Ибраев Серік – продюсер, «Қадам» кинокомпаниясының директоры.Серік Ибраев- Қа...
Қазақтың Қыз Жібегі Бекежанмен қоштасты: Меруерт Өтекешова қоштасу рәсімінде сөз сөйледі
Фото: ашық дереккөзден
Бүгін Алматы қаласында қазақ киносы мен театрының аңыз тұлғасы, Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовпен қоштасу рәсімі өтіп жатыр, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Қаралы жиынға мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткерлері, мәдениет пен өнер саласының өкілдері, марқұмның әріптестері, шәкірттері және қала тұрғындары жиналды.
Асанәлі Әшімовтің қонақ асында «Қыз Жібек» фильмінде Жібектің рөлін сомдаған танымал актриса Меруерт Өтекешова сөз сөйлеп, Бекежанымен қоштасу қиын соққанын алға тартты.
Біздің сүйікті Асанәлі ағамыз алыс жолға кетті. Бірақ Асанәлі ағамыз жүрегімізде мәңгі қалады. Халық Асанәлі ағамызды ешқашан ұмытпайды. Тірі кезінде ағамыз өнер, отбасына байланысты қанша кітап шығарды. Біздің жазушылар Асанәлі ағамызға арналған әлі талай кітап шығарады. Ол кісі туралы жазатын дүние әлі көп. Асанәлі ағамыздың ойнаған рөлдері, режиссер ретіндегі еңбегі әлі талай айтылады. Маған Асанәлі ағамыз аға, актер, ұстаз, дос ретінде көп көмек көрсетті. Мен өнер жолын алғаш бастағанда өте жас болдым. Төлегенім алыс жолға кетті, енді Бекежаным – Асанәлі аға бүгіннен бастап алыс жолға кетті. Енді жоғарыда бір-бірімен кездесіп, бізге жұлдыз сияқты қарап, қамқорлығын көрсетеді. Әттең, бір жыл жетпей қалды. Келесі жылы театрымыздың 100 жылдығы тойланады. Қалай болса да, Асанәлі ағаның орнын ешкім баса алмайды, – дейді актриса.