеңдеріңізде тұр. Өзімсініп сыр ақтарып жатқаным да сондықтан. Мына Жұмагүл сіңліңіз адамдарға көп жұғыс­ты­ғы жоқ, қанша жақсы көріп тұрса да. Кей­біреу­лердей “тәте”, “көке” деп іші-бауырыңа кіру­ді білмейді. Көз сала жүріңіз дегім келіп еді, – деді қимастықпен қоштасып тұрды да. Айша­хан айтса айтқандай, Жұмагүл әлі күнге дейін маған бір де кітабын сыйлаған емес. Бұдан он­шақты жыл бұрын “Жалғыз бала” деген әңгіме, повестер жинағы қолыма түсіп оқығаным бар еді. “Жалғыз бала”, “Ыңғайсыз әңгіме”, “Жам­былдың домбырасы”, “Аманат” әңгімелері мен “Аш­тық жылғы қалыңдық” хикаясы аспанға қарап отырып ойдан шығарылған емес, шынайы оқиға, сіз бен біз көрген, кейбіреулеріміз басымыздан өткерген сәттей қабылданады.

Бір күні кабинетіме Зейнолла Серікқалиев пен Асқар Сүлейменов келді. Ол жылдары сә­лем­десу, келіп амандық-саулық білу деген хал­қымыздың ежелден келе жатқан дәстүрі ұмы­ты­ла қоймаған еді. Шақырмасаң, келуді білмейтін бү­гінгілер ғой. Үстелімнің үстінде жатқан Жұмагүлдің кітабына көзі түскен Зейнолла марқұм көгілдір кітапты қолына алып: – Фариза, оқыдың ба, осында, ұмытпа­сам, “Ыңғайсыз әңгіме” деген шағын дүние бар. Нағыз классика деуге болады, – демесі бар ма! – Иманын ұмытқан адам бұған (мені айтып отыр) жоламайды ғой. Жұмагүлдің қаламынан шық­қан мақала, әңгімелерінің бәрінен иманды­лық­тың иісі аңқып тұрады, – деп Асқар си­гарет­тің түтінін соңғы рет сорып отырғандай қыл­ғына жұтқан күйі Зейнолланың қолынан кітапты алды. Шынымды айтсам, жұрт тірі классик деп, бірін Белинский, екіншісін Писарев атап жүрген бұл екі мықты кейінгі жастарға, оның ішінде қыз-келіншектер шығармашылығына көз салады деп ойламаппын. Іштей таңдан­ғанымды сездір­гім келмегенімен, әшейінде екеуі­не де бас ие бермейтін мен бұл жолы үнсіз келіскенім есімде.

Шынында да, Жұмагүл әңгімелеріндегі қаны сорғалаған тірі оқиғаларға өзім де тәнті болып, кө­кірек көзі ашық деген зиялы оқырман біткен та­бынып жүретін Цвейг, Мопассандардың әңгімелеріне ұқсатқан едім. Оның әңгіме, хикаяларында кездесетін “…дүниенің қиыны – іштен тыну”, “үнсіз кемсең қағу” секілді тіркестер, бүгінгі жарнамашылар “мей­рамхана” деп жүрген ресторанды “сайран­ха­на” атағаны – көңіліме қуаныш ұялатты.

Ашаршылық жылдарының қазақ жеріне әкелген қасіретін суреттейтін “Аштық жылғы қалыңдық” хикаясында дүйім елді тау асырып өлімнен құтқарған, “аштықта да айбынын жоғалтпаған” Әбділда қария баяғы қазақтың әрбір ауылында қырағы көзімен қиядағыны көріп, қыран қабағының қимылымен-ақ жұрттың мысын басып отыратын ақсақалдарды елестетеді. “Өкініш”, “Жезөкше әйелдің күн­делігі”, “Ыңғайсыз әңгіме” атты шығарма­ларын­да әйел затының жан дүниесін асқан шеберлікпен көрсете білген Жұмагүлдің, “Тастүлек” “Сыпайылық сыры”, “Көз ілмейді көңілім” кітаптарынан кейін осыдан бірер жыл бұрын драмалық шығармаларға жария­ланған “Астана-Бәйтерек” атты республи­ка­лық конкурста жүлде алған “Дариға-Дәурен” драмасы еліміздің біраз облыстық теат­р­ларында жүріп жатыр. Осы драманың не­гізінде режиссер Ұлжан Қолдауова көркем­фильм түсірген. “Қазақ әйелі” атты екінші пьесасы өткен жылы мемлекеттік грантқа ие болып, қазір Петропавл, Жамбыл облыстық театрларында сахнаға әзірленуде. Кеңестік дәуірдегі өмірді жұмақтың гүл­зары етіп көрсетуді талап еткен идеологияның әсерінен есті жазушының бәрі цензураның қақпанына түспес үшін әртүрлі әдіс іздеп, сол кездің қаны тамшылаған шындығын өткен ғасырларға бұрып, “бүгін емес, мұның бәрі бая­ғыда болған зұлымдық” деп жан сақта­ған­дарын көкірегі сәулелі адамдар жақсы түсінеді. Еліміздің театр сахналарында қазіргі заман шындығын көрсететін драмалық шығарма­лар­дың жоқтығы проза, поэзияда да бұл тақы­рып­қа батыл қадам жасағандар сенімсіздер тізіміне тіркелетінін байқауға болады. Бұл – заңды құбылыс.

