ҚАЗАҚ КИНОСЫ ҚАТАРДАН ҚАЛЫП КЕЛЕ МЕ?

КИНО
967


(Кино туралы көкейдегi ойлар)


"Түркiстан" газетiнiң 26-тамыздағы ("Түркiстан", №34) санында режиссер С. Нарымбетовтың "Әр көрерменнiң өз Мұстафасы бар" деген сұхбаты жарияланды. Оны мұқият оқып шықтық. Көңiлге "әттеген-ай" деген ойлар ұялады. Соның артынша журналист Г.Бектасованың атақты актерiмiз А.Әшiмовпен сұхбат-әңгiмесi тағы да басылды ("Түркiстан", №37), Асекең "Қыз Жiбектен" асқан кино жоқ, бiрақ оны көрер көз қайда!" деп қынжылыпты. Кинорежиссер iнiсiне өкпе-назын да ашық айтыпты. Пiкiрлерiмен келiсе алмайтынын жеткiзiптi.

Бiз бұл пiкiрталасқа араласып, екi ортаға төрелiк айтудан аулақпыз. Алайда, көптен берi ойда жүрген ұлт киноөнерi жайлы ойларымызды газет арқылы бөлiскендi жөн санадық.


* * *

Кино өнерi барлық өнердiң iшiндегi ең елеулiсi ғана емес, ол ел жүрегiне тез жететiн ең елгезек, ең ұшқыр, ең оңтайлы жанр екенi дәлелдеудi қажет етпесе керек. Өз кезiнде В.И.Ленин киноның "барлық өнердiң маңыздысы" екенiн ерекше айтып, өз мақаласында барынша тереңдете, көңiл бөле, көрсете жазды ғой.

Қазақ киносы ХХ ғасырда, дәлiрек айтқанда, ғасырдың екiншi жартысында қарыштап дамыды. Ең алғашқы фильмдер әрине, 30-жылдары-ақ жарыққа шыққаны рас. Бiрақ ол кездегi киноның сапасы туралы бүгiнгi күн терезесiнен сөйлер болсақ, әрине, айтылар сөз де көп, сын да көп.

Солай бола тұрса да, бiз осы күнi алғашқы қазақ фильмдерiн ерiксiз ауызға аламыз. Елiмiзде 1925-1937 жылдар аралығында "Дала әнi" (сценарийi С.Ермолинский мен М.Коростин), т.б. секiлдi фильмдер жарыққа шықты. Ал, қазақ кинодраматургтерi арасынан ең алдымен "Амангелдi" фильмi өндiрiске жiберiлдi, оның сценарийiн жазғандар – Б.Майлин, Ғ.Мүсiрепов және В.С.Иванов. Бұл кино 1937 жылы жарыққа шыққан-ды. Киноның басты кейiпкерi Амангелдi Иманов – Торғай топырағынан шыққан халық батыры. Мiне, осы образ арқылы елдiң еңсесiн көтерiп, ерлiкке шақыруды мақсат еттi. Ол уақыт талабы болатын.

1939 жылдан бастап киноны дамыту ерекше қолға алынды. Бұл салаға республика басшылығынан жауапты болған – Нұртас Оңдасынов едi. Ол бұл салаға қызу кiрiстi, ұлттық кино жасау үшiн құлшына еңбек еттi. Соның бiрден-бiр көрiнiсi – 1940 жылы ең үздiк киносценарийге бәйге жариялау болды. Осы бәйге қорытындысында М.Әуезовтiң "Райхан" деген шығармасы бiрiншi орынды жеңiп алды.

Бұдан соң халқымыздың аяулы ұлдары – Абай Құнанбаев пен Жамбыл Жабаев туралы сценарийлер жазылды. Шоқан Уәлиханов бейнесiн өнерде сомдауға жүйелi түрде бет бұрды.

