Ұлықбек Есдәулет. Ындызды білемісіз?

ЕСТЕЛІКТЕР
2989

Шора СарыбайШора Сарыбай

1.Қобызға айналу

Жиырма жылдан астам уақыт бұрын, нақтырақ айтсам, 1999 жылы түбі бір Түрік еліне кезекті бір жол түсті. Жылма жыл өтіп жататын Түркі тілдес халықтар Құрылтайына Қазақстан делегациясын бастап апардым. Тобымызда әйгілі ғалым, лингвист-тілші Шора Сарыбай ақсақал да болған еді. Өте көңілді, жарқын сапар болды. Еліміздің Анкарадағы жақында ғана тағайындалған Төтенше және Өкілетті Елшісі Шөкеңнің ұлы, менің ескі әріптесім Қайрат Сарыбай болатын. Анадолы жеріндегі бүкіл жол-жөнекейдің бәрін көріктендірген Шора ағаның әзілдері. Арамызда бір топ әнші-күйші өнерпаздар бар. Қала ара автобустың ішіндегі бір әредікте Шора ағамыз:

- Егер мен музыкалық аспапқа айналар болсам, онда қандай аспап болуды қалар едім деп ойлайсыңдар?-деді мойнын бұрып, қалың көзілдірігінің астынан әрең көрінетін көзін барынша қуландырып, сұраулы жүзбен бетімізге айнала сүзіле қарап. Біз сөзін ары қарай жалғай түсетін шығар деп ойласақ керек, табан астында жауап қайыра қоймай, аузына қарап қалыппыз.

 - Менен «Қандай аспап?» деп сұрамайсыңдар ма?

- Иә, қандай аспап болған болар едіңіз?

- Қандай аспап?-дейміз жарыса.

- Егер мен аспапқа айнала қалсам, онда тек қобыз болған болар едім!

- О,Қобыз?!

- Керемет!..

- Қорқыттың қобызы?!

- Ұлы аспап қой!-деп қоямыз тағы да жамырасып.

- «Е, неге?» деп сұрамайсыңдар ма?-дейді Шора аға.

- Е, неге?

Ағамыз жауабын бірден лақ еткізбей, бізді аузына телміртіп қойып, жанқалтасынан орамалын алып, асықпай-саспай көзілдірігін сүртіп, қатарында отырған қобызшы қызды қаусыра құшақтағандай ишарамен қомданып, тағы да қулана жымиып, жорта маңызданып, баппен әндете сөйлеп:

- Егер қобыз болсам, онда мен сахнада үнемі мынадай әдемі қыздың екі бұтының ортасында отырар едім! - деді.

Бүкіл автобус күлкіден жарылды. Қатар отырған қобызшы қыз сықылықтай күлгенде көзінен жас ағып, Шөкеңді құшақтап, иығы селкілдеп, құлап жатты. 

2.Шора ағаның аманаты

- Осында бір-екі ақын-жазушы бар екенсіңдер, демек, сендер де мен сияқты тілшісіңдер. Ұлықжан, сендерге тапсырма, орысша «струя» және «свежий» деген сөздердің қазақша баламасын таба қойыңдаршы!-деді.

Сол-ақ екен, бүкіл автобус сөз талқылап, араның ұясындай гуілдеп, табан астында түгелімізбен тілшіге айналып шыға келдік. «Қазақ тілін бір кісідей білемін» дегендеріміз жан-жақтан жапа-тармағай жапырластық. Ішімізден филологтар да табыла кетті. Езуімізді сыбанып, тілімізді тарамдап, кірісіп-ақ бердік. Бірақ, жөппелдемеде жөнді сөз табыла қоя ма? «Тіл деген - аса маңызды ғылым, сондықтан да оны тілшілерге сеніп тапсыруға болмайды» дегенді бір жерден оқығаным бар еді. Тез таба қоймақ болып, асығып, аптығып жатырмыз. Қапелімде қапылып, етқызумен жан-жақтан сөз бораттық. 

Шора СарыбайШора СарыбайАуызымыздан андыздап, алуан түрлі синонимдер ұшты.

Свежий – жаңа, жас, балғын, балауса, балдырған, тың, соны, бұзылмаған, таза, саф, жаңа сойылған (ет), жаңа ауланған (балық), т.б...

Струя - сорғалақ,  тіпті «шапшыма, шаптырма», «сигектеу» деген де сөздер  ұсынылып, дуылдаған күлкі туып жатты. 

Бірақ көңілге қонымды, тілге орамды, термин боларлық жатық, орысшасына жақын, ең керек сөзді сол жерде қолма-қол таба алмадық.

