Күнделікті қылмыстық ақпарат қазанының құлағын ұстап отырғандықтан, соларға кей сәт ой көзімен қарап...
ТҰМАНБАЙ ТУРАЛЫ ТОЛҒАУЛАР
І
Ертеде ақылды да әділ патша болған деседі. Несі бар, ел билеушілердің ішінде де жұртқа жайлы жақсылары болуы әбден мүмкін. Сол айналаға әмірі жүріп, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрған патша бір күні уәзірлеріне:
– Осы елдегі ақын біткенді түгел жинап, бәрін қалдырмай маған алып келіңдер? – деп бұйырса керек.
Әмір айтса, орындамауға бола ма, уәзірлері жан-жаққа шапқылап, күн демей, түн демей ел кезіп жүріп, ақын атаулының бәрін жіпке тізгендей етіп жинап алады да, хан алдына алып келеді.
– Ақындар түгел келді ме? – дейді хан.
– Түгел, – дейді уәзірлері.
Сонда хан ақынның бәрін сыңғырлаған ақ сарайға орналастырып, алтынмен аптап, күміспен күптеп дегендей, не ішіп, не кием дегізбей, керегінің бәрін алдарына тосып, ауыздарына ұстап, сән-салтанат, қадір-құрметтің бәрін жасатып, әй, не керек, әйтеуір жұмақтың төрінен бір-ақ шығарыпты.
Ақындардың аузынан ақ май ағызған бір жыл өтіпті. Бір жыл өткеннен кейін қараса, әлгі ақынмын деп жүргендердің көбі жақсы тұрмыс, марапат пен мадаққа масаттанып, өлең жазуды мүлдем естеп шығарған екен. Хан сонда байлыққа бөккенге мәз болып, өлең жазуды қойып кеткен ақындарды еркіне қоя беріпті де, қалғандарын қатқан қара су мен қара нанға қаратып, тас зынданға тастатыпты.
Арада тағы бір жыл өтеді. Жыл өткен соң байқап көрсе, арқа еті арша, борбай еті борша болған ақын байқұстардың аузы-басы кеберіп, еріндері кезеріп, байтал түгіл бас қайғы – өлең тұрмақ, өмірден күдер үзген екен де, тек сіңіріне сүйенген біреуі ғана бұрышта бүрісіп, қалтыраған қолымен өлең жазып жатқан екен.
Сонда ақылды патша:
– Міне, байлыққа тасымайтын, жоқтыққа жасымайтын шын ақын осы екен! Зормын деп кеуде кермейтін, қормын деп кісі қолына телмірейтін, өнеріне ғана табынып, өзіне ғана сенетін ақын осындай болса керек еді. Ендеше барша сый, құрмет, қошемет енді осы адамға жасалсын! – деп әмір етіпті.
Өтірік-шынын кім білген, біз естіген аңыз осылай дейді әйтеуір. Бірақ әрбір аңыздың астарында әрдайым бір шындық жататыны рас. Өйткені біздің халықтың өзі де байлыққа басын имейтін, өнерден басқаны құдірет деп білмейтін осындай біртуар талант иелерін ғана ақын деп танып, ардақтай бағалаған ғой.
Бүгін жасы алпысқа толып, аты алты мұқым елге мәшһүр болып отырған Тұманбай Молдағалиевті де мен осындай сирек ұшырасар даралар қатарына қосамын. Өйткені ол өзі қалам ұстай бастаған қырық жылдан астам уақыт ішінде басынан жоқ-жітік, жетімдікті де өткізді; ақыры дара, дарыны арқасында келе-келе ел құрметіне бөленіп, атақ пен даңққа ие болды.
Атқа да, таққа да мініп көрді. Бірақ соның бәрінде де ең алдымен өзін ақынмын деп білді, бір күн өлең жазбай қойған емес. Өлеңнен басқа керемет бар, қуат, құдіреті бар екен деп ойлаған жоқ.
Тұманбай өте көп жазатын ақын. Осы күнге дейін жеке-жеке, үш томдық болып шыққан, шығып жатқан кітаптарының өзін санап тауыса қою қиын.
Қазір таңертең радио тыңдар болсаң, күн сайын міндетті түрде Тұманбай сөзіне жазылған бір ән берілері сөзсіз. Әндері де шетінен жүрекке жылы тиіп, құйқылжып құлақтан кіріп, бойды алып тұрады.
Ол өзі балаларға арнап та көп жазатын ақын. Басқасын былай қойғанда, өзі бас редактор болып отырған "Балдырған" журналын оқыңдаршы, – әр санында Тұманбайдың бір өлеңі жүреді.
Әрине Тұманбай сияқты телегей-теңіз көп жазатын ақынның шығармаларын түгел оқып тауысу мүмкін емес. Ол бір ешқашан сарқылуды, тартылуды білмейтін, теңізге қарай тынбай ағып жататын дария суы тәріздес. Дарияның да суын ішіп ешбір адам тауыса алмас еді. Бірақ кенезесі кеуіп келе жатқанда өзеннің (немесе бұлақтың) жиегіне жата кетіп, талай-талай шөл қандырғандар болған. Қанша шөлдеп келе жатса да бұлақ суын ешкім түгел сарқып іше алған жоқ. Бірақ армансыз бір шөлі қанғанын да ешқашан ұмытпағаны даусыз. Тұманбай өлеңі де сондай, кез келген уақытта, кез келген өлең, кез келген кітабын оқып, өлеңге, жырға деген жүрек шөлін қандырып алуға болады.
Ал салқын бұлақтың суын бір ішкен кісі әрбір шөлдеген сайын тағы да ішсем-ау деп аңсары ауып тұратыны да ақиқат. Тұманбай өлеңін бір оқыған адам да ылғи іздеп, ылғи оқығысы келіп жүреді. Бұл сөзіме сенбегендер болса, кез келген кітабын тауып алып, тағы бір оқып көрсін.
"Ұлан" газеті, 1995 жыл
ІІ
Осыдан біраз жыл бұрын аз ғана уақыт "Балдырған" журналының редакциясында Тұманбай Молдағалиевпен бірге, дұрысырақ айтқанда, со кісінің қарауында қызмет істегенім бар еді. Кейде жұмыс бабымен, кейде жай амандық білу үшін бас редактордың кабинетіне күніге екі-үш дүркін кіріп-шығатыным болатын. Қай кезде кіре қалсам да Тұманбайдың алдында қобыраған көп қағаз жатады. Қол алысып, сәлем беріп үлгерер-үлгерместен: "Мына бір жаңа жазылған өлеңдер бар еді, тыңдашы", – деп, әлгі қағаздардың бірін суырып алып, сенің сөз тыңдауға деген құлқыңның бар-жоғына қарамай, суылдатып оқи бастайтын. Ол ол ма, кейде, тіпті, автомашина рулінде келе жатып, қойнынан суырып алған бір өлеңді қасыңда отырған саған ұсына қояды да: "Бір туыстың туған күніне бармақ едім, соған арнап жазғаным ғой, оқышы, тыңдайық", –дейтінін қайтерсің.