Қысқасы, қазақ киносы 1940 жылдан бастап дәйектi түрде жолға қойыла бастаған едi, бiрқатар өнер туындылары өмiрге жолдама ала бастап едi, алайда соғыстың басталуы бәрiне де елеулi кедергi болды.

ХХ ғасырдың 50-60 жылдары бiздiң ұлттық кино өте тез дамыды. Өзiнiң биiгiне тез-тез көтерiле бастады. Фактiге сүйене сөйлесек, 1953 жылы — 8, 1954-жылы — 15, 1955 жылы — 23 фильм өмiрге жолдама алыпты. Бұл фильмдердi жарыққа шығаруға өзге ұлт өкiлдерi тiкелей атсалысқанын атап айтуға тиiспiз. Олармен қоян-қолтық қазақ кинорежиссерлерi де аянбай тер төктi.

Сондай өнiмдi еңбек еткен режиссерлер тобында С.Қожықов, М.Бегалин, А.Қарсақбаев, Ш.Айманов, т.б. секiлдi азаматтар болған едi.

Алғашқы ұлттық нақыштағы фильмдер қатарына "Қыз бен жiгiт", "Бiз осында тұрамыз", "Ана туралы аңыз", "Ән қанатында", "Артымызда — Москва" т.б. киноларды қосуға болады.

Көрнектi режиссер А.Қарсақбаев белгiлi жазушы Б.Соқпақбаевтың "Менiң атым — Қожа" повесi бойынша өнерсүйер қауымды елең еткiзер кино түсiрдi. Бұл фильм дүниежүзiлiк фестивальде жүлдеге ие болды. Оған қоса бұл фильм ұлттық өнердiң биiк шыңына көтерiле алған туындыға айналды.

Елеп айтарлығы — фильмдегi көрiнiстер кiтаптағы оқиғамен астасып жатыр. Кiтапты қалай сүйiп оқысақ, фильм де дәл солай әсер еттi. Мiне, содан да болар, бұл фильм осы күнге дейiн өз көрерменiн жоғалтқан жоқ.

"Менiң атым — Қожа" тек балаларға арналған кино емес, ол ересектердi де ойландыратын фильм. Осындағы Қожа бейнесi арқылы өмiрдегi әдiлетсiздiк, өтiрiк, алдау мен арбау — бәрi де алдыңызға тартылады.

Ең бастысы, мұнда өмiр шындығы бар. Қазақ балалары бастан кешкен шынайы өмiр суретi бар.Таланттың бiр қыры — шынайылық емес пе!


* * *

Талантты режиссер Сұлтан Қожықов қазақ әдебиетiнiң үлкен тұлғасы Ғ.Мүсiреповтiң сценарийi бойынша "Қыз Жiбектi" сахналады. Бұл фильм ұлт мәдениетiн, сөз жоқ, сол кезде өте биiк деңгейге көтердi. "Қыз Жiбек" күнi кешегi махаббат аңызы бола тұра, мұнда ұлт келбетi, ұлт бейнесi мәселесi барынша айшықты көрiнедi.

Режиссердiң ұтқаны — осы фильм арқылы ұлттың салт-дәстүрiн, әдет-ғұрпын сол қалпында мөлдiретiп бере алғанында. "Қыз Жiбек" — ұлтымыздың жан-дүниесiндегi тазалық, мөлдiрлiк, инабаттылық һәм шыншылдық туралы әфсана! Бұл фильм – қазақ елiнiң ғасырлар бойы қасиеттеп келе жатқан ғашықтық дастанының кино тiлiндегi жыр-дариясы! Кино-дастаны!

Мiне, бiз осы кино арқылы бүкiл әлемге "осындай елмiз, осындай халықпыз" деп мақтана, шаттана жар сала алдық.

Өнердiң сан-салалы мiндетiнiң негiзгiсi — ұлт қасиеттерiн паш ету болса,"Қыз Жiбек" сол мiндеттi толық ақтаған өнер туындысы! Оған дау айтуға болмайды.

