Режиссер Әділхан Ержановтың «Сары мысық» картинасы «Оскар» киножүлдесінің &l...
«Ауру» фильмі: Қысым, қарыз және құлдырау
Фото: Видеодан кадр
Айтөре Жолдасқалидің «Ауру» атты фильмі жақын арада көрерменге жол тартты. Қазақ кино кеңістігіне күрт еніп, қоғамның жанды жерін дәл басқан өткір әлеуметтік драма және триллер. Режиссер бұл жолы тек жеке адамдар тағдырын емес, тұтас жүйенің созылмалы «қатерін» көрсетеді. Мәселен, қаржылық қысым, несие тәуелділігі, әлеуметтік желілердегі жасанды қайырымдылық кампаниялары, моральдық құлдырау. Фильм осының бәрін бір отбасылық трагедия арқылы жиынтықтап жеткізеді.
Қарызға батқан Азамат пен Таңшолпан есімді жас жұбайлардың манипулятивті қадамға баруы. Олар Таңшолпанды ауыр науқас ретінде көрсетіп, халықтан ақша жинау схемасын бастайды. Алғашында тек амалсыздық болып көрінген айла көп ұзамай өздігінен өмір сүретін өтірікке айналады. Ерлі-зайыптыларды моральдық, психологиялық және физикалық құлдырауға алып келеді.
Фильмнің күші- оның шынайылығында. Несие, әлеуметтік қысым, ғаламтор арқылы өз ауруын сату, өз мүмкіндігінен тыс өмір сүру көрерменге бөтен емес. Осының бәрі өте табиғи көрсетіледі, бұл шынайылық кей тұста тіпті ауыр тиеді. Актерлік ұжым ойыны, режиссерлік жұмысы, сюжеті өте жоғары деңгейде болды. Режиссердің тәсілдері фильмнің тағы бір айшықты тұсы. Ол визуалды түрде қарқынды, кейде тіпті агрессивті тәсілдерді қолданады. Жақын пландар, қапырық атмосфера, тұншыққан түстер- ең басынан-ақ көрерменді тығырыққа тірейді. Ауыр көріністер кейбір аудиторияға ауыр тигені анық. Қоғамда бар дүние болғандықтан, қалай бар, солай қабылдаған жөн.
Фильмнің тағы бір берген ойы: барлық адам қателеседі, бірақ бастысы уақытында тоқтай алу. Сонымен қатар әйелдердің тұрмыстық зорлық-зомбылығы көрсетіледі. Сенің өмірің сол таңдаған адамыңа тікелей байланысты болады. Сондықтан да таңдау жасағанда да қателеспеу керек.
Фильмнің ең даулы тұстарының бірі- цензура. Прокатқа шығар алдында бірнеше көрініс, соның ішінде финалдың маңызды элементтері алынып тасталғаны белгілі. Бұл оқиғаның бастапқы драматургиялық құрылымын әлсіретуі мүмкін, әрі режиссердің бастапқы көзқарасын толық көрсетуге мүмкіндік бермеген. Сол себепті көрермен фильмнен кейін кейбір сұрақтарға жауап таппай, финалдың аяқталмаған күйде қалғанын сезінуге мәжбүр болды.
Фильмдегі саундтрек әйгілі Gorillas тобының әнімен бой көрсеткен болатын және керемет таңдау болғаны анық. Бұл әлеуметтік желілер арқылы жүргізілген маркетинг тұрғысанан да тиімді қадам болып табылады.
Соған қарамастан, «Ауру»- соңғы жылдардағы ең әсерлі отандық жобалардың бірі десем артық емес. Ол тек эмоция тудыру үшін емес, ой қозғау үшін түсірілген кино. Бұл біздің қоғамдағы моральдық дағдарыстың шағын, бірақ дәл қойылған көрінісі. Көрерменді жай ғана таң қалдыру емес, күйзелтуі мүмкін фильм. АйтөреЖолдасқали бұл туындысымен қазақ киносының шеңберін кеңейтіп, әлеуметтік драмаға жаңа биіктік қосты. Ол қазіргі қоғамда қалыптасқан әлеуметтік құбылыстардың қатпарларын ашып, оларды көркемдік тілмен өткір әрі шынайы көрсетеді. Фильм біз күнде көріп жүрген, бірақ терең ойланбайтын жағдайларды айна секілді алдымызға қояды. «Ауру» - эстетика тұрғысынан батыл, эмоциналды түрде ауыр, әлеуметтік тұрғыдан түйіткілді фильм.
Төлеуханова Ділнәз
Киносыншы