Өзі жақсы көретін ағаларының әрбір мерекелі күніне, торқалы тойларына өлең арнап жатады. Сол "Балдырғанда" жүргенде Кәкімбек Салықов 60 жасқа толды да, Тұмекең сол кісіге арнап, әй, аз дегенде алты өлең жазды ғой деймін. Қасына барған сайын: "Тыңдашы, Кәкеңе арнап тағы бір өлең жаздым", – дей берген соң:
– Тұмаға, одан да "Кәкімбекнама" деген тұтас атпен кітап жазып шықпадыңыз ба біржола! – дегенім де бар шыдамай.
Тағы да біраз жыл бұрын көше бойлап бара жатқан Тұмекеңді май құйрықтан әлдебір жеңіл машина "сүйкеп" өтіп, едәуір күн емханада жатып шыққаны бар. Үйіне оралған соң көңіл сұрап барсам, тау төбе қағаз жазып тастапты.
– Қане, отыр. Өлең тыңда! – деді де, мені отырғызып қойып, шай қайнатым уақыт жаңа өлеңдерін оқыды. Бәрі де әлгі авариядан кейінгі көңіл күйі, дос-жаран, тума-туысқан, жекжат-жұрағатқа деген ықыласы, разылығы, өкпесі аз реніші. Бәрі де сығып алсаң майы шыққан қызу қанды өлеңдер. Бәрі де оқырманды ұзақ-ұзақ ойға жетелеп, қиял құпияларына қарай сүйреп алып кетерлік жан айқайы, ақын ғана айта алар ақиқат.
– Апыр-ай, жеңіл сүйкеп өткенге осынша өлең жазыпсыз, құлап кетсеңіз – кітап та жазып тастайды екенсіз ғой, – деп оспадарлау әзіл айтып ем ағама.
Ол үндемей қалған...
Мұның бәрін тізбектеп жатқаным, өлеңнің күшіне, оның әсеріне, Тұманбайша сенетін... соған өзгені де еліктіріп, ұйытып алатын ақынды әлі кездестіре қойған емеспін. Өзінің өмірлік серігі өлеңмен бірге туып, біте қайнасып кеткен ондай қаламгер де сирек, сирек емес, жоқ та болуы мүмкін. Оның үстіне Тұманбай кітаптарын оқып отырып қанша атасы бар, олардың есімі кім, тірлігінде кім болған, жан-жары, жақын достары кімдер, балалары нешеу, олар қандай оқу бітірді, қаншаға келді, туған күндері қашан, қанша немересі бар – солардың бәрі жайлы дерек аласың, мұны тіпті отбасылық хроника десе де болғандай.
Ол ағаларына, апаларына, қаламдас достарына, жұрағат-жекжаттарына, қарындасы мен інісіне мол етіп өлеңнен сыбаға дайындап-ақ жатады. Біреу анау, біреу мынау дей берсін, көрмей, білмей, елемей, ескермей жүргеннен гөрі осы бір ықылас, осы бір ілтипат қайырлы деп ойлаймын мен. Таяуда ғана жарық көрген "Туған елім – тірегім" аталатын кітабының да негізгі дені таза ғана арнау өлеңдерден тұрады екен. Бәрін де оқисың, бәріне де тамсанып, сүйсінесің. Әйтеуір енжар қала алмайсың. Осы кітапты оқу үстінде аса көрнекті қазак ақыны, аға досым Тұманбай Молдағалиев жайындағы әрқилы ойларымды қағазға түсіріп көруді жөн көрген жайым бар.
* * *
Әдебиеттің ақ босағасын "әуп!" деп алқына аттаған алғашқы адымнан бергі қырық-қырық бес жыл ішінде Тұманбай Молдағалиевтің өзі де қаламын желдей жүйткітіп, құйындай ұйтқытып, бел шеше бұрқыратып, белсене дүркіретіп қанша көп жазған болса, Тұманбай мен Тұманбай таланты жайында да мақтауы мол, даттауы кем сөздер аз жазылып жатпағаны ақиқат. Ат-көпір десек те болғандай. Әлі күнге дейін өзі алдарынан кесе өтіп көрмеген әз ағалары да, қаламы берік теңдес-тұрғыластары да, қызғанышы аз құрбыластары да, бар шабыт, барша мінезіне әбден тәнті болып алған мен секілді ізетті інілері мен қымсынған қарындастары да жазып келеді, жазып жүр. Өзі қалай ойлайтынын білмеймін, менің байқауымша, дәл осы жағынан ақын мақтаудың да, даттаудың да, қайыра ақтаудың да небір түрін көріп келеді. Әділ де бағаланды, әділетсіз де сыналды, мадақ та естіді, марапатқа да тап болды.
Тұманбай таланты төңірегінде сөз етсем дейтін адам бір қиналса, алдымен осы жағынан қиналады. Әйтпесе, бұл ақынның өз арнасынан аспай да, басқаның жерін баспай да бірқалыпты баяу ағатын дариядай мол құнарлы, телегей-теңіз туындылары осы күнге дейін оқырманының ішін пыстырып, ешбірін енжар қалдырып көрген жоқ. Ұнатқаны да оқиды, жылатқаны да оқиды. Сызданғаны да оқиды, қызғанғаны да оқиды.
Солардың бірі өзіміз.
Мен Тұманбай өлеңдерімен алғаш ұшырасқанда әлі бір жолы тасқа басылып көрмеген бозбала ғана болатынмын. Мұның алдында Қасым Аманжоловтың үш томдық шығармалар жинағы қолыма тиген еді де, тасып төгіліп, асып көрініп жататын бүйра жалды тау өзенінің тосын сарынына ұқсаған Қасым өлеңдеріне елтіп, емініп жүрген шәкірт едім. Тұманбайдың алғашқы кітабы пышақ сыртындай "Студент дәптері" оқи бастағаннан-ақ мүлдем бөлек әуенге жетелеп, өзгеше әсер еткен. Менің енді-енді қыз құшып, қызық қуа бастағандағы алып ұшқан алақұйын жан-дүниеме орайлас келді ме, кім білсін, сол кітаптағы таңғы шықтай таза сезім, қайнап шыққан қайнар суындай мөлдіреген ой, жәудіреген көңіл дейсің бе, – бәрі-бәрі іші-бауырымды түгел жайлап, еліктіріп, желіктіріп әкете берген.