Қандай демократиялық қоғам болмасын, ол өз саясатының кедір-бұдыр тұстарын әш­керелетуге жол бермейтіні адамзат тарихынан белгілі. Ал Жұмагүл Солтиеваның “Дариға – Дәурен” драмасы – нағыз бүгінгі күннің туындысы. Өмірдің барлық мәселесін ақша, байлық шешетін заманда адам баласының зұлымдықтың қандайына да баратыны нанымды баяндалған.

“Жандықуыршақтар” комедиясына өзек болған бүгінгі қазақ аудандарының бәрінде әкімшіліктің шапанын жамылып, сөзжұмбақ шешуден өзге бітірері жоқ орынбасарлар қаншама! Бұл туындыларды сахнадан көретін әкім-қаралар болса, үлкен сабақ болар еді. Тек… театр табалдырығын аттайтын әкімдер болса ғой деп армандайсың… 

Анау бір жылдардағы ешкімге жұғыса бер­мейтін, өзімен өзі оқшау жүруге тырысатын, ол кезде әдебиетке, журналистикаға ықыласы бар жастардың да, жасамыстардың да әр санын алғанша асығатын сүйікті басылымы “Лениншіл жастың” әрқайсысы өздерін ер­теңгі классик сезінетін жігіттерінің арасында оқуын сырттай оқитын бөлімге ауыстырып келген, “алып кел-барып келден” қолы боса­майтын балаң қыз - бұл күнде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ел Президентінің жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демо­графиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия­ның, “Еуразия диалогы” атты халықара­лық ұйымның мүшесі, үш баланың анасы. Жұмагүл сүйікті жары, қазақтың Шер­ханы “тірі әулие” деп сүйсінетін, Л.Н.Гу­ми­лев атындағы Еуразия университетінің оқытушысы, ғылым докторы Бораш екеуі Айнұр, Айбек, Әйгерім сынды балалары мен Нұрмұ­хам­бет деген кіш­кентай немеренің арқасында ата, әже атан­ғандарына мәз күйінде Астанада тұрып жатыр. 

Суықтөбенің баурайындағы Қастек деген шағын ауылда туып, әділет пен шындық үшін түн ұйқысын төрт бөліп, жан аямай әдебиет пен журналистиканың ыстық-суығына күйіп-жанған, күнбе-күн саясат пен үкіметтің қау­лы-қарарларын насихаттаудан бас ала алмай, тәуелсіз мемлекетіміздің өсіп-өркендеуін мұрат еткен журналист, жазушы, драматург Жұмагүл Қуанышбекқызы Солтиева – “осы қызым түбінде үлкен кісі болады” дейтін сүйікті әкенің арманға толы жорамалын жүзе­ге асырып, “мына қыз әкесін жоқтап өлең жазып, өзі-өзінен егіліп жүр, уайым ішіне түссе, бұдан да айырылып қалармын, ана жаз­ған-сызғандарын отқа аластап жағып жібе­ріңдер” деп абысын-ажынға, қайныларына дәптерін өртетіп, кішкентайынан өткен-кеткенді, қайдағы-жайдағыны сұрап маза бермейтін қызына кейде күдіктене қарап, кейде ой-парасатына сүйсінетін анасы Ақыш­тың үмітінен шығып, халықтың құрметіне бөленіп жүрген жан. “Лениншіл жаста” өткен ширек ғасырға жуық мерзімде, “Егемен Қазақстандағы” оншақты жылда сөз жүзінде болса да “төртінші билік” атанған журналис­ти­ка саласының нығая түсуіне өзінің күш-қуа­тын, жан жылуын аянбай қосқан қаламгер.

Әйел затына өнердің қандай саласында да оза шауып талантына табындыру – өте қиын майдан. Тіпті Адам Атаның қабырғасынан жаралғанымызға қарамай, алғашқы қауым­дық құрылыстан бермен қарай ер-азамат үстемдік құрып келе жатқан заңдылық­тардың шілтерлі қор­ғандарын бұзу – әйел болмысына кеші­рілмес күнә. Әйел та­биғатына Алла тағаланың өзі берген дарын­ды ерлер қауымдастығының мойындай қой­мауы да жаратылыс заңды­лығы. Бойынан, ісінен, мінезінен адалдық, адамгершілік секілді биік қасиеттер сезілетін әйелге мі­нездеме бергенде де “несін айтасың, ол аза­мат қой”, деп мадақтайды. Жұмагүлге де айналасы тап осылайша сүйсінеді. Иә, Жұмагүл сіңлім өмір жолында кездес­кен барша қиындықтардың бәрін де басынан өткізіп, тәубасынан жаңылмай, өмірдің өзін Алланың сыйы деп қабылдаумен келеді. 

Батырлар мен ақындарды дүниеге кел­тір­ген киелі топырақтың қасиетін бойына сіңіріп өскен перзент басқаша болуы мүмкін емес-ті.

author

Фариза Оңғарсынова

АҚЫН

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...