Ким Ки Дуктің «Ау» атты драмасы туралы – Максим Бугулов

КИНО
1206

Солтүстіккореялық Нам Чхоль-Ву деген балықшы неше жылдан бергі әдетінше таң бозынан теңізге шығады. Бүгін қырсық шалып, ауы моторға оралып, тарқатылмастай шатылды. Бас биліктен айырылған қалақтай қайық ағысқа ілесіп, қасқана Оңтүстік Корея шекарасына қарай ауып барады. Бір абзалы, шекарашылардың бұны жау көріп, оқ атуға дәттері жетпеді. Сонымен Чхоль-Ву идеологиялық көзқарастары алшақ, тіпті жау саналатын жұрттың жағалауына кеп тұмсық тіреді.  

Бұл қарапайым балықшының ендігі арманы – үйіне аман-есен оралып, әйелі және қызымен қайта қауышу ғана еді. Ондай мақсатқа жету үшін ол бостандықшыл (капиталистік) Кореяның қатігез диірменінен өтуі тиіс-тін. Әгәр-әки сыннан абиырмен өткен күннің өзінде, Чхоль-Вуды елінде солтүстіккореялық Шындық министрлігімен кездесу тосып тұрған-ды.  

Әдетте тыныштыққа қатер төндіргіш Ким Ки-Дук «Солтүстік пен Оңтүстік» тақырыбын алғаш рет көтеріп отырған жоқ. Сонымен қатар екі елдің бірігуі туралы ойлары да сабақтастықпен өрбуде.Осы мәселелер 38 параллельдің қос қапталындағы корей жұртының бәріне ортақ, жүректерін шымырлатқан азапты арман десе де болғандай. 

Бұл жолы фильм қоюшысы ешкімді арандатпай, айғай-ұйғайсыз, беделді халықаралық фестивальдер тарапынан өңеш жыртылтар ұран да естіртпей, ың-шыңсыз ісін бітірді. 

«Ау» - сырт қарағанда тым қарапайымдау көрінгенімен, шын мәнісінде нағыз шебердің қолынан шыққан туынды. Қоюшы, көрермен назарын небір сұмдықтар арқылы аударудан аулақ болып, ешқандай өрескел әдістерді қолданбады. Ал Ким Ки-Дуктің «Жағалау сақшылары» фильміндегі жан түршігерлік қорқыныштардан көрермендердің аяқ-қолдары тартылып қала жаздағаны әлі есімізде. 

Енді Нам Чхоль-Вудың тарихын баяндаған кезде режиссер сырт бақылаушыға айналады: кадрден буырқанған сезімдер асып-таспайды, туып-өскен отанын суреттеген сценарийлік нұсқасы да өзекті күйдіреді және тым қатқыл («қаншама азат ел дегенімен ол бақытты болудың кепілі емес). Осы орайда тек қана кемелдік емес, әлдебір есептің де барлығы байқалады. Салқынқанды баяндау көрерменді алдын ала болжау мүмкіндігінен айырылтып, тек қана соның тілеуін тілетіп, бірге қайғырып-күйінуге мәжбүрлейді. Сол кейіпкердің қасында жүргендей күй кештіріп, тағдыр тәлейін өз басынан өткізгендей күйге түсіреді. 

Ақыр-аяғында титр жазулары көлкіп шыққан кезде, жан-дүниең құлазып, жүйеге деген жеркеніш сезім оянады. Тоталитарлық яки капиталистік те емес, жалпы жүйе хақында. 

Жоғарыда айтқан қатерлі тыныштық Ким-Ки-Дуктың барлық ленталарына тән құбылыс. Осы «Ау» фильмінде ол - көрерменді тұқыртпай, оқиғаның табиғи, реалистік тұрғыда өрбуі үшін қызмет етеді. 

Реалистік демекші. Режиссердің сырттан бақылаушы ретіндегі қызметі толықтай іске аса қоймады. Сондықтан фильм өн-бойынан күмәнді қарабайырлық та көрініс беріп қалады. Джин-Ву – сақшы, Чхоль-Ву оңтүстіккореялық құпия қызметінің қолындағы мүсәпір. Бұлардың арасындағы орнаған қарым-қатынас, ешқандай қиялға сыймай кететін тәрізді. 

Джин-Вудың іс-қыймылын кино ақтап алғысы келеді. Себебі оның атасы Солтүстік Кореялық болып шығады. Бұндай деталь - сценарий тұтастығына қылау түсіретін жай ғана сылтау іспетті болып тұр. Күн шығыс еліндегі талас-тартысқа толы жағдайды ескере отырып, бұндай аса жауапты жұмысқа мынадай соңынан күдік ерген әлдекімді ала қою да неғайбыл еді? Әрине бұл персонаж жалпыұлттық бірігуді көксеуші ретінде танылады. Дейтұрсақ та мынадай күңгірттігі басым реалистік баяндау желісінде Джин-Ву маңдайы жарқыраған ертегінің кейіпкері секілденіп кетеді. Бұл Ким Ки-Дуктың өз қалауымен сюжет бойындағы жасаған бір-жар ғана шарттылық қадамы емес (әдейі істеуі де мүмкін). Біресе, кешеннің шаңын шығарып, жансыздар (шпиондар) шапқылап жүргені, енді бірде басбұзарлар мемлекеттік мекеме қызметкерін сабап жатқаны, келесі жерде Чхоль-Вудың (айтпақшы, ол арнайы дайындықтан өткен) ақыл-есінің кемістігі аңғарылып, аузы аңқайған сенгіш біреуге айналады. Осы секілді сценарийдағы етек алған кемістіктер езуіңе еріксіз мысқыл үйіртеді. Бұны кәнігі шебер байқамай қалды деуге де болмас. Дегенмен айдың бетіндегі таңбадай кемшілік деп санау орынсыз.

Қанша күлкің келсе де соңындағы айтар ой соқтасы нысанаға дәл тиіп, әділдік жаршысына айналып, ақыр-аяғы жүйені сынап, бостандықтың құнын аңғартады. Бұндағы көз алдыңа тазарып тұнған ойлар: ешқандай тісті шықырлатар артхаустық қитұрқылықсыз, сырттай ғана қарапайым баяндалған уақиға арқылы жеткізілген. Ол уақиғада - адамның жігерін құм қылып, өзін жермен жексен етудің оп-оңай екендігі көрсетілген.

Аударған Заман Төлеуов




author

Заман Төлеуов

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...