Сыбырлағанды құдай естімейді дейсің бе, сол кітапты бастан-аяқ жаттап алғанымды да жасыра алмаймын. Жаттайын деп жаттаған жоқпын, ежіктеп, күбірлеп көрмедім, бәрі де өз сөзім, өз ойым, өз ожданым секілді болып өзі-ақ жатталып қала берген.
Әрине, ақын өмірі де, ақын творчествосы да ұдайы бір қалып, бір сарында жөңкіле бермесі хақ. Іздену, ілгерілеу, даму, ширығу, шамырқану сәттерінде жорғасынан жаңылу, ой жеткен жерге бой жетпей мүлт кету, мүмкін, кібіртіктей кідірулер бола береді. Оған кейде "білгішси" сөйлейтін, "айттым бітті, кестім үзілді"– дейтін сыншылардың үзілді-кесілді байламы қосылып, көп ақынды өзінің бастапқы бағытынан бұрып, бағдарынан айырып жібере жаздайтынын қос. Көк жүзінде қалқып ұшқан қыран да біркелкі самғамайды, шырқап шыңға да кетіп, құлдырап құзға төмендеп жатпай ма. Бұл өмірлік зандылық. Бір жақсысы, Тұманбай ел сөзіне де, оқырманның айнымалы ықыласына да көп көңіл бөліп, "қайтсем екен?" – деп дағдарып көрмепті. Құдай берген майда шуақ мінезіне таланты мен дарынын парлап жегіп, өзі қалап алған кедірлі-бұдырлы, таулы-тасты, сулы-нулы соқпағымен ілгері тартты да отырды. Содан да оның өлеңдері кейде қайталау сияқты, кейде бір қызықты айнала басқан ізін шиырлау сияқты көрініп, әрі-сәрі пікірлердің тууына жел беріп, жеңіл ауыз біреулердің сыпсыңына себеп болғаны да рас. "Тұманбай отбасы, ошақ қасын күйттеп кетті" – дескен де, "бар тапқаны бала-шаға төңірегі", одан қалса "әркімге арнап арнау өлең жазады" дескен де сөздер шырмауықтай шырматылып, жүрсе-тұрса алдынан шығып, аяғына орала берді. Бірақ оған бола айылын жиып алданып, алаңдай қояр, үйреншікті сары желісін бұзып, шабысынан жаңыла қояр Тұманбай жоқ, жүргені де, күлгені де, жатқаны да, мақтаны да ақындықтан жаралып, талантымен кіндіктес болғандықтан шығар, бойдағы бар иман-жырын дұғасындай қайталап, өңді айтып, оңды айтып, әрбір келесі бел мен белесті асқан сайын оңалды да отырды. Ернін шүйіргендердің көбі ері мойнына кеткен аттай, енді айтарға сөз, дәйекке дәлелі болмай дал ұрып, қозы көш жер кейін қалып қойып жатты.
Су төгілмес жорғалар үшін қатқақ жол ма, батпақ жол ма – бәрі бір. Қатқақта көсіле сілтеп, батпақта сәл кідірер, бірақ жүрісінен жаңылып, жорғасын бұзбайды. Мен білетін Тұмекең де сондай. Кейде ол маған сахнада ойын көрсететін, қойны-қонышының бәрінен алқызыл ленталар суырып алып жататын сиқыршыдай болып көрінеді. Ол сиқыршы саған күле қарап тұрып, әлгі қызыл-жасыл матаның жеті атасын будақтата шығара береді, шығара берер еді, тоқтамай, таусылмайтын бір қызық сәттер... Тұмекеңнің өлең жазу тәсілі де сол сияқты; күн демейді, түн демейді, күй талғамайды. "Күйім келмей жүр" деп басқаларымыз сияқты сарыуайым сала зарламайды, жаза береді, жаза береді. Бір кезде мен Тұманбай творчествосын тоқтауды, толастауды білмес суы мөлдір тұнба бұлаққа теңеген едім. Бұлақ суын ешкім де ішіп тауыса алмайды. Бірақ аңсарың ауа жеткенде кез-келген жерінен еңкейіп ішіп, шөліңді қандырасың. Шекеңнен тер бұрқ ете түседі.
Сол сияқты Тұманбай жырларын да оқып түгесу мүмкін емес. Әйтсе де, кез-келген кітабының кез-келген тұсын ашып, кез-келген өлеңін, кез-келген шумағын оқып, ақынның алымына да, шалымына да, қарымына да сүйсініп, мейірің қанады. Оны әрдайым өзіне айтып та жүрем. Біреулерге ол шынында да ғұмыр бойына тек қана атасын, әжесін, әкесін, шешесін, апасын, тәтесін, әпкесін, енесін, қарындасы мен бөлесін, баласын, немересін, қыздарын, жиендерін, жақын достарын, барыс-келіс, алыс-беріс ағайынын жырлап келе жатқандай көрінеді екен. Қай кітабында да осы төңірегіндегі тақырыптар көбірек орын алатыны да рас. Оны жоғарыда айттық та. Бірақ сол тақырып арқылы өзі өмір сүріп келе жатқан заманның – өткен ғасыр мен бүгінгі күннің бар тынысын, мол ырысын, адамы мен әрбір қылт еткен жақсы қадамын түгел тізе көз алдыңнан өткізе білген кім бар?!
Ол тек Тұманбай талантына тән құбылыс. Кәрісі демей, жасы демей, әкімі, ақыны демей, қазақ жұрты бүгін түгел сыйлап, құрметтесе – ол ақынның сол көңіл жомарттығын танығандық, соған тәнті бола табынғандық дер ем мен. Сонау бір пышақ қырындай ғана шағын жинақ – "Студент дәптері" арқылы поэзия орбитасына шырқап шығып алған ақын ылғи ғана қасқа маңдайда тұрар. Мен тіпті де ол алдыңғы ағаларынан асыра жазып кетті, бірден олардың бәрінен артып түсті деп құдай алдында күнәһар бола алмаймын, бірақ сол кезгі жастардың (жастардың ғана емес) естігісі, тыңдағысы, оқығысы келетін сөзін, мөлдір тұнық сезімін:
Ай да бүгін аласырып төбемізден төнеді,
Жан-жарымды рұхсатсыз қайта-қайта көреді.
Көлегейлеп жабар едім албыраған жар жүзін,
Бірақ менің өзімнің де коре бергім келеді, –
деп дөп басқан алғашқы ақын Тұманбай болған. Сөйтіп, ол тұтас бір жас буынның алдына қойып, бойын түзер айнасы бола білген еді.
* * *
– Көке, – деп телефон соғам Тұмекеңе екі күннің бірінде, – өлең қалай, төгіліп, құйылып тұр ма?
– Бар, – дейді көкем. – Өлең бар, бүгін таңғы бесте "тұр-тұрлап" оятып еді, біраз сілтеп тастаипын шәйға шейін. Екі-үш өлең келді дүниеге.
