Қазақстанда коронавирусқа қатысты жарияланған төтенше жағдайға байланысты көпшілік жиналатын орындар...
Кинорежиссер Мәжит Бегалиннің туғанына 100 жыл
Ол – қиын кезеңнің ұлы күрескері. Айтуға ауыз бармайтын, баруға батылдық бойламайтын тақырыптар дәуірінің батыры – Мәжит Бегалин! Қазақтың маңдайына біткен классик режиссер ширек ғасырға жуық шығармашылық ғұмырында ұлт батырларының, ел тұрмысының рухани болмысын бейнелеп, ақиқат пен әділдік өрнегін кино әлеміне әшекейлеуді мұрат тұтты. Еліміздегі тұңғыш кәсіби кинорежиссер, қазақ киносына айрықша еңбек сіңірген дара тұлға Мәжит Бегалиннің туғанына бүгін 100 жыл!
Бегалин Мәжит Сапарғалиұлы 1922 жылы 22 ақпанда Семей облысы Абралы ауданының Дегелең ауылында көрнекті қазақ жазушысы, қазақ кеңестік балалар әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Сапарғали Бегалиннің отбасында дүниеге келген. Мәжит сегіз жаста болғанда бүкіл отбасы Алматыға көшіп келеді. Мәжит мектептегі соңғы қоңыраудан кейін бірден әскер қатарына шақырылады. Атқыштар артиллериясының кіші командирлерінің курстарынан өтіп, 1941 жылдың қыркүйегінде ол майданда болды.
Мәжит Бегалин аты аңызға айналған 100-ші жеке қазақ атқыштар бригадасында қызмет етті. Калинин майданындағы шайқастардың бірінде оның қолы жұлынып, жарақаттанады. 1943 жылдың көктемінде Мәжит әскерден қайтарылады. Сол жылы Алматыға эвакуацияланған БМКИ-ге (ВГИК) С.А.Герасимов пен Т.Ф.Макарованың шеберханасына түсті. Оқуды бітіргеннен кейін ол «Мосфильм» киностудиясында жұмыс істеді, ұстазы Сергей Герасимов түсірген «Жас гвардия» және Михаил Чиаурелидің «Берлиннің құлауы» фильмдерінің екінші режиссері болды.
Қазақстанға оралып, 1949 жылдан «Қазақфильм» киностудиясында көркемдік жетекші, режиссер болып қызмет атқарды. Ол өзінің замандастары, ХХ ғасырдың соңындағы қазақ еңбекшілері туралы «Таң атқалы» (1955), «Жерге оралу» (1959), «Тұлпардың ізі» (1964) көркем фильмдерінің авторы.
Мәжит Бегалиннің режиссерлік шеберлігі тарихи-биографиялық жанрдағы фильмдерде де көрінді. Оның «Бұл Шұғылада болды», «Оның уақыты келеді», «Іздер көкжиектен кетеді», «Мәншүк туралы ән», «Артымызда Мәскеу», «Дала гүрсілі» фильмдері қазақ кинематографының қалыптасуы мен жалпы ұлттық мәдениеттің дамуында үлкен рөл атқарды.
1974 жылы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген М.Бегалиннің соңғы «Дала гүрсілі» фильмінде оның жұбайы Людмила (Олеся) Иванова, басты рөлдердің бірін ұлы Нартай сомдады. Алайда, фильм жарыққа шықпады. Ол «Қазақстандағы азамат соғысының тарихын дұрыс көрсетпегені» үшін «сөреге» қойылды. Фильм «Қазақстан» телеарнасынан тек 2002 жылы режиссердің 80 жылдық мерейтойына орай көрсетілді.
Шығармашылық қызметі үшін Мәжит Сапарғалиұлы Бегалинге 1966 жылы «Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген әртісі» атағы берілді, Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет белгісі» ордендерімен, А.П.Довженко атындағы күміс медальмен, 1972 жылы «Ерлік-патриоттық тақырыптағы шығармалары үшін» марапатталған.
Режиссер М.С.Бегалиннің өмірі мен шығармашылығы туралы деректі фильмдер түсірілді: 1981 жылы режиссер Ә.Т.Ашраповтың «Мәжит Бегалин», 2012 жылы режиссер Б.Нүсімбековтің «Жан үнсіз қалмағанда» фильмі.
Мәжит Бегалин 1978 жылы 5 мамырда Мәскеуде қайтыс болды. Алматыда жерленген.