Саят Мақұлбеков: «5:32» – өмірде сақ жүрсін деген ниетпен түсірілген

КИНО
3409

Еліміздегі және Орталық Азиядағы тұңғыш мемлекеттік Astana Musical театрының артисі, отандық киноактер Саят Мақұлбеков бүгінгі таңда көптеген телехикаяларда рөл сомдап, көрермен көзайымына айналуда. Өнерпазбен шығармашылығы және бүгінде көрермен арасында танымал болған «5:32» веб-сериалы турасында сұхбат құрудың сәті түсті.     

- Қайырлы күн, Саят. Сіз бүгінгі таңда экран және сахна төрінен көрермен назарына іліккен талантты жас артистердің қатырынансыз. Өзіндік ерекшелігіңіз бар өнерпазсыз. Сұхбатымыздың басында өзіңіз жайлы айта кетсеңіз.

- Рақмет. Мен 1992 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, Бақыршық ауылда дүниеге келгем. Жанымдағы көрші ауыл Шалабай деген ауылда өстім. 2009-2010 жылдар аралығында Семей қаласындағы Семей көпсалалы колледжінің «Спорт» факультетінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алдым. Одан кейін бір жыл жаттықтырушы боп жұмыс істеп, 2013-2017 жылдар аралығында Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын тәмәмдап шықтым. Тағы да екі жыл сол жерде «Режиссура»мамандығы бойынша магистратураны бітірдім. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласындағы Астана мюзикл театрында актер болып қызмет етемін. Біріншіден адаммын, екіншіден артиспін. Бүгінде сол актерлік қабілетімді шыңдау үстіндемін.

- Дәл қазір отандық «5:32» веб-сериалы қоғамда үлкен резонанс тудырып, көрерменнің аузында жүр. Аталмыш туындының алғашқы сериясынан өзіңізді көрдік. Кастингке қалай келдіңіз? 

- «Дос-Мұқасан» фильміне түсіп жатқан кезде, сәуір айында мені кастингке шақырды. Арада бір-екі ай өткеннен кейін, сізді осы рөлге бекітті деп ескертті.  Қуана-қуана келістім, себебі бұл рөл менің осы күнге дейінгі шығармашылығымдағы алғашқы жағымсыз кейіпкер. Бұрыннан бері жағымсыз кейіпкерді ойнағым келетін, сол арманым орындалды.

- Осы сериалды басқаларға көруге ұсынар ма едіңіз? Не себепті?

- Бұл сериалды көруді барлығына ұсынам, себебі бұл жерде тек қана өмірде болған оқиғаны көрсету ғана емес, адамдар жалпы өмірде сақ жүрсін деген ниетпен түсірілген. Сондықтан да 21 жастан асқан әрбір көрерменге көруге ұсынамын.

- «5:32» фильміне түсу барысындағы ең қызықты бір оқиға немесе ең қиын бір сәтті атап өтсеңіз.

- Бұл сериал авторлық жоба болғаннан кейін бұл жақта бюджеті аз болды. Ең қызығы мұнда ешкім қаражатқа қызығып емес, әрбір актер шығармашылығын шыңдау үшін келді. Сценарий ұнағаннан кейін барлығы идея үшін жұмыс істейміз деп жиналды. Түсірілім жұмыстары Тараздың Қаратау аймағында болғандықтан өте ыстық кезеңге тап болдық, 45-47 градуста түсірілді. Сәл қиын тұсы осы болған шығар. Бірақ, қазір соны еске алсам өте қызықты сәттер дер едім.   

- Саяттың алдағы мақсаты қандай? 

- Бүгінгі деңгейден жоғары көтерілу үшін өзімді үнемі шыңдап отырамын.  Батыс елдерінің үлкен жобаларына қатысып, киноларына түсіп, голливудтық актер болу үлкен мақсаттарымның бірі. 

Сұхбатыңызға рахмет

Нұрбану АЛМАСҚЫЗЫ

Спорт

Қазақстандық боксшы Дулат Бекбауов 67 келіге дейінгі салмақта Азия чемпионатының жартылай финалына ш...

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...