Мен күлемін. Күлемін де аға досыма: аман жүре бер, ақиық ақын, қазақ жыры сенімен сұлу, сенімен ғана бақытты! – деп іштей тәуба етемін.
"Қазақ әдебиеті"
2001 жыл
ІІІ
МАРҚАСҚАСЫ ҚАЗАҚТЫҢ
Қызғалдақтай көктемде гүлдеп берген,
су төгілмес жорғадай жүрдек келген,
Қай ақын бар бақ, талант түгел дарып,
қалам алған шақтан-ақ құрмет көрген?!
Топқа түсіп додалы, сан қызбалы
келе жатқан соқтықпай жар-құзға әлі,
Қай ақын бар қалың ел қадір тұтып,
ғашық болған қазақтың бар қыздары?!
Қай ақын бар – қадірлеп қала, дала,
сүйікті еткен қарындас, нар ағаға
Қай ақын бар дәл сендей тұла бойы
жақсылықтан тұратын дара ғана?!
Құлай сүйіп қызулы жыр дүрмегін,
арғымақтың алдырмай бір күн демін,
қашан болсын халқыңның қақ төрінде
домбырасы сияқты күмбірледің.
Арамызда көп емес сендей бағлан,
кеудемізді біздің де кернейді арман!
Аламанда қосылған ағайынның
қашнасы бар қараңды көрмей қалған!
Төңірегін түрткілеп, жоққа емінбей,
көкірегің текті әуен текті ерінбей.
Көздің жауын алып-ақ тұр-ау жырың
өзің туған өлкенің көктеміндей.
Алдын алып тетелес, тең-құрбының,
қас бәйгеден қасқайып келдің бұрын.
Ежелден-ақ осылай баптайтын жұрт
жүзден жүйрік шығатын ең дүлдүлін.
Өзің туған өлкенің бағын ашып,
қызғанбайық, талай бір тағына шық!
Күтері де көп әлі сенен елдің,
қазағыңның қыздары әлі ғашық!
Әлі ғашық өзіңе,
сөзіңе де сені оқымай арулар көз іле ме?
Жүрегің де солармен бірге соғып,
егіле де білесің, езіле де.
Парнас таудың басына таяп барып,
көрген жоқсың елден сыр аяп қалып.
Тұманбайдың жырымен басталған той,
Тұманбайдың жырымен аяқталып
жатқанын да бүгінде көрдік енді,
пейіліңе осындай Елді берді,
Көсіле бер қазақтың марқасқасы,
көсілетін түсың да енді келді!
Бұл менің осыдан тұп-тура ширек ғасыр бұрын Тұмағаңа арнап жазған өлеңім еді. Мемлекеттік сыйлық алғалы жатқанда ақынның анық тілеулесі ретіндегі көңіл лебізі болатын. Сол кеңіл, ақжарма сол ықылас-пейіл әлі де бұрынғы қалпында. Толыға, молыға түспесе, ортаймақ емес.
Таныс-біліс, сырлас, сыйлас болғанымызға да елу жылға таяп қалғанымен:
Шын көңілмен сүйсе екен кімді сүйсе,
Бір сезінде тұрса екен жанса-күйсе, –
деп Абай айтқандай, өз басым біз екеуміздің арамыз әлі күнге сол бір дақ түспеген кіршіксіз таза қалпында екендігін ойлап, құдайға шүкіршілік етемін.
Баяғыда, Бауыржан Момышұлының 60 жылдық тойында арнау өлең оқыған әйгілі Сәбит Мұқановқа қатарластарының бірі қағыта қалжыңдап:
– Сәбе, осы олінді Сіз Бәукеңнің 50 жылдығында да оқыған сияқты едіңіз ғой, – десе керек. Сонда сөзден тосылып көрмеген жазушы:
– Дұрыс. Ер жігіт екі сөйлемес болар, менің Бауыржанға деген көңілім осыдан он жыл бұрын қандай болса, қазір де сондай, – деп жол тауып кетіпті.
Сол Сәбең айтқандай, менің де Тұмағаңа деген көңілім ешқашан өзгеріп көрген емес.
"Қазақ әдебиеті" газетінің жігіттері хабарласып, "Тұмекеңнің туған күніне жақын достарының бірі ретінде сіздің де лебізіңіз қажет болып тұр" – дегенде, есіме ең алдымен осылар түскен. "Абылайдың асында шаппағанда, атаңның басына шабасың ба?" – дегендей, мұндай салтанат пен мерей үстінде айтпаған сөзді енді қашан айтпақпын, – деп қанатымды қомдай құлшына беріп ем, олар қайта хабарласып "Мақаланы Кәкімбек Салықов жазатын болды, сіз өлең берсеңіз қайтеді?" – деп тоқ етер тапсырмаларын жеткізген.
Кәкеңмен қалай таласам. Ол кісі де мен сияқты Тұмағаңмен көптен бері дос-жар адамдар. Әрдайым аралас-құралас жүреді. Әйтесе де, "Тұмағаңды дәл мендей қанық біле бермейді-ау!" – деген бір күдік қылаң беріп қалғанымен, ақынға ақын өлең арнап жатса оның несі айып, ақ сөйлейтін де, ақиқатын айтатын да өлең емес пе өзі, бәлкім, газет басындағылар әдейі жүктің ауырын маған қалдырып жатқан шығар деп те түйгемін.
Сөйтіп, бір кезде менің өзімді де ең алғашқы "Студент дәптері" кітабымен елең еткізіп, біржола соңына ерткен және әдебиетке еркелеп те ентелеп келіп, Қасымның айтқанындай, "Босағаға тұрып қалмай, төрге ұмтылып", ағалары арасынан сығылыса барып өр жақтағы өз орнын ойып алған жас ақын, бұл күнде иісі қазаққа танымал Бас ақын Тұманбай Молдағалиев жайлы ойымды өлеңмен былайша түйіндегім келген еді.
Өмірі де жайдары, көңілі де жайдары,
келе жатыр килікпей кикілжіңге қайдағы.
Жауына да жұдырық сілтеп көрген жері жоқ,
ақ қағаздың үстінде аяқталып майданы.
Үлкендердің алдында он бестегі қыздан жас,
кішілерге кісімсіп, қыр көрсете сызданбас.
Жақсылықтың барлығы болсын дейді өзіме,
сөйте жүре сенің де несібеңці қызғанбас.
Ағыл-тегіл ақтарып асқақ өлең үлгісін
асып-тасып, астамсып сөйлемейді бұл Кісің
"Қой!" – демейді саған да, жан баласын тең көрмей,
дүниенің тірегі өзіммін деп жүрмісің!
Көкірекке ұялап, қолтығына тығылар,
өзі ғана ұғынар бұлбұлының үні бар.
