«Ала-Тоо» кинотеатрында Болат Қалымбетовтың «Мұқағали» және Айжан Қасымбекті...
Жеке қайғыдан – қоғамдық жараға: Зака Абдрахманованың “Папа умер в субботу” фильміне рецензия
Фото: фильмнен скриншот
Орталық Азиядағы әйелдердің жаңа көзқарасын танытатын Qyzqaras Film Festival биыл Алматыда екінші мәрте өтті. 22–31 тамыз аралығында өткен бұл фестиваль әйелдер режиссурасын, олардың үні мен тарихын алдыңғы қатарға шығарып, кинодағы гендерлік тепе-теңдікті дәріптеуді мақсат етеді. «Her voice, Her story» ұраны фестивальдің басты идеясына айналып, әрбір картина әйел тағдырындағы қайшылықтар мен қоғамдағы орны туралы ашық әңгіме құруға мүмкіндік берді.
Осы бағдарламаның аясында көрсетілген Зака Абдрахманованың «Папа умер в субботу» фильмі көрерменнің жан дүниесіндегі ұмыт болған, бірақ жазылмаған жараларды қайта қозғап, ең терең мұңды бетке шығарды. Фильм жүйке діріліне толы сахнадан басталады: басты кейіпкер өзін-өзі «мен супер қаһарманмын» деп қайталай жұбатады. Көрермен әлі оның бүкіл отбасылық трагедиясын білмесе де, әйелдің өзіне күш беруге тырысып жатқанын сезеді. Бұл алғашқы экспрессия кейінгі оқиғаның психологиялық тональдығын айқындап, ішкі әлемнің дірілін сыртқа шығарады.
Картина отбасылық қайта қауышу мен өткеннің көлеңкелі сырларын ашуға бағытталған. Әкесінің қазасын естіген Айко көптен бері ат ізін салмаған туған ауылына оралады. Онда ол қайғыдан есеңгіреген бауырларымен жүздесіп, уақыт өте бір ғана адамның бейнесі әркімнің жадында мүлде әрқалай сақталатынын ұғынады: біреулер үшін ол қатал да суық әке болса, енді біреулер үшін — ең сенімді, ең мейірбан жан. Уақыт тоқтап қалғандай әсер қалдыратын, елсіз жатқан ауылдың сеттингінде суық қыстың қатыгез келбеті кейіпкерлердің ішкі трагедиясымен астасады. Мұнда табиғат та, кеңістік те адам жанының айнасына айналады. Неміс философы Фридрих Ницше айтқандай: «Адам — естеліктерінен құралған тіршілік иесі». Осы фильмде әр кейіпкер өз жадындағы әке бейнесін қайта тірілтіп, өткенмен бетпе-бет келуге мәжбүр болады.
Айко мен Куканың қарым-қатынасы фильмнің басты символикалық арқауына айналады. Айко — жаралы әйел, өмірден соққы жеп, өзін «супер қаһарманмын» деп жұбатса да, шын мәнінде әлсіздігін жасыратын тұлға. Ал Кука — әкесінен айырылып, ер адамнан махаббат пен қамқорлық күтетін жасөспірім. Бұл екі кейіпкер де қателік жасайды, алайда Айко өзінің өмірлік тәжірибесі арқылы Куканы қорғап, қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар береді. Олардың арасындағы диалогтар драматургиялық тұрғыдан ерекше маңызға ие: Айконың алғашқыда айтқан қатқыл «барлық еркектер сондай» деген сөзі кейін «сен супер қаһармансың» деген қолдауға ұласуы — интертекстуалды символикаға айналады. Бұл көрініс ұрпақаралық сабақтастықтың, травманың берілу механизмі мен сонымен қатар оның еңсерілу мүмкіндігін де білдіреді.