Содан да болар, бұл кинофильм осы күнге дейiн халқымыздың сүйiп көретiн, сүйсiне тамашалайтын өнер туындысы болып отыр.

Қазақ киносы әсiресе М.Әуезовтiң шығармаларын экрандау арқылы барынша толыға түстi.

Мысалы, ұлы жазушының "Қараш-Қараш оқиғасы" хикаяты негiнде кино түсiрiлiп, (оны әзiрлеп, сахналаған Ә.Тарази мен Б.Шәмшиев), көрермен көзайымына айналды. Сондай-ақ, "Көксерек" хикаясы да (А.Михалков-Кончаловский мен Э.Тропинин) кино тiлiнде әдемi сөйлей алды.

Бұл екi көркем фильм осы күнге дейiн ұлт кинотеатрларында қойылып, көрермендер қызыға тамашалайтын көркем туынды болып келе жатыр.

Осы ретте айта кету керек, қазақтың кәсiби кинодраматургиясы ХХ ғасырдың алпысыншы-жетпiсiншi жылдарында қатты өркендедi. Ә.Әшiмов (Тарази), О.Сүлейменов, Қ.Ысқақов, А. Сүлейменов, Д. Исабеков т.б. киносценаристер өнiмдi еңбек ете бiлдi.

Бұлармен қабаттаса қазақ кинорежиссерлерiнiң жаңа толқыны қалыптасып үлгердi. Олардың алғы легiнде М.Бегалин, С.Қожықов, А.Қарсақбаев, Ш.Айманов болса, олардың соңына iлесе Қ.Қасымбеков, С.Нарымбетов, А.Қарпықов, т.б. шықты.


* * *

Қазақ кино өнерiнде Шәкен Айманов есiмi кеше де, бүгiн де аса құрметпен аталады. Оның себебi бар.

Ш.Айманов ұлттық киномызға ең алдымен астарлы комедияны алып келдi. Мәселен, ол түсiрген "Бiздiң сүйiктi дәрiгер", "Тақиялы перiште", "Алдар көсе" фильмдерi бүгiн де өмiршең. Ол сонымен бiрге "Атаманның ақыры" секiлдi детективтi фильмдi де өте сәттi түсiрдi. Ол фильм әлi де үздiктер қатарында аталады.

Бұл ретте бiз Ш.Аймановты әлемдiк кино өнерiне өз қолтаңбасын қалдырған Р.Капурмен, Л.Гайдаймен,В.Шукшинмен, т.б. тең қойып сөз етуге әбден болады.

Бәрiмiздiң де есiмiзде, бiр жылдары үндi режиссерi әрi актерi Радж Капур "Менiң атым — Клоунды" шығарды. Осы кино әлемдi аралап, елдiң бәрiнiң санасына ерекше әсер еттi. Ол ғана емес, Капурдың "Қаңғыбас", "420-мырза", "Бобби" тәрiздi фильмдерi де көрермендi бейтарап қалдыра алмаған-ды.

Осы фильмдермен тұстас, қанаттас Л.Гайдайдың "Кавказ тұтқыны", "Ы" операциясы немесе "Шуриктiң бастан-кешкендерi" т.б.комедиялық шығармалары Кеңес көрермендерiн шек-сiлесi қатқанша күлдiрдi. Мұндағы оқиғалар соншалық қарапайым, соншалық елеусiз бола тұра, ол әрбiр көрерменнiң есiнен ұзақ уақыт шықпай қойды. Басты рольдi орындаған белгiлi актерлер (Никулин, Вицин, Моргунов, т.б) сол бiр күлдiргi кейiпте қазiр де ел жүрегiнде.

Қазақ көрерменi үшiн Ш.Аймановтың "Алдаркөсе", "Тақиялы перiште" фильмдерi де сондай әсер қалдырғаны шындық.

