«Ыстық ұя»: Дариға Бадықова көрермендерді тек күлдіріп емес жылатып та жатыр...

Фото: Автордан

КИНО
802

       Біз Дариғаны осының алдында түсірген «Таптым-ау сені 1», «Таптым-ау сені 2» және «Тастаймын-ау сені» фильмдері арқылы танимыз. Бұл фильмдер және Дариғаның актерлік құрамда болған барлық туындылары комедия жанрында болатын. Ал «Ыстық ұя» драма жанрында түсіріліп, Дариғаның өз басынан кешкен оқиғаға сүйеніп жасалғандай әсер қалдырады.

Фильмге шолу

Фильм Ғалияның ауылға оралуынан басталады. Ол Кореяда жұмыс істеп, үйіне ақша жіберіп, ауылдан үй салғызады. Енді «еңбегімнің жемісін көремін» деген сәтте, әр туысы осы үйге байланысты өз мүддесін айтып, Ғалияның арманының күлін көкке ұшырады. Бір қарағанда фильм жеңіл көрінгенімен, онда қазақ менталитеті мен адам бойындағы ашкөздік көрсетілген. Фильм өте терең ой қалдырады: отбасыға деген қарым-қатынас, махаббат, адамгершілік мәселелері көрініс тапқан. Ең жақын деген адамдардың өзі оның еңбегіне көз тіккенін көргенде, Ғалияның жүрегі езіледі.

Басты идея еркектердің әлсіреуі

Фильмде ерекше қозғалған мәселенің бірі – ер адамдардың әлсіздігі. Мысалы, Ғалияның бұрынғы күйеуі кезінде оған опасыздық жасап, тастап кеткенімен, оның үй салып, жағдайы жақсарғанын ести сала, ештеңе болмағандай қайта оралады. Ағасы Абай – қанша бай болса да, әйелінің айтқанынан шықпайтын, мінезсіз жан. Ал күйеу баласы – еркек бола тұра, әйелдің жұмысын істеп, өзін әлсіз көрсетіп, халық айтпақшы – "күшік күйеу" деңгейінде. Кенже інісі болса – аңғал, өмірге деген көзқарасы да, нақты ұмтылысы да жоқ. Бұл бейнелер – қазіргі қоғамдағы кең таралған әлеуметтік ахуалды көрсетеді. Бұл мәселелерді Дариға Бадықованың өзі де өмірде бастан кешірген дау-жанжалдар арқылы жақсы сезінеді. Ғылыми тұрғыдан алсақ та, ер адамдардың гормондық әлсіреуі – шындық. Зерттеушілер мұны "эволюция еркектерге қарсы" деген терминмен атайды. Қазіргі 20 жастағы жігіттің тестостерон деңгейі жүз жыл бұрынғы 50 жастағы ер адаммен тең деген деректер бар. Бұл — ер адамдардың өмірге деген мағына, мақсат және ішкі энергиядан айырылып, енжар күйге түсуіне алып келеді. Ерлердің физикалық және психологиялық тұрғыда әлсіреуі – әйелдерден де әлсіз болуына әкеліп отыр. Осы арқылы Бадықова қоғамдағы гендерлік өзгерістерді, ер азаматтардың бейнесін қайта ойлауға итермелейтін өткір тақырыпты қозғайды.

Техникалық және сценарийлік тұрғысы

Қазақ фильмдерінің техникалық сапасы жылдан жылға өсіп келеді. Осыдан бес жыл бұрынғы фильмдермен салыстырғанда айырмашылық жер мен көктей. Маған Дариғаның бұл фильмінен ұнағаны — техникалық ізденіс пен даму. Фильмнің сценарийі де өз алдына бөлек талдауға тұрарлық. Сюжет құрылымы мен кейіпкерлер арасындағы конфликтілер өте нақты және шынайы берілген. Көрермен оқиғаның әр бұрылысында кейіпкерлермен бірге күйзеліп, бірге үміттенеді. Сценарийдегі метафоралар мен символдар да сәтті пайдаланылған. Мысалы, үйдің өртенуі мен ананың өлімі — жай оқиға емес, бүкіл фильмнің философиялық өзегі.

Әрине, режиссерлік пен операторлық тұрғыда әлсіз тұстар бар. Кейбір кадрлар көзге жағымсыз көрінеді. Мысалы, Абай мен әйелінің көліктегі диалогы өте әлсіз түсірілген. Режиссер Дархан Карипов – тәжірибелі маман, бірақ финалдағы ананың қайтыс болу сәтін одан да әсерлі етуге болар еді. Музыкалық әрлеу және көрерменнің ішкі эмоциясы арқылы ғана фильмнің сол тұсы ұтымды шыққан деп ойлаймын. Жалпы алғанда, фильмнің техникалық деңгейі мен сценарий ұтымдылығы бір-бірін толықтырып тұр. Оқиға желісі қарапайым болғанымен, оның астарындағы мағына мен жеткізу тәсілі көрерменге терең әсер қалдырады.

Көрермен пікірі

Дариға Бадықова жайлы пікірлер өте жақсы. Қай ортада болсам да, осы фильм туралы әңгіме қозғалып жатады. Бір жағынан, бұл қызығушылық Дариғаның бұрынғы күйеуімен байланысты сұхбаттардан туындаған болуы да мүмкін.Көрермендердің көбі осы фильмді көріп, көз жасына ерік бергенін айтады. «Ыстық ұя» — тек фильм емес, отбасы, мейірім және адамдық құндылықтар туралы үлкен ой тастайтын туынды.

Автор: Ауезханов Арнур

КИНО

Танымал актер Кэри-Хироюки Тагава 76 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды MadeniPortal.kz. Актер...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Сот бес жасар қызды зорлады деген айып тағылған БҚО тұрғынына қатысты үкім жарияланды, деп хабарлайд...