Әппақ таңда сол үннің әуенімен оянып,
ән ғып талып, сол үнмен қалып барып тынығар.
Айды барып аймалап, ақша бұлтты жұмарлап,
аңқылдап-ақ жүргені өлең жазып, жыр арнап,
Құйрық жалы төгілген жүйріктей қашан да
кетіп бара жатады көз ұшында бұлаңдап...
Жақсылардың көңілін табу дей ме ендігі ем,
көпшік қойып біріне, біреуіне берді дем.
Кесірленіп кергіген Тұманбайды көрмейсің,
күлген жері – күншуақ, жүрген жері – төр кілең!
Күндіз-түні телегей теңіз болып жазғаны,
қанша жерді аралап, қаншама кен қазбады.
Жемістері мәуелеп, даусы кеткен әуелеп.
қалқып үшып көгінде аққулары, қаздары.
Өкіне ме, кім білген, текке бір күн өтті-ау деп,
өлең-жырдың нөсерін күркірете төкті-ау кеп.
Үлгі бола бастаған ұлыға да кішіге
өзі де бір асқақ ән өзі де бір текті әулет?!
... И "чувство доброе я лирой пробуждал", – деп еді Пушкин өзі туралы. Өз өлеңдерімен ұдайы ғана жанымызға ғажайып бір шуақ құйып, күн сайын нұр сәулесін төгіп келе жатқан Тұмекең жасай берсін, жаза берсін деп тілегеннен басқа не дейміз. О кісімен достығын айтып мақтанып та, төбесін көргенде шаттанып та жүретін біз сияқты ізбасар інілері барын ұмытып кетпесе болғаны...
2005 жыл.
ІҮ
Тұманбайдың таланты, Тұманбай шығармашылығы жайында аз жазылып жүрген жоқ. Әр жастағы мерейтойлар тұсында да, басқа да қисыны келген кезеңдерде де алдындағы аты мәлім ақын ағалары ма, академик көкелері ме, біз секілді қасына ерген қаламдас-замандастары бар, соңына ілескен іні-қарындастары бар, бәрі қосыла жамырасып, ұдайы ғана жарым ырыс – жақсы лебіздерін, оған деген ойда бар, бойда тұнған ыстық ықыластарын білдіріп келе жатқанын байқаймыз. Басқасын қойып, біздің өзіміз де ыңғайы келіп қалған жерде қарап отырмай, Тұмекең творчествосы турасында екі-үш мақала жазып, әлденеше өлеңдер де арнап жіберген екенбіз. Әрине, әр тұста әрқалай жазыппыз. Бірде көздеген нысанамызды дәл барып тапсақ, енді бірде асқақтата түсеміз деп отырып, Абайдан да асыра жаздап барып, ат басын әрең-әрең тежегеніміз де байқалмай қалмайды...
Есіме түсіп отыр, сол жаңағы мақала-эсселерімнің бірінде мен Тұманбай Молдағалиев шығармашылығын таудан төмен құлдырай құлап, сыңғырлай аққан мөлдір таза бұлаққа да теңеген екенмін. Ондай бұлақтың арнасы тартылмайтынын, салқын суы сарқылмайтынын айта отырып, қай-қашан еңкейе бере ернеуіне ерніңді тигізсең болды – біржола қанып ішкенше бас көтере алмайтыныңды, жұтқан үстіне жұта бергің келетінін, бұлақтың өзі болса сол баяғы сылдыр қаға ағындаған, бірақ бет алған бағытынан жаңылмаған қалпында бұлықси ағып ілгері тарта беретініне тоқталған едім. Сенің көкейіңде дәмі, құлағың мен көңіліңде әні қалады, ұмыта алмай, аңсарың да, ынтызарың да соған қарай ауады да тұрады.
Қайырыла соғып, қайталап барып мейіріңді қандыра тағы бір жұтсам деп тамсана түсетініңді өзің аңғармай қаласың. Соны меңзеген едім.
Мен білсем, қазіргі көзі тірі қазақ ақындары ішінде ең көп жазатыны да, өндірте, желдірте жазатыны да Тұманбай. Өнімді жазады, ылғи да сергек, өзіне-өзі сенімді жазады. «Таң алдында өлең мені өзі түртіп оятады, – дейтіні де бар, – Үлгеріп қана қағазға түсіріп алып отырамын. Содан қалғып-мүлгіместен таң ағарып атқанша 5-6 өлең жазып та тастаймын». Оған күмән келтіріп жатпайсың, өйткені сол жазғандарын сиясы кеппей тұрып-ақ газеттер мен журналдар бетінде ізін суытпай үздіксіз жариялап та жатады. Жыл сайын, кейде тіпті бір жыл ішінде қос еліден қалың кітаптартар да шығарып жүр.
Басқаларымыз айында-жылында он шақты өлең жазып, екі-үш жылда бір кітап шығара алсақ, соған да мәз болатынымыз бар. Ол болса...
Осы арада бір сәт ойланып та қаласың. Көп болған соң оның көбігі де, күріш арасындағы күрмегі де болмай қоймасы анық. Ұдайы ғана інжу-маржан қайдан келіп қолға түсе берсін, аласы да, құласы да бар шығар-ау деп қалатынымыз болады. Жиі-жиі жұрт ауыстырып, қоныс жаңартып отырмағасын да тақырып өрісі де тарылып, таптаурындық та көзге ұрып қала ма деп сен де күдіктене түсесің. Таңғы шықтай таза бұлақтың көзі де көмескілене бастағандай болып көрінетіні бар. «Бұ қалай болды?» – деп бір сәт дағдырып та үлгермей жатып, кенеттен бұлақ көзі қайта ашылып бергендей, тума талант тегеуріні әлгі тосын келген күдігіңді бірден сейілтіп, қайта түлеген Тұманбай ақынды табар едің. Табар едің де, бетіндегі шөп-шаламын үрлеп жіберіп, бағанағы таңдап татқан, таңырқатқан бұлағыңа қайтадан бас қойғаныңды сезбей де қалар едің.
Бұл күнде Тұмекеңнің жасы жетпіс бестен асып жығылады. Соңында қиыр-шиыры мол бұталы-бұдырлы, бұралаң бұрылысы да бар ондаған мың өлең жолы қалып жатыр. Өзі болмаса, о жағын өзгеміз санап тауысып, санына жете алмақ емеспіз. Біздің білетініміз, жоғарыда айтқандай, бүгінгілер ішінде Тұманбайдан көп жазған, асыра жазған, жазғанының бәрін шып-шырғасыз жариялап та жүрген ешкімнің жоқтығы. Сондықтан да болар, қалың елге танымалдық жағына келгенде де оның шоқтығы қашан да өзгелерден биігірек тұрады. Өзімнің де осыдан отыз жылдай бұрынырақта «Марқасқа» деп атап, Тұманбайға өлең арнағаным бар еді.