Бұл ретте бiз Р.Капур, Л. Гайдай және Ш.Аймановтар арасында белгiсiз бiр ұқсастық бар екенiн атап айтуға да тиiспiз. Оны түсiну үшiн, әрине, терең зерделеп, түпкiлiктi талдау қажет-ақ.

Дәл осындай ұқсастық Ш.Айманов пен В.Шукшин арасында да байқалады. Мәселен, В.Шукшиннiң ең үздiк фильмi — "Калина красная" болатын. Онда тағдыры тәлкекке түскен, сөйтiп түрме көрген жiгiттiң ендi дұрыс жолға түскiсi келсе де, оған бұрынғы серiктерi мүмкiндiк бермейдi. Ол адал жолға түсу үшiн күресiп бағады. Алайда…

Ал, ендi Ш.Аймановтың "Атаманның ақыры" да сол В.Шукшин фильмiмен тайталасып, тiптi асып түсiп жататын туынды. Мұнда, әрине оқиға өзгешелеу. Чекист Чадияровтың атаманды өлтiруi туралы хикая. Соны орындау үстiндегi бас кейiпкердiң көңiл толқынысы, жан арпалысы өте сенiмдi әрi нанымды. Бұл екi фильмде iшкi үндестiк бар. Iшкi бұлқыныс пен терең тыныс — екi фильмның басты нысанасы.

Бiз осы күнi қазақ киносы туралы арғы-бергiнi салмақтап, салыстырып, түбегейлi зерттеу еңбектерiн жазуды қолға алуымыз керек. Сонда Ш.Айманов, С.Қожықов, А.Қарсақбаевтар секiлдi өте талантты режиссерлер еңбегi әлемдiк мәдениет биiгiне көтерiлген болар едi.


* * *

Ендi бүгiнгi күнге оралалық.

Бүгiнгi қазақ киносы, сөз жоқ, өз соқпағын үнемi iздеп келедi. Соңғы жылдары көптеген қазақ фильмдерi дүниежүзiлiк байқауларда жүлде алып жүр. Талантты режиссерлер сапында Қ.Қасымбеков, А.Қарпықов, С.Нарымбетов, Р.Әбдiраш, Е.Тұрсын, т.б. елдi елең еткiзетiн фильмдердi дүниеге алып келдi. Әрине, әр фильм туралы жеке-жеке сөз етiп, оның сәттi жақтары мен олқы тұстарын айтуға болады. Дей тұрсақ та, "Көшпендiлер", "Сталинге сыйлық", "Құрақ көрпе", "Келiн", "Мұстафа Шоқай" т.б. секiлдi фильмдердi арнайы сөз етуге тиiспiз. Мамандар оны талдап әңгiмелеуi керек-ақ. Өйткенi, бұл шығармалар туралы әртүрлi, әрқилы пiкiрлер айтылып жатыр. Ол әлi де жалғаса беретiн түрi бар.

Бiздiң ойымызша, пiкiрдiң әртүрлi болуы — осы күнгi кино туралы сынның жоқтығынан болып отыр. Қандай өнер туындысы болмасын, ол өзiнiң әдiл бағасын алуы тиiс.

Қазақ киносында соңғы жылдары жаңа бетбұрыстар да байқалып қалады.

Осы ретте айта кетерлiгi — қазақ режиссерлерi бұл күнде көп сериялы телефильмдер түсiруге де машықтанып келедi.

Көп сериялы телефильмдердiң алғашқы қарлығаштары. – "Шегiртке" мен "Көше қиылысында" көрерменге әлдеқашан жеттi.

Бiз күнi кешеге дейiн қытайдың "Шыңғысхан", корейдiң "Ханзада Жумонг", "Сарай әмiршiсi", түрiк ағайындардың "Жаңбырлы маусым", т.б. көп сериялы телефильмдерiн қызыға тамашаласақ, ендi өзiмiздiң туындылар да көңiлге қуаныш ұялата бастағандай.