Режиссерлік шешім тұрғысынан, туындыдағы психологиялық реализм мен символикалық экспрессия қатар өріледі. Бір жағынан, кейіпкерлердің ішкі күйзелісі нақты әлеуметтік контекстен тамыр алса, екінші жағынан — олардың өзара қатынасы метафоралық деңгейге ашылады. Осылайша, жеке трагедия жалпы экзистенциалды ізденіске айналып, көрерменді «әлсіздік пен күштің шекарасы қайда?» деген сұраққа жетелейді. Ал анасы Венера — Самал Еслямованың әсерлі орындауында — сүйген жарын жоғалтқаннан кейін үнсіз қайғыға тұншыққан бейне. Оның жағдайы күрделі: күйеуінің тұңғыш қызы Айкодан небәрі бес жас артық бола тұрып, сол әкенің жары атануы драмалық шиеленісті тереңдете түседі. Бұл жас айырмашылығының өзі-ақ фильмдегі ішкі қақтығыстың парадоксын айқындайды.
Соңғы сахналарда Венераның ішіндегі мұңы мен реніші сыртқа шығып, Айкоға айтылған қатаң сөздерге ұласады. Дегенмен көп ұзамай оны анадай құшақтап, «бізді тағдыр осылай байланыстырды, сен әлсіз болсаң да — бұл қалыпты нәрсе» дегендей қабылдайды. Бұл сәт драматургиялық тұрғыдан шешуші маңызға ие: ана мен қыз арасындағы қарым-қатынас фрейдтік деңгейдегі ата-ана–бала конфликті шеңберінен асады.
Венераның осы әрекеті фильмнің психологиялық өзегін тереңдетіп қана қоймай, әйелдер арасындағы ұрпақаралық байланысты күрделендіріп, феминистік дискурстың эмоционалдық реңін ашады. Нәтижесінде «әлсіздікті мойындау — шынайы күштің бастауы» деген ой картинаның басты философиялық акцентіне айналады. Сол себепті, әрбір кейіпкердің тағдыры бір-бірімен тоғысып, ауылдың қатаң тыныштығында жасырынған қайғы мен сағыныштың тұтас панорамасын ашады. “Папа умер в субботу” адамның балалық шағынан бастау алатын жаралары оның бүкіл өміріне ғана емес, айналасындағылардың да тағдырына қалай тікелей әсер ететінін айқын жеткізеді.
Шынайылықты арттыру үшін Зака Абдрахманова фильмде деректі стильге жүгінеді. Статикалық кадрлармен қатар, кей сәттерде камераның қозғалысы да тегіс емес: ол кейіпкерлердің ішкі әлеміндей дірілдеп, олардың тұрақсыз эмоционалдық және моральдық күйін бейнелейді. Бұл тәсіл оқиғаның табиғилығын күшейтіп қана қоймай, көрерменді әр кейіпкердің жан дүниесіне жақындатады. Режиссер негізгі назарды басты кейіпкер Айкоға аударады. Оның кәсібіне байланысты сыртқы бейнесі тым жарқын, азалы топтың сұрғылт келбетінде көзге ерекше ұрып тұрады. Алғашында бұл өзгешелік әкесінің өліміне бейжай қарағандай әсер қалдырғанымен, шын мәнінде ол — әке мейірімін көрмей, соның қаталдығын бойына сіңірген жаралы бала. Бұған ол сақтап қалған әкесінің ескі аюы мен күйеуімен болған ауыр ажырасуын еске салатын диалог та дәлел.