Қызғалдақтай көктемде гүлдеп берген,
Су төгілмес жорғадай жүрдек келген.
Қай ақын бар бақ-талант түгел дарып,
Қалам алған шақтан-ақ құрмет көрген!
Топқа түсіп додалы, сан қызбалы,
Келе жатқан соқтықпай жар-құзға әлі,
Қай ақын бар қалың ел қадір тұтып,
Ғашық болған қазақтың бар қыздары!
– деп те жіберген кезіміз болған екен. Сол сөзді қашан да қайталап айта беруіме болады.
Тұмекеңді басқаларымыздан бөлектей түсетін (бәлки, даралай түсетін) де тағы бір жәйт бар. Ол әр жаққа бір ұмтылып, оңды-солды лықсып, өзгеміз сияқты, өзін-өзі шығын ете бермейді. Яғни оның өзіне ғана тән феномендік болмысын да уақытпен үндесу, қоғамдағы әртүрлі қағидалар мен қайшылықтар төңірегінде емес, бір ғана әдеби категориядан іздесек керек. Сондықтан да Тұманбай: «Ұшпаққа да шығарды өлең мені!» деп жырласа – еріксіз иланасың.
Тұманбай өзінің қай шығармасымен болса да (біреуін нағыз шедевр десек, енді біреуінің тұзы жеңілдеу болар) оқырманының көңілін таба білетін, сезімін сергітіп, санасын оята жүретін ақын. Бұл жағынан алғанда оны ұлттық поэзиямыздың барша мұратын бойына сіңірген шынайы ғана қазақы ақын деп айтуымызға әбден-ақ болатындай. Тіпті әнге арналып жазылған өлеңдерінің өзімен де оқыған елдің ойынан шығып, сезіміне сезім қосу жағынан ол аз еңбек сіңіріп жүрген жоқ. Оған бойлай түсу үшін Тұманбайдың бұрынғы-соңғы жазғандарын ой елегінен және бір өткізіп көру керек. Сонда барып, егер Тұманбайы болмаса қазақ поэзиясының қазынасы, бері салғанда, жұтаң тартып, әйтпесе мүлдем олқыланып қаларына көзің жете түсер еді.
* * *
Жасымыз қарайлас бола тұра (ол менен бар болғаны үш-ақ жыл бұрын туған екен) ол өзінің біз айтып жеткізе алмай отырған құйма алтындай құйылып түсер талантының арқасында қалың елге де, әдеби ортаға да ертерек, тым ертерек танылған ақын. Ерте ашылып, ерте танылып үлгерді де Ғали, Әбділда сияқты алдыңғы буын ағаларының алақанында болды. Сондықтан да шығар, өкшесін баса шыққан біздің бірталайымызға ұстаздық ықпалы ерекше болғаны білінбей, еленбей қалған жоқ. Жалған намыстың керегі не, өз басыма оның шығармашылығы сол Ғали, сол Әбділда, сол Қасым Аманжолов пен Ғафу Қайырбековтерден кем әсер еткен жоқ еді. Әлі күнге алдын қиып өтпей, қатарласа берсек те үнемі өзіне қарайлай түсіп келе жатуым да сондықтан шығар деп қала беремін.
Сонау да сонау, әлі желігі басыла қоймаған шұғылалы шақтың көктемінде, қызғалдақ болып құлпыра түскен көңіліміздің кіршіксіз шағында қолымызға әлдеқалай тие қалып, әп-сәтте бас алмастан түгел оқып шыққан қызғылт түсті «Студент дәптері» аталатын кітаптың әсері де әлі күнге есімнен шықпай жүрсе, ол да Тұманбай ақынның шынайы да шыншыл, сыпайы да сыршыл жырларының бізге тигізген өмірлік ықпалынан шығар-ау деп те ойлаймын.
Ай да бүгін аласарып, төбемізден төнеді,
Сәулешімді рұқсатсыз қайта-қайта көреді.
Көлегейлеп жабар едім албыраған жар жүзін,
Бірақ менің өзімнің де көре бергім келеді!
– дейтін жалғыз шумақ өлеңнің де әлгі кітап жарыққа шыққаннан бергі елу бес жыл ішінде есімнен кетпей, берік орнаған күйінде көкейімде қалып қоюының себебін де өзіме тигізген әсерінен іздеген дұрыс-ау деймін.
Мына бір:
– Бұдан бұрын тартушы едің «Прибой»,
Бүгін тартқан папиросың ірі ғой, –
... Дегенімде көзін қысып дос күлді,
Күлкісінен қуақы үні естілді.
– Қыз алдында жөтелтеді «Прибой»,
– Ал «Қазбек ше?»
– Маркасы оның ірі ғой, –
деп аяқталатын сыпайы иронияға (кекесін, мысқыл емес) толы өлеңді де ешбір қағазға қарап жатпай-ақ жатқа жазып отырмын.
Әрі қарай кетсек:
Көрсетпе сүю әуресін,
Берілді жүрек тек саған.
Сүю де жақсы, сәулешім,
Сүйікті болу жақсы одан!
– дейтін жолдар да ойда қалып қойған екен. Ілгерінді-кейін оқыған бұрынғы-соңғы ақын-жыраулардың бір кезде мүдірместен жатқа соға беретін мың сан өлең жолдарын да жадымыздан сыдырып алып қалып жатқан бүгінгідей егде тартқан жасымызда да Тұманбай өлеңдерінің біраз нұсқасын төкпей-шашпай оңашада өзіне оқып беріп жүрсек, ол да сол балаң шақтан бергі жанымыздың жақындығы, жүрегіміздің үндестігінен қалған үлес қой деп білгеніміз жөн.
Осылай бола тұрғанымен Тұманбай көкемнің бүткіл болмыс-бітімін, тыныс-тіршілігін үлгі тұтып, ұдайы ғана пірге балап келе жатырмын десем, құдай алдында жалған айтқан болып шығар едім. Шыны керек қой, қалай десек те, бір жағы бәріміздің де пенде екендігіміз белгілі, баз-базда біздің де шайдай ашық көңілімізге кірбің түсіп, пікір-ниетіміз де бір жерге түйісе қоймай, үдірейісе, үрке түсіп барып, райымызға қайтатын тұстарымыз болып тұрады. Бірақ мұндай бір сәттік қана көңіл алшақтығы, аспанымызды торлай бере айыққан ақшарбы бұлт бұған дейінгі өзім сүйсіне оқыған, сүйіп таныған өлең-жырына деген шынайы ықылас-пейілімізге кір шалдыра қоймасын, тіршіліктен туындайтын әлгі бір ала-құлалықтың өзі де оның шығармаларына деген ой-ауанымды өзгерте алмасын әбден жақсы білемін. Бұл жағына Тұмекең қалай қарайды, ол енді... оның өз шаруасы. Біздікі «көңіл кірі айтса кететіден» шығып жатқан жәйт қана.