Таяу уақыт iшiнде А.Сатайдың "Ағайынды" фильмi көрсетiлдi. Өзi 6-сериялы. Ұзақ та емес.

Бiрден айтуға болады, фильм тәп-тәуiр. Оқиғасы да нанымды, сахналық шешiмi де көңiлге қонады. Фильм туралы баспасөз беттерiнде жап-жақсы пiкiрлер жазылды. Бiздiң қосарымыз — кино әлi аяқталмаған секiлдi. Оқиға ендi шиеленiсе бергенде кiлт үзiледi. Бұл – режиссердiң ойланар тұсы.

Осы күндерi "Астана — махаббатым менiң", "Жаным", т.б. көп сериялы телефильмдердiң дүниеге келiп, көрермендер назарына ұсынылып отырғаны көңiл қуантады. Бұл өнер туындыларының жақсы һәм кемшiн тұстары жайлы әңгiме келер күндер еншiсiнде.

Бiр нәрсенi ашық айтуға болады, яғни қазiргi қазақ киносы әсiресе шет елдерге таныла бастағаны даусыз ақиқат.

Дүниежүзiлiк фестивальдерде жылма-жыл жүлде алу — зор жетiстiк.

Алайда, бiр ескерерлiгi — бiз тек қана фестивальге арнап фильм түсiрiп қана қоймауымыз керек, кино түсiру барысында ұлттық ерекшелiк, ұлттық қымбат қазыналар да әрдайым басты назарда болса құба-құп.

Кино – ең алдымен ұлт қазынасы. Әр елдiң киносы өз жұртының, өз халқының қымбат қазынасын жария етушi болса ғана, мәңгiлiк бола алады.

Бұл орайда ортаға салар ойлар баршылық. Бүгiнгi кинорежиссерлерiмiз бен киносценаристерiмiз бұған баса назар аудармаса болмайды. Өйткенi, кино дегенiмiз әрбiрден соң, сол ұлттың бетпердесi.

Бiр өкiнiштiсi — бүгiнгi кинолардың көбiне тән бiр кемшiлiк байқалып қалады. Ол — артта қалған ауылды, жүдеп-жадаған қауымды һәм "бет терiсi келiспеген адамды" көрсетуге құмарлық. Және ол көрiнiстер эпизодтық емес, киноны бастан-аяқ қамтиды. Рас, қазақ жұртында ондай ауылдар бар шығар. Бiрақ кино өнерi кiсiге эстетикалық ләззат берудi алдыңғы кезекке қоймай ма!

Тағы бiр ойласар жайт — бiз тарихи тақырыпқа еш дайындықсыз бара берудi әдетке айналдырып бара жатқандаймыз. Ұлттың аты шартарапқа кеткен даңқты ұлдары туралы кино түсiру — екi есе жауапкершiлiк жүктейдi. Өйткенi, олардың есiмi ел жүрегiнен әлдеқашан-ақ орын алып үлгердi ғой. Ендi соны суытып алмау керек. Тарихты бұрмалап көрсету — ол өз алдына бөлек мәселе. Ондай кино — өлi дүние!

Қысқасы, қазақ киносы ХХ ғасырда тоқырап қалды, нағыз кинофильмдер ендi ғана дүниеге келетiн болады деп жаңсақ пiкiр айтуға еш негiз жоқ. Ұлттық киномыздың тарихына ендi аздаған жылдардан соң жүз жыл болатынын да есте ұстаған ләзiм.

Өткенсiз ертең болмайды. Тарихсыз жаңа дәуiр басталмайды. Бұл бiздiң киномызға да тiкелей қатысты.

Жанға ләззат беретiн һәм ұлтың үшiн кеуде кере мақтана алатын рухы күштi, ойы терең ғажап кинофильмдердi көруге жазсын, ағайын!


Жолтай ЖҰМАТ, жазушы-драматург

author

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы

ҒАЛЫМ

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...