Айконың өткенінен қалған тағы бір жарасы — мектептегі алғашқы махаббатпен байланысты. «Қасқырдың әдетін» бойына сіңірген ол, өзіне ғашық болған сыныптасын қатты жаралап, жігіттің болашағына өшпес із қалдырады. Ойын-тойдан үмітті жас жігіт Даник ақыры ауылдан кете алмай, өмірін тұйық шеңберде өткізгендей күй кешеді. Ол үшін Айконы ұмытпау — мәңгілік қарғысқа айналған сүйіспеншілік. Режиссер бұл желіні де ұмытпай, Айко мен Даниктің қайта жүздесуін экранға әкеледі. Әйелдің сәтсіз некесі мен күйзелісі оның көзіне ескі танысын жаңа қырынан көрсеткендей әсер қалдырса да, бұл тек көрерменге берілген жалған үміт болып шығады. Нәтижесінде олардың қарым-қатынасы қайта басталмайды. Бұл эпизодтардағы режиссерлік шешімнің мәні — махаббат тарихын жандандыру емес, өткеннің ауыр іздерін қайта қарау. Айко үшін бұл кездесу — ескі қателіктерімен бетпе-бет келу, жараларды мойындап, парақ бетін жауып, келесі тарауды бастау. Фильм соңына қарай Айконың сыртқы жылтырақ бейнесі біртіндеп басылып, ол отбасының бір бөлшегі ретінде қабылдана бастайды, сонымен бірге өзінің жеке қайғысын мойындауға қадам жасайды.
«Папа умер в субботу» фильмі этнографиялық бояумен де ерекшеленеді. Қайтыс болған адамның күнәларын кешіру үшін жасалатын діни рәсімдер, жетісіне жайылған дастарқан, шелпек тарату, дәстүрлі тағамдар әзірлеу – барлығы қазақы болмыстың бөлшегі ретінде көрініп, кей сәттерде ирониялық сипат алады. Режиссер бұл көріністерді тұрмыстық шындықпен қақтығыстырып, салттың қасиеттілігін күнделікті дағдының бос әлеуметтік салмағымен салыстырады. Айкоға бауырсақ пісіруді тапсырған кезде, ол қарсы сұрақ қояды: «Неге жүздеген данасын жасау керек? Қайғыны бөлісу үшін емес, тамақ жеу үшін келетіндер көп емес пе?» — дейді. Мұндағы ашық цинизм тек қонақтар жайлы емес, бүкіл рәсімнің сыртқы атрибутқа айналып кеткенін әшкерелейді. Тағы бір сәтте ол анасына әкесін меңзеп: «Неге оған сонша мейіріммен қарайсың?» деп тіке сұрайды. Бұл сұрақ анасының ұзақ жылдар бойы зорлық-зомбылықты үнсіз көтергенін мойындауына әкеледі. Ал Данагүл Темірсұлтанованың сомдауындағы Амина – «ұят» ұғымын бәрінен жоғары қоятын туыс. Ол Венераға қарап: «Пердені қысқартып ілу керек қой, тым ұзын екен, жаназаңда онсыз да артық сөз айтылды» деп, өзінің сынын ашық айтады. Осы бір ұсақ-түйекке бағытталған ескертулер азалы сәттің ауырлығын сейілтпей, қайта «ұят болады» деген бос қоғамдық қысымға әкеп тірейді. Режиссер жеке отбасының қайғысын ғана емес, дәстүр мен тұрмыстың арасындағы жасырын қақтығыстарды да бейнелейді. Дәстүрдің қасиетті мәні мен әлеуметтік қысымның сыртқы формасы тоғысып, фильм қазақ қоғамындағы «рухани жараларды» айқындап береді.
Сөз соңына келе, «Папа умер в субботу» — жеке бір отбасының қайғысы арқылы тұтас қоғамның жарасын ашатын туынды. Фильмнің құдіреті – тек трагедияны бейнелеуде ғана емес, сол қайғыдан туындайтын үнсіз сұрақтарды алға тартуында. Әке мен анаға деген реніш, ұрпақаралық сабақтастық, әйелдер арасындағы жасырын түсіністік пен қарсыласу — барлығы да үлкен психологиялық панораманың бөлшегі. Туынды көрерменді жауап іздеуге емес, өз ішіндегі жаралармен үнсіз сөйлесуге шақырады. Әлсіздікті мойындау – шынайы күштің бастауы екенін көрсететін фильм, қазақ киносының қазіргі кезеңіндегі ең маңызды психологиялық-драмалық жұмыстардың бірі ретінде бағалауға әбден лайық.
Ғайша Аманжол,
Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА
«Кинотану» мамандығының 3 курс студенті