* * *
Тұманбай Молдағалиев 1935 жылдың көктемінде Алматы облысының шағын ғана «Казатком» аталатын ауылында дүниеге келген еді. «Шапырашты руының Қошқар әулетіненмін», – дейтіні бар. Әкесі кешегі ел басына қан мен қасіретін төге келген, арандай аузын аша төне келген Ұлы Отан соғысынан оралмай қалыпты. Әжесі мен шешесі, апа-жезде, әпкелерінің қанаты астында, солардың нұрына шомыла жүрсе де кішкентайынан қамкөңіл болып өскен болашақ ақынның ойы онға, санасы санға бөлініп, көңілі ұдайы бір алыс нүктеге, құпиялы әлемге қарай ойыса беретін еді. Ол – ақындық жолдың алғашқы адымдары болып шыққанын өзге түгілі өзі де кейін барып ұққан тәрізді.
Тұманбайдың «Етік» дейтұғын өлеңі бар. Сол бір сұм соғыстың зардабынан аш құрсақ, жалаңаяқ жүрген күндерін еске ала отырып, ол:
Арбасы балалықтың алға жүрді,
Жау көздеп атты менің арманымды.
Аш жүрдім, суық үйде ұйықтадым мен,
Білмеймін қалай тірі қалғанымды.
Анамның көңілі маған бөлінеді,
Мен үшін қабырғасы сөгіледі.
Екеуміз кидік соны кезектесіп,
Бір етік біздің үйде болып еді.
Әңгіме, өлең десе ұйып қалам,
Айтады соның бәрін сүйікті анам.
Қалады пеш жанында жалғыз өзі,
Мектепке етігін мен киіп барам.
Қай қазақ есіркесін жетім ұлды,
Маған тек талайлардың беті күлді.
Тапжылмай түстен кейін мен отырам,
Кетеді анам киіп етігімді..., – деп жазған еді.
Көбіміздің көз алдымыздағы сурет. Соғыс кезіндегі балалардың баршасының басынан дәл осындай уақиғалар өткен. Бірақ соны Тұманбай ғана көзімізге жас үйілдіре отырып, қаз-қалпында алдымызға жайып салып еді.
Жас өседі, жарлы да бір баииды. Тұманбай да жетілді, жетті. Аты алысқа жайылған арқалы ақын болды. Жұмыр жердің түкпір-түкпірін түгелге жуық аралады. Мың сан маңғаздармен, тіпті бір-бір елді дара билеп отырған премьер-министр, Президенттермен де қатар жүріп, дәмдес болды. Бірақ мен үшін арындап, әлі де жалындап жүрген қас ақын, бүгінгі бас ақын Тұманбайдан гөрі, сол баяғы өзіме ұқсаған, шешесінің етігін кезектесіп киіп, «әңгіме, өлеңді ұйып тыңдап», етіксіз қала берген сәттерде пеш түбінде бұйығып қана бұрынғыша қиялға батып отыратын бала Тұманбай жақынырақ көрінетіні бар. Тіпті мен үшін ғана емес, өзінің асқақ тауларды өрлей, көк теңізді көлбей өтіп жүргенде жазылған барлық өлеңінің босағасынан сығалап тұрғандай болатын сол бала-ақын оның өз көзіне де ыстығырақ көрінетін шығар-ау дегенді де ойлай беремін. Ол туралы өзі де:
... Естігендей боламын да бөтен жыр,
Қырға шығып, қиялдарға кетем бір.
Меніменен қоштасуға асыққан
Жастық шағым ба екен бұл?!
– деп жырлапты бір кезде. Сөйте келе қаршадай күнінен бастап көңілін елеңдете берген өлең аталатын, поэзия дейтұғын сазы бөлек сиқырлы дүниеге әмпей-жәмпей араласты да кете берді. Сол шарқ ұрудың аяғы ауқымы кең ақындық даңғылға барып ұласты. Жырға деген сол бір құштарлығы оны жаны кең, жайсаң ұстаздардың алдына алып барып, бірден-ақ солардың ыстық мейірі, оқшау ықыласына бөленді. Бұл жағынан жетімдік көрдім деп өзі де айта алмайды, айтпайды да. Әсіресе алғашқы балаң жырларынан болашақ классикті тани білген Мұқан Иманжанов сияқты ағаларынан алған үлгі-тәлімін де өзі ұдайы еске алып, аса бір ынтық сүйіспеншілікпен әңгімелеп жүреді.
Тұманбай Молдағалиев әдебиетке жігіттің нағыз жолы болар бақытты шағында келе қалған ақын. Бұл қазақ қауымының, үлкен-кіші айнала қалың елдің поэзияға, өлең-жырға деген құштар-құмарлығы барынша шалқып-тасып, ұйқыдан оянғандай күрт жетіле, арта түскен, дауылпаз Қасым үніне енді-енді қанығып, іле-шала Ілияс дауысы құлағымызға енді-енді шалына бастаған тұс болатын. Мінеки, сол бір құдай сәтін салған тұста қазақ поэзиясының сапына тегеурінді жас сарбаз Тұманбай келіп қосылды да, өлең көкжиегін одан әріге кеңейте түсуге бірден-ақ білек сыбана белсене кірісіп кеткен болатын. Үлкен-кішінің назарын бір өзіне аудара отырып, шымырлана, шыңдала түскен.
Сол кезгі жастар, әсіресе студенттер жағы оны мөлдір-тұнық сезімнің, мәнді махаббаттың, жалынды жастықтың бірден-бір жыршысы деп қабылдады, төбелеріне көтерді. Әр сөзін жерге түсірмей қағып алып, той-думанда тек қана Тұманбай әндерін шырқады. Қызулы, қызғын жырларын жабыла жатқа оқыды. Хатқа түскенін қағып алып, біріне бірі ұзата жүре ақын даңқын әуелетіп, атағын аспандатып әкетті.
Оның өзі де бұл тұстарда ереуілдете, екпіндете жазды, шабыттана, шаттана жүріп төңірегін түгел қамти жырға қосты. Саз өнерінің біртуар саңлақтары Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов сықылды әз ағалары, өнер жолында шашасына шаң жұқтырмай өткен іні досы Әсет Бейсеуов сынды сабаздарға қосылып, айға қарап әндетті, күнге қарап күлімдеді, құс болып қайтып, әуелеп ұшты, әуендетті. Аузын ашса болды, сауылдап өлең төгіліп тұрған сол бір қарымды шақта оның қаламынан қаншама бір әсем әннің дүниеге келгенін де қазақ қауымы әлі ұмыта қойған жоқ.