Таба алмағанымызды мойындағымыз келмей, «Қазақ тілі аса бай тіл, орыстың бір сөзіне ондаған балама табуға болады» деп, жуып-шайған болып, өзімізді жұбатумен тоқтадық. «Тоқтадық» дегенім өтірік болар, басқаны білмеймін, өзімнің ішімде сөз іздеу жалғасып қалды. Жалпы, жазушының өмірі сөз іздеумен өтеді. Міне, содан бері жиырма жылдан астам уақыт жылжып өте шықты. Осынша мезгіл бойында Шора ағаның тапсырмасы кейде ұмытылып, кейде еске түсіп, көкейімнің түкпірінде жүретін. 

Осыдан екі жыл бұрын Шора ағаның өзі дүние салды. Хабары тиген бетте Венадан жедел жеткен Елші баласы Қайрат Шораұлы әкесін ақтық сапарға шығарып, бәріміз топырақ салып келгеннен кейін марқұмның асы берілгенде бір кездегі үзеңгілес мәмілегер, көнекөз әріптес, ескі дос ретінде мені жуық көріп, жақын тартты ма, өз қасына, молдамен қатар отырғызды. Сөз бергенде ел қатарлы естелік аралас жұбату сөз айттым. Екеуара шүйіркеге уақыт жібермесе де, аз-мұз тіл қатысқанда байқағаным, баяғы қобыз туралы қызыққа ол қанық болып шықты. Есіне түсіргенімде, қайғы үстінде отырып, қалай күліп жібергенін өзі байқамай қалды. 

Сондағы автобуста лап еткен ұшпа ұмтылыс болмаса, мен осы уақытқа дейін, расын айтсам, Шора ақсақал ұсынған сол екі сөзге балама табумен шындап айналысып көрмеппін, бірақ күндердің күнінде, реті келсе, іздеп табудан үмітімді үзе қойған жоқ едім. «Шын жыласа соқыр көзден жас шығады» дегендей, тіпті қатты қажет, аса қат болып бара жатса, ондай сөзді  ойдан шығара салуым да мүмкін деп ойлаушы едім. Ол баламам сәтті бола ма, сәтсіз бола ма, оны ойлап, бас қатырған да емеспін...

Міне, жақында соншама жылдан бері түкпірімде жасырынып, ұмытылып, өлімсіреп.  сөнуге айналған үміт шоғы қайта жарқ етті. 

Алаш қайраткері, ғалым, драматург, жазушы, журналист Қошке (Қошмұхамбет) Кемеңгерұлының «Қазақша-орысша тілмаш» атты кітабын парақтап отырғанымда таныс-бейтаныс «ындыз – струя» деген аударма сөз көзіме ілінді. Бұған дейін оңтүстік өңірде «ындыз» деген диалект барын білетін едім, ол өсімдік тамырының бір атауы болатын. Бірақ, біз басқа «ындызға» зәру едік!

Міне, қараймын: Ындыз - струя, струя – ындыз!

Андыз шөпті білуші едім, ындыз тамырды білуші едім, бірақ мына ындыз суды білмейді екенмін, бірінші рет оқып, осы бір тілге оралымды оп-оңай сөзді осы уақытқа дейін білмей келгеніме алғашында бетімнен отым шығып ұялып, одан әрі ұялысым қуанышқа ұласып, тапқаныма масаттана отырып, сөзді жазып қалдырған Қошкеңнің аруағынан айналып, атасына мың сан рахмет бағыштадым. «Ғалымның хаты өлмейді» деген осы!

Қазақ бола тұрып, қазақ ақыны бола тұрып, қазақ сөзін білмеу деген ұят! Заманға ілесу үшін жаңа сөз іздегенде қиюын тауып, тірілте білсек архаизмдер-ақ құтқарады.

Баяғыда университетте Ерғазиев деген қарт ұстазымыз өз сұрағына жауап бере алмай қалған бір курстасымызға «Партия тарихын Ленин беске білген, мен төртке білем, ал сен түк білмейсің, қайтіп адам боласың!»-деп ұрысқан еді. Көзім жеткені, партия тарихын білмей де адам болып, өмір сүруге болады, Құдай бізді қазақ тілін білмегеннен сақтасын! 

Сонымен, ындыз! Ындызды білемісіз?

Білмесеңіз, бұдан былай біліп жүріңіз: ындыз! 

Шора Сарыбай ағамыздың бір аманат-тапсырмасы орындалды деп есептеп, иығымнан көзе шалынбайтын бір жүк түскендей болды. Бірақ басқа жүк қаншама!?


 Алматы, Карантин. 18.07.2020

author

Шора Сарыбаев

Спорт

Қазақстандық боксшы Дулат Бекбауов 67 келіге дейінгі салмақта Азия чемпионатының жартылай финалына ш...

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...