Мен оның сол кезгі өлеңдерін оқи отырып, бұл ақын тегі тәуліктің жиырма төрт сағаты бойына бақыт құшағында балқып жүрген екен-ау деген ойға да табан тірей беретінім бар. Өйткені:
Төтелеп мен тартып келем кедір-бұдыр жолменен,
Тау да жатыр бұлт бүркеліп, тас та жатыр көлденең.
Жолаушымын мен ешқашан ұйқы-күлкі көрмеген,
Келешектің күндеріне, түндеріне шөлдеген.
Бүкіл барлық арманымды алып-ұшып мен келем.
Құласам да, жыласам да ағып барып құлайын,
Жүрегімнің соңғы нұрын жағып барып құлайын,
Жұлдыз болып жанып барып, жанып барып құлайын,
Неде болса барып-барып, барып-барып құлайын,
– дейтін жолдар әлгіндей шалқып-тасып, алдында бармайтын алаңы, алмайтын қамалы жоқтай көрінетін, талантымен тау қопаруға дайын адамның ғана аузынан шықса керек.
Сүйгенін аңсап асығып та аптығып келе жатқан бозбаланың алдынан жайдақ бір төбе шыға келіп, қол созым жердегі ауылын көлегейлей береді, сонда ақын:
Тілегім неткен көп еді,
Жүрегім тұр ғой от алып.
Мына бір тұрған төбені
Тастасам ба екен қопарып!
– деп те жібереді.
Кеудесі көк тіреп келе жатқан жиырмадағы жігіт болмаса, бүгінгі жер ортасы жастан асып бара жатқан Тұманбайлар қаламына іліге бермейтін-ақ сөз!..
Ақынның алғашқы жырлары ішінде басқаларынан оқшауырақ тұрған бір өлең бар. Ол өлең – «Асыл ұстазға» деп аталады. «Мұқан Иманжановқа ескерткіш» деген анықтамасы да бар.
Оркестр! Тарт қаралы күйіңді,
Күңірен!
Қоштасты асыл жан
Көктемнің гүлімен, күнімен,
Көктеген алма ағаш
Айырылды бүрінен!
– деп кеудеңді дүр сілкіндіре күрсіндіріп алады да, ол бақиға аттанып бара жатқан әз Аға – асыл Азаматты қия алмай, өзі де күңірене келіп:
Сүюші ең көгілдір көгіңді,
Сүюші ең елжіреп еліңді, – деп алып:
Іздедім, өлеңмен тербедім,
Денеңді қияды жерге кім.
Аяулы ұстазым, өзіңді
Кеудеме жерледім,
– деп аяқтайды қазалы күйге ұқсаған сол өлеңін. Шамасы келсе, әркім-ақ асыл ұстазын осылай азаласын. Осылай жоқтасын!
* * *
Маған салса, Тұманбай творчествосын біріне бірі жалғасып жатқан қос ағыс – екі бірдей кезеңге бөліп те қарастырған болар едім. Оның алғашқысы – өлеңін балаша әлдилеп, аялап өсіріп, өзі сүйрелеп, автор ретінде үнемі биіктен биікке көтерген кезеңі. Екіншісі – әбден жетілген, пісіп-толған, толысқан, буыны бекіп, тұғанасы қатқан Өлең дейтін шіркіннің енді автордың өзін жетегіне алып, арғы-бергі ағайын, алыс та жақын елдегі абыройын асыра түсіп келе жатқан қазіргі кезең. Өйткені, біз бір кезде оның әрбір шумақ, әр жолына талғаммен қарап, татып көріп қана бағалап келсек, кейінгі кезеңде ол не жазса да, не айтса да аузымызды ашып, көзімізді жұма жүре қабылдай беретін болғанбыз. Бұл жақсы ма, жаман ба, оның әділ қазысы болатын мен емеспін. Оқып, көріп жүрген қалың ел әлі бар ғой, ендігі ақиқатын солар айта жатар.
Қоғамдық салада, қимыл-қарекет жағынан оның аты әзірге аңызға айнала қойған жоқ шығар, бірақ қазіргі поэзиямыздың аузы дуалы абызы дәрежесіне дейін көтеріліп отырғанын айтпай қала алмаймыз. Сол Тұманбай Молдағалиев, оның творчествосы жайында мен қырғыз манасшылары сияқты ерінбей-жалықпай таңды таңға ұра отырып әңгімелеуге бармын. Қаншама қазып айтып жатырмын дегеніммен сөзімнен жаңыла да, көп сөйлеп қойдым-ау деп жалыға да қоймасым белгілі. Тұманбай тудырған көл-көсір өлең дүниесінің қай қырынан келсең де әңгімеге нәр қосып, дәм беріп, ілкіде тапшылау ма деп қалған тақырыптың өзі-ақ сені қай-қайдаға сүйреп ала жөнелер еді... Басқасын былай-ақ қояйық, осы бүгінгі азды-кем әңгіменің өзінен-ақ қазақ жырының қайыспас қара нары Тұманбай тірлігінің барынша мәнді, барынша ауқымды көрінісі, шығармаларының ұңғылы мен шұңғылы, сыры мен сымбаты, тылсым-тұңғиығы, қалтасы мен қалтарысы қылаң беріп қалып жатыр-ау дейміз де, бұдан әрі өзімізді өзіміз тежей тұруға мәжбүрміз.
Кезінде Тұманбай творчествосына да сын айтып, «анау-ақ», «мынау-ақ» деп, оның сонау әу баста таңдап түскен сүрлеу-соқпағынан басқа бағытқа бұрып та жібергісі келгендер болған. Оған бола айылын жиған ақын жоқ, алған бетінен айнымай, алпыс жыл бойына жүрегінің қалауын ғана айтып, әлгі сүрлеу-соқпақты қазақ поэзиясының Тұманбай даңғылына айналдыра білді. Ара-тұра сол даңғылға біздің де соға кетіп тұратынымыз болады. Қаншама кітаптарға арқау боларлық әңгімелер айтамыз. Сырласамыз, сұхбаттасамыз. Бұрынғыдай болмағанымен, ара-тұра бір-бірімізді оқып қойып та жүретініміз бар. Бір-бірімізден мін таппаймыз, мін таппаған соң сын да тақпаймыз.
Қазіргі Тұманбайды мен қадірі бөлек қаламдас, заты бөлек замандас деп қана емес, үлкен-кіші таланттар тобын өз туының астына шоғырландыра білген дара да дана тұлға деп те есептеймін. Өзі де сол бір атағына лайық Ел алдындағы ақындық қызметін адал атқарып келе жатқан азамат.
2011 жыл.
Сәкен Иманасов